Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институты



бет3/15
Дата09.06.2016
өлшемі2.93 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Үш сыншы

Бір кісінің үш баласы болыпты.



  • Балаларым, көзім тірісінде сендерге бір таусылмас қазына қалдырайын. Шаруаларың шақталғанда бөліп, ас-ауқат қыласыңдар,  деп, бар қазынасын қойма ғып көмеді. Айтқанындай, әкесі өлгеннен соң, шаруалары шақталып, үш бала қойманы қазып алайын деп келсе, орны жатыр, қойма жоқ. Үш бала: «Қойманы не көрген алады, не көмген алады»  деп еді, өлген әкемізде ме, тірі өзімізде ме? Мұны ханның ақылына салайық  деп ханға баруға шығады.

Үшеуі жолда келе жатып бір шөккен түйенің ізін көреді. Ізіне қарап ағайынды үшеуінің үлкені: «Мына түйе буаз-ау»  дейді. Ортаншысы: «Соқыр-ау»  дейді. Кішісі: «Шолақ-ау»  дейді. Үшеуі әңгімелесіп келе жатса, бір адам кез болады да:

  • Түйе көрдіңіздер ме?  деп сұрайды.

Сонда үшеуі тұрып:

  • Түйең буаз ба?  дейді.

  • Иә, буаз,  дейді жоқшы.

  • Соқыр ма?

  • Соқыр еді.

  • Шолақ па?

  • Шолақ еді. Иә, бұл түйені қайдан көрдіңіздер?

  • Біз түйенің өзін көргеміз жоқ, ізін көрдік.

  • Ізін көріп, түрі-түсін айтатын сендер әулиесіңдер ме? Түйемді алған сендер екенсіңдер,  деп жоқшы да ханға баруға ілесе жүреді.

Хан үш жігітті қонақ үйге кіргізеді. Бағлан қозы сойғызып, күріштен палау бастырып, алдарына қояды.

Ас алдына келгенде:



  • Мұнда иттің еті бар-ау  дейді біреуі.

  • Адамның сүйегі бар-ау  дейді екіншісі.

  • Ет не болса ол болсын, хан некесізден туған-ау  депті үшіншісі.

  • Тарт табағыңды, ханның өзі жесін,  дейді үшеуі де.

Табақшылар табақты алып қайтып келеді, ханға үшеуінің сөзін айнытпай айтып береді.

Хан қаһарланып, шешесіне кісі салады.



  • Мен некесіз тусам шынын айтсын, егер некесіз туды дегені өтірік болса, соны айтқан мына кісінің басын аламын,  дейді.

  • Әкесінен ұл перзент жоқ болып еді, кімнен туса содан тусын құдай тілеуімді бере көр деп жүргенде көргенім, бойыма біткенім еді. Балам біреудің қанын жүктемесің,  дейді шешесі.

Хан енді қойшыны шақыртып:

  • Қозыда не айып бар?  дейді.

  • Бұл арық, көтерем қойдың қозысы еді. Енесінен қорек болмаған соң, күшіктеп жатқан итті емізіп едім. Мәйегіне ұйып, сүйегіне шауып, содан бірдеңе болмаса,  дейді қойшы.

Хан сонан соң күріш әкелген егіншіні шақырады да:

  • Күріште не айып бар?  дейді.

  • Сіз тез күріш жеткіз деген соң, басқа жерге еккен егін піскен жоқ еді, қабірдің айналасына еккен егісім піскен екен. Содан әкеліп едім. Сол өлген адамның сүйегіне шығып, содан бірдеңе болмаса,  дейді егінші.

Хан бұл үш сөздің де анығына жеткен соң, үш жігіттің алдына бетін орамалмен жапқызып алма қойғызады.

  • Егер ойшы болса, өздері ашып жесін! Алманы жер алдында не айтар екен, сөздерін маған айтып кел,  деп тапсырады табақшыға.

Алдарына табақ келген соң астың бетін ашпай тұрып үшеуінің үлкені:

  • Мынаның қызылы бар-ау,  дейді.

Ортаншысы:

  • Сары аласы да бар ғой,  дейді.

Екіншісі:

  • Өзі сары ала, өзі қызыл болса алма шығар,  деп орамалды жұлып алады. Сөйтіп үшеуі бөліп жейді.

Таңертең сәлемге хан келеді. Сәлемдескеннен кейін:

  • Иә, жігіттер, жол болсын?  деп жұмыстарын сұрайды.

  • Әкеміз тірісінде қойған қоймасы бар еді, сол жоқ. Қойманы бізден басқа көрген-білген адам жоқ. Осының ақылын сізден сұрай келдік,  дейді жігіттер.

  • Қойманың бір мәнісі болар, осы мені некесіз туды дегенің қайсың?  дейді хан.

  • Сізді некесіз туды деген мен. Өлі-тіріден зауал сұрата сізге келгенде, өзіңіз келмей тәкаппарлық қып, жігіт-желең жіберген соң, «Мынаның жүрегінде арам қаны бар екен-ау» деп ойыма келді,  дейді кішісі.

  • Жарайды, сіздерге бір мәселе айтайын, соны шешіп беріңіздер,  дейді хан.

  • Баяғы уақытта екі бай құда болыпты. Күндердің күнінде жігіт қалыңдық ойнап қайнына келген екен. Келген соң қызды күйеуге әкеп берген екен. Қыз келген соң күйеуі:

  • Көңілің менде ме, жоқ әлде басқа біреуде ме?  деп сұрайды.

  • Басқада емес, көңілім бір өзіңде,  дейді қыз.

  • Неге, жігіттікті жігіттікпен шығарып салу керек емес пе, біз де жігіттікті атқарып жатырмыз.

  • Менің сізден басқада көңілім жоқ.

  • Сен өзің бойжеткен қыз, өзің байдың қызы бола тұра бір көңілдесің болмаса, сенің маған да әйел болуың екі талай екен.

Сонда қыз:

  • Бүгінгі күні бір кісімен жолығысатын уәделі күнім еді. Сіз келген соң өз жарым деп сізге келдім,  деді.

  • Ішінде арманың кетер, уағдалы кісіңе барып кел. Құдай ұзағынан сүйіндірсін, менің жар жолдасымсың ғой,  дейді жігіт.

Қыз осы сөзбен тамырына жүріп кетті. Келген соң:

  • Япырмай, мұнша зарықтырып күні бойы неғып жүрсің?  дейді тамыры.

  • Иә, оның мәнісі бар. Күйеуім келіп, жеңгелерім соған апарып, соның рұхсатын алып келгенім осы болды.

  • Мені күйеуіңе айттың ба?

  • Айттым.

  • Күйеуіңді онда қалдырып, мен сені мұнда қасыма алып жатам ба? Күйеуіңе менің атымнан құлдық деп сәлем айт. Ертең алдына барып өзім де сәлемдесермін,  дейді тамыры.

Осымен қыз күйеуіне қайтады. Жолда келе жатқанда екі ұры кез болып, қызды ұстап алады. Күйеуі мен тамырының арасында жүргенде екі ұры қыздың киімдерін, білезік, сақиналарына дейін тонап алады. Аларын алып болған соң екі ұры:

  • Қараңғы түнде қайдан жүрген жансың?  деп сұрақ қояды.

  • Ағатайлар, күйеуім мен тамырым екеуінің арасында жүріп осындай күйге ұшырап тұрмын,  деп қыз мән жайын айтады. Сөзін тыңдап болған соң екі ұры:

  • «Жас-жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір» деп еді. Алсақ басқа адам табылар. Шырағым, киіміңді киіп күйеуіңе тезірек бара ғой,  деп алғандарын қызға түп-түгел қайырып береді.

Хан осы әңгімені айтты да:

  • Сол үшеуінікінің қайсысыныкі жөн?  деп үш сыншыға қарады.

  • Қасына келген өз жарын біреуге барып кел деп жіберген адамзаттың данышпаны деп білемін,  деді үлкені.

  • «Арамы сауда, қияли неке бұзады», өз жарыңа бар деп қастық қылмай қайырып жіберген де нағыз жігіт екен,  деді ортаншысы. Сонда кішісі тұрып:

  • Бәрінен ұры ақымақ,  деді. Әкесі де болса алғалы шықты, қыздың негып жүргенін сұрап несі бар, күлді асылды алған соң жүріп кетпей ме?  дейді.

Сонда хан тұрып кішісіне:

  • Ділда сенде! «Арамдықтың байлауын байлаған шешуін де шешеді» деген. Сен менің туысымды да таптың,  деді.

  • Ділдә менде екені рас, бір тиынына да тигенім жоқ, тек орнын аударып қойдым. Мен көңіліңе қарап сенің кімнен туғаныңды айтпасам, сен менің көңіліме қарап қойманы алғанымды айтпай ма деп, әдейі көңіліңді қарайтып қатты айтып едім, дұрыс таптың! Екі аға да білген шығар, білгенмен айыбымды айтпаған шығар,  деді кішісі.

Бұл сөз біткен соң хан түйе жоғалтқанды алдырып, үш сыншыға:

  • Мынаның түйесін көрдіңдер ме?  деді хан.

  • Ізін көрдік.

  • Буаз депсіңдер ғой?

  • Буаз дедім. Көктем уағында буаз түйе тізесін екі салып сырғып тұрады. Мен сонан буаз екенін білдім,  дейді үлкені.

  • Соқыр депсіңдер ғой?

  • Соқыр дедім. Түйе жайылған екен. Оң жағының шөбін жұлмай, үнемі сол жағының шөбін жұлып жайылыпты,  дейді ортаншысы.

  • Шолақ депсіңдер ғой?

  • Шолақ дедім. Бүтін құйрықты түйінің құмалағы ізіненалыс түспейді, ал шолақ құйрықты түйенің құмалағы алысқа шашырап түседі,  дейді кішісі.

Сонда хан түйе жоғалтқанға қарап:

  • Бұл кісілер сенің түйеңнің соқыр, шолақтығы түгіл менің тегімді де тапты. Түйеңді іздеп тауып ал,  депті.

Елді бекем билейді, бекемді шешен билейді

Бекболат бидің бәйбішеден тоғыз ұлы, тоқалдан Тіленші дейтін бір ұлы және бір қызы болыпты. Бекболат қартайғанда ағайынның жақсылары жиналып келіп:



  • Жасыңыз болса жетті, орныңызды ұстап, кісі қылыуға балаларыңыздың қайсысын ұйғарып жүрсіз? Сіздің көзіңіздің тірісінде құрметтеп, бата берейік деп едік,  дейді. Бекболат біраз үндемей, көзін жұмып толғанып, ыңыранып отырады. Тіленшіні айтайын десе бәйбішесінің көңіліне қарайды. Әкесінің қиналып отырғанын қызы байқап:

  • Қаракесектен шыққан он екі ата елді Бекем билеуші еді, Бекемді шешем билеуші еді. Бекем шешемнен қаймықпаса, тоқалдан туды демесе, Тіленші жанның ел ұстамайтын несі бар?  дейді. Сонда Бекболат көзін ашып:

  • Баланың сөзі рас, сол немеден үмітім бар. Бірақ ел жұмысынан ойлаған ойы жоқ секілді. Қойшы-қолаңшымен ойнай беруші еді,  дейді. Сонда бәйбіше:

  • Сол немеден менің де үмітім бар еді... Тіленші қайда?  дейді. «Жылқы суара кетіп еді» дейді қыз. Отырған жақсылар:

  • Оған өзіміз барып жолығып қайтайық,  деседі. Бұлдар іздеп келсе, Тіленші су жағасында қойшылармен алысып ойнап жүр екен. Кісілерді көрген соң, Тіленші сәлем береді. Келген жақсылар:

  • Мынау қойшы-қолаңшымен алысып жатқаның не?  дейді. Тіленші сөзді тыңдап болып былай дейді:

  • Әкем Бекболат он екі ата елді билеп еді, елдің жуаны келсе қабағын ашып, жадырай сөйлеуші еді. Нашар, жіңішке атаның балаларын елемей, мұңын жүре тыңдайтын еді. Олар арыз-мұңын айта алмай кеткендей көрінетін. Сонда мен: «Егер билікке қолым жетсе, нашарлар жасқанбай арманын айтатын кісі болсам» деп, ойлаушы едім, сол үшін бұларға осы бастан бойымды үйретіп жүрмін. Мұны естіген ел жақсылары:

  • Балам, біздің ойлағанымыз бұл емес еді, сенікі мақұл екен. Тусаң ту, бәрекелді!  деп баталарын беріпті.

Бекболат пен бір төре

Қарауыл Бекболат шешенге бір төре орыс сұрақ қойып:



  • Құдай қайда тұрады?  депті. Бекболат төреге «мылтығыңды атшы» дейді. Анау шүріппені басады.

  • Оғы қайда түсті?  дейді сонда Бекболат.

  • Қайдан білейін?  дейді төре.

  • Өзің атқан оқтың қайда екенін білмейсің, он сегіз мың ғаламды жаратқан құдайдың қайда тұрғанын мен қайдан білейін?  депті Бекболат.

  • Күншығыс пен күнбатыстың арасы неше күншілік?  депті төре.

  • Жаз қағазыңа, бір күншілік,  дейді Бекболат.

  • Оны қайдан білдің?  дейді төре.

  • Күн таңертең шығады, кешке батады, арада қонып түстенгенін көргенім жоқ,  дейді Бекболат.

  • Көк пен жердің арасы неше шақырым?  дейді төре.

  • Бір шақырым,  дейді Бекболат.

  • Оны қайдан білдің?  дейді төре.

  • Көкте періштелер дауыстайды, біз оны естиміз, дауыс бір шақырым жерден естілмей ме?  дейді Бекболат.

  • Қазақ асылының асылы не, жасығы не?  дейді төре.

  • Қазақ асының асылы да айран, жасығы да айран, өйткені айран алғаш шыққанда шәрбат болады, қымыз шыққанда іркіт болады,  депті Бекболат шешен.

«Шернияз ақын мен Едім»

Шернияз қоналқыға бір ауылға келеді. Бірақ үй иесі: «Үйімде кісі бар»,  деп қондырмайды. «Анау ауылға барыпи қон»,  деп алдағы ауылға сілтейді. Сонда Шернияз:



  • Қарағым-ай! Өз үйіңе келіннен батып қондыра алмай тұрып, «анау ауылға барып қон» дейсің. Ол ауылға үкімің жүретін болса, «мына кісіні қондыр» деген қолыңнан бір жапырақ қағаз бере қойшы»  дейді.

Үй иесі «өзің кім боласың?»  деп сұрайды.

  • Өзіңнің бір қондыратын адамың бар шығар, айтып қарашы, сол болайын,  десе оған үй иесі көнбейді.

Сонда Шернияздың айтқаны екен:

Жаз жайлауым сұрасаң,

Жаңабай көлінің жағасы.

Қыс қыстауымды сұрасаң,

Шыңғырлаудың саласы.

Майлыбай-Кете руым,

Шернияз ақын мен едім,

Жарлығас бидің баласы.

Көліктің басын бұр бала,

Қондыратұғын емес қой,

Мынау үйдің шамасы.

Үйде отырып мұны естіген қонақтар жүгіре шығып, ақынның шылауына оралып үйге түсіріпті.



«Біз сізді іздеп келдік Баянас деп»

Шернияз екі көпес ноғаймен келе жатып, Баянас деген байдың үйіне қонады. Баянастікі мал соймай, ет аспай қонақтардың алдарына көже қояды. Сонда Шернияз бақандағы етті көріп, Баянас байға былай дейді:



  • Біз сізді іздеп келдік Баянас деп,

Бай айтар бәйбішеге жаяны ас деп.

Ішінді осынша ауыл таңдап қондық,

Үйінде бар нәрсесін аямас деп.

Быламық суымаса сапырайын,

Тік қойып қасығымды батырайын.

Мыналар ноғайсынып ішпей отыр,

Мен өзім атам қазақ жапырайын, 

деп ақын ұрттап жіберіп, құмаршық көже екенін біліп, тағы да былай дейді:



  • Тары мен бидай болсаң бөгер едің,

Қорықпасам обалыңнан төгер едім.

Болдың да нардың сүті жаның қалды,

Қатығың басқа болса тебер едім.

Баянас Шернияз екенін танып, кешірім сұрап, мал сойып, екі күн қонақ етеді.



Шернияздың Байсақалға айтқаны

Шернияз ел қыдырып жүріп бір үйге түстеніп отырған Байсақал бидің үстіне кіріп келеді. Асты қызғанған Байсақал:



  • Әй, Шернияз, кезбесің-ау! Бұйырғанды да, бұйырмағанды да жейсің,  дейді.

Сонда Шернияз ақын отырмастан былай депті:

Асқар, асқар, асқар тау,

Асқар таудың түбінде болар саясы.

Шариғатты білмеген

Көкірегіңнің қарасы.

Шыр етіп анадан туған соң

Шашылған ризықты термеске

Пенденің бар ма шарасы?!

Байсақал сөзден жеңіліп: «Әншейін сөздің кілтін ашайын деп айтып едім, ақын! Жоғары шық!»  деп төрге шығарыпты.

Жетпес шешеннің Әбілқайырға айтқаны

Ел ішіндегі ауыр хал мен хан өкілдерінің озбырлығын айтып, Жетпес шешен Әбілхайыр ханға бірнеше рет барады. Бірақ хан сөзге құлақ аспай, елдің тұрмысын жеңілдету қамын ойламайды.

Осыған ренжіген Жетпес рулы елімен бергі көп момынға қарай көшіп кетеді. Әйтседе көш кеш шығып қалып, мөлшерлі жерге, көп момынға жете алмай, қыс түсіп кетіп, жолда қыстап қалады.

Жетпес бір топ адамдармен жер көріп, қоныс іздеп жүргенде ерігіп сейілге шыққан хан өзінің бір топ жігіттерімен жүріп далада Жетеске ұшырасады.



  • Жетесім, қыстан жүдеп қалды деп еді, рас па?  дейді хан.

  • Рас,  дейді Жетес.

  • Әйтседе ел ала болады ғой, бәрі бірдей жүдеу емес шығар, кім аш, кім тоқ?  деп сұрайды.

Сонда Жетес шешен:

Өлең жеген өзен тоқ,

Тамыр тартқан доңыз тоқ,

Жоғалап жүрген қоңыз тоқ,

Арқамды жеген битте тоқ,

Боғымды жеген итте тоқ,

Арыстан аш күзен тоқ,

Арыстанның аштығымен

Күзеннің жұмысы жоқ, 

дейді.


Ғалымның хаты өлмейді

Таймас Жұдас шешен айтты дейтін сөз.

Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билерімен бас қосып отырғанда:



  • Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар,  депті.

Сонда отырғандардың біреуі:

  • Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты. Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер көңіліне қона қоймапта. Сонда түптегі Қыпшақ, Таймас Жұдас деген жұпыны киімі бар кісі тамам билер гуілдесіп, дүрілдесіп отырғанда ләм-мим деп тіл қатпай, сөз тыңдапты. Сонан бір орайы келгенде орнынан ұшып тұрып Абылай ханның алдына шарт жүгініп, былай депті.

  • Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғаны тозатын нәрселер, өлетін нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен тозбайтын не, өлмейтін не айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады, түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құдп болады. Кит саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде үш дау, ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады. Құдай қосқан құда емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.

Қара жердің өлгені,

Қар астында қалғаны.

Асқар таудың өлгені,

Басын мұнар шалғаны.

Аққан судың өлгені,

Мұз боп тоңып қатқаны.

Ай мен күннің өлгені,

Түнеріп барып батқаны.

Өлмегенде не өлмейді?

Ғалымның хаты өлмейді,

Жақсының аты өлмейді.

Абылай хан риза болады. Қамқа тонын бас қылып үстіне жауып, Таймас Жұдасқа толық тоғыз сый береді. Отырғандар шулап қоя береді: «Батырдан сауға, мергеннен сыралғы, бізге алған олжыңнан байла!»  деп. Сонда Таймас Жұдас шешен:



  • Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқаным жоқ, атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған жүлдесі екен деп, балаларым мұра қылып, айта жүрсін деп алып барамын,  деп байламастан алып шығып жүре беріпті.

Досболдың Әйекеге айтқаны

Қыпшақ Досбол қартайып, сөзден, биліктен қалады. Қыпшақтың жас болыс, билері келіп, оның көңілін сұрап, қолын алмайды. Шиелі жеріндегі арғын Әйеке болыс қыпшақ елінің бір қанатын билеп тұрады екен. Әйеке қартайған Досболға тоғыз қара тарту, үстіне киіс, астына мініс әкеліп:



  • Батаңызды алуға келдім. Бізге бір-екі ауыз өсиет айтыңыз,  депті.

Сонда Досбол:

Жақсы екен туысқаннан туыспаған,

Не пайда туысқаннан жуыспаған.

Алпыс күн ақбас атан болғанынша,

Алты күн бура болып күркіреп өт.

Ешкімнің атасы жоқ ту ұстаған, 

депті.

Әйекеге еріп келген билер үйден шыға жөнеліпті.



Биікпін деп мақтанба

Тобықты Құнанбай айтты деген сөз

Қаржас пен Тобықтының арасында бір дау болып, үш-төрт жылға созылыпты. Өйткені, айтылған бітімге екі жағы наразы болып, арыз етіп, бұздыра беріпті. Даудың ақыры төтенше съезіне түсіп, съезде Қаржастан Мұса, Тобықтыдан Құнанбай шығып сөйлепті. Мұса Құнанбайдан кіші болуы керек, сөйтсе де сөз арасында Құнанбайды кемсіте сөйлепті. Сонда Құнанбай айтқан екен:

Пұт болдым деп мақтанба,

Пұттан ауыр батпан бар.

Биікпін деп мақтанба,

Асқар-асқар таулар бар,

Ар жағында аспан бар.

Басыма бақыт қонды деп,

Тосылмаймын енді деп,

Алдаушы жалған дүниегеге

Ғапыл болып азбаңдар.

Қарсы келген дұшпаның

Басын келіп изесе,

Оған да қыл бостандық,

Аяққа салып баспаңдар.

Бақ тайса ажарыңа қарамайды,

Біреуді біреу сырттан табалмайды,

Басына қарапайым бір іс түссе,

Қылды деп білместікпен шамалайды.

«Адам басы алланың добы» деген,

Дәм тартса әр тарапқа домалайды.

Жұмырбай ақынның Жәңгір ханға айтқаны

Хан Жәңгірдің заманында Жұмырбай хан алдында жырлайтын ақын екен. Хан оған жылда бір түйе береді екен. Бір жылы тағы да келіп жырлап, енді кетерінде: «Мына ақынға бір түйе әкеліп беріңдер»  дейді хан. Түйешілер бір түйені әкеліп есік алдына байлап қояды. Түйе кәрі екен, Жұмырбай далаға шығып түйені көріп келеді. «Түйенің қасында неғылып жүрсің?»  дейді хан Жұмырбайға. «Түйемен сөйлесіп жүрмін»  дейді Жұмырбай. «Сен не дедің, түйе не деді?»  дейді хан. Сонда Жұмырбай былай депті:



  • Мен түйеге: шөп берсем жермісің,

Айдап жіберсем, келермісің?

Бөкей, Сығайдың әкесі

Айшуқты білермісің?  дедім.


  • Шөп берсең жермін,

Айдап жіберсең келермін.

Нұрланның әкесі Айшуақ түгіл,

Айшуақтың әкесі Әбілқайырды да білемін, 

деді түйең.



Шиырбай жылқышының сөздері

Шиырбай бір байдікін қонса, мал соймай, жай-жапсарын айтпай алдына ескі ет әкелеіпті. Сонда Шиырбай:

Мынау жас ет десем сүр екен ғой,

Шық бермес Шығайбайдың бірі екен ғой.

Өлді деп Қарынбайды естуші едім,

Қарынбай әлі тірі жүр екен ғой, 

депті.

* * *


Көшербай деген байдың қояншық науқасы бар екен. Ауырып жаны қысығанда ақсары бас құдай айтып, тәуір болған соң айтқанын соймайды екен. Соған Шиырбайдың айтқаны:

Ауырсаң құдекеңе тоқты айтасың,

Жазылып кетсе «тоқты жоқты» атасың.

Құдайды бір алдамай бірнеш алдап,

Бір күні Көшекеңді шоңқайтарсың.

Ыбырайдың Есенберліге айтқаны

Орта жүз Бәтеке Ыбырай деген шешен адам болыпты. шаруасы төмен кедей боғанымен өткір тілді, қисық істі көргіш әділ шешен Ыбырайды халық қатты сыйлайды екен.

Бір жылы қыс ішінде Орта жүзде бір ұлы жиын болып, әр елге сауын айтылады. Осыған Бәтекеден Ыбырай да бармақшы болып, үйінен шығады. Ыбырайдың басқа мінетін аты болмай, жаз бойы ері алынбаған жауыр құнанын шанаға жегіп жолға шықса, әлсіз арық құнан болдырып, жүрмей қалыпты.

Болдырған атын шалдырып отырғанда манадан жапалақтап жауған қар күшейіп, көтерілген желмен үлкен қатты боранға айналып кетіпі.

Сол кезде Ыбырай алпыс бестер шамасындағы қарт адам болса керек. Бораннан адасып кетермін деп, ертерек ел қарасын көрмекші болып, ілгері жүреді. Біраздан кейін аты ағытылып қалады.

Сақал, мұртына мұз қатып, қойын-қоншына қар толған қарт дірдектеп атын жеге алмай жатқанда астында семізден жаратып мінген күрең жорға аты бар, ер-тұрманын әшекейлеп, алтын-күміспен безендірген, өмілдірік, құйысқандатқан, атының басына ноқта, жүген салған, өзі әдемі киініп, басына үкі қадаған бір жас жігіт атын сипай қамшылап, Ыбырайдың қасынан сәлем де бермей өте шығады.

Жас жігіттің қайрымсыз мінезін көңіліне түйіп, Ыбырай да қала береді. Біраздан кейін атын ептеп жегіп, ел орынға отыра бір ауылға келіп жетсе, манағы жиын болатын ауыл екен. Белгіленген даяшы жас жігіттер келе жатқан Ыбырайдың алдынан шығып түсіріп, өзін қонақ үйге алып барады. Көп ұзамай қонақасы да келеді.

Қыста сауылған қысырдың қымызын ішіп, енді алдарына ет қоя берген кезде, есіктен бағанағы жігіт кіреді.

Үлкендер арасында әңгімемен отырған Ыбырай болған істі айтып, сол елдің адамдарынан әлгі жігіттің аты жөнін сұраса, Торсан байдың Есенберлі деген баласы екен. Ыбырай табақтан бір уыс ет алып, бағанағы жігітке асатып, ол енді кейін шегіне бергенде:

Тауда жүріп таста өскен,

Ағайынан басқа өскен

Ел қадірін білмейді.

Кісіден сый көрмеген,

Кісіге сый бермеген

Ер қадірін білмейді.

Шөл жайлаған дуадақ,

Көл қадірін білмейді.

Көл жайлаған қоңыр қаз

Шөл қадірін білмейді, 

депті.


Сонда жігіт асатқан етті жұта алмай, аузын басып далаға шыға жөнеліпті.

Төле би мен Түлкі бала

Үйсін Төле би кіші жүз Алшын Әйтеке биге қонаққа келіпті. Әйтеке жақсы қарсы алмапты. Төле өкпелеп қатып кетіпті. Артынан Әйтеке сұрастырса, іздеп келген атақты Үйсін Төле би екен. Қалай қайыруды білмей:



    • Шақырыңдар Түлкіні, бір қайырса сол қайырар, біреу әңгімелесіп отырғанда сол ақырын сөз тыңдап отырушы еді,  депті Әйтеке

    • Рұқсат етсеңіз, барайын,  дейді Түлкі деген бала.

Бала салт атқа мініп, алдынан орағытып шығып, сәлем беріп де, сөз тыңдап бірге жүріп отырыпты.

Бір кезде Төле:



  • Ай, балам, жол болсын!  дейді.

  • Әли болсын,  дейді бала.

  • Рұқсат етсеңіз, ір сұрағым бар еді. Үш жүз кім?

  • Қазақтың үш баласы бар, үшеуі ағайынды.

  • Ағайынды кісі өкпелесе, немен тарқайды?

  • Ағайын өкпесі аса зілді болмайды. Бірін-бірі сағынысып көрумен-ақ тарқайды.

  • Ерлі-зайыпты кісі өкпелесе, немен тарқайды?

  • Олар күндіз өсекпен арадасады, түнде төсекпен татуласады.

  • Ағасы інісіне өкпелесе ше?

  • «Ініні зордан, ағаны бордан» деген ғой, іні тас, аға бас болады,  деген екен Төле.

  • Төрелігіңізге құлдық,ата! Ініңізге өкпелеп елге қайтып бара жатыр екенсіз, райдан қайтып қонақ болып, қайтуыңызды сұрай келдім,  дейді Түлкі бала.

  • Бетің қайпаған бала екенсің,бір ашуымды байладым,  деп,Төле би кейін бұрылған екен сонда.

Каталог: sites -> all -> files -> sites -> default -> files
files -> Мұсылман өркениеті: медреседен – университетке Аязби Бейсенқұлов, филол.ғ. к., доцент
files -> «Жетім қарға бөрі басына саңғыған» тұл заман және оның қаһармандары
files -> Абайдың көркем мәтіні
files -> Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота бойынша білім беру гранттарына ие болған талапкерлердің тізімі
files -> Ұлықтаудың орнына,өзгелерді биіктетеміз. Бұл да сананың құлданғанын білдіреді. Бекболат Тілеухан. Әскери институтымызға
files -> Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін квота бойынша білім беру гранттарына ие болған талапкерлердің тізімі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет