Қазақстан республикасының азаматтық процестік кодексі



жүктеу 4.23 Mb.
бет7/21
Дата09.06.2016
өлшемі4.23 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21
83-бап. Үлгiлердi алу

1. Судья мамандар мен сарапшыларға істі дұрыс қарау үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында сараптама жасау үшін қажетті адамның, мәйiттiң, жануардың қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді, өзге де заттар мен материалдардың үлгілерін мамандарға және сарапшыларға алуды тапсырады. 

Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттардың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады. 

2. Үлгiлердi алу туралы ұйғарым шығарылады, онда: қажетті үлгiлер алынуға тиіс адам; нақты қандай үлгiлер, қандай санда алынуға және үлгiлердi кімнің алуға тиіс екені көрсетіледі. Үлгілерді алу туралы ұйғарым шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарымның көшірмесі процестік құқықтары мен міндеттері түсіндіріле отырып, іске қатысушы адамдардың назарына жеткізіледі.

3. Үлгілерді, егер бұл үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiби дағдыны талап етпесе, маман алуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгілердi соттың тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе қажетті кәсіби дағдысы бар басқа маман алуы мүмкiн. 

4. Үлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.

5. Маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Үлгілер оралады және оларға мөр басылады, одан кейін дәрігер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.

6. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда оны сарапшы жүргізуі мүмкін.

7. Yлгiлердi алу хаттамасында жүргiзiлу ретi сақтала отырып, үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер сипатталады, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздері, оларды орау мен сақтау шарттары жазылады. 
84-бап. Дәрігердің немесе басқа да адамның, сондай-ақ сарапшының адамнан үлгiлерді алуы

1. Судья өзiнен үлгілер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке барлық қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.

2. Дәрігер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргізеді және сараптамалық зерттеу үшін талап етілетін үлгілердi алады. Yлгiлер оралады және мөрленеді, одан кейiн маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi. 

3. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса тiркейдi. 

4. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілерін дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.

5. Судья мұндай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, ол туралы хаттамада көрсетіледі.

6. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алса, онда ол ресми құжат жасайды, оған процестік әрекеттің барлық қатысушылары қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.

7. Алынған үлгілер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса беріледі.


85-бап. Құжаттағы жазу мен қойылған қолдарды салыстырып

зерттеу үшін жазу үлгілерін алу

1. Оның атынан орындалған құжаттағы адамның қойған қолының төлнұсқалығына шағым жасалған жағдайда, сот салыстырмалы зерттеу жүргізу үшін осы адамның жазуы мен қойған қолының үлгілерін алуға құқылы.

2. Сот адамның жазуы мен қол қою үлгілерін алу туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

3. Адамның жазуы мен қол қою үлгілерін салыстырып зерттеу үшін беруден жалтаруы, тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарына негіз ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды осы адамның мойындағаны деп бағаланады.

4. Жазу мен қол қою үлгілерін алу сот отырысында жүргізіледі және хаттамада көрсетіледі.


86-бап. Үлгiлердi алу кезiнде адамның құқықтарын қорғау

1. Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс.

2. Ауыру сезінуін не денсаулық үшін ықтимал теріс салдарлар тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдану үлгiлер алынуға тиiстi адамға осындай салдарлары түсіндірілгеннен кейін және өзінен үлгі алынатын адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаса немесе жүйке ауруынан зардап шексе, онда оның заңды өкілдерінің келісімімен жол беріледі.
87-бап. Сараптама жүргізу тәртібі

1. Сараптама сотта немесе зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкін еместігіне немесе қиындығына қарай соттан тыс жүргізіледі.

2. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптаманы тағайындаған соттың рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді ұйғарымда қамтылуға тиіс.

3. Сараптамалық зерттеу объектілерінің анықтығы мен жол берілетіндігіне сот кепілдік береді.

4. Сараптамалық зерттеу объектілері, егер олардың көлемі мен қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға қапталған және мөрленген түрде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері орналасқан жерге жеткізуді, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.

5. Іске қатысатын адамдар сараптама жүргізу кезінде, осындай қатысу соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Сот іске қатысатын адамдардың сараптама жүргізу кезінде қатысуы туралы өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда, көрсетілген адамдар сараптама жүргізілетін орын мен уақыт туралы хабарландырылады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірмейді.

6. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысатын адамдар қатысқан жағдайда, сот приставының міндетті қатысуын сот айқындайды.

7. Сараптама жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, сот сараптаманы тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау туралы ұйғарымда нақты сарапшы көрсетілмесе, сараптаманы таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптаманы тағайындаған сотқа хабарлайды.

8. Сот сараптамасы органының басшысы, егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайлары нақты сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермесе; сарапшының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодексте көзделген талаптар бұзыла отырып ұсынылса, дәлелдерді көрсете отырып, сотқа сараптаманы тағайындау туралы ұйғарымды орындамастан, сараптаманы жүргізу үшін ұсынылған объектілерді қайтаруға; егер осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот алдында оларды сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.

Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.

9. Сот сараптамасы органының басшысы: сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымды және зерттеу объектілерін алғаннан кейін сот сараптамасын жүргізуді, заңның талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына тапсыруға; сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығы мен объективтілігін, сот сараптамасы объектілері сақталуының қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз етуге; сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

10. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру көзделсе, сот сараптаманы тағайындау туралы ұйғарым шығарылғанға дейін оның жеке басына және сарапшыға қарсылық білдіруге осы Кодекстің 38 және 39-баптарында көзделген негіздердің жоқ екендігіне көз жеткізуге тиіс.

11. Сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 110 және 111-баптарында белгіленген қағидалар бойынша жүргізіледі.
88-бап. Жеке және комиссиялық сараптамалар

1. Сараптаманы жүргізуді сарапшы жеке-дара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.

2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргізеді.

3. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді тәуелсіз және дербес түрде толық көлемінде жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келгенде, қорытындыға не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда, олардың әрқайсысы жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындыларына сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.

4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
89-бап. Кешенді сараптама

1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім салалары негізінде зерттеу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны түрлі мамандықтағы сарапшылар өз құзыреті шегінде жүргізеді.

2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, қандай көлемде жүргізгені және оның қандай түйіндерге келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.

3. Сарапшылардың әрқайсысы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ түйінді (түйіндерді) тұжырымдайды. Ортақ түйінді (түйіндерді) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдап, қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті түйінінің немесе оның бір бөлігінің негізі сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.

4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 85-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.

5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру органның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға да құқылы.


90-бап. Қосымша және қайталама сараптама

1. Қосымша сараптама қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде тағайындалады. 

2. Қосымша сараптама жүргізу нақ сол не өзге сарапшыға тапсырылуы мүмкін. 

3. Егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаса не оның түйіндері күмән туғызса не сараптама жүргізудің тәртібі мен әдістемесі елеулі түрде бұзылса, дәл сол объектілерді зерттеу және бұрын қойылған сұрақтарға жауап алу үшін қайталама сараптама тағайындалады. 

4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу себептері келтірілуге тиіс. 

5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, бірақ олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды. 

6. Қосымша және қайталама сараптаманы жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуге тиіс.

7. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сараптама, олардың біреуі – қосымша сараптамаға, ал өзгелері қайталама сараптамаға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, осындай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.


91-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері

1. Сарапшының: сараптама объектісіне жататын іс материалдарымен танысуға; сарапшылық зерттеу үшін өзіне қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтінішхатты мәлімдеуге; процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға және соттың рұқсатымен оларға қатысатын адамдарға сарапшылық зерттеу объектісіне қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан жеке процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және жүргізілген әрекеттер мен алынған нәтижелердің толық және дұрыс тіркелуіне қатысты хаттамаға енгізілуге жататын ескертулер жасауға; сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, маңызы бар мән-жайлар бойынша, оның ішінде сот тұжырымдаған сұрақтар шегінен шығатын мән-жайлар бойынша қорытынды беруге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге; сараптаманы жүргізу кезінде адамдардың процестік құқықтарын бұзатын әрекеттеріне шағым жасауға; сараптаманы жүргізу кезінде шегілген шығыстардың өтелуіне; егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.

2. Сарапшы: соттан бөлек, іске қатысатын адамдармен сараптаманы жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сарапшылық зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеліп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.

3. Сарапшы: соттың шақыруы бойынша келуге; өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстің 93-бабында көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабар жасауға және оны сотқа жіберуге; жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттеліп жатқан объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге; істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

4. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.

5. Сот сараптамасы органдарының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.


92-бап. Сараптама қорытындысы

1. Сараптама қорытындысы – сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнаулы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.

Сараптама қорытындысы «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзім ішінде жасалуға тиіс. Сараптаманы белгіленген мерзімде жүргізуге кедергі келтіретін мән-жайлар болған кезде, сарапшы бұл туралы сотқа жазбаша хабарлауға міндетті.

2. Сарапшы (сарапшылар) қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан қорытынды жасап, оны өзінің (өздерінің) қойған қолымен және жеке мөрімен растап, сараптаманы тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда, сарапшының (сарапшылардың) қойған қолы көрсетілген органның мөрімен расталады.

3. Сараптама қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманы жүргізу мерзімдері мен орны; сараптаманы жүргізу негіздері; сот туралы мәліметтер, сараптаманы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); өзінің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертілгені туралы сарапшының қойған қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптаманы жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.

4. Егер зерттеу барысында осы Кодекстің 93-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің барлығына немесе кейбіреуіне жауап берудің мүмкін болмауының негіздемесі қамтылуға тиіс.

5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс.

6. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен жүргізілген жауап алу барысында сарапшының берген айғақтары оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру, толықтыру не нақтылау бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.

7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ оның қорытындымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
93-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабар

Егер сарапшы зерттеу жүргізгенге дейін өзінің алдына қойылған мәселелер өзінің арнаулы білімдерінің аясынан тыс екеніне не өзіне ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және толықтырыла алмайтынына, не ғылым мен сарапшылық тәжірибесінің жай-күйі қойылған мәселелерге жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді хабар жазып, оны сотқа жібереді.


94-бап. Сарапшыдан жауап алу

1. Сарапшыдан жауап алу, егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде айқын болмаса, толықтыру үшін қосымша зерттеулер жүргізу талап етілмейтін олқылықтары болса немесе сарапшы қолданған әдістер мен терминдерді нақтылау қажет болса, оның қорытындысы жарияланғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.

2. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған, өзінің қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себептері бойынша жауап алынбайды.

3. Өтінішхаты бойынша сараптама тағайындалған тарап сарапшыдан бірінші болып жауап алады. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, сарапшыға бірінші болып талапкер, содан кейін жауапкер сұрақтар қояды. Сот жауап алудың кез келген сәтінде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.


95-бап. Заттай дәлелдемелер

Егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп пайымдауға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.


96-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және қарап-тексеру

1. Заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе айрықша тізімдеме бойынша соттың заттай дәлелдемелер сақтау камерасына тапсырылады. Сот заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шаралар қабылдайды.

2. Сотқа әкелу мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе істі сотта талқылау барысында қарап-тексеруге тиіс. Қарап-тексеру кезінде заттардың сыртқы түрі, қасиеттері және жай-күйі жеке процестік әрекетінің хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында тіркелуге жатады, ал қажет болған жағдайда осы заттар фотосуретке, бейнежазбаға түсірілуге және мөрмен бекітілуге мүмкін.

3. Сот заттай дәлелдемелерді іске қатысатын адамдардың және қажет болған кезде сарапшылардың қатысуымен қарап-тексереді. Заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру хаттамасы іске қоса тіркеледі.

4. Заттай дәлелдемелерді сақтау бойынша шығыстар осы Кодекстің 109-бабына сәйкес тараптар арасында бөлінуі мүмкін.
97-бап. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру

1. Сот тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді оларды қарап-тексеру туралы өтінішхат берілген күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей қарап-тексереді және зерттейді, одан кейін оларды қарап-тексеруге ұсынған адамға қайтарады.

2. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысатын адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарап-тексеру кезінде келе алса, хабарланады. Хабарланған іске қатысатын адамдардың келмеуі заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру мен зерттеуге кедергі келтірмейді. Қарап-тексеру және зерттеу деректері хаттамаға енгізіледі.

3. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және оның нәтижелерін тіркеу осы Кодекстің 96-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.


98-бап. Заттай дәлелдемелерге билік ету

1. Осы Кодекстің 97-бабының бірінші бөлігінде көзделгеннен басқа заттай дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар алынған адамдарға қайтарылады немесе сот бұл заттарға құқығын таныған адамдарға беріледі немесе сот айқындайтын тәртіппен өткізіледі.

2. Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі. 

3. Сот заттай дәлелдемелерді қарап-тексеріп және зерттеп болғаннан кейін, егер өздерінен осы дәлелдемелер алынған адамдар қайтару туралы өтінішхат берсе және осындай өтінішхатты қанағаттандыру істің дұрыс шешілуіне кедергі келтірмесе, іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.

4. Сот тез бүлінетін заттай дәлелдемелерге билік ету туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасалуға, наразылық келтірілуге жатпайды.
99-бап. Арнайы жеткізгіштердегі дәлелдемелер

1. Дәлелдемелер іс үшін маңызы бар және қатыстылық пен жол берілетінділігі өлшемшарттарына сай келетін аудио-, бейнежазбаларды, оның ішінде бақылау және тіркеу құралдарымен алынған аудио-, бейнежазбаларды, фото- және кинотүсірілім материалдарын қамтитын арнайы жеткізгіштерде және электрондық пен сандық жеткізгіштердегі басқа да материалдар ұсынылуы мүмкін.

2. Дәлелдемелерді арнайы жеткізгіштерде ұсынған немесе оларды талап етіп алдыру үшін жәрдем көрсету туралы өтінішхат мәлімдеген адам жазбаларды қашан, кімнің, қандай жағдайда жазғанын және олар қандай мән-жайлар туралы жүзеге асырғанын көрсетуге міндетті.

Адамның көрсетілген мәліметтерді хабарламауы осындай дәлелдемелерді сот отырысында зерттеу мүмкіндігін жоққа шығарады.


100-бап. Жазбаша дәлелдемелер

1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар жазбаша дәлелдемелер болып табылады.

2. Жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да адамдар ұсынуы, сондай-ақ олардың өтініші бойынша сот талап етуі мүмкін.

3. Сот талап еткен жазбаша дәлелдемелерді беруге немесе оны сот белгілеген мерзімде беруге мүмкіндігі жоқ адамдар, бұл туралы сот талабының орындалмау себептерін көрсете отырып, сотқа хабарлауға міндетті.

4. Соттың азаматтардан және заңды тұлғалардан талап ететін жазбаша дәлелдемелері тікелей сотқа жіберіледі. Сот жазбаша дәлелдемені талап ету туралы өтінішхат берген адамға одан кейін сотқа ұсыну үшін оны алу құқығын беретін сұрау салуды бере алады.

5. Жазбаша дәлелдемелер, әдетте, төлнұсқада ұсынылады. Егер құжаттың көшірмесі ұсынылған болса, сот қажет болған жағдайда, сондай-ақ осы Кодекстің 68-бабының бесінші бөлігіне сәйкес төлнұсқаны ұсынуды талап етуге құқылы.

Жазбаша дәлелдеменің төлнұсқасын сотқа ұсыну қиын болған кезде сот осы құжаттың тиісті түрде куәландырылған көшірмелері мен үзінділерін ұсынуды немесе басқа да жазбаша дәлелдемелерді олар сақталатын жерінде қарап-тексеру мен зерттеуді жүргізуді талап ете алады.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет