Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007



бет14/19
Дата12.06.2016
өлшемі1.63 Mb.
#128928
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Нарықтық құрылым деген оның қызмет ету ерекшелігін білдіретін жағдайлардың жиынтығы. Тауар нарығының құрылымын қалыптастырғанда монополизациялаудың дәрежесі мен сипаты ерекше роль атқарады. Оның негізгі варианттары:

  • монополия - нарыққа бір сатушы мен шексіз санды сатып алушылардың қатысуы;

  • монопсония - бір сатып алушы мен шексіз санды сатушылар;

  • олигополия - бірнеше сатушы мен шексіз санды сатып алушылар;

  • олигопсония - бірнеше сатып алушы мен шексіз санды сатушылар.

Қазіргі кезде тауар нарығын жоғарыда аталғандай шектеу абстрактылы түрде ғана болады, ал әлемдік тәжірибеде нарықтың құрылымына монополизация мен мемлекеттік реттеудің ерекшеліктері әсерінен туындаған оның көптеген функционалдық формалары кездеседі.
10.3. Валюта нарығы
Валюта нарығы осы сөздің тар мағынасында - ол шетел валютасын сатып алу-сату қатынастарын қалыптастыратын ере­кше институционалдық механизм. Онда мәміленің көпшілігі банктер арасында, сондай-ақ брокерлер мен басқа да қаржы институттарының қатысуымен жасалады.

Ал сөздің кең мағынасында валюта нарығы - ол тек оның субъектілері (негізінен банктер арасында) арасындағы қатынастар ғана емес, сондай-ақ банктер мен клиенттер арасындағы қатынастар жиынтығы.

Валюта нарығының ең басты белгісі онда ақша бірліктері корреспондедттік шотта жазу түрінде бір-біріне қарсы тұрады. Валюта нарығы биржалық және банкаралық нарық болып саналады. Себебі бұл нарықтарда жүргізілетін операциялар кезінде валюта бағамы қалыптасады, операциялар әр түрлі байланыс және коммуникация құралдарының көмегімен жүргізіледі. Ел экономикасындағы ва­люта нарығының ролі оның атқаратын қызметімен анықталады. Валюта нарығы:


  • халықаралық тауар, қызмет көрсету және капитал айналымына;

  • сұраныс пен ұсыныстың әсерінен валюта бағамын қалыптастыруға қызмет етеді;

  • валюталық қауіптен және саудагердің капиталынан қорғану механизмі;

  • ақша-несиелік және экономикалық саясаттағы мемлекеттің құралы қызметін атқарады.

Валюта нарығы жүргізілетін валюталық операциялардың си­паты мен қолданылатын валютаның санына және көлеміне бай­ланысты әлемдік, аймақтық, ұлттық (жергілікті) нарық болып бөлінеді.

Әлемдік валюта нарығы әлемдік қаржы орталықтарында орналасқан. Олардың ішінде Лондон, Нью-Йорк, Франкфурт, Париж, Цюрих, Токио, Сингапур және т.б. қалалардағы валю­та нарығын айтуға болады. Әлемдік валюта нарығында банктер әлемдік төлем айналысында кең қолданылатын валюталармен опе­рациялар жүргізеді. Олар аймақтық және жергілікті маңызы бар валюталармен мәміле жасамайды.

Аймақтық және жергілікті валюта нарығында белгілі бір айырбасталымды валюталармен операция жүргізіледі. Белгілі бір аймақта валюталық операция жүргізу үшін осы аймақтағы банк­тер валюта бағамын белгілейді. Ал ұлттық валюта бағамын жергілікті банктер белгілейді. Ол жергілікті клиенттермен мәміледе қолданылады.

Банкаралық валюта нарығындағы операцияларда баға кесу негізінен бүкіл елдерде АҚШ долларына қатысты жүргізіледі. Се­бебі ол көпшілік қолдаған халықаралық төлем және резерв құралы болып саналады. Сондықтан егер кез-келген бір банк Франкфурттегі банктен швейцар франкінің бағамын білгісі келсе, онда оған тікелей баға белгілеу әдісі бойынша Швейцариядағы доллардың франкке шаққандағы бағамын айтады.

Валюта нарығындағы сауда мәмілесіне негізгі қатысушылар - көп жағдайда нарықтық процесте дилер қызметін атқарушы ірі коммерциялық банктер.

Біздің мемлекетте валюталық операцияларды өкілетті бан­ктер жүргізеді, яғни шетел валюталарымен операция жүргізуге ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясын алған коммерциялық банктер ғана жүргізуге құқылы. Валюталық саясат тек ұлттық ақша-несие саясатының тиімділігінің ғана емес, жалпы ұлттық экономикалық жағдайдың басқа елдердің экономикасымен салыстырғандағы кешендік көрсеткіші болып саналады. Валюта қатынастарын реттеу проблемасын қарастырғанда ең бірінші кезекте оның ұлттық экономикаға әсер ететін бағытына көңіл бөлген жөн. Ұлттық нарыққа тікелей әсер ететін әрине валюта бағамын қалыптастыратын механизм.

Валюта бағамының ауытқуы бірінші кезекте импорт пен экспорттың физикалық көлеміне әсер етеді. Ұлттық валю­та бағамының төмендеуі импорт (шетел) тауарларының ішкі бағасын көтереді, ол отандық тауарларға сұраныстың өсуі есебінен импорттың азаюына және экспорттық өнімге сыртқы бағаның төмендеуіне, сайып келгенде экспорттың өсуіне әкеп соқтырады. Ұлттық валюта бағамының өсуі, әлбетте, кері процеске тірейді. Валюта бағамының ауытқуы ұлттық экономикаға экспорт-импорт операцияларынан басқа да каналдар арқылы жағымсыз әсер етуі мүмкін:


  • ұлттық валюта бағамының төмендеуі елдегі инфляцияның өсуінің бір факторы болуы мүмкін;

  • сыртқы экономикалық операцияларды жоспарлау және болжау едәуір күрделенеді (халықаралық саудада және инвестициялауда тәуекел

күрт жоғарылайды);

  • алыпсатушылардың тұрақтылыққа қарсы әрекеті көтеріледі, өз кезегінде ол экономикалық шығындарды өсіруі мүмкін (ақша-несие жүйесінің дағдарысы, нарықтағы шексіз неғайбілдік, алыпсатарлық операциялардың табыстылығы экономикадағы табыстылықтың орташа нормасынан аса көп болуы). Дәл осы жағдай біздің елдің валюта нарығында 1994-1995 жылдары байқалды. Қазіргі экономикалық теориялар валюта бағамына әсер ететін әртүрлі әдістерге көп көңіл бөлуде. Сондықтан валюта бағамын реттеуге мүмкіндік беретін қазіргі концепцияларды қысқаша қарап өтелік [7; 71].

Классикалық кейнс теориясы валюта бағамын экономикалық жүйедегі бейтарап элемент ретінде қарайды. Осы теорияга сай ка­питал қозгалысындағы алыпсатарлық, кездейсоқ немесе уақытша диспропорцияның халықаралық саудага келеңсіз әсерін болдырмау үшін Орталық Банк белгіленген пара-парлық паритетті көп уақыт бойы сақтап түруы керек.

Монетарлық мектеп ілімі бойынша валюта бағамына мемлекеттің араласуының қажеті жоқ. Себебі ол теорияны жақтаушылардың ойынша валюта бағамының механизмі өзі автоматты түрде экономикадағы тепе-теңдікті, өндірістік ресурстарды толық пайдалануды, жұмыспен қамтамасыз етуді және ұлттық жиынтық өнімнің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алады.

