10.3. Алиментарлық бедеулік
Алиментарлық бедеулік (лат alimentum - азық) малдардың өндіру функцияларының жалпы немесе азықтардың сапасының төмендігі салдарынан бұзылуы.
Алиментарлық бедеуліктің себептері мен түр өзгешіліктерін анықтау үшін азық рационын, азық ресурстарын талдау жұмыстарын жүргізу маңызды.
Азу салдарынан дамитын бедеулік. Егін өнімділігінің төменділігі, азықтардың уақтылы жеткізілмеуі, азықтандыру кезінде азықтарды дұрыс өңдемеу, азықтардың бұзылуы, т.б себептерден бедеулік дамуы мүмкін.
Жалпы азықтанудың жеткіліксіздігі организмге кері әсер ете отырып, ең алдымен жыныс циклы сатысын бұзады. Бұл көрініс анафродизия және толық емес жыныс циклымен байқалады.
Клиникалық белгілері. Жүдеген малдарда жыныс циклдары байқалмайды. Күйлеу, жыныстық күйіт немесе овуляция келмейді. Тік ішек арқылы зерттегенде аналық жыныс бездерінің кішірейіп, тығыздалғанын анықтайды. Кей кезде ірі сары денелерді анықтайды, бірақ фолликулдар болмайды немесе олардың пісуі кешеуілдейді, ал овуляция келмейді. Фолликул лютеинизацияға ұшырайды немесе фолликулярлық қуыста қабыну процессі белгілері байқалмайды.
Алиментарлық бедеулік гипопротеинемия түрінде өтуі мүмкін. Қан сарысуында жалпы ақзат деңгейі томендейді, ал альбумин және глобулин фракцияларының пайыздық қанынасы өзгермейді. Альбумин және бета- глобулин фракциялары көп уақытқа төмендейді, ал альфа және гамма глобулин фракциялары тез арада калпына келеді (А.И.Пучковский).
Алиментарлық бедеулік жасырын іш тастау немесе өмірсүргіштігі төмен төл тууымен өтуі мүмкін.
Азық сапасыздығынан дамитын бедеулік.
Себептері. Ақзат, витамин, макро- және микроэлементтерінің рационда жетіспеуі немесе шамадан тыс мөлшерде көп болуы, бұзылған, сапасыз азықтармен азықтандыру.
Экспериментальді зерттеулер көрсеткендей, аналықтың төлділігі тікелей азықтың сапасына байланысты. Азық рационы компоненттерінің (витаминдер, ақзат, көмір қышқылдары, Ca, P, Mg, Zn, Fe, Co т.б) біреуінің жетіспеуі немесе мөлшерден көп болуы, малдың жақсы күй жағдайына қарамастан бедеулікке әкелуі мүмкін. Сонымен, рационда көмірқышқылының жетіспеуі қанда қанттың төмендеуіне әкеледі, кетон денелерінің мөлшерін жоғарылатады және алиментарлық токсемия тудырады, малда бедеулік дамиды. Малдардың өндіру функциясына, қалқанша без гормондарының құрамына енетін йод өз әсерін тігізеді. Ол орталық нерв жүйесінің өткізгіштігін күшейтеді, зат алмасуын жоғарылатады, жыныс функциясын белсендіреді. Йод жетіспегенде аналықтарда кеш жыныстық даму, толық емес жыныс циклдары (фолликулярлық қуыс, бедеулік, іш тастаулар, шу түспеу) пайда болады, ал бұқаларда аталық функциясы төмендейді, ұрық сапасы нашарлайды. Рационда кобальттың жетіспеуі сиырларда анемия тудырады, толық емес жыныс циклдары байқалады, ұрықтануы төмендейді, іш тастау, шу түспеу, субинволюция, эндометриттер дамиды.
Мал организмінде марганец аса маңызды рөл атқарады. Ол гипофиздің алдыңғы бөлігінен сүт безіне және аналық жыныс бездеріне әсерін тигізетін гормондарды бөлуі қажет. Марганецтің жетіспеушілігі кезінде жыныс органдарының дамуы бұзылады, іш тастаулар орын алады.
Бедеуліктің пайда болуында А-гиповитаминозы да маңызды орын алады. А-гиповитаминоз ауыр түрде өткенде, сиырларда жүдеу, көз қабынуы тағы да басқа қабыну процесстері дамиды. Сиырларда А-гиповитаминоздің бір белгісі май және сүт түсінің өзгеруі. А-витаминмен бай жазғы май, янтарлы-сары түсті. Сонымен қатар, мал организміне В-гиповитаминоз, кальциферол (Д-витамині), Е-гиповитаминоз өз әсерлерін тигізеді. Мысалы, Е-гиповитаминозы салдарынан буаздылық ағымының бұзылуы, бедеулік туады.
Клиникалық белгілері. Азу салдарынан болған бедеуліктегідей.
Алиментарлық инфантилизм - қалыпты жыныстық жетілуге қажетті уақытта жас малдың азық кұнарсыздығы салдарынан толық жетілмеуі.
Клиникалық белгілері. Алиментарлық инфантилизмге малдардың толық жетілмеуі, жасы келген аналықтарда жыныс циклдарының болмауы. Инфантилизмге ұшыраған аталықтар өсу жағынан қалып қояды тестикулдар толық дамымайды, жыныстық қозу байқалмайды және аналықтардың сексуалдық реакциясы болмайды.
Семіру салдарынан дамитын бедеулік.
Себептері: концентраттарды, күнжараларды шамадан көп мөлшерде беру. Серуеннің болмауы кезінде біржақты азықтандыру организмде майдың жиналуына жағдай туғызады, май жиылуы әсіресе аналық малдың жыныс аппаратында байқалады. Аналық жыныс бездері май инфильтрациясына ұшырайды. Семіруден болған бедеулік негізінде эндокрин жүйесі функциясының, гипофиздің және аналық жыныс безінің бұзылуы орын алады.
Клиникалық белгілері - жалпы семіру, анафродизия, аналық жыныс бездері көлемінің үлкеюі, қуыс және сары дене пайда болуымен сипатталады. Малдарда толық емес жыныс циклдары, соған байланысты ұрықтанбау байқалады. Кейде жатыр атрофиясы, көлемінің кішіреюі, жиырылуының нашарлауы көрініс табады.
Достарыңызбен бөлісу: |