2. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде, азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа адамдардың немесе адамдардың белгісіз бір тобының бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау туралы сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып (арыз беріп) сотқа жүгінуге құқылы.
3. Әр адам үшін заңмен көзделген соттылық оның келісімінсіз ешкімге өзгертілуі мүмкін емес.
4. Егер заңға қайшы келсе немесе кімнің де болса құқығын, бостандығын немесе заңды мүдделерін бұзса, сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады.
5. Талап (арыз) сотқа жазбаша нысанда немесе осы Кодексте көзделген ерекшеліктерімен электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
6. Егер істер санаттары үшін дауды сотқа дейін реттеудің тәртібі заңнамалық актілерде белгіленсе немесе шартта көзделсе, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін ғана мүмкін болады.
8-бап. Іске қатысушы адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін,
іскерлік беделін құрметтеу
1. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық процеске қатысушы адамның ар-намысын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін, іскерлік беделін кемітетін әрекеттерге тыйым салынады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен, сондай-ақ басқа да адамдардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасауына байланысты азаматқа келтірілген моральдық зиян, азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген шығындар заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс.
9-бап. Жеке өмірге қол сұғылмаушылық. Хат жазысу, телефон
арқылы сөйлесу, пошта, телеграф арқылы және өзге де
хабарлар құпиясы
Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдары мен жинақ ақшасының, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарларының құпиясына құқығы бар. Азаматтық процесс барысында осы құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
10-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық
1. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды.
2. Талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салу осы Кодексте көзделген негіздерде және тәртіппен жүргізілуі мүмкін.
11-бап. Судьялардың тәуелсіздігі
1. Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңға ғана бағынады.
2. Судьялар азаматтық істерді өздеріне кез келген сырттан ықпал ету болмайтын жағдайларда қарайды және шешеді. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру қызметіне қандай да болсын араласуға тыйым салынады және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді.
3. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, басқа да заңдарында белгіленген.
12-бап. Барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі
1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі заң мен сот алдындағы теңдік негізінде жүзеге асырылады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында:
азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді, олардың ешқайсысын шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке ұшыратуға болмайды;
заңды тұлғалардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысын да орналасқан жеріне, ұйымдық-құқықтық нысанына, бағыныстылығына, меншік нысанына және басқа да мән-жайлар бойынша кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен иммунитеті бар адамдарға қатысты азаматтық сот ісін жүргізу Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
13-бап. Сот ісін жүргізу тілі
1. Азаматтық істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңдарда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
2. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Егер соттың бірінші сатысында істі қарастыруға дайындау барысында талап қоюшы оның өкілімен талап арыз (арыз) берілген тілді білмейтіні анықталса, онда талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы сот ұйғарым шығарады.
3. Іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысушы адамдарға мәлімдемелер жасау, түсініктемелер мен айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
4. Азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға басқа тілде жазылған, заң бойынша оларға қажетті іс материалдарын сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беруді қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта айтылғандардың басқа тілде болған бөлігінің сот ісін жүргізу тіліне аудармасы өтеусіз түрде қамтамасыз етіледі.
5. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып тапсырылады.
6. Істі сот талқылауына дайындау аяқталғаннан кейін тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар ұсынатын сот ісін жүргізу тілінен басқа тілде дайындалған құжаттарға сот ісін жүргізу тіліне жасалған аудармасы қоса берілуге тиіс.
14-бап. Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы
1. Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негізінде жүзеге асырылады. Тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін тең көтереді.
2. Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау әдістері мен амалдарын дербес және соттан, басқа органдар мен адамдардан тәуелсіз түрде таңдап алады.
3. Сот істің нақты мән-жайын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан толық босатылған, алайда тараптың дәлелді өтініші бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдемдеседі.
4. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды. Сот іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертеді және осы Кодексте көзделген жағдайларда оларға өз құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Сот шешімді тараптардың әрқайсысы бірдей негізде зерттеуге қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
5. Сот тараптарға бірдей әрі құрметпен қарайды.
15-бап. Дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау
1. Судья істе бар дәлелдемелерді оларды жиынтығында бейтарап, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.
2. Сот үшін ешқандай дәлелдемелердің күні бұрын белгіленген күші болмайды.
