Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру. Міндеттерді атқару.
Құқықтық қатынастарға катысушылардың белгілі бір қажеттерін қанағаттандыру үшін азаматтық құқықтар мен міндеттер белгiленеді. Субьективтік құқықтың мазмұнын құрайтын әрекеттер жасауды құқықтарды жүзеге асыру деп түсінеді .
Мәселен, билік ету өкiлеттігі субъективтік меншік құқығының мазмұнын құрайды, ал аталған өкілеттікті әр түрлі мәмілелер (сату, сыйға тарту, айырбастау, жалға беру және т.б.) жасау жолымен жүзеге асыруға болады. АК-ның 2-бабы азаматтық заңдардың негізгі бастаулары (принциптері) ретінде азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің азаматтық құқықтарына өз еркімен және өз мүдделерін көздей отыра ие болып, оларды жүзеге асыратынын (2-тармақ), азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру қажеттігін (1-тармақ) баянды етеді.
Азаматтық құқық субъектілері өздерінің құқықтарына өз еркімен және өз мүдделерін көздей отыра ие болу принципін жүзеге асыруы үшін АК-ның 8-бабының 1-тармағы азаматтар мен заңды тұлғаларға өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, оның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдалану мүмкіндігін береді.
Ең алдымен, құқықты жүзеге асыру немесе жүзеге асырмау құқығы құқық берілген тұлғаға байланысты. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырудан бас тартуы, заң құжаттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқтырмайды. Құқықты жүзеге асырудан бас тартуды құқықтан бас тартудан айыра білу керек. Адам заң актілерінде тыйым салынған жағдайлардан басқа реттерде өзіне тиесілі құқықтардан бас тарта алады. Құқықты нақты жүзеге асыру әдістері оның түріне байланысты. Субъективтік құқық мүмкін болатын мінез-құлық өлшемі ретінде құқық берілген адамның белгілі бір тәртіппен өз бетінше әрекет ету (өз әрекеттеріне құқығы) мүмкіндігі не міндетті адамнан белгілі бір әрекеттер жасауды талап ету (талап ету құқығы) мүмкіндігі болуы мүмкін.
Құқық берілген адамның белгілі бір әрекеттер жасауы нәтижесінде субъективтік заттық құқық жүзеге асырылады. Заттық құқықты (өз әрекеттеріне өзге құқықты) жүзеге асыруда құқық субъектісінің мінез-құлық нұсқаларын тандау еркіндігі мол болады. Мұндай жағдайда, әдетте, ол заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді жасауға құқылы болады. Міндетті адамның белгілі бір әрекеттерді жасауы арқылы міндетті субъективтік құқық жүзеге асырылуы мүмкін.
Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру шегі. Заң азаматтық құқық субъектілеріне өздерінің құқықтарын жүзеге асыру бостандығын бере отырып, осымен бірге оларды жүзеге асыруға белгілі бір талаптар қояды. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыруға қойылатын талаптар АК-ның 8-бабында баяндалған. Ең алдымен, субъективтік азаматтық құқықтар құқықты жүзеге асыру құралдарына, әдістеріне, оның субъектілеріне, оны қорғаудың мүмкін болатын әдістері мен нысандарына қатысты заңдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтарды жүзеге асыру қоғамның ізгілік принциптерін бұзбауы тиіс, ал кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда, сонымен қатар, іскерлік әдеп ережелері сақталуға тиіс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне тиесілі құқықтарын адал, парасатты әрі әділ жүзеге асыруы тиіс. Заң теріс пиғылды, қисынсыз не әділетсіз әрекеттердің бәріне бірдей сипаттама бере алмайды.
Құқықты жүзеге асыру барысында басқа субъектілердің құқықтары және заңмен қорғалатын мүдделері бұзылмауға тиіс. Заң құқықты өзінің тікелей мақсатына қайшы бағытта жүзеге асыруға тыйым салады. Құқықтың мақсатын заң, құқықтық қатынастарға қатысушылардың келісімі белгілеуі мүмкін немесе ол субъективтік құқықтың мәнінен туындайды және көзделген нысана болып табылады.
Құқықты жүзеге асыру қоршаған табиғи ортаға залал келтірмеуі тиіс. Басқа адамдарға зиян келтіруге тыйым салу құқықты жүзеге асыру жағдайларына да таралады. Құқықты жүзеге асыру барысында зиян келтіру құқықты теріс пайдалану деп танылады. Құқықты тек басқа адамға зиян келтіру мақсатында пайдалану құқықты теріс пайдаланудың жеке жағдайы (шикана) болып табылады Құқықты теріс пайдаланудың өзге де түрлеріне, атап айтқанда, тауарлар және қызмет көрсету рыногында өзінің монополиялық жағдайын асыра пайдалануға да тыйым салынады. Азаматтық міндеттерді атқару. Субъективтік міндеттерді атқару азаматтық құқықтарды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Тиісті мінез-құлық шарасы ретінде субъективтік міндет белгілі бір әрекеттер жасау немесе оларды жасамау міндеттерінен тұруы мүмкін. Заттық азаматтық-құқықтық қатынастарда міндетті субъект әлде бір әрекеттер жасамауға тиіс, оған құқық берілген адамның өз құқығын жүзеге асыруына кедергі жасамау міндеті жүктеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |