«ҚАТЫНАС» білім беру саласы
Мақсаты: коммуникативтік тілдік құзіреттілікті меңгерген, ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндігі бар, ересектермен және құрдастарымен еркін қатынас жасайтын мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыру.
«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
- тіл дамыту;
- көркем әдебиет;
- қоршаған ортамен таныстыру;
- мемлекеттік тіл, орыс тілі және басқа тілдерді үйрету арқылы
ә) балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастыру:
- дербес көркем-тілдік қызмет;
- кіші-қойылымдарды сахналау;
- сөздік мазмұнды үстел үсті-баспа ойындар;
- театрландырылған ойындар арқылы іске асады.
Тіл дамыту
Мақсаты: балалардың ана тілінің ережелері мен нормаларын меңгеруі негізінде тілдік құзыреттіліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Артикуляциялық аппараттарын дамыту және сөздер мен барлық дыбыстарды дұрыс айтуға даярлау.
2. Білімдерін тереңдету және қоршаған әлем туралы түсніктердің негізінде балалардың сөздік қорларын байыту және оны белсендіру.
3. Сөйлемде сөздерді үйлестіру біліктерін қалыптастыру, тілдің грамматикасының дұрыс сақталуын қадағалау.
4. Диалогтік тілдесу дағдыларын жетілдіру, әңгімені қостау және қысқаша пікірлерін айту біліктерін дамыту.
5. Тілдік шығармашылыққа мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың тұрақты қызығушылығын тәрбиелеу.
6. Ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасау және өзара әрекеттесу мәдениетінің дағдыларын жетілдіру.
Мазмұны:
Тілдің дыбысталу мәдениетіне тәрбиелеу
Сөздегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды таза, анық айту дағдыларын бекіту.
Дауыс мәнерімен жұмыс істеуді жалғастыру: сөздер мен сөз тіркестердің анық айтылуын жетілдіру. Ақырын немесе тез, қатты немесе жай сөйлеу біліктерін дамытуды жалғастыру.
Сөйлеу кезінде дұрыс тыныс алуын дамыту.
Фонематикалық қабылдауын (сөздердің айтылуында дыбысты ажырата білу) дамыту.
Сөздік жұмысы
Сөздік қорын: адамдардың атын, мамандықтарын, заттардың бөліктері мен бөлшектерін білдіретін - зат есіммен, еңбек әрекетін білдіретін - етістікпен, үстеумен, шылаулармен байыту.
Заттардың қасиеті мен сапасын (көлем, түс, пішін) білдіретін сөздермен толықтыру.
Баланың сөздік қорын электротехникалық тұрмыстық заттардың атауларымен: тоңазытқыш, шаңсорғыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, компьютермен толықтыру.
Жалпы жинақтау түсінігін білдіретін сөздерді (жемістер, жидектер, көкөністер, құстар, ойыншықтар, киім, аяқ киім, ыдыстар, жиһаз) сөздік қорына енгізу. Заттардың топтарын атау (ыдыс-аяқ: шай, ас үй; аяқ киімдер: жазғы, қысқы).
Сөздік қорын таңқаларлық және ұлттық заттар атауларымен толықтыру (сандық, тымақ, желпуіш, парик-жасанды шаш, теңге, қазан, арба т.б.) және олардың қызметтерін түсіндіру.
Антоним сөздерді (үлкен-кіші, жақсы-жаман, алыс-жақын) сөздік қорына енгізу.
Үй-тұрмыстық заттары мен айналаны қоршаған заттардың маңызы туралы түсінік беру.
Балаларға заттың атауын және орнын білдіретін сөздерді (сол жақта, оң жақта, арасында (ортасында), қасында, жанында) үйретуді жалғастыру.
Тәулік бөліктерін білдіретін сөздерді енгізу.
Адамдардың көңіл күйін (көңілді, мұңлы, мейірімді және т.б.) білдіретін сөздерді қолдануға үйрету.
Сөзге деген қызығушылықтары мен зейінін дамыту.
Тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыру
Сөздерді септік, көпше және жекеше түрлерінде дұрыс үйлестіре білуге үйретуді жалғастыру.
Сөздердің кейбір күрделі түрлерінің жасалуын үйрету. Мысалы:
- ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі (ойыншықтардың, адамдардың, боталардың, қонжықтардың);
- етістіктің бұйрық райына (сурет сал, секір, биле, ән сал, жат);
- етістіктің түрлері (жату, жүру, жүгіру).
Жан-жануарларды, олардың төлдерін (үйрек - үйректер - үйректің балапаны, түйе - түйелер - бота - боталар) білдіретін сөздерді зат есімнің көпше және жекеше түрінде айту біліктерін дамыту.
Салалас құрмалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдануға мүмкіндік туғызу және жай сөйлемнің құрылымын жетілдіру.
Сан есімдерді ретімен айтуға, оларды саналатын заттармен тектік, сан-мөлшерлік, есептік жағынан байланыстыруға үйрету.
Байланыстырып сөйлеу
Балалардың тыңдау және сөзді түсіну, әңгімелесе білу, сұраққа жауап беру және сұрау біліктерін қалыптастыру.
Тәрбиешінің үлгісі бойынша ойыншықтар мен заттар туралы және сурет бойынша әңгіме құрастыру біліктерін дамыту.
Өз қалауымен, тәжірибесіне сүйене отырып (суреттің мазмұнына сәйкес) әңгіме құрауға үйрету.
Өздеріне таныс және сабақта өткен шағын ертегілерді қайталап айтып беруге үйрету.
Өздеріне таныс әдеби шығармалар мен ертегілер үзіндісін драмалуға қатысу біліктерін дамыту.
Шығармашылық сөйлеу әрекеті
Шағын тақпақтарды жатқа айтуға үйрету.
Балаларға түсінікті қуыршақ театрының «жүргізу техникасын» қолданып, театрландырылған әрекеттерге, ойындарға - драматизациялауға, қуыршақ қойылымына қатысуға ниеттендіру.
Ойыншықтармен оқиғалар құрастыруға тарту.
Сөздік және саусақ ойындарына қатысуға ниеттендіру.
Ойын, өлең және сөз ұйқасын табуға белсенді қатысуға ынтасын арттыру.
Кейіпкерлердің бейнесін беру үшін сөздегі ырғақ мәнерінің тәсілдері мен қарқынын қадағалап, қолдануға үйрету.
Жыл соңында тіл дамыту бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- барлық дауысты және дауыссыз дыбыстарды айтуды;
- берілген дыбыстарды сөздерден естіп, ажыратуды;
- жалпы жинақтау түсінігін білдіретін сөздерді (көкөністер, жемістер, жануарлар, ойыншықтар) қолдануды;
- заттардың орналасуын (сол жақта, оң жақта, арасында (ортасында), жанында, қасында) анықтап айтуды;
- сөздердің күрделі түрлерін: ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі (жолақтардың, ойыншықтардың), етістіктің бұйрық райы (сурет сал, ән сал, биле) қолдануды;
- сөздерді септік, көпше және жекеше түрлерінде дұрыс үйлестіруді;
- кіші көркем әдеби әңгімелерді мазмұндауды;
- ойыншық жайлы және сюжеттік сурет бойынша әңгіме құрастыруды;
- өздеріне таныс әдеби шығармалар мен ертегілер үзінділерінің драмалауына қатысуды білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |