Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет34/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   73
Rustemov okulik 00

Сұрақтар мен тапсырмалар
1.С.Дөнентаев мысалдарының өзіндік ерекшеліктерін анықтаңыздар. А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев мысалдарын өзара салыстырыңыздар.
2.XX ғасыр басындағы өлең-жырлар мен әңгімелерден жетім балалар тағдырының көрініс табуы жөнінде әңгімелеңіздер. Джек Лондонның «Жолдан тайған», М.Горькийдің «Жетімек», А.Серафимовичтің «Торғай түн» әңгімелерін оқыңыздар.
3.С.Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесіне тақырыптық- идеялық тұрғыда талдау жасаңыздар. Қ.Кемеңгерұлының «Момынтай», «Жетім қыз» әңгімелерімен салыстырыңыздар. Бір тақырыпқа жазылған әңгімелердің үндестігі, басты айырмашылығы, автор шешімі туралы өз ойларыңызды, пікірлеріңізді білдіріңіздер.


Оқуға ұсынылатын кітаптар
1.С.Дөнентаев. Шығармалар. -Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1957.
2.Қ. Кемеңгерұлы. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-2 том. - Алматы: Алаш, 2005.
3.А.С. Серафимович. Үш дос. – Алматы: Жалын. 1982.
4.Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.
5.Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.

  1. ТАРАУ. СПАНДИЯР КӨБЕЕВ



Шығармалары. С.Көбеев бүкіл саналы ғұмырын оқытушылыққа арнады. 1901 жылдан 1956 жылға дейін педагогтік қызметпен айналысты. Ұстазы Ы.Алтынсарин тәрізді педагогтік қызмет пен жазушылықты шебер ұштасыра білді. Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясы» үлгісімен жарық көрген «Үлгілі тәржіма» мен «Үлгілі бала» жинақтарындағы мысал өлеңдері мен әңгімелерінің қай- қайсысын болсын балаларға арналмады деп айта алмаймыз. «Үлгілі тәржімаға» Спандияр жасаған 44 аударма және автордың «Мекен» атты бір өлеңі кіреді. 44 мысалдың барлығы Крыловтан аударылмаған. Ақын «Үлгілі тәржімаға» Крыловтан 37 мысал аударып енгізілген. Қалған 7 мысал Ушинскийдің, Л.Толстойдың, Ыбырай Алтынсариннің хрестоматияларында ұшырасады. С.Көбеев мысалдары өлеңмен де, қарасөбен де жазылған. Олардың арасында идеялық, тақырыптық, тіпті сюжеттік тұрғыда бір-біріне ұқсас келетіндері де бар. Мәселен, ақынның өлең түріндегі «Арыстан мен тышқан» және қарасөзбен жазылған «Құмырсқа мен көгершін» мысалдарының сюжеттері ұқсас. Екеуінде де хайуанның мүшкіл халге түсуі бар және оған ойламаған жерден берілетін көмек бар. Ол көмек - бір кездегі жақсылықтың өтеуі. «Арыстан мен тышқан» мысалында әлеуметтік астар айқын. Мұнда әлдінің әлсізді өзіне тең көрмеушілігі айтылады. Автор «нашарды күшті кісі көңіліне алмас, теңгеріп өз бойына асыл жүрмес» дейді. Арыстан «кезі келгенде көмек берем» деген тышқанды келеке қылады. Күндердің күнінде аңшы торына ілігіп, халі мүшкіл болады. Тісімен торды қиып, арыстанды босатқан тышқан былай дейді:
Бір ісім түсті менің мына сізге,
Еттіңіз аяушылық сіз де бізге.
Осыдан не жақсылық дегендей қылып,
Ақырын ішіңізден күлдіңіз де.
Мінекей, сізге ғибрат болсын бұл да,
Жаратты жанға не қып бізді құда.
Сұраймын бұдан былай ұмытпаңыз
Жақсылық болатынын тышқаннан да.
Тышқан өзін құдайдың тектен текке жаратпағанын ескертеді. Бұл жерде Алтынсарин ықпалы айқын сезіледі. Әйткені өлеңмен жазылған мысалдарының көпшілігінде ақын құдайды ауызға жиі алады. Тышқанды қоя бергеннен кейін автор «Бұл дүние бірде олай, бірде бұлай, жаратқан ризық беріп жанды құдай» дейді. «Құмырсқа мен көгершін» мысалында болғанды баяндау ғана бар. Суда ағып бара жатқан құмырсқаны көгершін құтқарса, кейіннен сол құмырсқа көгершінді аңшының ауынан құтқарады. Мысал сюжеті жасы кіші балаға түсінікті. Жазушы қорытынды жасауды баланың өзіне қалдырады. Табиғаттағы тірлік суреттеледі. Түйіні - «тіршілік көзі - өзара көмек». «Ат пен есек» мысалында жүгі ауыр есекке ат жәрдем етпейді. Иесі жолда зорығып өлген есектің барлық жүгін оның терісімен қоса аттың үстіне артады. Ат өз қателігін кеш түсінеді. Сөйтіп, автор қайырымсыздықтың соңы неге апаратынын көрсетеді. Абай «отыз сегізінші» сөзінде күллі адам балсын қор қылатын үш нәрсенің бастапқысын надандық, екіншісін еріншектік, үшіншісін залымдық дегенді айтқан болатын. С.Көбеевтің «Маймыл мен көзілдірік» мысалында көздің емі көзілдірік дегенге бес-алтауын бір-ақ сатып алған маймыл оларын қалай жаратарын білмей басы қатады. Соңында тасқа атып күлпаршасын шығарады.
Наданға айтқан сөзің текке кетер
Дос болсаң, ықылассыз қызмет етер
Бір істі пайдасы үшін паш етсеңіз,
Ықылас көңіліңіз болар бекер.
«Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады». Мысалдағы маймыл білімінің жоқтығынан күлкі болады. Надандық мәселесін «Есек пен сандуғаш» мысалында жалғастырады. Бұл жолы ақын надандықтың жазылмас дертке тең екендігін ұғындырады, надан адамнан сақтандырады:
Наданға еткен қызмет кетер текке,
Жақсылығың болса сақтан, ондайға етпе.
Сандуғашқа ән айтуды әтештен үйрен деп ақыл айтқан есекті ақын «Білімді жетіп мақтауы сол, надан күшік» деп жазғырады. Білімсіз жан объективті баға беруге дәрменсіз. С.Көбеевтің мақалмен түйінделетін аударма мысалының бірі - «Асыл шөп». Жігіттер, сабыр етсең, әрбір іске Болса да жақсы-жаман ерте-кеште, «Сары алтын - сабыр түбі» деген бір сөз, Бұрынғыдан қалған мақал рас емес пе? Жалпы С.Көбеев өлеңдерінде түйін, яғни автор қорытындысы үнемі ұсынылып отырады.
Қадиша Зылиқадан емес мықты,
Сабырлы төзуменен не боп шықты,
Сондай-ақ аш-арыққа төзім керек,
Сөзімді надан босқа жіберіп, жақсы ұқты.
Алтынсарин әңгімесіндегі Зылиха мен Бәтима төбелеріне бір-бір жәшік көтерген қыз балалар болса, өлеңдегі Зылиха мен Бәтима екі қап арқалаған бірі - жас, екіншісі - мосқалдау тартқан әйел. Екі шығармада да
«сабыр» атты шөптің екіншісінің қолына түспейтіндігіне қауіп айтылады.
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан ала ауыз.
-деп Абай бес түрлі қадірсіз қасиетті айтқан болса, сабырсыздық, шыдамсыздықтың қауіпті екендігін С.Көбеев растай түскен. Ал көрсеқызарлық Спандиярда өз шамасын білмеушілік, өз күшін артық бағалаушылық, өзін артық бағалау, өзіне ешкімді теңгермеушілік тұрғысында көрінеді. «Қарға» мысалы бұған дәлел. Ақын өлеңдерінің көпшілігінде адам бойындағы бірнеше кесірлікке тұспал жасалады, солардан арылту мақсатында уағыз айтылады. Қарға» мысалында бірде:
Жақсыдан ғибрат ал жай жүргенше,
Істеген ісін істеп шамаң келсе. - дейді де, «Көңіліңді бұзықтыққа бір де бұрма» деп жалғастырады. Ары қарай «Жауыздық залымынан өнеге алма, Қалып боп, жуса кетпес өле-өлгенше» дегенді тағы қосады. Кіріспе сөз сюжетке жасалатын түйін ретінде ұсынылады. Әйткені, содан кейін барып мысал оқиғасы баяндалады. Қарға қозыны әкеткен бүркітті көреді де, қошқарга ұмтылады. «Құс жаманы қарға түгіл, қасқыр-дағы, шамасы кеп әкете алмас ондай малды» деп автор қой жүнінен аяғын шығара алмаған қарғаны бір мұқатып өтеді. Оның масқарасын шығарған тағы бір жағдайды баяндайды:
Қойшылар қанат-құйрығын бірдей жұлып,
Беріпті ойнаңдар деп балаларға.
Өтірік залалын түсіндіру С.Көбеев үшін басты мәселе болып табылады. «Өтірікші» мысалы төмендегіше басталады:
Пайдасы өтіріктің екі дүнияда
Болмайды деп бірнеше рет айттым молда.
Мен-дағы көргенімді тәржіме еттім,
Үлгі алар ғибратынан құрбыларға.
Осы кіріспе сөзден кейін барып оқиға баяндалады. Қойшы бала «қойға қасқыр тиді» деп ауыл адамдарын дүрліктіреді. Қолдарына айыр, кетпен, балта ұстап бәрі қойға жүгіріседі. Бүл жерде тағы да мазақ қылушы, келеке етуші бейнесі бар.
Шек-сілесі қатып Исін күліп жатыр,
Мәз болып жарым шіркін алдағанға.
Әрине, қылжақбастың жазасы дайын:
Алладан тағдыр уақыт жеткеннен соң
Қойға кеп екі қасқыр тиді шынымен.
Осы жолы иесіннің сөзіне ешкім сенбейді. Көмекке келген жан болмаған соң қойының көбін қасқыр қырып кетеді. Автор қойшы балаға аяушылық танытпайды. Қайта «Жылады кешке дейін иттей ұлып» деп жазғырады. С.Көбеев көпшілік мысалдарын Кішіқұм ауылында мүғалім болып істеген кезінде аударған. Белгілі бір мысалдың аударылуына себеп болған жағдайлар да болған. Соның бірі -«Көлбақа мен юпитер» мысалы. 1901 жылы ақын Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм дейтін жерге мұғалім болып барады. Он төрт шаршы метр шамасындай жер үйді мектеп етіп береді. Төбесіндегі жалғыз терезесінің көзі қарын, пеші жоқ, жер едені тегістелмеген, есігі орнатылмаған үй. «Жығылғанға жұдырық» дегендей осы үйге Ыбырай бай арық-тұрақ төлдерді енгізеді. Осы жағдайға байланысты Крыловтың
«Көлбақа» мысалын аударады. Көлді тастап тауға шыққан бақа сусыз өлімші халге жетеді. Тау басын топан су басса екен деп тілейді. Юпитер көлбақаның ақылсыздығын сөгеді:
«Одан да таудан түсіп аяңдасаң,
Батпаққа болды уақыт сенің жетер».
1912 жылы «Үлгілі бала» жинағы жарық көреді. «Үлгілі бала» «Мектепке шақыру» өлеңімен ашылады.
Балалар, жиналыңыз мектепке ерте,
Мәз болмай деген сөзге, мырза ерке,
Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты,
Зат емес, надан кісі алар текке.
Ертеңгі шақыруымен әтеш құстың,
Халықтар кетіп жатыр егіндікке.
Күн шығып, терезеге сәуле түсті,
Тұрыңыз, жарамас тек уақыт өтсе,
Ал, С.Көбеевтің 1988 жылы «Жалын» баспасынан «Орындалған арман» деген атпен жарық көрген кітабында мысал саны 37 деп берілген. Осылардың арасында мысал есебінде ұсынылған «Жетімнің өлеңі» «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты хрестоматияда (1983) «Үлгілі бала» кітабынан алынған етіп көрсетілген. Академик С.Қирабаев С.Көбеевтің «Үлгілі балаға» енген бірқатар төл шығармаларын жетім-жесірлердің аянышты тұрмысын көрсететін өлеңдер мен әңгімелер деп сипаттайды. «Осындай қысқа жазылған өнегелі әңгімелермен қатар «Үлгілі бала» кітабында панасыз қалған балалардың өмірін өте қайғылы халде сыпаттайтын екі өлең бар. Оның бірі «Жетімнің өлеңі», екіншісі «Жетім» деп аталады» (34,127). Сонымен, С.Көбеевтің төл туындысы - «Жетімнің өлеңі». 5 шумақтан тұратын 11 буынды өлең. Өлең қара өлең ұйқасына құрылған.
Бетіңмен іс істеуге ақылың кем,
Бой өсіп, жас жетпеген, білмейсің жөн.
Мал-басың ағайынның талауында,
Алдамшы осы емес пе дүние деген,
Көзіңнен жас ағады қан аралас.
Өлеңде жыраулар поэзиясының әсері бар. Риторикалық сұрақ заман келбетін ашады, мейірім іздеген жас баланың ішкі дүниесінен хабар береді.
Шөлдесең сусын болар көлдер қайда?
Қарын ашса тамақ болар жерлер қайда,
Қаңғырып, жүдеп-жадап жүргеніңде,
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда?
XX ғасырдың 20-жылдарында бұл тақырып М.Әуезовтің «Жетім», С.Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімелерінен көрініс тапты. Ақынның қара сөзбен жазылған әңгімесі 24 шақты. С.Көбеевтің «Екі соқа» кітабында (1990) төл әңгімелері ретінде 7 әңгімесі берілген. Олар - «Қайырымды бала»,
«Түскі тамақ пен кешкі тамақ», «Атасы мен немересі», «Балалар мен мұғалім», «Әсиет», «Құстың ұясы», «Шал мен балалар». Қайырымсыздыққа - қайырымдылық, аяушылық, адамшылық, боссөзділікке - еңбек, сенімсіздікке - сенімділік қарсы қойылады. Өз мінін білмеушілік, айлакерлік, қолдағыны місе тұтпаушылық, тойымсыздық, сатқындық, арамдық, мақтанқұмарлық сыналады. Оқу- білімнің артықшылығы, өз ісін жетік білушілік, сөзге тоқтаушылық дәріптеледі. С.Көбеевтің өлеңмен жазған мысалдарынан қара сөзбен жазғандарының бір ерекшелігі, бұларда бірлік, ынтымақтық тақырыбынан өзгелері қайталанбайды. С.Көбеевтің «Жарлы мен бай», «Қайырымды бала», «Атасы мен немересі», «Құстың ұясы» мысалдары қайырымдылықтың үлгісін көрсетеді. Бір кезде өзін таспен атып қуған, кейін кіріптарлыққа түскен байға кедей аяушылық білдіреді. «Бекер-ақ бұл тасты сақтап жүрген екем, бұл кісі бұрын бай кезінде одан қорқушы едім, енді бұл қалпында аяймын». Әкесі берген ақшаны қайыршы шалға сыйлаған бала («Қайырымды бала»), атасына жаны ашып әке-шешесін жөнге салмақ болған немере («Атасы мен немересі»), әке сөзінен соң құстың балапанына аяушылық сезімдері оянған балалар («Құстың ұясы») бейнелері бар.
Ең өзекті тақырып - еңбек. «Екі соқа» әңгімесінде күні бойы еңбек еткен соқа еңбексіз, бос жатқан соқаға «Егер сен де жұмыс қылып михнаттансаң, мендей жарқырап тұрар едің» дейді. Тот басқан соқа жалқаулығынан зардап шегеді. Балаға «Жалқаулық адамды аздырады» деген ой ұсынылады. «Түскі тамақ пен кешкі тамақ», «Әсиет» әңгімелері астың дәмді болуы еңбекке байланысты екендігін білдіреді. «Сен жұмысқа ерте шық, сонда сен біреуге жалынбайсың, саған біреу жалынады, жұмыстан кеш қайт, сонда ішкен тамағың тәтті көрінеді, әм бай боласың» («Әсиет»). Еңбектен кейінгі маңызды тақырып - оқу мәселесі. Еңбек еткен адам сияқты оқу білген адам да ұтады. «Егер оқи білмесеңдер, кітап сендерге неге керек, бұл кітапты мен алайын, қай бұрын оқи білгеніңе берермін» дейді мұғалім балаларга.
Демек, «Балалар мен мұғалім» әңгімесінде оқу да, оқу көзі - кітап та қастерлі. «Аз сөз - алтын, көп сөз - көмір» мақалын «Сауысқан мен қарға» мысалы дәлелдейді. «Көп сөйлеген кісінің сөзінің жартысы өтірік болады» деген қарғаның мерейі, әрине, шықылықтаған сауысқаннан үстем. «Қоян мен көлбақалар» мысалындағы «Менен де қорқатын жәндіктер бар екен, бекер өлмейін» деген қоян шешімі әр жәндіктің бекер жаралмағандығын аңғартады.
Өз тұлғасына, іс-әрекетіне, мінез-қасиетіне сенімсіздік құптарлық емес. Құптарлығы - тәубаға келушілік. Үлкенді құрмет тұту қажеттігі «Шал мен балалар» әңгімесінде еске түсіріледі. Сөзге тоқтау да - басты қасиет. Өзін келемеж қылған балаларға мысқыл сөзбен жауап қайырған шал да, өз қателіктерін түсініп ұялыс тапқан балалар да белгілі бір тұжырым жасауға жетелейді. Жануарлардың, аңдардың бір-бірімен өзара айтысы - көне заман шығармаларынан, халық ертегі-аңыздарынан келе жатқан үрдіс. Әр заттың өз орны, өз қасиеті бар. Әрқайсысы өз орнында жақсы. «Айтыс» әңгімесінен көрінетін аталмыш ой «Қаз» деп аталатын мысалдан да қылаң береді. Мақтаншақ қазға әтеш былай дейді: «Бекер сен мақтанасың, сен аттай жүгіре алмайсың, балықтай жүзе алмайсың, бүркіттей ұша алмайсың: әр істің басын шатып, жаман білгенше, бір істі тәуір білген жақсы емес пе?».
Дүниеде өз мінін білмеушілік жаман. «Қасқыр мен қойшылар» мысалында «Жазығым қоңырлығым ба?» деген қасқырға қойшылар «Сенің жазығың жүніңнің қоңырлығы емес, қой жегенің үшін ұрамыз» деп жауап береді. Ал «Құйрықсыз түлкі» мысалында, керісінше, өз мінін жасырмақшы болған түлкі әшкереленеді. «Бәріміз бұдан былай құйрықсыз жүрейік» деген ұсынысына басқалары тойтарыс береді. - Егер құйрығың бүтін бүтін болса, сен бұлай айтпас едің? «Арыстан, есек және түлкі», «Түлкі мен қырғауыл» мысалдары зорлыққа да амал, айлаға да айла бар екендігін көрсетеді. Олжаны қомағай арыстан ренжімейтіндей етіп бөлген түлкі бұл харакетімен өз басын арашалайды. Екінші мысалда түлкі қырғауылға «жұрттың бәрі бір-бірімен дос болатын көрінеді» - дейді. Дей тұра, жақындап қалған ит туралы ести сала қашады.
«Өз үйірін сатқан орынсыз қалар» деген мақал - «Көгершін мен әтеш» мысалының түйіні. Істің мәнін түсінбеушілік, ақымақтық «Қасқыр мен кемпір» мысалында сыналады. Кемпірдің ңемересін «қасқырға беремін» дегеніне сенген қасқыр ойы, расымен, күлкі туғызады. Қашан да мақтанқұмарлық іске зиянын тигізеді. «Қарға мен көлбақа» мысалында қарға көлбақаның өзін мақтағанына масаттанып есіреді. Сөйтіп, аузындағысынан айрылады. Мақтаншақтық пен даңғазалық екеуі - егіз. Мәселен, «Кедей мен қоян» мысалындағы кедей де қолындағысынан айрылып қалады. «Мына қоянды ұстап алып, базарға апарып сатып аламын. Тауықтарды өсіріп сатып, алған ақшама қой сатып аламын. Қойым қоздап өскен соң, ат сатып аламын. Бұдан кейін қызметкер жалдап «ей, жалқау, жалқауланбай жүр» деймін» -деген кезде қатты айқайлап жіберіп, қоян оянып, қашып ағашқа кірді».
С.Көбеевтің кез келген туындысынан оның ағартушылықты мақсат тұтқан ниетін айқын аңғаруга болады. Жазушының балаларға арнаған мысал өлеңдері мен әңгімелерінің басты нысанасы осы мақсатпен тығыз байланысты. Қаламгердің бала психологиясын жете меңгергендігін аудармалары да, төл туындылары да танытады. Ыбырай мектебінде оқыған, оның хрестоматиясы үлгісімен еңбек жазған, қысқасы, қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымының жолын қуған С.Көбеевті балалар әдебиетінің анық қамқоршысы демеске еш негіз жоқ. Ильминскийге арналған бір хатында (1876, 3 желтоқсан) «Хрестоматияға мысалдарды (басни) енгізгім келмейді» деп жазған Ы.Алтынсарин шығармашылығынан С.Көбеев еңбегінің ерекшелігі сол, ол - қазақ балалар әдебиетіне мысал жанрын саналы түрде енгізді, мысалдарды өлеңмен де, қарасөзбен де аударды, бала ұғымына лайықтап жазды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет