Қазақ халық педагогикасының (қазақ этнопедагогикасының)
теориялық негіздері:
1. Қазақ ұлтының этностық тұлға болып қалыптасуы туралы тұжырымдар.
2.Этностық тұлғаның халықтық педагогикасы туралы тұжырымдар.
3. Ұлттық тәрбие туралы теориялық тұжырымдар.
1. Этностық мәні, мазмұны, құндылығына байланысты ұлттық (халықтық) тәлім-тәрбие туралы ғылымды этнопедагогика дейміз. Этнопедагогика этностық ерекшеліктерімен көрінеді.
Әрбір этнос (ру, тайпа, халық, ұлт) тарихи, географиялық, мәдени, тұрмыстық жағынан өзінің тектік тұлғасын қалыптастырып, тәлім-тәрбиелік үрдістерін дамытып, қадерінше, қалыптастырып отырған. Яғни этностық тұлғаның (рулар мен тайпалардың) тілі, тұрмыс-тіршілігі, ділі, әдет-ғұрпы тарихи, жағрафиялық, тектік ерекшеліктерге байланысты қалыптасып, өз болмыстарымен даралана көрініп, басқа аймақтардағы этностық тұлғалардан өз айырмашылықтарымен өзгешеленген.
Этностық тұлғаның (рудың, тайпаның, халықтың, ұлттың) ең бірінші тұлғалық ерекшелігі, оның ана тілі болып табылады. "Ана тілі халық болып жаралғаннан бергі жан-дүниенің айнасы, өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы" дейді ғалым, жазушы Ж.Аймауытов. Оның үстіне "Адамдардың қоғамдасып тіршілік етуі үшін материалдық жағдайы мен тарихи жағдайының бірлігі қажет"
Этностық тұлғаның өзіне тән тағы да бір ерекшелігі - оның тұрмыс тіршілігінде қолданатын қару-жарақтары мен құрал саймандары, қол өнері, өндірістік, шаруашылық өнімдері т.б.
Этностық тұлғаның қалыптасуында қоғамдық, әлеуметтік, тарихи жағдайлар оның психологиясын да сол үрдістерге сәйкес қалыптастырады. Жағрафиялық, тарихи, әлеуметтік, қоғамдық тіршілігіне байланысты тілі, ділі, психологиясы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы өз ерекшеліктерімен қалыптасқан қоғамдық бейнесі бар тұлғаны этностық (яғни ру, тайпа, халық, ұлт) тұлға дейміз.
2.Қазақ халқының этностық атауы (қазақ) 1-ғасырдан бастап белгілі, оның этнопедагогикалық нұсқалары VІ-VII ғасырдан басталады. "XV ғасырдың 50-60 жылдарында көшпелі өзбектер мемлекетінен Керей мен Жәнібек бастаған тайпалар бөлініп шыққаннан кейін, олар біржолата қазақтар деп аталатын болды... Шу мен Талас өзендері алқаптарында қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының бас қосып, нығаюына және оларға туыстас тайпалардың қосылуына жол ашты. Қазақ хандығының құрылып, жеке мемлекет болуы ХVІ-ХVП ғасырды қамтиды". (С.Қалиев. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. -Алматы. 1998.)
Қазақ халқының этностық тұлға ретінде тарихта қалыптасып, әлемге айқындала бастауы, оның этнопедагогикалық ерекшеліктерін де дамыта берді.
Қазақ халқының халық педагогикасы өзінің ұлттық (халықтық) ерекшеліктерін молайтып, жан-жақты әдебиеті барлық жанрда, салт-дәстүрлері тұрмыс-тіршілігіне байланысты алуан салада дамыған үстіне дами бастады. Ұлттық тәлім-тәрбиелік ойлар дамып, ғұламалардың тәрбиелік ойлары жарияланып, дала данышпандарының даналық тәлімдері халық тәрбиесіне (ұлттық тәрбиеге) әсерін тигізді. Сөйтіп, қазақ даласында халық педагогикасы дамып қалыптасты. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің теориялық негізі - қазақ халық педагогикасы, яғни ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ұлттық әдебиет пен халықтың салт-дәстүрлері, ұлттық мәдениеті және педагогикалық ойлар. Ұлттық әдебиет (көбінесе ауыз әдебиеті) ұлттың тарихи тіршілігіне, әлеуметтік жағдайларға, жағрафиялық және табиғи жағдайларға байланысты дамыды.
Жонғариямен 500 жыл соғысып, орыс империясының тепкісінде 300 жыл күресіп, азаттықты аңсаған қазақ халқының ұлттық әдебиеті ел ұрпағын ерлікке, бірлікке тәрбиелейді. Халықтың әдебі, дәстүрі, салты ұрпақты сол бірлік пен ерлікке тәрбиелеу мақсатын орындауға лайықты қалыптасты.
Ұлттық әдебиет, халықтың салт-дәстүрлері қажырлы күрес арқылы қалыптасқан ұлттың санасына сіңіп, салт (заң) болып қалыптасты. Сөйтіп, ол тәлім-тәрбиенің басты құралына айналып, қазіргі қалыптасқан қазақ этнопедагогикасы ғылымының негізгі бір саласы ретінде, ғылымға негіз болды.
«ІХ-Х ғасырларда Ұлы Түркі қағанаты бірнеше мемлекеттерге (Қарлұқ, Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ т.б.) бөлініп, Араб Халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территориясына үстемдік жүргізуіне әкеліп соқты. Арабтар ислам дінін уағыздаумен бірге ғылым мен білім де әкеледі, нәтижесінде түркі халықтарының ұлы ғұламалары: Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Иассауи, Баласағұн және басқалары араб тілі мен мәдениетін меңгерді... Бірнеше ұлттың тілін білген, ғылым-білім іздеп, бар өмірін сол жолға сарп етіп, артында қыруар еңбек жазып қалдырған әл - Фараби бабамыздың тәлімдік-ұстаздық еңбектері ұшан теңіз».(бұл да сонда). ХІ-ХІV ғасырларда жазылып, этнопедагогика тарихында ерекше орын алған қазақ даласының ғұламалары Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулатидің ұлттық тәрбиелік (этнопедагогикалық) еңбектері қазақ этнопедагогикасының үлкен бір саласы.
3. Ұлттық тәлім-тәрбие негіздері: ұлттық әдебиет, салт-дәстүр, мәдениет, педагогикалық ойлар.
Ұлттық тәлім-тәрбиелік ойлар тарихы қазақ этнопедагогикасында Күлтегін тас жазуынан басталып, XIX ғасырдағы Абай, Ыбырай, Шоқандардың халық ағарту ойларымен, XX ғасырдағы Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мыржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғалардың еңбектерімен жалғасады.
Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздерін сөз еткенде соңғы 20-30 жылда осы ғылымды жан-жақты зерттеп өздерінің ғылыми тұжырымдарын жасаған: С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, Ж.Наурызбаев, С.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, Н.Сәрсенбаев, Қ.Наурызбай т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйенеміз. Профессор С.Қалиев қазақ этнопедагогикасының теориясы мен тарихын жазды, профессор Қ.Жарықбаев ұлттық этнопедагогикалық ойлар тарихын ғылыми түзді, ғалым К.Ж.Қожахметова қазақ этнопедагогикасының зерттеу жүйесін, Ә.Табылдиев қазақ этнопедагогикасының ғылымилық, пәндік мәнін айқындап, оқу бағдарламасын түзіп, оқу құралын жазып, оқыту жүйесін айқындап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |