Конкурсты, негізінен, ашық түрде пікірталас, сараптама тәсілдермен өткізіп, пікірлесу, бағалау әрекеттерін "демократиялық" тәсілмен ұйымдастырған тиімді болады. Өйткені конкурстық ғылыми жұмыстарды пікірталас, пікірлесу арқылы сараптау кезінде жеке студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны толықтырылып, бар нұсқасы сарапталып, бағаланады.
Студенттердің конкурстық жұмыстарын, негізінен, өздері сараптап, өздері бағалағаны ұтымды нәтиже береді. Дегенмен, жетекші ғалым-ұстаздар өздерінің әділ бағасын айтып, ғылыми тұжырымдарын ұсынуға тиіс. Ондай жағдайда, жетекші ғалым-ұстаз сараптауға қатысқан студенттердің де ғылыми-зерттеу ісіне бейімділіктерін ашып, байыпты бағасын береді.
Конкурстық жұмыстарды талқылау, оларды қорытындылау, студенттерге конкурстық жұмыстардың мазмұнындағы жетістіктері мен кемшіліктерін хабарлау жұмыстары жан-жақты толымды жүргізілуге тиіс.
Конференция ұйымдастыру әдісі. Этнопедагогиканың белгілі тақырыбы бойынша студенттермен конференция өткізу жұмысының дайындық апталығы, өткізу кезі жоспарлы түрде белгіленеді. Мысалы: "Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні" деген тақырыпта оқырман конференциясын өткізу үшін, күні бұрын әдебиеттер тізімі беріліп, конференцияның мақсаттары айқындалып, сол мақсаттар мен міндеттерді студенттердің толық орындауы талап етіледі. Конференцияда тақырып жан-жақты талқыланып, ғылыми тұжырымдар айтылады. Озық ой иелері марапатталады.
Студенттермен белгілі бір тақырыпта оқылған кітаптар бойынша конференция өткізу үшін, ең әуелі оқылатын кітаптар күні бұрын белгіленіп, ол кітаптар бойынша ғылыми баяндама жазушылар, қосымша пікір айтушылар белгіленеді. Конференцияға қатысушылар белсенді түрде, ықыластана өз пікірлерін ортаға салуы үшін, оларға қойылатын сұрақтар, және конференцияның тақырыбы, мақсаты, безендірілуі, өтетін орны белгіленеді.
"Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні" атты тақырыпта өткізілетін оқушылар конференциясының мақсаттары:
Қазақ халқының халықтық педагогикасы бойынша әдет-ғұрып, әдеп үрдістерінің теориялық анықтамасын тұжырымдау.
Халық педагогикасының дәстүр, салт, салт-сана үрдістерінің анықтамасын тұжырымдау.
Қазақ халқының қайырымдылық, мейірімділік, имандылық әдебінің тәрбиелік мәнін айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |