Айтыс бойынша конкурс өткізу тәсілі студенттердің өнерпаздық, білгірлік қабілеттерін арттыру үшін ұйымдастырылады. Конкурс белгілі бір тақырыпқа негізделіп жарияланады, оның мақсаттары айқын көрсетіледі, дайындық және өткізу мерзімдері белгіленеді, оны ұйымдастырушылар, әділ қазылар алқасы бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, конкурс мазмұнын жан-жақты зерттеп, жақсы білуге міндетті. Мысалы, Отанды сүюге арналған халық мақалдарын жинаушылар конкурсын ұйымдастыру арқылы, студенттердің ізденімпаздығы, отансүйгіштігі артады. Отансүйгіштік тақырыбына шығарылған мақал-мәтелдерді жинауда студенттердің ішінде бір-бірінен айнытпай көшіріп алу сияқты "оңай жол" іздеушілер болса, олардың келеңсіз іс-әрекеттері қатты сыналып, баға қоюда, балл жинауда ескеріледі. Мысалы, "Наурыз жырлары" және Наурыз туралы тақпақтар мен әндерді айту конкурсында әрбір студенттің өз дарыны айқын көрініп тұрады. Ондай жағдайда әділ қазылар алқасы, педагог ұстаз өнерпаздарға әділ бағасын беруге міндетті.
"Наурыз жырлары" және Наурыз туралы тақпақтар мен әндер конкурсын өткізудің қысқаша бағдарламасы, біздіңше, мына төмендегінше болу керек:
Тақырыбы: Наурыз туралы жырлар, тақпақтар, әндер конкурсы.
Мақсаты: Қазақ халқының "наурыз тойы" рәсімінің тәрбиелік мәнін ашу, халықтық осы тақырыпқа байланысты салт-дәстүрлерін зерттеп, оның этнопедагогикалық мәнін талдау арқылы студенттердің білімін арттыру, ұлттық тәрбие мақсаттарын орындау.
Конкурстың мерзімі, өткізу орны, бағалау белгілері хабарланады. Конкурстың шарттары:
Наурыз туралы жырларды, әндерді музыкалық аспаптарға қосылып айта білу.
Наурызға байланысты тақпақтарды мәнерлеп айта білу.
"Наурыз" тақырыбына арналған жыр, тақпақ шығарып, оны көркемдеп айтып беру.
Наурызға байланысты ән шығарып, оны айтып беру.
Конкурс қорытындыларын шығару.
Осы төрт нәмге (номинацияға) байланысты конкурсты ұйымдастырып, қорытындысын шығару үшін студенттер мен ғалымдардан әділ қазылар алқасы құрылады. Олар әрбір нәм бойынша бағалау белгілерін (балл, жалпы баға т.б.) қойып, сол бойынша конкурстың (шығармашылық жарыстың) қорытындысын шығарады. Конкурста жеңіп шыққандар марапатталады, құнды шығармалар баспасөз бетінде (студенттердің қабырға газетінде, университеттік, қалалық, мемлекеттік басылымдарында) жарияланады.
Конкурс өтетін орын тақырыпқа сәйкес безендіріледі. Конкурстың барысы түрлі көркемөнерпаздық үрдістермен, өнер өрімдерімен көркемделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |