Батырлық жырлар ерлікке, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелесе, ғашықтық жырлар мөлдір махаббаттың беріктігіне, әділдікке, ерлікке баулыды, тұрмыс-салт жырлары ұрпақтың дүниетанымын арттырды, еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеп, кәсіпке баулыды; терме жырлар кісілікке, бірлікке, достыққа тәрбиеледі, айтыс өлеңдер ұрпақтың өнерпаздығын дамытты, ойын өлеңдер дене тәрбиесін берумен қатар, ұрпақты әсемдікке баулыды, олардың қиялын дамытты; терме жырлар адамгершілікке, бірлікке, адалдыққа тәрбиеледі, шешендік сөздер жеке тұлғалардың ойын, тілін дамытып, тапқырлыққа, әділеттілікке тәрбиеледі, өнегелі сөздер мен тақпақтар жеке тұлғалардың кісілігін қалыптастырды.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің әдіснамалық тірегі - ұлттық әдебиет, салт-дәстүрлер және тәлімдік өнегелер.
Ауыз әдебиеті - тәрбие құралы. Әуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін оны халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз әдебиетінің үкілі үлгілері - мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол - ұрпақ тәрбиесінің күн сәулесіндей әсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл-сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра.
Бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, тақпақ, жырлар мен ертегілер, аңыз әңгімелер бәрі де тілді, ойды дамытып, ұлттық тәлім-тәрбие беріп, дүние танытатын этнопедагогикалық құндылықтар. Бұл - халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының бұл саласын этнопедагогиканың және жалпы педагогиканың барлық салаларында ғылыми, іс-әрекеттік негізде пайдалануға болады. Ал, халықтың мақал-мәтелдері педагогикамен қатар, философиялық дәрістердің де түсініктемелеріне арқау бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |