Азаматтық құқық салаларға бөлінеді:
Заттық құқық- Материалдық құндылықтарды иелену процесіндегі қатынастар.
Міндеттемелік құқық- Материалдық құндылықтардың ауысу процесіндегі қатынастар.
Жеке мүліктік емес қатынастар- Жеке адамнан бөлек қаралмайтын материалдық емес құндылықтар туралы қатынастар.
Интеллектуалдық меншік- Шығармашылық интеллектуалдық қызмет нəтижелері бойынша қатынастар.
Мұрагерлік құқық- Мүліктің мұрагерлерге ауысуы туралы қатынастар.
Азаматтық құқық түсінігі
Азаматтық-құқықтық нормалар реттеп отыратын қоғамдық қатынастар ауқымын азаматтық қүқықтың нысанасы деп түсінеді.
Мүлікті - заттарды, заттар мен өзге де материалдық игіліктерге қатысты құқықтар мен міндеттерді иелену және пайдалану жөніндегі қатынастарды мүліктік қатынастар деп түсінеді. Әдетте, мүліктік қатынастар объектісін ақшамен бағалауға болады. АК-ның 1-бабы сондай-ақ мүліктік қатынастармен байланысты мүліктік емес өзіндік қатынастарды да атайды. Бұл ең алдымен интеллектуалдық меншік объектілерін - ғылым, өнер, техникалық шығармашылық туындыларын, азаматтық айналымға қатысушыларды дараландыру құралдарын және т.с.с. жасаудан туындайтын қатынастар. Бұл объектілер мен құқықтардың өздігінен тікелей мүліктік мазмұны мен ақшалай бағасы болмайды. Бірақ олар, бұл мүліктік емес өзіндік қатынастар мүліктік қатынастармен тығыз байланысты болғандықтан, азаматтық-құқықтық реттеу саласына жатады, оларды азаматтық құқықтарды қорғау құралдары қамқорлығына алады.
АК-ның 1-бабы азаматтық құқықтың нысаны болып табылатын қатынастардың ішінен мүліктік қатынастарға байланысы жоқ өзіндік қатынастарды да атайды. Мысалы, азаматтың есіміне, оның ар-намысына, тұрғылықты жерді таңдау мүмкіңдігіне, жеке жазбаларын (күнделіктерін, хаттарын) жарияламауға, бейнесіне қол сұғылмайтынына, денесіне тиіспеушілігіне және т.с.с байланысты қатынастар. Азаматтық құқық кейбір шарттар сақталғанда мұндай қатынастарды өзі реттеп отырады, айталық: егер оларды құқықтың басқа салалары (мысалы, қылмыстық құқық) реттемейтін болса, егер олар мүліктік емес өзіңдік қатынастардың мәніне (мысалы, ішкі сырлас жақындық саласында) қайшы келмейтiн болса.
Достарыңызбен бөлісу: |