Қазақстан республикасының азаматтық процестік кодексі



бет6/21
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124822
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

  7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып;

8) тараптардың дәлелдерін негіздеу немесе іске қатысушы адамдардыңдәлелдерін теріске шығару мақсатында арнайы дайындалып немесе өзгертіліп алынған болса (жалған дәлелдеме), алынған нақты деректерге әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, сот дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп таниды.

2. Іс бойынша іс жүргізу кезінде мәліметтердің дәлелдемелер ретінде пайдалануға жарамсыздығы соттың қалауы немесе іске қатысушы адамдардың өтінішхаты бойынша анықталады.

3. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердің заңды күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне алынбайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды. Мұндай дәлелдемелер тәртіп бұзушылықтар фактісін және оларға жол берген адамдардың кінәсін дәлелдеу кезінде пайдаланылуы мүмкін.

4. Дау (жанжал) медиация тәртібімен реттелмеген жағдайда, судья өзі сотта медиация жүргізу кезінде алған дәлелдемелерді іс жүргізуінде іс тұрған судьяға ұсына алмайды.
67-бап. Дәлелдемелердің дұрыстығы

Егер тексерудің нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме дұрыс деп есептеледі.


68-бап. Дәлелдемелерді бағалау

1. Әрбір дәлелдеме қатыстылығы, жарамдылығы, дұрыстығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс. 

2. Осы Кодекстің 15-бабына сәйкес судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.

3. Егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды таныса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талапкердің қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.

4. Екінші тарап ұсынған дәлелдемелердің жалғандығы туралы өтінішхат мәлімделген жағдайда, осындай мәлімдеме жасаған адам дәлелдемелердің жалғандығы туралы куәландыратын белгілерді көрсетуге міндетті.

Егер дәлелдемені ұсынған адам, оның жалғандығы туралы мәлімдемені негізді деп таныса, сот дәлелдемені жарамды дәлелдемелер қатарынан шығарып тастайды және істі басқа дәлелдемелердің негізінде шешеді.

5. Егер оларды растау үшін құжаттардың көшірмелері ғана ұсынылса, оларды ұсыну қажеттігі заң талаптарынан туындаса, мән-жайлар анықталды деп есептелмейді.

Егер құжаттың түпнұсқасы жоғалса және сотқа берілмесе және дауласушы тараптардың әрқайсысы ұсынған осы құжаттың көшірмелері бір-біріне ұқсамаса және құжат түпнұсқасының нақты мазмұнын басқа дәлелдемелердің көмегімен анықтау мүмкін болмаса, сот құжаттың көшірмесімен немесе өзге де дәлелдемелермен ғана расталған мән-жайларды дәлелденді деп есептей алмайды.

6. Егер іс үшін маңызы бар және екінші тарап жоққа шығармаған, мән-жайды даусыз растайтын, іске қатысты жарамды және дұрыс дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті деп танылады.
69-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету

1. Өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну кейіннен мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар іске қатысушы адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы сұрай алады.

2. Сот дәлелдемелерді қамтамасыз етуді куәлардан жауап алу, сараптама тағайындау және іс жүргізу, дәлелдемелерді олардың сақталған жерлерінде қарап тексеру, сот тапсырмасын жіберу және басқа да тәсілдер арқылы жүргізеді.

3. Сотта іс қозғалғанға дейін дәлелдемелерді қамтамасыз ету нотариат туралы заңнамада көзделген тәртіппен жүргізіледі.


70-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз

1. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтініш іс жүргізуінде іс тұрған сотқа беріледі. 

2. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтініште қамтамасыз етілуге қажетті дәлелдемелер, осындай қамтамасыз етуге қажетті растау немесе теріске шығару үшін істің мән-жайлары, қажет дәлелдемелерді ұсынудың қиындығы туралы куәландыратын деректер көрсетілуге тиіс. Өтініште беруден бас тартылған дәлелдемелерді қамтамасыз ету қажет болған іс көрсетілуге тиіс. 

3. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті қараудың нәтижелері бойынша сот ұйғарым шығарады, оған сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша процестік әрекеттерді жасайды не одан бас тартады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Шығарылған ұйғарымға қатысты істен бөлініп алынған материал апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағыммен бірге жіберіледі.


71-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі

1. Дәлелдемелерді қамтамасыз етуді судья істі сот талқылауына дайындау немесе істі бірінші сатыдағы сотта қарау кезінде өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүргізеді. 

2. Өтініш беруші және іске қатысушы басқа да адамдар дәлелдемелерді қамтамасыз етудің уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда, олардың келмеуі соттың дәлелдемелерді қамтамасыз етуі бойынша жеке процестік әрекеттерді жасауына кедергі болып табылмайды. 

3. Хаттамалар және қамтамасыз ету тәртібімен жиналған барлық дәлелдемелер іске қатысушы адамдарға хабарлана отырып, істі қарайтын сотқа беріледі.


72-бап. Дәлелдеу міндеті

1. Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғаныс құралдарын пайдалануға, фактілерді бекітуге, дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған, дәлелдемелер және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.

2. Осы Кодекстің 29-тарауында көрсетілген істер бойынша дәлелдеу ауыртпалығы актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым жасалып отырған мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі.
73-бап. Дәлелдемелерді ұсыну

1.Тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдар дәлелдемелерді істі сот талқылауына дайындау сатысындағы бірінші сатыдағы сотқа ұсынады. 

Егер дәлелдемелерді ұсынған адамдар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін.

Осы Кодекстің 403-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылуы мүмкін.

Тараптардың қолында бар дәлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дәлелдемелерді апелляциялық, кассациялық, қадағалау сатыларындағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды.

2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды сот тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды.

 3. Сот тараптар мен іске қатысушы басқа да адамдарға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға құқылы. 

4. Іске қатысушы адамдар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, сот осы адамның өтінішхаты бойынша оған дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдем көрсетеді. 

5. Дәлелдемелердіталап етугежәрдем көрсету туралы өтінішхатта дәлелдеме, сондай-ақ іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар осы дәлелдемемен анықталатыны немесе теріске шығарылатыны, дәлелдемелерді өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс. 

6. Қажет кезінде сот іске қатысушы адамға дәлелдемелерді алу үшін сұрау салуды береді. Сот талап еткен дәлелдемесі бар адам оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа дәлелдемелерді ұсыну үшін соттың тиісті сұрау салуы бар адамның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді тек қана сот талап етуге және тікелей сотқа жіберілуге тиіс.

7. Талап етілген дәлелдемелерді ұсынбаудың себептері туралы сотқа хабарланбаған, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот белгілеген мерзімде дәлелдемелердіұсынбаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де адамдар осы Кодекстің 9-тарауында белгіленген қағидалар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес әкімшілік жазаға тартылады не оларға осы Кодекстің 109-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот шығыстары жүктелуі мүмкін. 

8. Әкімшілік жаза қолдану сот талап еткен дәлелді иеленген адамды, оны сотқа ұсыну міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда, аталған адамдар  қылмыстық жауаптылықта болады. 

9. Егер тарап сот талап еткен дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұрау салуы бойынша сот белгілеген мерзімде ұсынбаса, онда қамтылған мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталады деп болжанады және ол танылды деп есептеледі. 

10. Аралық және төрелік талқылау тараптары аралық соттың немесе төреліктің келісімімен дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіне алады, ол осы баптың төртінші бөлігіне сәйкес қаралады.


74-бап. Сот тапсырмалары

1. Істі қарайтын сот іске қатысушы адамның басқа қалада немесе ауданда болған дәлелдемелерді (жинауды, зерттеуді) қамтамасыз етудің қажеттігі туралы өтінішхатын қанағаттандырған жағдайда, тиісті сотқа белгілі бір процестік әрекеттерді жүргізуді тапсырады. 

2. Істі қарайтын сот іске қатысушы адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде шарты бар, басқа мемлекетте болған дәлелдемелерді (жинауды, зерттеуді) қамтамасыз етудің қажеттігі туралы өтінішхатын қанағаттандырған жағдайда, осы шарттың ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді. 

3. Соттың тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралатын істің мәні, тараптар туралы мәліметтер қысқаша баяндалады, анықтауға жататын мән-жайлар, тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі. Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті. Сот тапсырмасы туралы ұйғарым шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.


75-бап. Сот тапсырмасын орындау тәртібі

1. Соттың тапсырмасын орындау осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысушы адамдар отырыстың өтетінуақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда, олардың келмеуі тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды. 

2. Сот тапсырмасы өзіне жолданған сот оны келіп түскен күнінен бастап бір ай мерзімде орындайды.

3. Хаттамалар мен сот тапсырмасын орындау кезінде жиналған барлық материалдар дереу істі қарап жатқан сотқа жіберіледі. 

4. Егер іске қатысушы адамдарнемесе тапсырманы орындаушы сотқа түсініктеме немесе айғақ берген куәлер істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіппен түсініктеме мен айғақ береді.

76-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері



  1. Сот жалпыға белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді. 

Белгілі бір аумақта, оның ішінде сотқа және іске қатысушы адамдарға кеңінен танымал болуына орай іс бойынша дәлелдеу нысанасына кірмейтін мән-жайлар жалпыға белгілі деп танылады.

2. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар сол адамдар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

3. Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты соттың үкімі қабылданған адамның әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қараған сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша, сондай-ақ үкіммен белгіленген мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты да міндетті болып табылады. 

4. Рақымшылық жасау актісінің негізінде немесе ақтамайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамға қатысты іс-әрекеттің азаматтық-құқықтық салдарлары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.

5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген сот қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның кінәсі осы адам жасаған құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдарлары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.

6. Заңға сәйкес анықталған деп болжанған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді.

7. Егер тиісті құқықтық рәсім шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:

1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпы қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;

2) адамның заңды білуі;

3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;

4) олардың бар екенін растау үшін құжатты ұсынбаған және арнайы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекемені көрсетпеген адамда арнайы даярлықтың немесе білімінің болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.
77-бап. Маманды процестік әрекеттерге қатысуға тарту


  1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсiндiрмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшiн iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы білiмi бар кәмелетке толған адамды маман ретiнде тартуы мүмкiн. 

Сот мамандарды тараптың өтінішхаты бойынша да тартуға құқылы. Iске қатысушы адамдар сотқа арнаулы бiлiмi бар нақты адамды маман ретiнде тарту туралы өтiнiш жасай алады. 

2. Сот отырысы барысында маманды тағайындау туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда, ал сот отырысы барысында сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. 

3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылу мақсатын білуге; егер тиісті арнаулы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен процестік әрекеттерге қатысушыларға сұрақтар қоюға; процестік әрекеттерге қатысушылардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезіндегі өзінің әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан процестік әрекеттердің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерінің толық әрі дұрыс тіркеп қоюға қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; процестік әрекеттерді жүргізуге қатысуына байланысты өзіне келтірілген шығыстардың өтемін алуға және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.

4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнайы білімін, дағдылары мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті. Барлық туындаған мәселелер бойынша маманның қорытындысы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.

5. Он жасқа толған кәмелетке толмаған баланың даудың нысанасы туралы пікірін анықтау бойынша процестік әрекеттерді жүргізу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуы міндетті.

6. Педагог және (немесе) психолог кәмелетке толмағанның жеке басын сипаттайтын азаматтық іс материалдарымен одан сұрау басталғанға дейін танысуға, кәмелетке толмағанның даудың нысанасы туралы пікірін нақтылау үшін төрағалық етушінің рұқсатымен оған сауал қоюға, ал процестік әрекеттер аяқталғаннан кейін сот отырысы хаттамасымен оның сот отырысына қатысуын көрсететін бөлігімен танысуға құқылы.

7. Он жастан асқан балаға сауал қою педагог пен психологтың қатысуымен жүргізіледі. Балаға сауал қою уақытында оның заңды өкілдері соттың хаттамалық ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкін. Заңды өкілдері отырыс залына қайта оралғаннан кейін оларға баланың пікірінің мазмұны хабарлануға және оған сұрақтар қоюға мүмкіндік берілуге тиіс. Даудың нысанасы бойынша баланың пікірі анықталғаннан кейін ол сот отырысы залынан шығарылады.
78-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар

1. Іс бойынша дәлелдеу процесінде ғылыми-техникалық құралдарды сот, тараптар, сондай-ақ сарапшы және маман өздері осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін атқаруы кезінде пайдалана алады.

2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маманды шақыруы мүмкін. 

3. Ғылыми-техникалық құралдар, егер ол:

1) заңда тікелей көзделсе және оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе; 

2) ғылыми негізделген болса; 

3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса; 
4) қауіпсіз болса, оларды пайдалануға болады деп танылады. 

4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері мұндай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды. 

5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынған анықтамамен немесе тиісті процестік әрекеттердің хаттамасымен не сот отырысының хаттамасымен тіркеп қойылады. Анықтамада немесе хаттамада ғылыми-техникалық құралдардың атауы, оларды қолданудың шарттары мен тәртібі, осы құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдаланудың нәтижелері көрсетіледі.

6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға иелік ету осы Кодекстің 96 және 98-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.


79-бап. Іске қатысушы тараптардың және басқа да адамдардың

түсініктемелері

1. Іске қатысушы адамдардың іс үшін маңызы бар өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады. 

Аталған адамдардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін. 


2. Тараптың өзінің талаптарын немесе қарсылықтарын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы бұл тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Егер фактіні мойындау жазбаша арызда баяндалған болса, ол іске қоса тіркеледі. 

3. Егер ол істің шындығында болған мән-жайын жасыру мақсатымен не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылудың әсерінен жасалғандығына күдігі болса, сот мойындау фактілерін қабылдамайды, бұл туралы соттың шешімінде көрсетіледі. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негіздерде дәлелденуге тиіс.


80-бап. Куәнің айғақтары

1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған адам куә бола алады. Адамның айғағы, егер ол хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.

2. Куәні шақыру туралы өтініш берген адам сотқа оның тегін, атын, әкесінің атын және тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, осы куәден жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.

3. Куә ретінде: 

1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда, өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістігіне орай фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақ беруге қабілетсіз адамдар; 

2) өкілдің немесе қорғаушының міндеттерін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қорғаушылар; 

3) шешім немесе үкім шығару кезінде істің мән-жайын талқылау кезінде кеңесу бөлмесінде туындаған мәселелер туралы – судья;

4) өзінің мiндеттерiн орындауға байланысты өзіне белгiлi болған мән-жайлар туралы - төрешi немесе аралық судья, алқаби;

5) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы – медиатор, медиацияны жүргізген судья;

6) оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы - дін қызметшілері; 

7) заңда көрсетілген басқа да адамдар жауап алуға жатпайды.

4.  Адам сотта өзіне, жұбайына (зайыбына) және қатары заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы куәлік айғақтар беруден бас тартуға құқылы.


81-бап. Куәнің міндеттері мен құқықтары

1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақтар беруге міндетті. 

2. Егер куә науқастығының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның барған жерінде жауап алуы мүмкін. 

3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақтар беруден бас тартқаны үшін куә Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексінде көзделген негіздер бойынша жауаптылықта болады.

4. Куәнің сотқа шақырылуына байланысты шығыстарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығыстар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
82-бап. Сараптама тағайындау

1. Сараптама сарапшы арнаулы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.

2. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. 

3. Сот сараптаманы тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды. 

4. Тараптың және іске қатысушы басқа да адамдардың жазбаша дәлелдеменің жалғандығы туралы өтініші бойынша сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы.

5. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу: 

1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне; 

2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын азаматтарға;


3) заң талаптарына сәйкес арнайы ғылыми деректерді иеленген өзге де адамдарға біржолғы тәртіппен тапсырылуы мүмкін. 

6. Іске қатысушы адамдар соттан сараптама ісін жүргізуді арнайы қажетті ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.

Соттың біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту туралы талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.

7. Іске қатысушы әрбір адам сарапшының алдына қойылуға тиіс мәселелерді сотқа қоюға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс мәселелердің түпкілікті шеңберін сот айқындайды. Ұсынылған мәселелерді қабылдамауды сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымда дәлелдеуге міндетті.

8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдарды бермесе, сотқа беру мүмкін емес немесе қиындық келтіретін, өзіне тиесілі объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша осы тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына қарай, анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы. 

9. Сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, сарапшыға осы Кодекстің 90-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді.

Сараптама тағайындау туралы ұйғарымда: соттың атауы; сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, объектілерді толық немесе ішінара жою, зерттеу барысында олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, сараптаманы жүргізу мерзімі және оны жүргізу үшін ақы төлеуді жүргізу мерзімі көрсетіледі. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымы ол жіберілген және өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті. Сараптама тағайындау туралы ұйғарым шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға енгізілуі мүмкін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет