2.1. Міндеттеме: ұғымы, түрлері, орындалу тәсілдері Міндеттеме дегеніміз бір адамның (борышқордың) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және т.б. сияқты белгілі бір әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан бас тартуы. Бірақ несие беруші борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге құқылы. Несие беруші борышқордан атқарылғанды қабылдауға міндетті.
Міндеттемелер зиян келтіруден немесе өзге де негіздерден пайда болады. Сонымен бірге міндеттемелер төмендегідей іс-қимылдардың негізінде туындайды:
1) заңдарда көзделген шарттар мен өзге де мәмілелерден, сондай-ақ заңдарда көзделмегенімен, оларға қайшы келмейтін мәмілелерден;
2) заңдарға сәйкес азаматтық-құқықтық жағдайларды туғызатын әкімшілік құжаттардан;
3) азаматтық құқықтар мен міндеттер белгілеген сот шешімінен;
4) заң құжаттарында тыйым салынбаған негіздер бойынша мүлікті жасау немесе иемдену нәтижесінде;
5) өнертабыстар, өнеркәсіптік үлгілер, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын және интеллектуалдық қызметтің өзге де нәтижелерін жасау нәтижесінде;
6) басқа жаққа зиян келтіру салдарына, сол сияқты басқа жақ есебінен мүлікті негізсіз сатып алу немесе жинау (негізсіз баю) салдарынан;
7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттері салдарынан;
8) заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.
Міндеттеме — міндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиісінше орындалуға тиіс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда — іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиіс.
Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету әдістері. Міндеттемені орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепіл, борышқордың мүлкін алып қалу, аманат, кепілдік, кепіл пұл және басқа да әдістер арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
Борышқор міндеттемесін орындамаған немесе тиісінше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзімін өткізіп алған ретте несие берушіге төлеуге міндетті, заңдармен немесе шартпен белгіленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсім) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие беруші оған келтірілген залалдарды дәлелдеуге міндетті емес. Айып төлеу туралы келісім, негізгі міндеттеменің нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалады. Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келісімнің жарамсыздығына әкеліп соқтырады.
Айып төлеу мөлшері нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиісінше орындалмаған міндеттеме сомасына шаққандағы пайызбен белгіленеді. Міндеттемеге сәйкес несие берушінің (кепіл ұстаушының) борышқор кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған ретте кепілге салынған мүлік құнынан заңдарда белгіленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлік тиесілі адамның (кепіл берушінің) басқа несие берушілердің алдында артықшылықпен канағаттандырылуға құқығы бар міндеттемені атқаруының осындай әдісі кепіл деп танылады.
Кепіл ұстаушының кепілге салынған мүлік, кімнің пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлінгені үшін, егер жоғалу немесе бүліну кепіл ұстаушы жауап беретін себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемінен сол бұрынғы негізде қанағаттандырылуға құқығы бар. Кепіл шартқа сәйкес пайда болады.
Кепіл заң құжаттарының негізінде, егер заң құжаттарында қандай мүлік және қандай міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетілген міндеттемелердің пайда болуы кезінде де туындайды. Кез келген мүлік, сонын ішінде айналымнан алып тасталған заттар, несие берушінің жеке басымен тығыз байланысты талаптар, атап айтқанда алименттер, өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптар және заң құжаттарымен оларды басқа тұлғаға беруге тыйым салынған өзге құқыктар, заттар мен мүліктік құқықтар (талаптар) кепіл мәні бола алады. Егер шартта немесе заң кұжаттарында өзгеше көзделмесе, кепіл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезіндегі көлемді сыйақыны (мүддені) коса алғанда, орындау мерзімін өтізіп алу арқылы келтірілген шығындардың өтелуін, айып (айыппұл, өсім) салуды, кепілге салынған мүлікті ұстау жөніндегі қажетті шығыңдарды, соңдай-ақ өндіріп алу жөніндегі шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.