3.Меншік құқығы
Күнделікті тұрмыста «меншік» ұғымы мүлік, зат және оларға деген белгілі бір құқықпен байланыстырылады. Сондықтан меншік дегеніміз заттың, мүліктің өзі ғана емес, оған деген белгілі бір құқықтың пайда болуы. Сонда, меншік экономикалық ұғым болса, меншік құқығы құқықтық ұғым. Ал меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Көрсетілген құқықтардың әрбіреуі меншік құқығының қажетті бөлшектері және барлығы бірігіп меншік құқығының мазмұнын білдіреді.
Иелену құқығы дегеніміз мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заң жүзінде қамтамасыз ету. Иеленудің заңды, заңсыз, ұқыпты, ұқыпсыз деген сияқты түрлері болады.
Пайдалану құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін.
Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі. Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы. Жеке меншік азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі ретінде көрінеді. Жеке меншікте болатын мүліктің саны мен құны шектелмейді. Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік түрінде көрінеді. Республикалық меншік мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Республикалық бюджеттің қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, жер, оның қойнауы, су, өсімдік және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттік меншікте болады. Бұлардың барлығы және мемлекеттіқ заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттіқ қазынасын құрайды.
Коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Жергілікті бюджет қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік жергілікті қазынаны құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |