Жатыр тартылуының кешеуілдеуі. Жатыр тартылуының кешеуілдеуі (жатырдың кешеуілдеп тартылуы) - мал төлдеп болғаннан кейін жатырының, жатыр тканьдерінің әдеттегіден анағұрлым кеш тартылуы, кішіреюі, кешігіп қалпына келуі орын алуы мүмкін. Бұл шиеленісу барлық аналық мал түрінде кездесуі мүмкін, бірақ осы дертке сиырлар жиі шалдығады.
Жатыр тартылуының кешеуілдеуінде оның жиырылмаған қуысында шіри бастаған лохийлер жиналады. Организм бактериальдық токсиндермен уаланады. Бұнымен қатар жатыр бұлшық еті ретракциясы дер кезінде болмауына орай жатырда дегенеративтік өзгерістер туады, төлдеуден кейінгі аурулар және жалпы септикалық процестер пайда болады.
7-Сурет. Жатырдың кешеуілдеуі
А-Жатырдың әдеттегі жағдайы; Б-Жатырдың кешеуілдеу жағдайы.
Себептері: көп ұрықтылы буаздылық, ұрықтардың тым үлкен болуы, гипофиздің артқы бөлігінің функциональдық толық жарамды еместігі ауру пайда болуына әкеп соғады. Сонымен қатар серуеннің болмауы, аналық малды дұрыс пайдаланбау, рационда витаминнің және минеральды заттардың жетіспеушілігі де себеп болады.
Клиникалық белгілері: лохий бөлінуінің тоқталуы немесе оның кезеңімен кешеуілдеуі, содан кейін олардың жатырдан көп мөлшерде бөлінуі. Бұл көрініс әсіресе мал жатқан кезде жиі байқалады, кейде олар қан аралас түрінде болады. Осы процесс екі аптаға дейін созылады.
Малдың жалпы жағдайында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды, кейде тәбетінің төмендеуі, дене қызуының сәл көтерілуі болады.
Қынаптың кілегейлі қабығы және жатыр мойынының қынап бөлігі ісінген (домбыққан). Жатыр мойынының жолы ашық, кейде оған тіпті төлдегененнен кейінгі 10-ші күні де қолды енгізуге болады. Жатыр үлкейген, қабырғалары қатпарланған. Сиырларда карункулдар байқалады. Жатырға массаж жасағанда ол сәл ғанажиырылады немесе мүлдем жиырылмайды. Аналық жыныс безінің біреуінде сары дене болады.
Аурудың созылмалы түрінде лохийлер мүлдем бөлінбеуі мүмкін. Малдың жалпы жағдайы әдеттегі қалпында, тек гинекологиялық зерттеу арқылы жатырдың үлкеюін, қабырғаларының қатпарланғанын немесе тығыздалғанын анықтауға болады.
Аурудың жеңіл түрінде төлдеуден кейін 25-30-ші күнге дейін қынаптан қызыл - күрең бөлінділер ағады. Жатыр әдеттегі көлемінен үлкейген. Жатыр көлемінің бұрынғы қалпына келуі 35-45 күнге созылады.
Диагноз - малдың жалпы клиникалық жағдайына, оның қынабынан бөлінген лохийлердің түріне, тік ішек арқылы зерттеу және жатырдың қалпына қарап қояды.
Болжау. Аурудың қолайлы ағымында 3-4 жартылай жыныс циклынан кейін ұрықтандырған соң аналық мал ұрықтанады. Кейде бұл аурудың әсерінен эндометриттер дамиды.
Емі. Тік ішек арқылы жатырға тәулігінде бір рет 5-10 минут шамасында 5-6 күн бойы массаж жасайды. Сиырды күнде 2-3 км жерге серуенге шығарады. Жатырдың сергектігін күшейтетін дәрілер (синестрол, питуритрин, окситоцин, прозерин) қолданады. Соңғы жылдары мамандар бұл ауруға жаңа сауған уыздың пайдасы бар екенін дәлелдеді. Уызды тері астына 15-20 мл мөлшерінде егеді. Сондай-ақ Д.Д. Логвинов әдісімен құрсақ аортасына новокаиннің 1%-дық ерітіндісін 100 мл шамасында жібереді, бұл ем аурудың болмауына көп әсерін тигізеді.
Жылы суға араластырып 1,5-2 литр қағанақ суын екі күн бойы сиырға ішкізеді. Қағанақ суы шудың тез түсуіне өз әсерін тігізеді. Синестролдің 2% майлы ерітіндісін 2-3 мөлшерінде күніне 2 рет 3-5 күн бойы бұлшық ет арасына, ал тері астына питуитринді 8-10 мл шамасында егеді.
Аурудың алдын алу және ем ретінде қағанақ сұйығын қолданған жақсы нәтиже береді оны күніне 2 литрден 3-5 тәулік бойы ішкізеді. (Н.А. Флегматов).
Достарыңызбен бөлісу: |