Төлем жүйесінің рөлі тұтынушымен және тауарлар мен қызметтерді жеткізушінің арасындағы ақша қаражатын уақтылы және тиімді аударуды қамтамасыз ету болып табылады, бұл экономикалық және қаржы қызметі нәтижесінде қабылданған міндеттемелерді орындауды уақтылы аяқтауға ықпал етеді. Осыған байланысты, экономиканың қаржы нарықтары мен банк секторының жұмыс істеуі көбіне елдегі қолданыстағы төлем жүйесіне байланысты.
Ел экономикасы мен банк жүйесін реформалау сенімділігімен, қауіпсіздігімен және тиімділігімен ерекшеленетін, төлемдерді тез және ең аз тәуекелдермен жүргізуге мүмкіндік беретін төлем жүйелерін құру қажеттілігін туындатты. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының егемендігін жариялаған сәттен бастап Ұлттық Банк төлем жүйелерін реформалау бойынша жұмысты бастады.
Республика тәуелсіздігі жылдары Ұлттық Банк төлем жүйелерін дамыту мен жетілдіру бойынша елеулі жұмыс жүргізді. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша қазіргі кезде Қазақстан Республикасының аумағында операторы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК болып табылатын мына ұлттық төлем жүйелері - Банкаралық ақша аудару жүйесі (БААЖ) және Банкаралық клиринг жүйесі жұмыс істейді.
Ұлттық Банктің төлем жүйелерін реформалау және оларды халықаралық стандарттарға жақындату жөніндегі жұмысын халықаралық қаржы ұйымдарының консультанттары жоғары бағалағандығы есте қаларлық. Мәселен, халықаралық қаржы ұйымдарының (Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк) сарапшылары ақша төлемдері мен аударымдарын уақтылы және қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ететін Қазақстан төлем жүйелерінің жоғары тиімділігі мен сенімділігін бірнеше рет атап өтті.
Тұтастай алғанда Ұлттық Банктің төлем жүйесін дамыту жөніндегі қабылданған шаралары негізінен қаржы тәуекелдерін бір мезетте қысқарту немесе шектеу кезінде төлем операцияларының операциялық тиімділігін, сенімділігін, жылдамдығын және уақтылығын арттыруға, сондай-ақ қолданыстағы қолма-қол жасалмайтын төлем құралдарын пайдалану және жаңаларын ендіру үшін қолайлы климатты жасауға бағытталған.
Қазақстан Ұлттық Банкі төлем жүйелерінің сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде тұрақты негізде ақша төлемдері мен аударымдарының жекелеген мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмысты жүргізеді, төлем жүйесінің жұмыс істеуіне қадағалау жасайды.
Ұлттық Банк болашақта да ғылым мен техникалық прогресс саласындағы соңғы қол жеткізген жетістіктерге сәйкес Қазақстан төлем жүйесін бұдан әрі жетілдіру мен дамыту саясатын жүзеге асыратын болады. Бұл ретте төлем жүйелерінің тиімді және сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, инновациялық бөлшек төлем құралдарын және электронды банкингті дамытуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |