Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің



бет8/30
Дата23.02.2016
өлшемі2.83 Mb.
#4511
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30

6-стратегиялық бағыт

Ғарыш инфрақұрылымын, ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын құру және дамыту

Ғарыш инфрақұрылымын құру және дамыту

Реттелетiн саланы немесе қызмет аясын негiзгi дамыту көрсеткіштері.

2010 жылдан бастап Қазақстан «KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыш жүйесі, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі (ЖҚЗ ҒЖ), дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі (ДЖСНЖ), ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені (ҒА ҚұСК) және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені (ҒЗК) кіретін толыққанды отандық ғарыш инфрақұрылымын құрудың белсенді фазасына кірді.

2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ғарыш аппараттарының (ҒА) екі орбиталық тобы: «KazSat-2», «KazSat-3» екі байланыс тобы және «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» екі ЖҚЗ ҒА тобы құрылды, ұшырылды және пайдалануға енгізілді. 2012 жылы «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің және 2014 ЖҚЗ ҒЖ жерүсті инфрақұрылымдары жасалды және пайдалануға енгізілді.

«KazSat» ғарыштық байланыс жүйесін («KazSat-2» және «KazSat-3» ҒА) және «KazSat» ғарыш жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын (ЖБК, РЖБК) сақтандыру қамтамасыз етілді, сондай-ақ 2014 жылы Қазақстан Республикасы ЖҚЗ ҒЖ сақтандыру жөнінде 2 шарт жасалды.

Қазіргі жағдайларда ғарыш қызметін сақтандыруға дамуды қолдаушы фактор ретінде қарау қажет екенін айта кеткен жөн, себебі сақтандыру кездейсоқ залалды өтеу қаржылық кепілдіктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, өндірістік циклдің үздіксіздігіне әсер етеді, кәсіпорынға, оның қызметіне тән тәуекелдерді кешенді және тиімді басқару мүмкіндігін береді.

2014 жылы Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы ДЖСНЖ жерүсті инфрақұрылымы үшін ДЖСНЖ орталығы ғимаратының құрылысы аяқталды және пайдалануға енгізілді. Сондай-ақ жерүсті ғарыштық инфрақұрылым объектісін құру шеңберінде тәжірибелі өндірісімен ҒТ АКТБ және ҒА ҚұСК технологиялық жабдығын жасау және ғимараттарын салу жұмыстары жүргізілуде, ғарыш технологияларының ұлттық зертханасын құру бойынша жобалау алдындағы жұмыстары басталды.

2012-2014 жылдар аралығында Қазақстанда ДЖСНЖ жерүсті инфрақұрылымы құрамында дифференциалдық станциялар (ДС) желісі құрылды. 2015 жылы 60 ДС құрылысы нәтижесінде Қазақстан Республикасы аумағының 55%-ы түзетуші ақпаратпен қамтамасыз етуіне қол жеткізілді( есеп 1-кестеде).

2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы аумағының 80%-ы түзетуші ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ДС желісін бұдан әрі өрістеу қажет.

«SurreySatelliteTechnologiesLimited» ағылшын компаниясымен үш жылдық шарттың шеңберінде технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінен және ғылыми мақсаттағы ғарыш жүйесінен тұратын ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін құру жөніндегі төменгі орбиталы ғарыш аппараттарын жобалау, құрастыру және сынау технологияларын пысықтау, Жер ионосферасының ғылыми зерттеулерін жүргізу, меншікті зерттемелердің кіші жүйелерінің үшу тарихын алу үшін жүмыстар жүргізілуде. 2014 жылдың қорытындылары бойынша «Ғалам» БК» ЖШС SSTL компаниясымен бірлесіп ҒТМ ҒЖ алдын ала жобалау жұмыстарын аяқтады және ҒТМ ҒЖ толық жобалау жұмыстарын бастады.

2014 жылдың басында «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен жобасын «Зенит» тасымалдағыш зымыран (ТЗ) базасында іске асыру жоспарланған. Ресей тарабы украиналық-ресейлік «Зенит» ТЗ базасында «Бәйтерек» жобасын одан әрі іске асыру мүмкін еместігі туралы мәлімдегеннен кейін Қазғарыш Роскосмоспен «Бәйтерек» жобасын «Ангара» ТЗ базасында іске асыруды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. «Бәйтерек» жобасын табысты іске асыру Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметіне қатысуын кеңейтуге ықпал етеді.

Бұдан басқа объектілерді пайдаға асыру, жерін қалпына келтіру жұмыстары, сондай-ақ табиғатты қорғау нормалары мен қағидаларын сақтай отырып, «Байқоңыр» ғарыш айлағының аумағындағы қатты қалдықтар заңсыз орналастырылған жерлерді жою жөнінде табиғатты қорғау іс-шаралары тұрақты негізде жүргізілуде. Бұл іс-шара ғарыш айлағына жақын және алыс шетелден көптеген делегациялар келген кезде денсаулық сақтауға және Қазақстан Республикасының имиджін көтеруге айтарлықтай әсерін тигізеді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының Ресей Федерациясының құрамына кірмеген және құрамынан шығарылған 131 объектілерінің сақталуын және 15 посттың қызмет етуін қамтамасыз ету бойынша қызметтер жыл сайынғы негізде көрсетіледі.

Ғарыш қызметінің кадрларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру шеңберінде ғарыш саласының 80 маманының біліктілігін жыл сайын арттыру және қайта даярлау қамтамасыз етіледі, оның ішінде 20 маман Еуропаның жетекші ғарыш орталықтарында тағылымдамадан өтуде.

Ғарыш жобаларын іске асыру үшін мамандарға өсіп келе жатқан қажеттілік, білікті жұмыс кадрларының жетіспеушілігі, жаңа білім қажеттілігі, жаңа технологияларды үздіксіз жетілдіру, инновациялық технологияларды пайдаланудың өндірістік қажеттілігі, жобалардың тәуекелдері мен экономикалық мақсатқа сәйкестігін кешенді бағалау маңыздылығы бұл бағдарламаны одан әрі іске асыру қажеттігін алдын ала белгілейтін маңызды факторлар болып табылады.

Ғарыш саласының міндеттерін шешуде Қазақстанның ғарыш ғылымы мамандарды негізгі жеткізіп тұрушы және қозғалтқыш күш болған және болып қала береді, әрі оның өнімі жоғары технологиялық өнім болып табылады. 2014 жылдың қорытындылары бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер шеңберінде ғарыш техникасының отандық үлгілерін құру жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар атқарылды.

2010-2014 жылдар аралығында ғарыш аппараттарының


5 жиынтықтауышының эксперименттік және тәжірибелік үлгілері және 14 арнайы аппараттық-бағдарламалық құрал әзірленді, олар ғарыш жүйелерінің өнімдері мен қызметтеріне техникалық кіруге рұқсат алу үшін ел экономикасының түрлі салаларындағы соңғы пайдаланушыларға қажет.

Оның ішінде, 2013 жылы спутниктік навигация үшін дифференциалдық станциялар (ДС) құру жөнінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орындалды, 50 дана көлемінде ДС тәжірибелік партиясы жасалды, олар Қазақстанның аумағында орнатылған және Қазақстан Республикасының дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің құрамында қызмет істейді.

2014 жылы борттық ұтқыр терминалдардың 10 тәжірибелік үлгісі және АҚШШ (автожолдардағы апаттар мен қираулар кезінде шұғыл шақыру) жүйесіне арналған диспетчерлік орталық құрылды, ІІМ үшін шартты түрде сотталғандардың орын ауыстыруының электрондық мониторинг жүйесін әзірлеу жұмыстары орындалды.

Astronomy &Astrophys.Transactions, Astrophys.&Space Science, Astron&Astrophysics, Bulletin Amer.Astron.Soc., Chinese Physics Letters, Journal of Geophysical Research, Annales Geophysicae, Journal of Planetary and Space Science, Journal of Atmospheric and Solar-Terrestrial Physics, Physics Review, Geomagnetizm and Aeronomy, European Phys. Journal, Nuclear Physics, Journal Physics сияқты ірі халықаралық ғылыми баспаларда қолданбалы ғыдыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау да аса маңызды жетістіктер көрсеткішіне жатады. Сөйтіп, 2012-2014 жылдар ішінде 3 монография, оның ішінде 2 – алыс шетелдерде, 227 жұмыс, оның ішінде – 54 алыс шетелдерде, Ресей мен жақын шетелдерде – 60, Қазақстан Республикасында – 113 жарияланды (суретте бағдарламаны орындау қорытындылары бойынша 2012-2014 жж. кезеңіндегі жарияланымдар саны).



ҚР ЖШ АШ

1-сурет – 2012-2014 жылдар кезеңіндегі жарияланымдар саны
Қазақстан Республикасының аумағында зымыран-ғарыш қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған экологиялық нормалау жүйесінің қазіргі заманғы ғылыми базасы дамытылуда және жетілдірілуде.

Ел экономикасының түрлі салаларының (ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, экология, жер пайдалану, геодезия, картография, геология, тау-кен ісі, күш құрылымдары және т.б.) соңғы пайдаланушылары ғарыш жүйелерінің өнімдері мен қызметтерін пайдалануын кеңейту үшін қажетті ғылыми әдістер мен аспаптарды үнемі жетілдіру қажет. Осы ғылыми әдістер мен аспаптар – бұл соңғы пайдаланушыларға ғарыш жүйелерінің өнімдері мен қызметтеріне техникалық кіруге рұқсат ашатын соңғы пайдаланушылар мен ғарыш жүйелері мүмкіндіктерінің арасындағы ерекше көпір.

Негiзгi проблемаларды талдау

«KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыш жүйесін құрудағы негізгі мәселе 2017 жылы қазақстандық спутниктік байланыс операторларының халықаралық спутниктік байланыс компанияларынан спутниктік сыйымдылықты жалға алу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарттарының аяқталумен байланысты болып отыр. Соңғысы, шетелдік спутниктердің спутниктік сыйымдылықтарын жалға алудан бас тарту нәтижесінде туындайтын қазақстандық спутниктік байланыс операторларының сұраныстарын қанағаттандыру үшін «KazSat-4» ҒА құрудың және ұшырудың қажет екенін білдіреді.

ЖҚЗ ҒЖ құрудағы мәселе оптикалық ЖҚЗ ҒА түнгі уақытта, күн бұлтты болғанда, күндізгі уақытта аумақтар түсірімдерін алуға мүмкіндік еместігінде болып отыр. Осы себепке байланысты Қазақстанның спутниктік тобына радарлық ЖҚЗ ҒА енгізу қажет, бұл тәуліктің кез келген уақытында және кез келген ауа райында түсірілімдер алуға мүмкіндік береді.

ДЖСНЖ жерүсті инфрақұрылымын құру проблемасы 60 ДС-тен тұратын желі Қазақстан аумағының 55%-ы ғана жабуға мүмкіндік беретінінде. Еліміздің бүкіл аумағын ДЖСНЖ қызметтерімен жабу үшін қосымша ДС құру және пайдалануға енгізу қажет.

ҒА ҚұСК құрудағы келелі мәселе коммерциялық мақсаттағы ҒА өндірісі үшін ұшу тарихы бар, яғни ғарыштық ұшудың нақты жағдайларында сынаулардан табысты өткен жиынтықтауыштарды пайдалану қажеттігінде. Мұндай жиынтықтауыштарды шетелдік компаниялардан сатып алу өзіміз өндірген жиынтықтауыштардан бірнеше есе қымбат болады. Осындай мәселені шешу үшін ғылыми технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін құру жобасын іске асыру қажет, оның шеңберінде отандық өндіріс жиынтықтауыштары ғарыштық ұшудың нақты жағдайларында сынаудан өте алады.

Ғарыш қызметін экологиялық нормалау жүйесін дамытудың негізгі мәселесі Қазақстан Республикасының аумағында зымыран-ғарыш қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жеке қазіргі заманғы ғылыми-техникалық базасының болмауы болып табылады.

Ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамытудың негізгі мәселесі ғарыш зерттеулерінің қазіргі заманғы зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасының болмауы болып табылады.

Атап айтқанда, астрофизикалық зерттеулерді жүргізу үшін айыру қабілеті үлкен телескоп түрінде ғылыми зерттеулердің қазіргі заманғы құралы қажет. ЖҚЗ деректерінің негізінде ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ғарыш ақпаратын қабылдау орталығын қазіргі уақытта ескі ЖҚЗ ҒА орнына келіп жатқан жаңа буынның ЖҚЗ ҒА сипаттамалары жаңғыртылуы тиіс. Ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу жөніндегі қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін қазіргі заманғы өлшеу және сынау аппаратурасы бар зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасын құру қажет болады.


7-стратегиялық бағыт.

Отандық ақпараттық кеңістікті және АКТ саласын дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру

Негізгі даму параметрлері

Ақпараттық қоғамға өту үшін жағдай жасау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) саласын дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 Жарлығымен бекітілген «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады, бұл оның заманауи Қазақстанның экономикасы үшін маңызын көрсетеді.

АКТ саласы телекоммуникация және телерадио хабарларын тарату қызметтері, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы көрсетілетін қызметтер мен өндіріс салаларын қамтиды. Аталған саланы дамыту соңғы онжылдықта бүкіл әлемде байқалатын байланыс технологияларының кіруімен, ақпараттық технологиялардың таралуымен өзара байланысты.

Аталған саланы дамыту мақсатында Министрлігінің алдында елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін АКТ-ны тұтыну мен қолдануды және оның жергілікті қамтылуын айтарлықтай ұлғайту міндеті тұр.

Жоғары жылдамдықты оптикалық және сымсыз технологияларға негізделген инфрақұрылымды дамыту, халыққа және ұйымдарға АКТ қызметін ұсыну, телерадио хабарларын таратудың цифрлық технологияларын енгізу және дамыту, сондай-ақ жергілікті телефон байланысын цифрландыру деңгейін арттыру телекоммуникация саласының үрдістері болып табылады.

Телекомуникация нарығында ұялы байланысына бекітілген телефон байланысын орнату тенденциясы байқалады. Статистика комитетінің ресми мәліметтері бойынша бекітілген телефон желісі санының төмендегені байқалады.

Бұған ұялы операторлардың жақын және алыс шет елдерге қоңырау соғу тарифінің төмендегені, ұялы операторлардың жаңа демпингілік реті пайда болғаны және Интернет (Skype, SIPNET, What’s up, Vyber және т.б.) желісі арқылы балама дауыстық сервисті жиі пайдалануы әсер етеді.

Интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша байланыс желілерін дамыту озыңқы қарқынмен іске асырылуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес 2014 жылы Қазақстан тұрғындарының 68,1 %-ы Интернет желісін пайдаланушылар болып табылады, 2013 жылғы сондай кезеңге 67,6%.

Телекоммуникация саласын дамытудың негізгі міндеті Қазақстан Республикасының тұрғындарын CDMA/EVDO, FTTH, 3G және 4G сияқты заманауи технологияларды пайдалана отырып, Интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділік (бұдан әрі – КЖҚ) қызметтерімен қамтамасыз ету болып табылады.

Телекоммуникация саласын дамыту бойынша жүргізілетін іс-шаралар кестеде келтірілген көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді:




Көрсеткіштердің атауы

Өлшем бірлігі

2012 жыл

2013 жыл

2014 жыл

1

Тіркелген телефон желілерінің тығыздығы

100 тұрғынға

26

25,8

25,2

2

Ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы

100 тұрғынға

180,1

178,2

165

3

Интернет пайдаланушылардың тығыздығы

100 тұрғынға

61,9

67,6

68,1

4

Жергілікті телекоммуникация желілерін цифрландыру деңгейі

%

96

98,2

99,05

«OTAU TV» спутниктік хабар тарату желісі 2011 жылғы 18 қаңтарында пайдалануға берілді және республика аумағын 100 % қамтуды қамтамасыз етеді.

2012 жылдан бастап цифрлық эфирлік теле хабарларын тарату Астана, Алматы қалаларында, облыс орталықтары мен оларға іргелес жатқан елді мекендерде және Маңғыстау облысында пайдалануға берілді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша шекара маңы елді мекендер Алматы, Жамбыл, ШҚО және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 297 РТС-пен тарату ұйымдастырылды. Бағдарламаның 3 кезеңін іске асыру нәтижесінде 2014 жылы халықты цифрлық эфирлік теле хабарларын таратумен қамту 72%-ды құрады. 2013 жылдың соңына қарай. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуда облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларының деңгейінде 30 телеарнаға дейін, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде 15 телеарнаға дейін трансляциялау көзделген.

2018 жылдың соңына қарай эфирлік цифрлық хабар тарату желісі халықтың 95%-ына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, барлық шекара маңындағы және ішкі аумақтарды қамтитын болады.

Почта байланысы саласында көрсетілетін қызметтер нарығындағы негізгі өнім беруші ұлттық оператор болып табылатын «Қазпочта» акционерлік қоғамы болып қалуда. Қызмет көрсетуді еліміздің барлық аумағын қамтитын 3 369-дан астам почта байланысының бөлімшелері/пункттері жүзеге асырады.

Почта байланысы бөлімшелерінің тармақталған желісінің арқасында жеке және заңды тұлғаларға почта қызметтерін, электрондық сауданы, көліктік-логистикалық қызметтерді ілгерілетудің бірегей мүмкіндігі жасалуда.

Ақпараттық жүйелердің аппараттық-бағдарламалық құралдарының жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына хостинг қызметін ұсыну үшін «Деректерді өңдеу орталығының» инфрақұрылымы құрылуда.

2013 жылы 7 деректерді өндеу орталығы Талдықорған, Шымкент, Көкшетау, Өскемен, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларында пайдалануға берілді.

