Қазақ халқы төрт түлік малды "киесі" бар, "иесі бар" қасиетті жануарлар деп, "ойсыл қара" тұқымы-түйені, "Қамбар ата" тұқымы-жылқыны, "Зеңгібаба" тұқымы-сиырды, "Қошқар ата" тұқымы-қойды, "Шекшек ата" тұқымы-ешкіні бағып-қағуда, олардың өнімдерін пайдалануда есепсіз тәжірибелер жинап, ол тәжірибелерді ұрпақ тәрбиесіне жан-жақты пайдаланған, пайдаланып келеді.
Қазақ халқы мал төлдету, мал бағу, мал семірту, мал суару, мал сою (соғым), қой қырқым, жылқы күзеу, т.б. және мал өнімдерін ет сүрлеу, қазы қайыру, айран, қымыз, шұбат ашыту, құрт жасау, май айыру, сыбаға сақтау т.б. іс-әрекеттер мен рәміздерді ұрпаққа үйретіп, тәрбие ісіне пайдаланып келеді. Халық мал өсіруде ұлттық тәжірибелерін түйіндеп, "Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл көсір", "Сойсаң саны - қалақтай, саусаң, сүті - бұлақтай, ешкі деген жануар", "сиырдың сүті - тілінде", "жақсы ат - қанатың", "нар жолында жүк қалмас" деп ұрпағын малды сүйе білуге тәрбиеледі.
Қазақ халқының өмірлік, тұрмыстық тәжірибелері егін шаруашылығымен де байланысты. Соңғы заманда егін шаруашылығының құт мекені болып, тың игерушілердің іс-тәжірибелерімен "миллиард пұт" астық жинаған шаруалардың мақтанышы болған қазақ жерінде егіншілік пен бақша өсіру ертеден бастау алады. Егін егу, егінді баптау, егін жинау, тұқымды асылдандыру ісінде өз тәжірибелерін жинақтаған халық шаруашылықтану іс тәжірибелерін ұрпақ тәрбиесіне жан-жақты пайдаланып, "еккен адам бидайды, елге ырыс сыйлайды", "өсіре білсең күрішті елің болар ырысты", "арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен", "ексең егін, нан жейсің тегін", "нан болмай, ән болмайды", "жері байдың - елі бай" деген сияқты мақал-мәтелдер арқылы ұрпағын еңбекке тәрбиеледі. "Қараңдаршы бидайды, қауызына симайды: диқан оны өсірген, дән қалдырмай жинайды", деген сияқты жыр айтып, "Тербеледі тың дала" сияқты ән шығарып, жас ұрпақтың жер анаға деген сүйіспеншілігін арттырды.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінде қолөнері ерекше орын алады. Профессор С.Қалиев: "Есік қаласынан табылған "хайуанаттық нақышта" шекілген алтын әшекейлері бар жауынгердің киімі ежелгі сақ шеберлерінің ғаламат өнерін көз алдымызға әкеледі. Тап осындай ою-өрнек белгілері қазақтардың қазіргі қол өнерінде де кеңінен қолданылады" деп, қазақ халқының қол өнерінің тарихи болмысын айқындап баяндайды. (б.с.17-бет)
Қазақ халқының қол өнері: зергерлік өнер, кілем тоқу, киіз басу, алаша тоқу, түс киіз басу, текемет басу, сырмақ жасау, қару-жарақ жасау, қыш құю өнері бәрі де ертеден бастау алған ұлттық кәсіп болып табылады. Әсіресе, зергерлік өнер-өнеркәсіптік мәні бар, әулеттік кәсіптік арқауы бар өнер. Бұл отырықшылықпен де байланысты. Қазақ жерінде ондаған, шығыстық сәнмен салынған қалалар болған. Тараз қаласының 2000 жылдығын, Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өту кезінде бұл шындыққа халықтың көзі жетті.
Қол өнері мен сәулет өнері арқылы халық ұлттық тәжірибелерін ұрпақ тәрбиесіне жан-жақты қолданып, "Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ", "Шебер ісін сүйеді, тастан түйін түйеді", "Зергердің қолы - алтын қол" деп түйіндейді. Әлемшарға белгілі қазақ ою-өрнектері, "Бекет ата", "Айша бибі", "Қарахан", "Ахмет Яссауи" сияқты атақты ғимараттардан көрінген сәулет өнері - қазақ халқының сәулет өнері де ұлттық тәрбиеге (этнопедагогикаға) әсері зор құбылыстар екенін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |