Ө ш і р г і ш. Сурет салуда тек жұмсақ өшіргіштер ғана қолданылады. Кейде фабрикадан шыққан өшіргіштердің көбі қаттылау болады, сондықтан оны жұмсарту үшін керосинге, немесе бензинге 2—3 күн салып қою керек. Содан кейін қайнаған ыстық суға сұйықтан алып батырып қоямыз. Сонда өшіргішіміз жұмсарып қарындашты тез алады.; Жұмыс үстінде өшіргішті дамылсыз қолға ұстап отыруға болмайды, онда қолдың тері сіңіп, өшірген кезде суретті бүлдіреді. Сондықтан да, өшіретін кезде ғана қолданып, басқа уақытта мольберттің жиегіне қойып қою керек.
Әдебиеттер:
1.Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі Ә.Сағымбаев «Фолиант»Астана 2013
2.Халықтық көркемөнер шығармашылығы С.Қырықбаева, С.Н.Адамқұлов
Астана 2015
3.Еңбекке баулу Ш.Жиенбаева Астана 2016
4.Сурет БУалиев, Қ.Иманбекова Астана 2010
18. Суреттің техникасы.
Жоспар:
1.Сурет техникасын меңгеру ережелері.
2.Сыналау әдісі
Сурет әлеміне еніп, оның таңғажайып қыры мен сырын меңгеру үшін оның техникасымен терең жете танысу керек. Сонымен бірге сурет салуға қажетті құралдарды да білгеніміз жөн. Енді сол қажетті құралдарды жеке саралап таныстырайық.
Сурет салу жай қарапайым отыра білуден басталады. Енді соған көшелік. Сурет салуға кіріспес бұрын мольбертті дұрыс қойып, соған қарама-қарсы тік отыруымыз қажет. Көзіміз бен мольберттің ара қашықтығы мөлшермен 35—40 сантиметрден кем болмауы тиіс. Бұл сурет салғанда адамның еркін жұмыс істеуіне және қолымыздың еркін қимылдауына көп көмегін тигізеді. Отырған кезде денені еркін ұстап, еңкеймей, не шалқаймай, бір жаққа қарай қисаймай орнықты орналасқан жөн. Жұмыс үстінде көбінесе ұзақ отыруға тура келеді, соған бейімделу өзіңді өзің икемдеп-бейімдеп, тәрбиелеу бірден оңайға түспейді, сондықтан бұл оқушыдан зор табандылықты, шыдамдылықты талап етеді. Кейбір оқушылар осынау қарапайым «отыра білуге» көңіл бөлмейді де, тез шаршап, сурет салуға деген зауқын жоғалтып алады. Содан барып дел-салдық басып, жалқау күйге түседі. Ал еске сақтайтын бір нәрсе — сурет өнері мұндай жалқаулықты көтермейді. Суретші болам деп, өнерді өмірлік мақсат еткен адам тек «инемен құдық қазғандай» еңбектенуі қажет. Сонда ғана өнердің қиын да, сан қилы баспалдағымен жоғары өрлеп, нағыз шеберлік шыңына жетуге болады.
Сурет салғанда қолды қалай ұстау керек. Қарындашты үш саусақпен(бас бармақ,, сұқ саусақ, ортаңғы саусақ) ғана ұстау керек. Қағаздағы суретке көлеңке түспеу үшін қарындашты 1-суретте көрсетілгендей етіп сәл алыстау ұстаған жөн. Сурет салған кезде қолды қағаз бетіне тигізбеу керек. Егер қажет болған жағдайда қолды сүйелмелдеу үшін екі саусақтың ұшын (аты жоқ саусақ пен шынашақ) қағаз бетіне ептеп тигізуге болады. Сонда қолдың астындағы сурет былғанбайды, өшірілмейді.
Жаңа жоғарыда атап өттік, мольберт сурет салуда ең қажетті құралдың бірі деп. Мольбертті қолдану арқасында, жұмыс үстінде біраз жеңілдікке ие боламыз. Жеңілдігі сол — оқушыны қағазды қиғаш-көлбеу ұстаудағы қиындықтардан құтқарады. Қағаз керілген тақта мольбертке қойылады да, қарындашпен еркін жұмыс істеуге ыңғайлы болады. Яғни, мольберт сурет салуда партаның қызметін атқарады.
Мольберттің әр түрі болады. Біз соның сурет салудағы оқушыға тиімді түрімен таныстырайық. Суреттегі алдыңғы және артқы тіреуіші бар мольберт. Бұл мольберт оқу орындарында жиі қолданылады. Өйткені, бұл отыруға, сурет салуға өте ыңғайлы. Мольберттің биіктігі отырған адамның көзінің деңгейінен төмен болғаны жөн, сонда алда тұрған салатын затымызды толық, анық көре аламыз.
Мольберттің екінші бір түрі, бұл тізеге қойып қолданылатын мольберт . Мольберт болмаған күнде көлбеу беті бар партаны, немесе столды пайдалануға болады. Жайдақ (беті горизонталь күйде болса) столды пайдаланғанда міндетті түрде сурет салатын қағазды көлбеу, көздің көру сәулесіне перпендикуляр болатындай етіп қойған жөн. Тек, салатын суретіміздің көлемі кішкене болса, сонда ғана жазықтыққа қойып сала беруге болады (мөлшермен 15—20 см аспаса).
Ендігі әңгімелейтініміз — т а қ т а (планшет). Бұл құрал жұқа тақтай (фанера) мен өңделіп сүргіленген сырықтан (рейка) жасалады (15-сурет). Оны оқушылар өздері-ақ жасап алуына болады. Кез-келген жұқа тақтайды немесе қатты қатырма қағазды енін 40 см, ұзындығын 60 см етіп өлшеп алып кесеміз де, қалыңдығы 3—4 см сырықтан қиюластырып құралған, көлемі — 40-60 см кәзінекке (рамаға) қағамыз. Міне, бар болғаны осы.
Тақтаның бір қасиеті — ұқыпты да ыңғайлы. Оны сурет салуға пайдаланатын қағазды керуге қолданылады. Тақтаға керілген қағаздың беті теп-тегіс болып жұмыс істеуге өте келісті болады.
Ал керілмеген қағаз сурет салуда тиімсіздеу. Біріншіден, мольбертке кнопкамен бекіткендіктен беті тегіс болмай, ойлы-қырлы (толқынды) болып қозғалып тұрады. Екіншіден, мольберттің бетінде кнопкадан қалған шұрық-тесік із қалады да оның әрін кетіреді. Күнделікті қолданатын құрал бол-ғандықтан мольбертті ұқыпты ұстауымыз қажет. Үшіншіден, керілмеген қағазды алып жүру де қиын, бүктеліп, мыжылып қалуы да ғажап емес. Сон-дықтан қағазды тақтаға керіп сурет салған жөн.
Жаңа қағазды кереміз дедік, оны қалай керу керек. Ватман қағазды өзімізге керекті өлшеммен кесіп аламыз да, оның бет жағын сулы шүберек-пен тегіс ылғалдап шығамыз, содан кейін тақтаның бетіне қойып, оның жақтау беттеріне желім («ПВА» немесе «столярный») жағамыз. Осыдан кейін тақтаның төрт жағынан асып тұрған қағаздың шеттерінен кішкене тартыңқырап, желімдеген жақтау беттеріне жапсырамыз. Желім жақсы ұстау үшін әр жерінен бастырмамен (кнопкамен) бекітеміз де, кептіріп қоямыз. Кепкен кезде қағаз тартылып, беті теп-тегіс болып тұрады. Осыдан кейін ғана пайдалануға болады.
Сыналау әдісі дегеніміз-қарындаш арқылы заттардың өлшемдерін бір-бірімен салыстыру.Қарындашты доғал жағымен,қолды созып,орташа және төртінші саусақ,болмаса төртінші саусақпен ең кіші саусақтың арасына ұстап затты өлшейді.Осылай ұстауда үлкен (бас бармақ) саусақ еркін қозғалады. Өлшемдік арақатынастарды өлшеген кезде көз жұмылып,алынған өлшем екінші өлшеммен салыстырылады.Сыналау әдісті жаңадан сурет бастаушылар қолданады.Көз өлшемі дамығанша,қол үйренгенше ,заттардың пропорцияларын дұрыс анықтау үшін ,бұрыштарын, қабырғаларын түзу тұрғызу үшін және олардың туралығын текскру үшін осы сыналау әдісін сурет бастаушыларға қолдану қажет.
Сурет саласындағы игерген техникалық білімдер мен дағдылар мынадай түсініктеме береді:
-бейнеленетін заттардың композициясы мен үйлестіруінің түсінігі;
-олардың пропорцияларын анықтау;
-жұмыстағы негізгі заттар мен екінші дәрежедегі заттарды айыра білу;
-негізгі және көмекші сызықтарды жүргізу;
-заттың өңін анықтай отырып көлемдік бейнесін белгілеу үшін сызықты жүргізу тәсілдері.
Достарыңызбен бөлісу: |