2014 жылы Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Орал, Петропавл, Тараз қалалары бойынша 6 деректерді өндеу орталығын пайдалануға берілген.

Ақпараттандыру және әлемдік қоғамдастықтың тұтастыққа қозғалысы жағдайында еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілігі жоғары, кәсіби мамандарды даярлау қажеттілігі бар. Заманауи қоғам шет елдермен ынтымақтастық аяларының кеңеюі жағдайларында мамандардың кәсіптік даярлық деңгейіне жоғары талаптар қояды, сондай-ақ жаңа коммуникация құралдарының пайда болуына байланысты басқа елдердегі әріптестермен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі ерекше өзектілікке ие бола түсуде.

Бекітілген «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» салалық біліктілік шеңбері еңбек нарығын және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білім беру жүйесін дамытудың жалпы стратегиясын қалыптастыруға, тарифтік жүйелер құруға, еңбекақы төлеу жүйесінің ашықтығы мен басқарушылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инфокоммуникация саласында білім беруді дамыту мақсатында «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» акционерлік қоғамы АҚШ-тың Carnegie Mellon университетімен тығыз ынтымақтастық жасайды.

Бұдан басқа, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер», «Жобаларды басқару», «Математикалық компьютерлік үлгілеу» мамандықтары бойынша магистратурада оқыту жүргізілуде; «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша PhD докторантуралары ашылды. Малайзия, Сингапур, Корея және Ресей жоғары оқу орындарының арасынан Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті үшін қосымша шетелдік әріптестердің іріктелуі жүргізілуде.

2013 жылы «Бұлыңғыр технологиялар», «Мобильді технологиялар», «Электрондық үкімет» архитектурасының зертханасы», «Үлкен деректер зертханасы» зертханалары ашылды.

2015 жылдың басынан ақпараттандыру сферасын дамыту мақсатында Inspur (ҚХР) компаниясы өкілдерінің қатысуымен зерттеу зертханасын құру бойынша жобаны Әл-Фараби ҚазҰУ бастамашылық етті. Сонымен, 2015 жылғы қазан жағдайына Әл-Фараби ҚазҰУ-іне Inspur компаниясынан есептеу қуатын беру мәселесі талқылануда.

Қазақстанның ақпараттық технологиялар нарығының (бұдан әрі – ІТ) құрылымында ІТ-жабдығын өткізу секторы жалпы көлемде үстем болып табылады, бұл қазақстандық қоғамды ақпараттандыру процесін сүйемелдейтін компьютерлерге, желілік және перифериялық компьютерлік жабдықтарға жоғары сұраныстың көрінісі болып табылады.

2012 жылы «Зерде» ҰАХ» АҚ пен «Қазақтелеком» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «Кселл» АҚ ірі қазақстандық коммуникациялық компаниялардың қолдауымен Инфокоммуникациялық технологияларды дамытудың корпоративтік қоры (бұдан әрі – Қор) құрылды. Қордың негізгі мақсаты инновациялық кәсіпкерлікті қалыптастыруға және отандық АКТ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделеді. Қор өз қызметін 2 бағытта жүргізеді: бастапқы кезеңінде стартап-жобаларға инвестициялар салу арқылы АКТ саласындағы стартап-жобаларды мейлінше үдету, сарапшылық қолдау көрсету және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана экономикалық форумының шеңберінде жыл сайынғы «ASTEX» салалық көрме конференциясын өткізу.

Қазақстан Республикасында АКТ-ні табысты дамыту үшін маңызды аспект мемлекеттің саланы дамытудың жоғарыда көрсетілген институттарын құруы болып табылады.

Барлық орталық мемлекеттік органдарда және олардың ведомстволық комитеттерінде, сондай-ақ 16 облыстар әкімдерінің аппаратында Мемлекеттік органдардың интранет-порталы ақпараттық жүйесі әзірленді. 65 мыңнан астам мемлекеттік қызметші тіркелді.

Мемлекеттік органдардың интранет-порталы заманауи технологияларды қолдана, пайдаланушыларды толық, жедел және пайдалану үшін қолайлы ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік қызметшілерінің ақпараттық өзара іс-қимыл жасауының тиімді тетігі ретінде құрылды.

Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесінде қайталауды жоя отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, Премьер-Министрінің өкімдері, заң жобалары) келісуді (қол қоюды) ескере отырып, Мемлекеттік органдар интранет-порталының «Нормативтік құқықтық актілерді келісу» модулі пысықталды.

Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын ұсыну мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы құрылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының 2 436 479 тіркеу куәлігі берілді (2013 жылы – 2 134 322).

Электрондық цифрлық қолтаңба технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың арасында заңдық маңызы бар электрондық құжат айналымын жасау мақсатында Мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығы құрылды.

2014 жылы Мемлекеттік органдар куәландырушы орталығының 38 047 тіркеу куәлігі берілді (2013 жылы – 31 573).

Мемлекеттік органдар куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасы электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесінде, Мемлекеттік органдардың интранет-порталында және мемлекеттік органдар электрондық құжат айналымының ведомстволық жүйелерінде пайдаланылады.

Мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігін арттыру тетіктерінің бірі «бұлыңғыр есептеулерді», АКТ-аутсорсингін пайдалануға көшуге және тапсырыстарды шоғырландыруға негізделген ақпараттандырудың жаңа моделін енгізу болып табылады.

Әлемдік практика деректерді өңдеу орталықтарының базасында серверлерді виртуалдандыру және «Бұлыңғыр есептеулер» модельдерін кеңінен қолданады.

2014 жылы Қазақстанда мемлекеттік секторда серверлерді виртуалдандыру және «бұлыңғыр есептеулер» технологияларын енгізу басталды.

2010 жылы мемлекеттік органдардың серверлік орталығы пайдалануға берілді, оның базасында 2011 жылдан бастап хостинг қызметтері (серверлік жабдықтар үшін тұрақ орындарды жалға беру) ұсынылады, есептеу ресурстарын орталықтандырып ұсыну үшін виртуалдандыру технологиясын қолдана отырып, шоғырландырылған есептеу алаңы іске қосылды.

2014 жылы мемлекеттік органдардың серверлік орталығындағы


145 тұрақ орынның 126-сы бос емес (2013 жылы – 117).

Мемлекеттік органдардың серверлік орталығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі сияқты ірі мемлекеттік органдар мен басқа да мемлекеттік органдардың серверлік жабдықтары сақталуда.

Сондай-ақ «бұлыңғыр» есептеулердің базасында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай почталық жүйесі» жобасы іске асырылуда.

Мемлекеттік органдардың бірыңғай почталық жүйесі мемлекеттік органдар арасында жедел ақпарат алмасудың қорғалуын, ұйым ішінде пайдаланушыларға хат-хабарлардың кепілді жеткізілуін, сондай-ақ қауіпсіздік саясатына қайшылықтар болмаған жағдайда, сыртқы желілерге хабарламалардың кепілді жіберілуін қамтамасыз етеді.

2014 жылы Мемлекеттік органдардың бірыңғай почталық жүйесіне
72 000 мемлекеттік қызметші қосылды (40 мемлекеттік орган), 2015 – 2016 жылдары барлық мемлекеттік органдарды қосу жоспарлануда.

Шешімдерді қабылдау жеделділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мобильдік кеңсесі» жобасы іске асырылды.

Үкіметтің «Мобильдік кеңсесі» ақпараттық жүйесінің мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік холдингтер басшыларының бірлескен жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ бірыңғай мобильдік ақпараттық ортаны құру болып табылады. 

Үкіметтің «Мобильдік кеңсесі» ақпараттық жүйесіне басшылық құрамның, сондай-ақ кеңесшілер мен көмекшілердің шамамен 300 пайдаланушысы қосылған.

IT ақпараттық қоғамды қалыптастыруға арналған маңызды құрал болып табылады, ал мемлекет пен халық қатынастарындағы «жолсерік» «электрондық үкімет» болып отыр.

Осыған байланысты мемлекеттік органдарда ІТ-ны қолдану бірінші кезекте халыққа және бизнеске электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуге, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталуы тиіс.

2014 жылдан бастап халыққа және ұйымдарға электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетудің жай-күйі мынадай деректермен сипатталады:


  1. орталық және жергілікті атқарушы органдар интернет-ресурстар арқылы халыққа және бизнеске интерактивтік қызметтер көрсетеді (басшылар блогы, электрондық мемлекеттік сатып алу, интерактивтік сауал салу және т.б.) және транзакциялық қызметтер көрсетуге көшу жүзеге асырылуда;

  2. «электрондық үкімет» инфрақұрылымы құрылды, оның шеңберінде 20-дан астам ІT-жоба өнеркәсіптік пайдалануға берілді;

  3. «электрондық үкімет» архитектурасын құру және эталондық модельдерді әзірлеу бойынша жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта қызметтің 21 бағыты (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмысқа орналастыру және халықты жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, БАҚ, халықаралық қатынастар, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстар, байланыс және почта қызметтері, көлік және коммуникация, білім беру, азаматтық, көші-қон және көшіп келу, өнеркәсіп, әділет, ауыл шаруашылығы, қауіпсіздік, ғылым мен инновациялар, қаржы және экономикалық даму, сауда, спорт және туризм, энергетика және отын) бойынша эталондық модельдерді толтыру жүргізілді;

  4. мүдделі мемлекеттік органдардың түгелдей «ақпараттық қоғам» қалыптастыру үшін «электрондық үкіметті» қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмыстарды жүргізуі нәтижесінде «электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы электрондық нысанда 570 интерактивтік және транзакциялық қызметтер, олардың қатарында «электрондық үкімет» порталының 195-тен астам мемлекеттік қызметі, электрондық лицензияның
    86 түрі мен 435 рұқсат беру құжаты көрсетіледі.

2014 жылы электрондық құжат айналымының көлемі жалпы құжат айналымының 71,75%-ын (3 153 327 құжаттың 2 262 574-і) құрады, 2013 жылы сондай кезеңге 67,3% (3 200 331 құжаттың 2 153 768-і) Электрондық құжат айналымының көлемі бойынша тоқсан сайынғы ақпаратты 37 орталық мемлекеттік орган мен 16 жергілікті атқарушы органның қызметкерлері Мемлекеттік органдардың интранет-порталына орналастырады.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оны іске асыру үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыруды және оларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына ауыстыруды реттейтін мынадай нормативтік құқықтық актілер бекітілді:



  1. «Бір өтініш негізінде электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 624 қаулысы;

  2. «Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының орталық мемлекеттік органдармен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерімен, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 тамыздағы № 797 қаулысы; 

  3. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 18 ақпандағы № 133 бұйрығы;

  4. «Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 463 бұйрығы;

  5. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша бірыңғай байланыс-орталығы қызметінің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы
    26 маусымдағы № 487 бұйрығы.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі – ХҚО) жұмысын жақсарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.

2014 жылы ХҚО-да 171 мемлекеттік қызмет көрсетіледі (2012 ж. – 113, 2013 ж. – 148). 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін олардың санын 212-ге дейін жеткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қолжетімді ету мақсатында барлық ХҚО-да «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді, бұл жоба 2013 жылдан бастапіске асырлуда. 2015 жылғы 9 айында 6,4 млн. астам кеңес берілді (2013 ж. – 1 млн. астам, 2014 ж. – 4 млн. астам).

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы бөлігінде ХҚО-ның қызметін мониторингтеу мақсатында нақты уақыт режимінде бейнебақылау жолымен ХҚО қызметіне бақылау жүргізетін Ахуалдық орталығының қызметі қамтамасыз етілуде. Бұдан басқа, орталықтың жұмыс істеуі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының азаматтарды қабылдауды жүргізуін, ведомстволық бағынысты мекемелермен бейнеконференциялар мен кеңестер өткізуге, барлық өңірлердің ХҚО қызметкерлерін қашықтықтан оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2015 жылғы І жартыжылдығына кедергісіз қағидаты бойынша азаматтарға қызмет көрсететін 264 халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – ХҚО) жұмыс жасауда. ХҚО-ны жаңғырту шеңберінде жаңа бизнес-процестер, мониторинг және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау іске асырылды, бірыңғай электрондық кезек енгізіліп, балалар алаңдары жабдықталды.

Халықтың ХҚО қызметтерімен қанағаттанушылығын әлуеметтік зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі, оның ішінде ұйымдастырушылық міндеттерді шешу мақсатында өткізілетін «Мystery shopping» зерттеу әдісін пайдалана отырып, мәселен, ұйымдағы қызметкерлердің клиенттерге қызмет көрсету стандарттарын сақтауының деңгейін өлшеу жүргізуге.

Жүргізілген зерттеулер қорытындылары бойынша халықтың ХҚО қызметтеріне қанағаттанушылық деңгейі 2012 жылы – 81,6 %-ды, 2013 жылы – 82%-ды, 2014 жылы – 82,7%-ды құрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 261 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын (автокөлікті тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру мәселелерін халыққа қызмет көрсету орталықтарының қарауына беру, сондай-ақ 2012 жылы Алматы, Астана, Ақтау және Қарағанды қалаларында пилоттық жобаларды іске асыру көзделген) іске асыру мақсатында мамандандырылған ХҚО ашу жөнінде жұмыс жүзеге асырылуда.

Алматы, Астана, Ақтау, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Павлодар, Петропавл және Талдықорған қалаларында мамандандырылған ХҚО-лар жұмыс істейді. 2015 жылы Ақтөбе және Қостанай қалаларында мамандандырылған ХҚО ашу жоспарлануда.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру есебінен халық ұсынатын құжаттар тізбесі қысқартылды, қажетті мәліметтер тартылған мемлекеттік органдардың деректер қорларынан электрондық нысанда алынатын болады.

Веб-хостинг қызметтеріне сұранысты, деректерді бастапқы және резервтік сақтауды және сыртқы нарықтарға кезең-кезеңмен шығуды қамтамасыз ету мақсатында есептеу орталықтарын (бұдан әрі – дата-орталықтар) дамытуды жандандыру қажет. Дата-орталықтары инфрақұрылымының болуы «Қазнетті», электрондық коммерцияны, электрондық нысандағы мемлекеттік қызметтерді және «электрондық үкіметті» дамыту үшін негізгі шарт болып табылады.

Мемлекетаралық және ведомствоаралық ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық шлюзі


(бұдан әрі – ҚР ҰШ) мен Қазақстан Республикасының Сенім білдірілген үшінші тарапы (бұдан әрі – ҚР СҮТ) құрылып, тәжірибелік пайдалануға берілді.

ҚР ҰШ пен ҚР СҮТ одан әрі дамыту және өнеркәсiптiк пайдалануға беру шеңберінде Беларусь Республикасының, Ресей Федерациясы мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – ЕЭК) Ұлттық шлюздерімен және Сенім білдірілген үшінші тараптарымен интеграция жасалды.



Ақпараттық сала инфрақұрылымының жай-күйі. Ақпараттық алаңда
2 711 бұқаралық ақпарат құралы (бұдан әрі – БАҚ) қызмет етедi, оның iшiнде: мемлекеттік – 687 (25,3%), мемлекеттік емес – 2 024 (74,7%).


Жалпы құрылымда басым көпшілікті баспа БАҚ – 86 %, электрондық БАҚ – 11 %, ақпараттық агенттіктер – 3 % құрайды. Оның ішінде қазақ тілінде – 550 (20,3%), орыс тілінде 776 (28,2%), қазақ және орыс тілдерінде 741 (27,8%), қазақ, орыс және басқа тілдерде – 654 (24,1%).

Астана қаласында ашылған «Қазмедиа орталығы» (бұдан әрі – Кешен) бiрегей телерадиокешенi хабар тарату компаниялары үшiн сапалы және бәсекеге қабiлеттi медиаконтент өндiрiсiндегi ағымдағы және перспективалы барлық қажеттiлiктердi қанағаттандыруға қабілетті басты технологиялық алаңға айналды. Кешеннің ғимаратынан 9 телеарна мен 3 радиоарнаның трансляциясы қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар Кешеннің 20 телеарна мен 10 радиоарнаны таратуды қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

2012 – 2014 жылдары жаңа тауаша арналар құруды және телеарналардың бағдарламалық кестесін кеңейтуді қамтитын бірқатар жобалар іске асырылды. Мемлекеттік телеарналардың эфирі басым түрде өзіндік қазақстандық контент негізінде құрылады. Олардың эфирдегі үлесі «Хабарда» – 80%, «Қазақстан» телеарнасында – 71%, «ҚазақТВ»-де – 95%, «Қаз.Спортта» – 98%, «24.КЗ»-те – 100%-ды құрайды.

Мемлекеттік арналар рейтингтерінің өсуі байқалады. 2014 жылы TNS Central Asia зерттеу мәліметтеріне сәйкес «Хабар» телеарнасының телеқарау үлесі тұрғындар саны 100 мыңнан адамнан асатын қалаларда 6,7% (2013 жылмен салыстырғанда – 3,6%), «Қазақстан» телеарнасында 7,6% құрады (2013 жылмен салыстырғанда – 7%).

Өз сериалдарымызды шығару процесі жолға қойылды. 2014 жылы жалпы алғанда 384 сериалдан тұратын 14 сериал түсірілді (2013 жылы 345 сериалдан 21 сериал түсірілді).

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жеткілікті тиімділігін көрсетеді. Ол отандық ақпараттық кеңістікті дамытуға, мемлекеттік тілдегі өнімдердің шығуын ынталандыруға мүмкіндік береді және қазақстандық БАҚ үшін айтарлықтай тартымды болып табылады.

Мемлекеттік БАҚ-тың (телерадиоарналар мен газеттер) интернет желісіндегі жұмысы бойынша оларға ерекше көңіл бөлінеді. 2014 жылдан бастап танымал операциялық жүйелерде барлық теле- және радиоарналардың «Қазақстан» және «Хабар» агенттігі корпорациялырының, «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің сайтында мобильдік қосымшалар жұмыс істейді.

Қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін отандық контент өндірісін ынталандыру, сондай-ақ баспа БАҚ-ты басу, беттеу мен таратудың жаңа технологияларын талдау және Қазақстан жағдайына бейімдеу, отандық газеттер мен журналдардың жеделділік, мультимедиалылық, аудиториямен байланыс бөлігінде бәсекеге қабілеттіліктің заманауи критерийлеріне сай келетін деңгейге қол жеткізуі арқылы арттырудың болжанатыны «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттардың бірі болып айқындалған.

Сондай-ақ Министрлік интернет-ресурстарда интернеттегі мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде. Интернет желісінің қазақстандық сегментін қалыптастыру және дамыту саласында «Қазконтент» АҚ құрылды.

Ол «Bnews» ақпараттық агенттігін, «Еl.kz» қазақ тіліндегі әлеуметтік желіні, Baq.kz қазақ тіліндегі БАҚ агрегаторын, Bnews.kz ақпараттық порталын, Kaztube бейнепорталын, Primeminister.kz, e-history.kz, strategy2050.kz сайтын біріктіреді.

Министрлік ұлттық ақпараттық кеңістік саласындағы уәкілетті орган ретінде отандық медиа-контенттің дамуын ынталандыру және БАҚ-тың материалдық-техникалық базасын жаңғырту міндетін қояды.

Көрсетілген тәсілдер «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан Жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарымен өзара нақты байланысқан.

Негізгі проблемаларды талдау



Бүгінгі күні таяудағы перспективада шешуді талап ететін бірқатар негізгі проблемалар бар.

Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының аумағы үлкен және халқының тығыздығы төмен екендігін атап өту қажет, бұл ретте халықтың жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады. Байланыс операторлары үшін халық аз тұрақтанған өңірлерге кәбіл жүргізу қымбатқа түседі және кіріс әкелмейді, бұдан басқа көптеген өңірлерде телефон желісі Интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін бейімделмеген.

Екінші, нарықта АКТ-мамандарының жетіспеушілігі байқалуда. Кадрларға қажеттілік ұсыныстан 6,1%-ға жоғары. Нарықтың болжамды өсуін және ЖОО мен арнайы орта оқу орындарының жас мамандарды даярлаудың қазіргі қарқынын ескере отырып, бұл жетіспеушілікті кадрларға қажеттілік ұсыныстан 16,8%-ға жоғары болатын 2017 жылы да жою мүмкін болмайды.

Үшінші, мемлекеттік дерекқорларда олардың құрылған кезеңіне дейін тарихи деректердің жоқ екенін, сондай-ақ қате/өзекті емес мәліметтердің болуын атап өту қажет. Бұл ретте, көрсетілген дерекқорлардың ақпараттық қауiпсiздiгі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген немесе мүлдем жоқ.

Төртінші, сымсыз байланыстың жаңа технологиясын енгізу Қазақстанның радиожиілік спектріне тиімді мониторинг жүргізуді талап етеді. Алайда, Қазақстанның радиожиілік спектрінің қолданыстағы мониторинг жүйесі өзінің автоматтандырылған пайдалануға беру мерзімін аяқтады және қажетті міндеттерді орындай алмайды.

Радиожиілік спектрінің мониторинг жүйесінің толыққанды болмауы сондай-ақ, Қазақстан аумағында белгілі мемлекеттердің операторларының заңсыз жұмыстары мәселесіне елдің әсер етуге және ұялы байланыс, теле радио хабар тарату және радио байланыстың басқа түрлерінің қызмет сапасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді шешуге мүмкіндігі болмауына әсер етеді.

Бұдан әрі қазіргі таңда Қазақстанның ақпараттық алаңында inform.kz, bnews.kz, baq.kz, strategy 2050.kz 4 мемлекеттік ақпараттық агенттігінің ғана жұмыс істейтінін атап өту қажет. Шетелдік және отандық ақпараттық агенттіктер арасында қазақстандық интернет пайдаланушылардың шетелдік интернет ресурстарға кетуіне байланысты бәсекелестік одан әрі өрістеуде. Отандық танымал интернет-алаңдар мен ақпараттық ресурстардың жетіспеушілігі – Қазақстанда мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілетудің негізгі кедергілері.

Осылайша, ақпараттық және ақпараттандыру байланыс саласындағы негізгі проблемалар:

  1. үй шаруашылықтарының Интернет желісіне КЖҚ қызметтерімен толық қамтылмауы;

  2. жұмыс берушілер мен білім беру мекемелері арасында өзара байланыстың болмауынан АТ саласында кадрлар даярлау қажеттілігі туралы деректердің болмауы болып табылады;

  3. мемлекеттік органдардың ақпараттық-коммуникациялық желілерінің, ақпараттық жүйелері мен ресурстарының қорғалу деңгейінің төмен болуы;

  4. мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге бағытталған мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін автоматтандырудың төмен қарқыны;

5) хостинг қызметтерін көрсету үшін дата-орталықтар инфрақұрылымының дамымағандығы;

6) мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысының нашарлығынан туындаған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорларда тарихи деректердің болмауы және/немесе өзекті емес деректердің болуы;

7) мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсету процесіне тартылған ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-техникалық құралдары жұмыс істеуінің төмен сапасы;

8) отандық ақпараттық өнімнің бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң жеткіліксіздігі;


  1. мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілету үшін танымал отандық интернет-алаңдар мен ақпараттық ресурстардың жетіспеушілігі;

  2. отандық журналистика саласындағы мамандар біліктілігінің жеткіліксіз деңгейі;

  3. отандық бәсекеге қабілетті телеконтенттің жетіспеушілігі;

  4. жүйелік медиа-зерттеулердің болмауы;

  5. ынталандырушы нормалардың болмауы (салықтық жеңілдіктер, преференциялар) болып табылады;

  6. Қазақстанның қолданыстағы радиожиілік спектрі мониторинг жүйесінің технологиялық есіруі мен тозуы.

Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау

Ішкі факторлар:

1) Интернет желісіне КЖҚ қызметтерін қоса алғанда, телекоммуникация саласын дамыту радиожиілік спектрінің шектеулі ресурстарын, нөмірлеу ресурсын пайдаланумен тікелей байланысты.

Айталық, ұялы байланыс (3G, 4G) қызметтерін ұсыну үшін операторлар заңнамада белгіленген тәртіппен нөмірлеу ресурсын және радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсатты, ал тіркелген телефон байланысының қызметтерін ұсыну үшін нөмірлеу ресурсын алуы қажет. Технологиялық жағынан аталған ресурстарды пайдаланбай, ұялы және тіркелген байланыс желілерінің жұмыс істеуі мүмкін емес;

2) Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту уақтылы қаржыландыруға тікелей байланысты. Қаржыландыру мерзімдері ұзартылған жағдайда, жобаның аяқталу мерзімі де неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылады. Бюджет қаражатын уақтылы бөлу Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамытуға оң әсерін тигізеді;



3) халықтан талап етілетін құжаттардың тізбесін және көрсету мерзімдерін қысқарту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, сондай-ақ халық тарапынан Үкіметке деген сенімді арттыру мақсатында мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсету үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамыту;

4) инфокоммуникация саласында  оқыту қызметіне сұранысты тұрақты арттыру – IT-саласындағы білікті кадрларды қалыптастыру. Бұл кадрлық әлеуетті және отандық АТ – нарығының бағдарламалық өнімдерін дамытуға, сондай-ақ тұтастай алғанда АТ саласының өзін дамытуға әсер етеді;



5) электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен «электрондық үкіметті» ілгерілету, нәтижесі – халық арасында электрондық нысандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді танымал ету. Халық тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге сұраныстың артуына, порталды пайдаланушылар санының ұлғаюына, сондай-ақ «электрондық үкімет» көрсететін мемлекеттік қызметтердің танымалдылық деңгейінің артуына ықпал етеді;

6) мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен мерзіміне әсер ететін ақпараттық жүйелердің техникалық істен шығуларының болуы, сондай-ақ электр энергияның берілуіне, байланыс арналарымен қамтамасыз етілуіне, ХҚО жұмысын тұралатуға қабілетті өзге де факторларға тәуелділігі;

7) ХҚО кадрларының тұрақсыздығы – біліктілік деңгейінің төмендеуі, бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына кері әсер етеді;

8) заманауи мультимедиялық құралдарды белсенді қолдану мемлекеттік БАҚ сапасын арттыруға оң әсер етеді;

9) отандық теле - және радиокомпаниялардың эфирінде шетелдік өндірістің бағдарламаларын ретрансляциялау көлемін азайтуға мүмкіндік беретін цифрлық телевизияны енгізу;

10) радиоэлектрондық құралдарының кедергісіз жұмысын қамтамасыз ету мен радиожиілік спектрі шектеулі ұлттық қорды пайдалануға тиімді бақылау үшін заманауи радиожиілік спектрінің мониторинг жүйесін ендіру.

Сыртқы факторлар:


  1. АКТ саласының импортқа жоғары тәуелділігі АКТ саласындағы отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің жеткіліксіз дамуына байланысты. Қазіргі уақытта Қазақстанның АКТ секторының дамуы импортқа өте жоғары тәуелділікте, бұл отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсерін тигізеді. Кеден одағына кірумен және ДСҰ-ға жоспарланатын кіруге байланысты Қазақстан жуық арада бұлыңғыр есептеу саласында меншікті стратегиясын әзірлеуге кіріспесе және меншікті перспективалық әзірлемелерді қаржыландыруды бастамаса, қазіргі импорттаушы және шетелдік АТ-инновацияларды пайдаланушы мәртебесінің одан әрі бекітілу тәуекелі бар;

  2. ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға ілгерілеу, «электрондық үкіметтің» дамуына оң әсер етеді;

  3. «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және дайын құжаттарды беру бойынша барлық функцияларды ХҚО-ға беру жұмысының аяқталмауы және аталған мән-жайдан туындаған мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсету кезінде уәкілетті органдар үшін жекелеген аймақтар құрудың қажеттілігі ХҚО-лар жұмысына теріс әсер етеді;

  4. көрсетілетін қызмет берушілердің жұмысының халықтың ХҚО арқылы қызмет көрсетілуіне қанағаттану деңгейіне әсері;

  5. газеттер мен журналдардың электрондық аналогтарын жасау арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметін жандандыру, меншікті Интернет-ресурстарды ашу, online-хабар тарату – мұның барлығы ел азаматтары, сондай-ақ Қазақстан жөнінде ақпаратқа қызығушылық танытатын шетелдік Интернет пайдаланушылар үшін ақпарат көздерін кеңейтуге ықпал етеді;

  6. Қазақстанның ақпараттық саладағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту, Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді (дамыған елдерде шет елдегі тілшілер пункттерін ашу арқылы отандық ақпараттық өнімді тарату және танымал ету, келісімдер арқылы шетелде сапалы білім алу және ақпараттық салаға жаңа инвестициялар тарту мүмкіндігі);

  7. БАҚ саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру, аталған саланы одан әрі реттеу үшін жаңа мүмкіндіктер береді;

  8. өңірлік БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру. Контент өндіру сапасы төмен деңгейде жүргізіледі. «Қазақстан» РТРА» АҚ өңірлік филиалдары эфирде болған бағдарламаларды бірнеше мәрте қайталауды тәжірибеде қолданады. Сондай-ақ өңірлік телеарналардың эфирінде меншікті хабарландырулар орналастырылады, олардың болуы телеарналардың тартымдылығына теріс әсерін тигізеді;

  9. шекараға таяу аймақтарда шектеулі ұлттық қорды пайдалану бойынша ұлттық мүддені қорғауды қамтамасыз ету.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет