Еріншектік мінезді тәрбиелеу
Немқұрайдылықтан, жауапсыздықтан, салғырттықтан, салақтықтан, санасыздықтан, мақсатсықдықтан, намыссыздықтан пайда болатын бұл мінез ер жігітті бақытсыздыққа ұшыратып, бағын тайдырады.
Өз ісіне немқұрайдылықпен жеңіл–желпі қарайтын адам ерініп, «ертеңі» таусылмай, тіршілігінің берекетін кетіріп, «ісі өнбей», «көңілі тынбай» көп кесірге ұшырайды.
Еріншектік, көбінесе, жауапсыздықтан пайда болады. «Жетім адамға бас кесір – ерінектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір - кедейлік» деп, Төле би еріншектіктің «бас кесерлік» зияны бар екенін қатты ескертеді. Өз өміріне, тірлігіне жауапсыздықпен қараған адам қасірет шегеді.
Салғырттық – еріншектіктің салдары. Санасыз адам салғырттықпен езіліп, еріншек болып, есінен айырылады. Есалаңдық еңбектен бездіреді де, ер азаматты қор қылады.
Салақтықтан «салы суға кетіп», еріншек адам көк тіршілігін істей алмай, көп нәрседен құр қалады. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі - залымдық» деп білесің, содан қашпақ керек», дейді Абай дана. Салақтықта санасыздықтан туады.
Алдына мақсат қоя білмейтін адам еріншектің «езілмесіне» түсіп кетеді. Мақсатсыз әрекет, үмітсіз іс жемісі болмайды. «Көндің бе қиынға төзуге, Сен күнде есеп бер өзіңе» деп әр адам алдына арымен аптап мақсат қоя білу керек.
Еріншектік намыссыздықтан пайда болады. Намыссыз адам «қатардан қалмайын» деп ойламайды да, опық жейді, бірақ намыстанбайды.
Еріншектік мінезді еңбекке баулу, тапсырмаларды орындату, талап ету, мәжбүр ету тәсілдері арқылы тәрбиелеуге болады. Әсіресе, еріншектікті әшкерлейтін көркем шығармаларды оқытып, талдау пайдалы болады.
Жағымпаздық мінезді тәрбиелеу
Жандайшаптық, жәдігөйлік, жарамсақтық, жалпандық, жалғандық, жанкештік арқылы пайда болатын бұл қатұрғы мінез адал адамның арына нұқсан келтіреді, жақсының жанына кесір болады.
Өзінен қызметі үлкен, дәрежесі жоғары адамға жандайшаптық әрекетпен оның іс-әрекетіне көмек бергенсіп, көңілін аулап, амалдап алдаусыратып, арам пиғылын іске асыратын адам жеке тұлғаға ғана емес, ұжымға, қоғамға зиян келтіреді. «Жаман бастықтың жағымпаз қасынан кетпейді, оны жолдан тайдырып, ептейді» дейді халық.
Жағымпаз адам Жәдігөй болады. Ол ақылсыз басшыны алдаудың амалдарын жақсы біліп, жанын жалдап отырғызып кетеді. Жәдігөй жағынудың басын өтірік мақтаудан бастайды. Өтірік мақтағаны, андығаны баққаны деп Абай дана өтірік мақтағанға «семіретін» ақымақ басшыны қатты сынайды. «Жағымпаздың мақтағаны ішіне қулық сақтағаны» дейді халық.
Жарамсақтықпен көңіл аулап жалпандықпен жағынып арам ниетті жағымпаз адал адамның ақылын аулап, есін есенгіретіп, қасіретті қателікке ұғындырады.
Жалқаулық жасанды әрекеттер арқылы жағымпаз көз аудап көрікті ойды бұзады. «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, Кімді көрсем, мен содан бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп Абай дана «жасанды қылық жарға жығатынын» өлең арқылы суреттейді.
Жағымпаздық жанкештіктен туады. Адал адамда ақылдан тайдырып, алдау үшін, жағымпаз «міне-жаным, міне – иманым» деп, «сүттен ақ судан таза» болып көрінеді де көрінеді, «бүтінде бүлдіреді, ойды ойрандайды» «сызатқа» тұзақ құрып, өз мақсатына жетеді. Жағымпаздық мінез салауатты, саналы, әділетті басшы шындықты «шымбайына батырып» тәрбиелей алады.
Достарыңызбен бөлісу: |