16-бап. Айғақтар беру міндетінен босату
1. Ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және аясы осы Кодексте айқындалған өзінің жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге міндетті емес.
2. Діни қызметшілер тәубаға келу үстінде өздеріне сенім білдірген адамдарға қарсы айғақтар беруге міндетті емес.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақ беруден бас тартуға құқылы және жауаптылыққа тартылмайды.
17-бап. Білікті заң көмегін алуға құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркімнің азаматтық процесс барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
18-бап. Сотта істі талқылаудың жариялылығы
1. Азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Сот актілері жария түрде хабарланады.
2. Жабық сот отырысында шешімді жариялауды қоса алғанда, мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтері бар істерді қарау және шешу заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Егер бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау қажет болса не ашық талқылауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болса, сондай-ақ осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайда, іске қатысушы адамның өтінішхаты бойынша азаматтық іс жабық сот отырысында қаралады және шешіледі.
3. Жеке хат жазысу және өзге де жеке хабарлар өзара хат жазысқан және осы жеке хабарлар өздеріне қатысты адамдардың келісімімен ғана ашық сот отырысында жария етілуі мүмкін. Мұндай келісім болмаған жағдайда хат жазысу және хабарлар жабық сот отырысында жария етіледі және зерттеледі.
Жария іс-шараларды өткізу кезінде әзірленген аудио-, және бейнежазбаларды, фотоға және киноға түсіру материалдары мен электрондық және цифрлық нысандағы басқа да материалдарды зерттеу кезінде де осы ережелер қолданылады.
4. Істі жабық сот отырысында талқылау кезінде іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады, сот оларға осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді жария еткені үшін жауаптылық туралы ескертеді.
5. Он алты жасқа толмаған азаматтар, егер олар іске қатыспайтын адамдар немесе куә болмаса, сот отырысы залына жіберілмейді.
6. Істі жабық сот отырысында талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.
7. Іске қатысушы адамдар және басқа да адамдар, оның ішінде ашық сот отырысына қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот отырысының барысы бойынша жазбалар жасауға, сот талқылауы барысын залда отырған орындарынан аудио жазу және цифрлық жеткізу құралдарын пайдалану арқылы жазып алуға құқығы бар. Сот талқылауы залында киноға және фотоға түсіруге, бейнежазба жасауға, тікелей радио- және телетрансляция жүргізуге, Интернет ақпараттық-коммуникациялық желісінде бейнетрансляция жүргізуге соттың рұқсаты бойынша және іске қатысушы адамдардың пікірі ескеріле отырып жол беріледі. Бұл туралы сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымында көрсетіледі. Осы әрекеттер сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс және сот оларды уақыт жағынан шектеуі мүмкін.
8. Сот талқылауының барлық немесе бір ғана бөлігіне қатысты істі жабық сот отырысында талқылау туралы сот ұйғарым шығарады, ұйғарым сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
9. Заңды күшіне енген сот актілері соттың ресми сайтында жарияланады және осы баптың екінші бөлігінде және заңнамалық актілерде белгіленген шектеулер ескеріле отырып жария түрде талқылануы мүмкін.
10. Соттың іс жүргізуіндегі азаматтық істер бойынша сотқа түскен өтініштер туралы ақпарат жария етілуге және соттың ресми сайтында орналастырылу арқылы процеске қатысушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
19-бап. Сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Істі сотта талқылау соттың қалыпты жұмысын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда өтуге тиіс. Сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіптің сақталуын сот приставы қамтамасыз етеді.
2. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сот приставтары жеке басты куәландыратын құжаттарды тексеруді, адамдарды сырттай тексеруді және олар сот отырысы залына алып өтетін заттарға тексеруді жүргізеді.
20-бап. Сот актілерінің міндеттілігі
-
Бірінші сатыдағы сот азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар нысанында қабылдайды.
Апелляциялық, кассациялық, қадағалау сатыларының соттары сот актілерін ұйғарымдар мен қаулылар нысанында қабылдайды.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп таныған, заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға тиіс.
3.Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты құрметтемеудің өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
21-бап. Сот актілеріне шағым жасау бостандығы
Іске қатысушы адамдар, сондай-ақ өздерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот актісі шыққан адамдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен сот актілеріне шағым жасауы мүмкін.
22-бап. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарының маңызы
Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын, оның сипаты мен мәніне байланысты бұзу шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
3-тарау. ВЕДОМСТВОЛЫҚ ҚАРАУ ЖӘНЕ СОТТЫЛЫҚ
23-бап. Азаматтық істерді соттардың ведомстволық қарауы
1. Егер осы Кодекске немесе басқа да заңдарға сәйкес бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды және заңды мүдделерді қорғау өзгеше тәртіппен жүзеге асырылмаса, соттар оларды қорғау туралы істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды.
2. Азаматтық (корпоративтік дауларды қоса алғанда), мұрагерлік, міндеттемелік, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын, оның ішінде жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын даулар бойынша талап қою тәртібімен жүргізілетін азаматтық істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
3. Санаттары осы Кодексте көзделген, мемлекеттік басқару саласындағы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ерекше талап қою бойынша жүргізілетін азаматтық істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
4. Санаттары осы Кодексте көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізілетін істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар қатысқан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысқан істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
6. Шетелдік соттардың және халықаралық төрелік соттардың шешімдерін, сот бұйрықтарын тану және оларды орындау туралы істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
7. Аралық соттардың шешімдеріне дау айту және осындай шешімдерді мәжбүрлеп орындауға жіберу туралы істер соттардың ведомстволық қарауына жатады.
8. Соттардың ведомстволық қарауына заңға сәйкес азаматтық істердің басқа да санаттары жатқызылуы мүмкін.
9. Мүлікті тыйым салудан босату (тізбеден шығару) туралы қылмыстық немесе әкімшілік іс бойынша қатысушылар болып табылатын адамдардың:
1) қылмыстық істі тергеу кезінде қылмыстық қудалау органы салған;
2) мүлікті тәркілеу туралы соттың үкімінің негізінде;
3) әкімшілік құқық бұзушылық жасау затын немесе құралын тәркілеу туралы сот қаулысының негізінде қылмыстық процестік заңнамада немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада белгіленгентәртіппен қаралады.
24-бап. Дауларды төрелік немесе аралық соттың шешуіне беру,
дауды (жанжалды) медиация тәртібімен шешу немесе
партисипативтік рәсім тәртібімен шешу
Соттың ведомстволық қарауына жататын азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау тараптардың жазбаша келісімі бойынша және ол сотқа ұсынылған жағдайда аралық немесе төрелік соттың қарауына беріледі, бұған Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған жағдайларда және осы Кодекстің 165-бабының 5) тармақшасына және 201-бабына сәйкес дау (жанжал) медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешілуі мүмкін.
25-бап. Сотта ведомстволық қараудың басымдығы
1. Бірі соттың, ал басқалары – соттан тыс органдардың ведомстволық қарауына жататын өзара байланысты бірнеше талаптар біріктірілген кезде барлық талаптар сотта қаралуға тиіс.
2. Нақты даудың ведомстволық қаралуына қатысты заңнамалық актілерді түсіндіруде айқындылық болмаған немесе қайшылықтар болған жағдайда дауды сот қарайды.
26-бап. Аудандық (қалалық) соттың және оған теңестірілген
соттардың қарауына жататын азаматтық істер
Осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабында көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттарда қаралады және шешіледі.
27-бап. Азаматтық істердің мамандандырылған соттардың және
соттың мамандандырылған құрамдарының соттылығына
жатқызылуы
1. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тараптары заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық iстердi қарайды.
Корпоративтік дауларға коммерциялық ұйым, коммерциялық ұйымдар қауымдастығы (одағы), коммерциялық ұйымдар және (немесе) дара кәсіпкерлерқауымдастығы (одағы), Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйым және (немесе) оның акционерлері (қатысушылары, мүшелері), оның ішінде бұрынғы акционерлері (бұдан әрі – корпоративтік даулар) тарапы болып табылатын:
1) заңды тұлғаны құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға;
2) акционерлік қоғамның акцияларын, шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін, кооператив мүшелерінің жарналарын қамтитын мұраға қалдырылған мүлікті бөлуге немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін бөлуге байланысты туындайтын дауларды қоспағанда, акционерлік қоғамдар ақцияларының, шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің, кооперативтер мүшелері жарналарының тиесілілігіне, олардың ауыртпалықтарын анықтауға және олардан туындайтын құқықтарды іске асыруға, оның ішінде олармен келісімшарттарды жарамсыз деп тануға;
3) лауазымды адамдардың, құрылтайшылардың, акционерлердің, қатысушылардың (бұдан әрі – заңды тұлғаның қатысушылары) және өзге де тұлғалардың әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) заңды тұлғаға келтірілген шығынды өтеу туралы талаптарға;
4) мәмілелерді жарамсыз деп тануға және (немесе) осындай мәмілелердің жарамсыздығының салдарын қолдануға;
5) заңды тұлғаның басқару органының құрамына кіретін немесе кірген адамдарды тағайындауға немесе сайлауға, өкілеттіктерін тоқтатуға, тоқтата тұруға және олардың жауапкершіліктеріне байланысты, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға, тоқтатуға, тоқтата тұруға байланысты осындай адамдар мен заңды тұлға арасындағы азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларға;
6) бағалы қағаздар эмиссиясына;
7) акцияларға және өзге де бағалы қағаздарға құқықтарды ескере отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімі жүйесінің енгізілуіне, сондай-ақ бағалы қағаздарды орналастыруға және (немесе) айналымға шығаруға байланысты дауларға;
8) акциялар эмиссиясының мемлекеттік тіркелуін жарамсыз деп тануға;
9) заңды тұлғаның қатысушыларының жалпы жиналысын шақыруға және өткізуге және онда қабылданатын шешімдерге;
10) заңды тұлғаның басқару органдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтуға байланысты даулар жатады.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өздері қайта құрылымдауды жүргізген кезде қаржы ұйымдарын, банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын банк холдингін және (немесе) олардың мүлкін қайта құрылымдау туралы істерді, дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың банкроттығы мен заңды тұлғаларды оңалту туралы істерді де қарайды.
2. Әскери соттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жатқан азаматтардың лауазымды адамдардың және әскери басқару органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануы туралы азаматтық істерді қарайды. Мамандандырылған басқа соттардың қарауына жататын істерді қоспағанда, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы, әскери бөлім болып табылса, әскери соттар басқа да азаматтық істерді қарайды.
3. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар баланың тұрғылықты жерін анықтау; ата-ананың баламен араласу және басқа адамдардың қарамағындағы баланы айырып алу тәртібін анықтау; бала ата-анасының бірімен республикадан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы; ата-ана құқықтарынан айыру (шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы; бала асырап алу және оның күшін жою туралы; кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режиммен ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы даулар бойынша; кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша; кәмелетке толмағанның әкесін анықтау және одан алимент өндіріп алу туралы; он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз табыстарына өз бетінше иелік ету туралы құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы арыздар бойынша; кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті деп жариялау туралы істерді қарайды (эмансипация).
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын, міндеттемелерін қозғайтын (әке болуды анықтау туралы, баланы күтіп-бағу үшін пайыздық қатынаста немесе тұрақты ақшалай сомада алимент өндіріп алу және алименттердің мөлшерін азайту туралы; кәмелетке толмағандардың еңбек, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы; кәмелетке толмағандар және кәмелетке толғандар бірлесіп, оның ішінде әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толғандардың қатысуымен келтірілген зиянды өтеу туралы) өзге де санаттағы істер аумақтық соттылық қағидалары сақтала отырып аудандық (қалалық) соттардың қарауына жатады.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылған істер, егер осы елді мекен аумағында кәмелетке толғандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот болмаса, кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша баланың тұрғылықты (орналасқан) жеріндегі аудандық (қалалық) сотқа берілуі немесе қаралуы мүмкін. Өтінішхат істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
4. Астана қаласы сотының мамандандырылған құрамы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қарауына жататын істерден басқа, өңірлік қаржы орталығы қатысушысының мүліктік немесе мүліктік емес даулары бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты даулар бойынша (инвестициялық даулар) азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайды.
Инвестициялық дауларға:
инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы мынадай даулар жатады:
-
инвестордың инвестициялық қызметті жүзеге асыруға кірісуіне немесе осы қызметтің тоқтатылуына байланысты;
-
капиталдық салымдар мен олардан түскентабыстарды инвестор тұрақты тұратын елге аудару жөніндегі міндеттемелердің орындалуы туралы;
-
Достарыңызбен бөлісу: |