Қазақстан республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі



бет26/53
Дата09.11.2023
өлшемі6.32 Mb.
#482753
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53
Учебное пособие Ара шаруашылығы

4.6 Ара отбасын тасымалдау

Отбасының барынша өнімділігін қамтамасыз ету үшін барлық белсенді маусым ішінде аралар гүлдейтін балды өсімдіктер алабынан жақын қашықтықта болуы тиіс, тек осы жағдайда ғана олар өздерінің биологиялық әлеуетін толық іске асыра алады. Бүкіл маусымда бір орында орналасқан омарталар арнайы ұйымдастырылған конвейер жағдайында ғана үздіксіз және тұрақты бал жинауға ие болады. Максималды бал жинау үшін ара ұяларын бірінші орыннан (гүлдеп болған), басқа екінші орынға (гүлдейтін) тасымалдайды. Осылайша үздіксіз бал жинау, бунақденелер арқылы тозаңданатын ауыл шаруашылығы дақылдарының тиімді тозаңдануын және олардың өнімділігін айтарлықтай арттыруды қамтамасыз етеді.


Араларды гүлдейтін өсімдіктер алқабына, әсіресе көктемгі және күзгі кезеңдерде тасымалдау, ара ұяларының күшін қарқынды өсіруге және олардың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бал араларын көп мәрте тасымалдауды қолданатын омарташылар жыл сайын ара шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіруді қамтамасыз ете отырып, жоғары және тұрақты бал жинауды алады.
Ара шаруашылығында, қазіргі заманғы қарқынды егіншілік жағдайын ескере отыра алқаптарға араларды бірнеше рет тасымалдамау мүмкін емес.
Ірі омарталар мен ара фермаларының қызметкерлері ара ұяларын, әдетте, маусымда кемінде 3-4 рет тасымалдайды, бұл ретте неғұрлым ыңғайлы және тиімді жолдарды таңдайды. Бұл жағдайда омарташылар ара ұяларын орналастыру орындарын алдын ала анықтап, бал жинау жағдайын егжей-тегжейлі зерделеуі қажет.
Ара ұяларын тозаңданатын балды өсімдіктерге тасымалдап апарудың оңтайлы мерзімі - гүлденудің басталуы. Егер мұны біршама ертерек жасайтын болсақ, аралар басқа жабайы балды өсімдіктерге ұшып кетеді және негізгі тозаңданатын дақылға ұзақ уақыт бойы көше алмайды. Тасымалдау кешіктірілген кезінде де қалаған нәтиже алынбайды. Осылайша, тасымалдаудың оңтайлы мерзімін сақтамау, балдың жетіспеушілігіне (гүлдеудің алғашқы күндерінде 70% -ға дейін балшырын бөлінеді), сондай-ақ тұқым байлаудың төмендігіне әкеледі.
Ұяларды жаңа жерге орналастыру кезінде көрші омарталардың орналасуын ескеру қажет. Омартаны басқа аралардың ұшу жолында орналастыруға болмайды. Бұл аралардың жиналуына, олардың арасындағы күшті қақтығысқа, кейде жекелеген ара ұяларының өліміне әкеп соғуы мүмкін. Уақытша омартаға арналған орынды балды өсімдіктерге мүмкіндігінше жақын, гүлдейтін алаптың жанында, сондай-ақ үлкен жолдар мен ірі су қоймаларынан алыс жерде таңдайды. Бұдан басқа, орынды таңдау кезінде бұрын сипатталған басқа да шарттар ескеріледі.
Омартаны бал жинауға аралар мен ұрпақтардың жұқпалы (карантиндік) аурулары болмаған жағдайда ғана тасымалдауға болады. Әрбір омартаның бал араларының жұқпалы ауруларының жоқтығын растайтын және оларды тасымалдауға рұқсат беретін ветеринариялық куәлігі (анықтамасы) болуы тиіс. Аудан ішінде тасымалдауға рұқсатты осы ауданның бас ветеринариялық дәрігері, ал басқа аудандарға тасымалдауға облыстың бас ветеринариялық дәрігері береді. Тасымалдау алдында ара ұялары тексеріледі және талдау нәтижелерін ветеринариялық куәлікке жазылады.
Ара ұяларын тасымалдауға дайындау. Тасымалдау алдында ұялардың барлық бөліктерін - түбін, корпустарын, қондырғы қондырмаларын, қақпақшалар мен шатырларды берік бекіту қажет. Ол үшін көптеген түрлі құралдар бар. Көбінесе тұйықталатын құрылғысы бар орау металл таспаларын, сондай-ақ резеңкеленген немесе арнайы металл ілгектері бар капрон белбеулерін пайдаланады. Рамалар орнынан жылжып, аралар мен аналықтарды езбеу үшін көлік қозғалысы кезінде рамалардың қозғалмауын қамтамасыз ететін арнайы бөлгіштер қолданылады.
Тасымалдау кезінде ең ыңғайлысы контейнерлерді пайдалану. Бұл жағдайда контейнердің өзі бірден бірнеше ұяларға арналған бекіту құрылғысы қызметін атқарады.
Араларды нәтижелі тасымалдау үшін қажетті жағдайлар. Тасымалдау кезінде аралардың табиғи өмір сүру жағдайлары бұзылады. Қатты қозу салдарынан ұяда температура мен ылғалдылық едәуір артады және аралар «буланып» өлуі мүмкін. Бұл болмас үшін ұяларда жақсы желдетуді қамтамасыз ету қажет.
Шатыр мен шатыр астының есебінен ұяның үстінде бал араларының жинақталуы үшін бос кеңістік (15 см-ден кем емес) қалады. Төбеде желдеткіш терезелердің клапандары ашылады. Типтік емес ұяларда ұя корпусына үстінен бос қондырғы қондырмасын қояды және оған металл желдету торын қағады. Ол болмаған жағдайда капронды пайдалануға болады. Мұндай желдеткіші бар ұялар шатырсыз тасымалданады. Сол және басқа да жағдайда ұядан төбе тақтайшаларын және жылу сақтайтын жастықты шешіп, кенепті жартылай бұрады. Торды ұялардың корпусына тікелей, яғни шеңбердің үстінен бос кеңістіксіз қағуға болмайды.
Тасымалдау уақытында ұялардағы торшалар жабылуы және жарықты өткізбеуі тиіс. Тасымалдау кезінде торшаларды кесу ұяның сенімді желдетілуін қамтамасыз етпейтінін есте сақтау қажет. Оның үстіне, қозған аралар ұяны тастап кетуге ұмтыла отырып, тормен жабылған маңайда үйіріліп жинала бастайды, осының нәтижесінде тор бітеліп, ұяларға таза ауаның кіруі мүлдем тоқтатайды.
Тасымалдау кезінде ыстық ауа райында тоқтаусыз қозғалған дұрыс. Ұзақ уақыт тоқтаған жағдайда автокөлікті көлеңкеге орналастырып, ал ұяларды бірден шығарып, дереу ашу керек. Түсіру кешіктірілген жағдайда, ара ұяларының өліміне немесе бал араларының ішінара булануына, кәрездердің үзілуіне немесе балқуына әкеп соғуы мүмкін.
Бал араларын көбінесе түнгі уақытта тасымалдайды.
Бал аралары ұялары мен торшаларының орналасқан жерін жақсы есте сақтайтынын есте сақтаған жөн. Сондықтан шағын қашықтыққа (аралардың өнімді ұшу радиусы шегінде) тасымалдау кезінде ұядан ұшып шыққан аралар өздеріне таныс аумаққа түсіп, өздерінің ескі орындарына қайта оралады. Бұл аралар бұталар мен шөптердің үстіне топтасып жиналып қалатындықтан аралардың өліміне әкеп соғады.
Араларды жаңа орынды бағдарлы айналып өтуге мәжбүрлеу арқылы олардың ескі орындағы іздерін ұмыттыруға болады. Бұл үшін ұшуды ашар алдында аралар ұшып келгеннен кейін тақталарға шөптің шоғырларын немесе бұтақтарды орналастырады,бұл еркін ұшып шығуға кедергісін келтіріп, оларды жаңа орында бағдарлы айналып өтуге үйретеді. Егер отбасылар бірнеше күндерден кейін тасымалданса, бал аралары ескі жерге сирек оралады. Бұл жағдайда олар әрдайым шамамен жаңа орынға үйреніп, ұшып шығады.
Белгіленген жерге келгеннен кейін ұяларды көліктен түсіріп алдын ала дайындалған орындарға қояды. Омарташы 8-10 ұяны түсіргеннен кейін бір бірден ұяның кіре беріс саңылауларын ашады. Сәтті тасымалданған жағдайдан кейін аралар тез тынышталады және ауа райы мүмкіндік берсе, бірден ұшып өтеді. Аралар ұшып өткеннен кейін кешке қарай немесе келесі күні ұялардың ашық шеңберіне кенеп және жылытатын жастықтар орналастырылады.
Ұялардан жалтыраған қара аралардың шығуы олардың ішінара булануын көрсетеді. Егер ұяшық кіре берісіндегі саңылаулардан бал шығатын болса, онда отбасында тасымалдау кезінде бал кәрездері үзілген дегенді білдіреді. Бұл ара отбасылары шұғыл түрде көмекті қажет етеді.
Барлық ұялар жайылып, саңылаулар ашылғаннан кейін ұяларды тексеруге кіріседі.
Араларды тасымалдау үшін көлік құралдарын пайдалану. Автомобильге тиеу алдында ұялар тағы да мұқият тексеріледі. Саңылаулар табылған жағдайда оларды жұмсақ (суланған) балшықпен, талшықпен немесе майлаумен мұқият бітейді. Ұяларды төрт адам тиейді, екеуі оларды алып жүреді, ал екеуі көлік құралына орнатады. Қолмен тиеуді жеңілдету үшін автомобильдің артқы бортына ілінетін артайы саты қолданылады. Ұяларды көлік қозғалысы барысында тегіс емес жолмен жүру кезінде қозғалмау және желдеткіш саңылауларға таза ауаның көбірек түсуі үшін жазда артқы беткейіне орналастырады.
Жүк автомобильдеріне бір корпусты ұялар үш қабатқа, екі корпусты және он екі рамалы ұялар екі қабатқа қойылады. Жүктің биіктігі жол төсемінің деңгейінен 3,6 м аспауы тиіс.
Контейнерлер үш немесе төрт ұяларға гидрокранның, автокранының немесе экскаватор-тиегіштің көмегімен тиеледі. Бұл жұмысты едәуір жеделдетеді, себебі бір кран контейнерлерді тек өз платформасына ғана емес, сонымен қатар жанында тұрған автомобильге де тией алады. Омарташы ұяларды қатарлар арасында талап етілетін қашықтықта (4 немесе 7 м) қоюы қажет.
Ұялары бар контейнерлерді тиегеннен кейін автомобиль шанағындағы ілгектерге бекітіп, шынжырмен байланыстырады.
Тасымалдау үшін тартқыш автокөлікпен жалғанаған жартылай тіркемелі контейнер-тасығышты, сондай-ақ екі білікті тіркемелі көліктер мен трактор арбаларын пайдалануға болады. Тасымалдау кезінде белгілі бір қозғалыс жылдамдығын сақтайды: шұңқырлары бар жолдар бойынша - 15-20 км/сағ, асфальтталған жолдар бойынша - 50- 60 км/сағ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет