Аңшылық өнер (құс салу, мергеншілік) қазақ халқының күнкөріс тұрмысындағы қажеттіліктер болумен қатар, спорттық, өнерлік мәндері зор болғандықтан құсбегілер, "Ши басынан шіркей атып түсіретін" мергеншілер, әрі кәсіп иелері, әрі өнер иелері болды. Аң аулап ауыл асыраған Қамбар батырдың ерлігін халық қызыға, әсерлене жырлайды.
"Қыран құс не алмайды салса баптап" деп Абай айтқандай құсбегілік өнер, көбінесе, әулеттік кәсіпке айналған. "Дәлдеп атып жауды өлтір, дәлдеп айтып дауды өлтір" деп халық мергеншілік әрі аң аулаудың, әрі ел қорғаудың құралы екендігін баса айтады.
Аң аулауда "аңның да киесі бар", "Көкбөрі әулиенің тұқымымыз" деп халық, аңды босқа қыра бермей, әсіресе аң төлдейтін уақытта аң ауламау әдептілігін сақтау керек екендігін ескертеді. Мысалы, "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында Сарыбай Қарабайдың көңілін қимай, буаз маралды атып, мерт болады. Сөйтіп аң аулау, құс салу өнері мен тұрмыстық тәжірибесінде қазақ халқы "Керқұла атты Кендебай" атты, жер ананы пайдалануда "Толағай батыр" сияқты қиял-ғажайып ертегілер шығарып, ол ертегілерді ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып отырған.
Балық аулау кәсібі бойынша да, халықтың кәсіптік, тәрбиелік тәжірибелері мол (балықты аулау мерзімдерін белгілеу, балық уылдырық жасайтын кезде, оны ауламау, балыққа жем беру т.б.)
Кең даланы, асқар тауларды мекендеп, қыста қыстауда, жазда жайлауда болған халық табиғат қызығын еркін көрген ер халық. Міне, сол өрісте өмірге бейнетті тұрмысқа байланысты игі әдеттер пайда болып, олар дағдыға айналып отырған. Ұлттық салт-сананың қалыптасуы халықтың тұрмысына, жоғарыда айтқандай өмір тәжірибелеріне, игі дағдылардың қалыптасуына байланысты.
Қазақ халқының ұлттық (этностық) ерекшеліктеріне сәйкес қалыптасқан этнопедагогика ғылымының негізі - халық тәжірибесі екендігін осыдан көреміз.
Қазақ этнопедагогикасы - ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар бастауынан бастап, осы уақытқа дейінгі болмысты айқындап, оның болашағын белгілеп берген ғылым. Ал ұлттық тәлім-тәрбиенің түпкі негіздері сол ұлттың ұлт болып қалыптасуына дейін бастау алып, ұлттық қасиеттерге сәйкес дамып, қалыптасты. Профессор С.Қалиев: "Ұлы Даланы мекендеген түркі тектес (тілдес) халықтардың, одан әрі ғұндар мен сақтардың бір елді, бір жерді мекендеп, оны сыртқы жаулардан қорғап, бір тілде сөйлеп, бір дінге сеніп, әлем мәдениетінің қалыптасуына теңдесі жоқ үлес қосып, бүгінгі түркі халықтарына ортақ мәдениет пен тарихтың көне бастауы болғанын бүгінгі ұрпақ өмір тәжірибелерінен көріп отыр", - деп, қазақ этнопедагогикасының методологиялық негізін дәлелді, тұжырымдады (б.с. 26-бет).
Қол өнерін еркін меңгерген халық (зергерлік, кесте тігу, ою-өрнектер салу, кілем тоқу, алаша тоқу, ағаш өрнектеу, құмыра құю т.б.) сырлы табиғаттың әдемі әуездерін құлағына сіңіріп әнші, күйші болды, өнер мен еңбекте, тұрмыстық қарым-қатынаста имандылық пен инабаттылықты қалыптастырып, тілін дамытты, дала дарытқан әсемдік пен әуезділікті бойына сіңіріп ақын болды.
Өрісті өмір мен бейнетті өмірден тәжірибе түйе білген дарынды халық ұрпақтарын тәрбиелеудің құдіретті құралдарын жасады. Ол әмбебап әсерімен жеке тұлғаның жүрегін билеп, өзінің адамдығын қалыптастыратын әдебиет (ұлттық әдебиет) және салт-дәстүрлер.
Ұлттық тәрбиенің басты құралы ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлер және дала даналарының тәлімдік өнегелері - қазақ этнопедагогикасы методологиясының (әдіснамасының) тірек-негізі болып табылады.
Қазақ халқының ұлттық әдебиеті (жырлар, ертегілер, шешендік сөздер т.б.) әлемдегі ең бай әдебиет. Ол жастарды ерлікке, бірлікке, еңбекке, адалдыққа, адамгершілікке, көркемдікке тәрбиелейді.
Қазақ халқының ұлттық болмысы ерекшеленіп, тәлім-тәрбиелік негіздері қалыптасқандығын айқындайтын оның ауыз әдебиеті, жазу мәдениетін зерттеу ғылыми-теориялық тұжырымдар жасауға негіз бола алады.
Бала тәрбиесін заттың атын атап, сан үйретуден бастаған қазақтың ұлттық тәліміндегі ерекшеліктер, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігіне, тарихи және табиғи жағдайларына байланысты.
Ауыз әдебиетін салт-дәстүрлермен арқауластырып, халық ана тілін ұлттық ойдың көрінісі ретінде айқындап көрсете білді. Балаға сан үйрету үшін ең әуелі заттың не екенін, қандай екенін ұғындырады да, халық соның санын үйретеді ("Бір дегенім - білеу, екі дегенім - егеу, үш дегенім - үскі" т.б.). Сан үйретуді, тіл ширатуды, мақал-мәтел үйретуді, тақпақ жаттауды игі әдетке, одан әдепке, әдептен дәстүрге айналдырып, қазақ халқы "тілашар" дәстүрін қалыптастырды. Қалыптасқан тілашар дәстүрі бойынша халық баланың 5 жасқа дейінгі тәлім-тәрбиесін осы тілашар дәстүрімен байланыстырады.
Тілашар дәстүрі баланың шілдехана тойы, бесікке салу, тұсау кесер рәсімдерінен басталып, бөбектің тілі шыға бастағанда оған сан үйрету, жаңылтпаштар айтқызу, үш жастан бастап тақпақ айтқызу, ән үйрету, дарынын дамыту рәсімдері орындалады.
Табиғатынан өнерпаз, шешен, меймандос, мейірлі халық тәрбие мен дүниетаным үшін санамақтарды, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, мазақтамаларды, мақал-мәтелдерді, жырларды, термелерді, шешендік сөздерді, ертегілерді, аңыз әңгімелерді шығарып, оны тәрбиеге салт-дәстүрлермен байланыстырып пайдаланды.
Достарыңызбен бөлісу: |