Практика көрсеткендей, бұл екі теорияның біреуі де, не кейнстік, не монетарлық нақты валюта нарығының көптеген ерек-шеліктерін ескермейді. Қазіргі экономикалық теорияның көпшілігі «қалқымалы» әдісті қолдануды ұсынады, себебі реттелетін валюта бағамы экономиканы мемлекеттік реттеуде негізгі құралдардың бірі болып есептеледі. Сондай-ақ, валюта бағамының «белгіленген қалқыма» (ползучая фиксация) теориясына да көңіл бөлген жөн. Ол теория бойынша валюта бағамы кез-келген бір нақты валютаға, валюталар тобына немесе нарықта валюта бағамының ауытқуын көрсететін есеп айырысу көрсеткішіне байланысты бо­луы мүмкін.

Қорыта айтқанда, әрбір мемлекеттің валюталық саясаты тек мемлекеттің мақсатын ғана емес, сондай-ақ сол мақсатқа жетудің нақты әдістерін де айқындайды.


Бақылау сұрақтары:

  1. Бағалы қағаздар нарығының анықтамасы. Оның қызметтері.

  2. Бағалы қағаздар нарығының құрылымы және оған қатысушылар.

  3. Бағалы қағаздар нарығын дамытудың нақты тенденциялары.

  4. Тауар нарығының анықтамасы, оның негізгі элементтері.

  5. Тауар нарығының құрылымы.

  6. Валюта нарығының анықтамасы және қызметі.

  7. Валюта нарығының ел экономикасына әсері.

  8. Валюта нарығының негізгі белгілері.

  9. Валюта бағамының ауытқуына әсер ететін факторлар қандай?

  10. Валюта бағамын реттеуші концепциялар (теориялар) қандай?


ХІ ТАРАУ Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру
11.1. Биржаны қүрушылар және оның мүшелері. Биржаның басқару органдары
Биржа оның құрушыларының (құрылтайшы) еркімен және қызмет ету мерзімінің шектеусіз күралады. Сондықтан, биржаның құрылтайшылары деп өзара құрылтай шартын жасасқан ерікті топ мүшелерін есептейді.

Құрылтайшы неғұрлым көп болса, соғұрлым биржаның қаржылық-материалдық жағдайы мықты болады деп саналады. Әйтсе де құрылтайшылардың көптігі биржаны басқаруды күрделендіреді деген де тұжырым бар.

Құрылтайшылардың құрамы биржаның түріне байланыс­ты болады. Мысалы, тауар биржасын құрушылар жеке тұлға да, сондай-ақ занды тұлға да болуы мүмкін. Алайда «Тауар биржа­лары туралы» Қазақстан Республикасы заңында биржаны құруға құқығы жоқтар айтылған. Олар:


  • жоғары және жергілікті мемлекеттік басқару органдары;

  • банктік операцияларды жүргізуге заң негізінде алған лицензиясы бар банктер мен несие мекемелері;

  • сақтандыру және инвестициялық қорлар мен компаниялар;

  • қоғамдық діни ұйымдар және қорлар;

  • заң бойынша кәсіпкерлік іспен шұғылдануға құқығы жоқ жеке тұлғалар.

Биржаны құрушылардың оны ұйымдастырушысы ретіндегі міндеттері:

  • биржаның ішкі нормативтік құжаттарын дайындау;

  • биржалық сауданы ұйымдастыру үшін қажетті мүліктерді қалыптастыру;

  • биржаның ұйымдық-құқықтық формасына сәйкес көлемде жарғылық капитал жинақтау;

  • биржа мүшелерін таңдап алу;

  • белгіленген тәртіп бойынша биржаны тіркеуден өткізу;

  • биржалық сауданың ұйымдастырушысы құқығын беретін лицензия алу;

• биржа мүшелерінің жалпы жиналысын өткізу. Биржаның жаргысына сай оның мүшесі болып жарғылық капиталын қалыптастыруға не мүшелік жарна, не жабдықтарына максатты жарна төлеген жақтар саналады. Жеке тұлға да, заңды тұлға да биржа мүшесі болуы мүмкін.

Қор биржасын құрушы - тек бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар ғана, ал валюта биржасын - валютамен операциялар жүргізуге құқық беретін лицензиясы бар коммерциялық банктер немесе қаржы мекемелері.

Қор биржасы бағалы қағаздар нарығында сауданы ұйымдастырады, ол коммерциялық емес ұйым. Бағалы қағаз нарығына кәсіби қатысушылар ғана оның тең құқықты мүшелері болып есептеледі. Қазақстанда бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына коммерциялық банктерді де жатқызады, сондықтан олар биржа мүшесі болуы мүмкін.



Қор биржасының мақсаты - бағалы қағаздар мен сауда жасау үшін көпшілікке қолайлы жағдай жасау, бағалы қағаздарға ұзақ мерзімге ақша қаражатын салушы жеке және институционалдық инвесторларды тарту, инвесторлардың, клиенттердің және биржа мүшелерінің мүддесін қорғау.

Қазақстанда қор биржасының мүшесі, әдетте, заңды тұлға болады. Шетел тәжірибесінде, мысалы, АҚШ-та жеке тұлғалар, кейбір мемлекеттерде (Жапония, Канада) заңды тұлғалар биржа мүшесі болады. Ал үшінші бір мемлекеттерде (олар көпшілік) жеке немесе заңды тұлға деп бөлмейді.

Шетел тәжірибесінде биржа мүшелерінің әртүрлі категориясы болады. Мысалы, Лондон қор биржасының мүше-фирмалары үш категорияға бөлінеді.

Біріншісі аса маңыздысы деп есептелінеді, оған я дилер, я брокер, я бір уақытта әрі дилер, әрі брокер бола алатындар кіреді. Егер биржа мүшесі дилерлік қызметпен шұғылданса, ол биржада «маркет-мейкер» ретінде, яғни нарықты ұйымдастырушы ретінде тіркеледі. Әдетте, бұндай функцияны өзіне тек ірі фир­малар ғана алады. Олардың негізгі қызметі - міндетті баға белгілеу кезі деп аталатын белгіленген кезде белсенді түрде бағалы қағаздарды сатып алумен (сатумен) шұғылдану. Ол кезде нарықты ұйымдастырушылар мәмілеге келгісі келген бағаны ұсынады. Ұйымдаетырушылардың көптігі және олардың өзара бәсекелестігі бағалы қағаздарға дәлелді баға қалыптастыруға тірейді. Нарықты ұйымдастырушылар баға белгілегенде екі бағамды көрсетуі тиіс: сатып алушының сұраған бағасы және сатушының ұсынған бағасы. Мысалы, 143-6. 10 х 10 түріндегі баға белгілеу деген нарықты қалыптастырушы 10000 дана акцияға дейін 143 пенс бағамен са­тып алуға дайын және 10000 дана акцияға дейін 146 пенс бағамен сатуға дайын екенін білдіреді. Сонда бағамдар арасындағы айырма (146-143=3 пенс) спрэд немесе бағамдық пайда болады.

Лондон қор- биржасының екінші категориялы мүшелері - ол дилераралық брокерлер, яғни бірімен-бірі жасырын (аноним) түрде өзара қатынас жасағысы келген нарықты ұйымдастырушыларға делдалдық көрсететін фирмалар. Нарықты ұйымдастырушылардың дилераралық брокерлерді пайдалануы бәсекелестерінен бағалы қағаздар бойынша өзінің ағымдағы позициясын жасырып қалуына мүмкіндік береді.



Үшінші категориялы биржа мүшелері – ол ақшалы брокерлер. Олардың атқаратын негізгі қызметі - нарықты ұйымдастырушылар үшін бағалы қағаздарды шеттен алып пайдалану.

Биржа мүшелері мемлекеттік заңнамалардың және биржалардың өздерінің талаптарын орындайды. Әдетте, заңдар биржаның мүшелігіне жалпы талаптар, ал биржаның ішкі нормативтік-құжаттары қосымша талаптар қояды. Мысалы, биржа өз жарғысында мүшелікке өткізгісі келген ұйымдардың тізімін анықтау қажеттілігін көрсетуі мүмкін; сондай-ақ жеке жақтардың мамандық аттестациясы міндетті түрде болуы қажет.

Биржа мүшелерінің құқығы мыналар:


  • биржаның жалпы жиналысына қатысу және оның ісін басқару;

  • басқару және бақылау органдарын сайлау және оларға сайлану;

  • биржаның мүлкін, ақпаратын және көрсететін барлық қызметін пайдалану;

  • биржа залында өз атынан және өз есебінен (дилер қызметін орындау), сондай-ақ клиент атынан және клиент есебінен (брокер қызметін орындау) сауда жүргізу;

  • биржа жабылғаннан кейін оның калған мүлкін алуға қатысу.

Биржа мүшелерінің міндеттері:

  • биржаның жарғысын және басқа да ішкі нормативтік құжаттарын орындау;

  • жарғыда және нормативтік құжаттарда көрсетілген мөлшерде және тәртіпте жарна төлеу;

  • биржаның мақсатын, міндеттерін орындауға және дамуын қамтамасыз етуге атсалысу.

Биржаны құрушылар, жоғарыда айтылғандай, биржа мүшелерін мұқият таңдап алады. Биржа мүшелерінің саны шектеулі, ол жарғылық қордың көлеміне және бір акцияның көрсетілген құнына (номиналына), сондай-ақ жарғы бойынша биржаның бір мүшесі қанша акция иеленуге құқығы барлығына байланысты бо­лады. Акция биржа мүшесінің өз құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Әдетте, биржа мүшесі өз міндеттері мен құқығына биржага кіру жарнасын және акциялар құнын төлегеннен кейін ғана ие бо­лады. Биржа мүшесінің құқығы биржадағы «орынның» құнын білдіреді, ал орын - ол биржа мүшесінің меншігі. Егер биржа мүшесі оның құрамынан шыққысы келсе, орын сатылуы, жалға берілуі мүмкін. Орынның құнын Биржалық комитет анықтайды. Ол сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырады. Биржаға жаңа мүшелерді алу жарғыда қарастырылады.

Биржаның ұйымдық құрылымы қойылған міндеттерді орындауға және биржалық сауданы ұйымдастыруға шығынды аз шығаруға мүмкіндік туғызуға мүдделі болуы тиіс.

Қор биржаларының ұйымдық құрылымы және оның басқару органдары бүкіл елдерде шамамен бірдей. Ол 11.1. Суретпен өрнектелген [8; 114.].

Биржаның жоғары басқару органы - акционерлердің жалпы жиналысы. Оның негізгі қызметі:



  • пайданы бөлу;

  • төрағаны және биржа кеңесінің мүшелерін сайлау және олар­ды қызметінен түсіру;

  • жарғыға және басқа реттеуші құжаттарға өзгеріс енгізу;

  • биржа ісінің бағдарламасын бекіту;

  • жылдық есебін карау және оны бекіту туралы шешімдер қабылдау.

Жалпы жиналыс аралығында биржа жұмысын қолма-қол басқару және бақылау биржалық кеңеске жүктеледі. Ол биржа акционерлерінен сайланады. Оның құрамына биржа президенті мен тексеру комиссиясының төрағасы кеңесші дауыс құқығымен кіреді.




11.1. Сурет. Биржаның ұйымдық құрылымы
Қор биржасының ағымдағы қызметін колма-қол басқарушы орган -басқарма. Оның кұрамына президент, вице-президенттер және қосалқы қызметкерлер кіреді. Биржалық кеңес бекіткен президент қор биржасының міндеттерінің орындалуына жеке жауапты, сондай-ақ ол биржаның құрылымдық бөлімдерінің қызметіне де жауап береді. Қаржылық-шаруашылық қызметке ішкі бақылауды тексеру комиссиясы жүргізеді. Ол комиссияның төрағасы және оның екі орынбасарынан тұрады. Комиссия құрылымдық бөлімшелердің экономикалық жағдайларын тұтас тексеріп, одан кейін биржаның жылдық есебі және баланстары бойынша қорытынды жазады.

Биржаның келесі атқарушы органы - арбитраждық комиссия. Ол мәмілеге қатысушылар арасындағы шаруашылық мәселелердің құқықтық тұрғыдан дәл шешілуін тексереді. Егер брокерлік фирма төлем немесе құжат жеткізу мерзімдерін орындамаса, арбитраждык комиссия айыппұл төлеу, ресми ескерту, кінәлілерді биржа мүшелігінен шығару тәрізді жаза қолданады.



Листинг бөлімі акционерлік компанияларды листинг тізіміне енгізу жөнінде жұмыс жүргізеді. Бұл бөлім сенімсіздеу эмитенттердің қаржы активтерін қор биржасына түсірмеу мақсатында бағалы қағаздарды мұқият талдау негізінде қатаң сараптау және іріктеу жүргізеді. Сөйтіп, листинг инвесторлардың мүддесін қорғауды және биржа айналысындағы бағалы қағаздарға олардың сенімін арттыруды қамтамасыз етеді. Мыс, АҚШ-та бағалы қағаздарды 20 мыңнан астам әртүрлі фирмалар мен компаниялар шығарады, алайда олардың тек оннан бір бөлігінің ғана бағалы қағаздарын биржада саудаға түсіруге рұқсаты бар [10; 119.].

Биржада үш түрлі бағалы қағаздар:

Біріншіден, листинг процедурасынан толық өткен және биржаның ресми тізіміне іліккен;

Екіншіден, листинг процедурасынан ішінара өткен және биржаның листинг алдындағы деп аталатын тізіміне іліккен;

Үшіншіден, еркін айналыстағы бағалы қағаздар, яғни лис­тинг және листинг алдындағы процедуралардан өтпеген қағаздар айналымға түсуі мүмкін.

Қор биржасындағы саудаға бағалы қағаздарды іліктіру механизмімен қатар оларды биржадан алу механизмі, яғни делистинг те бар. Делистинг акцияның құнсыздануы жағдайында, компанияның дағдарысқа ұшырауы, капиталының азаюы, есепті жыл ішінде шығындарының көбеюі, биржаның алдындағы кез-келген міндеттемесін орындамауы және т.с. себептер әсерінен жүргізіледі. Делистингтің уақытша және тұрақты түрі болады. Уақытша делистинг кезінде бағалы қағаздар туындаған проблемаларды толық шешу үшін листинг алдындағы саудаға түсіріледі.

Компания делистинг кезіндегі шарттарды орындағасын бир­жа басқармасының шешімімен бағалы қағаздар ресми тізімге енгізіледі.

Сауда және брокерлер бөлімі биржа залында сауда жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасап, барлық істерді реттейді. Сауда менеджері мен оның көмекшісі саудаға қатысушылардың қызметін бақылайды.

Клиринг бөлімі мәміле бекітілген соң қор мәмілесіне қатысушылар (брокерлер) арасындағы қолма-қол ақшасыз формадағы есеп айырысу операцияларымен шұғылданады. Бағалы қағаздардың әрбір типі бойынша есеп айырысудың арнайы кестесі құрылып, сонымен қоса сатушы мен сатып алушы арасында тікелей есептесу және қаржы активтерін жаңа иесіне жеткізіп беру ұйымдастырылады.

Ақпараттық-талдау бөлімі орталықтанған ақпаратпен қамтамасыз етумен және бағамдық бақылаумен шұғылданады. Сондай-ақ биржалық бюллетеньді, анықтамалықтарды, есептерді, жарнамалық проспектілерді талдап, олар бойынша кеңес береді. Бағалы қағаздар бағамы және жасалған мәмілелер көлемі туралы ақпараттарды көпшілікке таратып отырады.

Әкімшілік-қаржылық бөлімі қор биржасының бүкіл бөлімдерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде ұйымдық-қосалқы жұмыс жүргізеді. Биржа қызметі әртүрлі экономикалық, саяси, қаржылық, әлеуметтік, ұлттық және халықаралық жағдайларға сезімтал келеді. Себебі капиталдың құйылуы немесе қайтуы және бағалы қағаздарды иеленуге қызығушылық та осыларға байланыс­ты болады. Өнеркәсіп пен сауданың дамуы, ел экономикасының өрістеуі, экспорттың жағымды сальдосы, халықтың табысының өсуі, әдетте, қаражатты қор құндылықтарына жұмсауға әсер етеді. Керісінше, салықтың өсуі, жалақының төмендеуі, әлеуметтік толқулар, табыс өспей бағаның көтерілуі бағалы қағаздарға жұмсалуға тиіс капиталды төмендетеді.

Қауіпсіздік қызмет бөлімі биржаға кіріп-шығу режимінің орындалуын қадағалайды, биржаның мүліктерінің сақталуын және ішкі тәртіп болуын қамтамасыз етеді.
11.2. Биржадағы делдалдық қызмет
Биржалық сауданың ерекшілігі биржада сауданы сатушы мен сатып алушы жүргізбейді және олар бір-бірімен тікелей кездеспейді. Сауданы олардың өкілдері, яғни биржадағы делдалдар жүргізеді. Делдалдар брокер және дилер деп бөлінеді.

Брокерлік қызмет. Брокер - биржаның кәсіби делдалы. Ол биржалық саудада клиенттің (не сатушы, не сатып алушы) өкілі ретінде клиенттің атынан және клиент есебінен, немесе клиент атынан, бірақ өз есебінен, өз атынан, бірақ клиент мүддесі үшін және клиент есебінен мәміле жасайды. Биржадағы делдалдық қызметі үшін клиент брокерге комиссиялық сыйақы төлейді.

Биржада ойдағыдай жұмыс істеу үшін брокер бірсыпыра жағдайларды білуі тиіс:

Біріншіден, сауда объектісін - биржалық активті жан-жақты талдай білуі керек;

Екіншіден, өзі жұмыс істейтін биржаның тәртібін білуі керек;

Үшіншіден, биржалық сауда жүргізе білуі керек;

Төртіншіден, биржада өкілі болатын клиентімен дұрыс тіл таба білуі керек;

Бесіншіден, өзінің ұсынысы бойынша жасалған мәміленің табысын айыра білуі керек.

Брокер - биржалық саудаға кәсіби қатынасушы. Ол ұйымдасқан нарықта клиентке сатып алу-сату процесіңде қызмет көрсетеді. Клиентті саудаға брокерлік фирма ақпараттық хабарландыру арқылы тартады. Биржа мен биржаны реттеуші органдар брокерлік фирмаға:



  • қаржылық (өз капиталы лицензия алған кездегі талаптарға сай болуы);

  • басшылары мен мамандары кәсіпкерлік талаптарға сай (маман) болуы қажет;

  • ұйымдық-техникалық;

  • арнаулы талаптар қояды.

Бағалы қағаздар нарығында брокер өз қызметін лицен­зия алғаннан кейін бастайды. Лицензияны Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу Агенттігі береді. Биржада қызмет ететін брокерлік фирма аккредитациядан өтеді, яғни фирманың көрсететін қызметі биржа талаптарына сай ке-луі тиіс. Аккредитациядан өткен брокерлік фирма биржаның ре-естріне енгізіліп, оған мәміле жасасқанда қажетті номер (код, шифр) беріледі. Кейбір биржаларда брокерлік фирманың сандық кодын әріптік кодпен алмастыруы немесе сандық кодқа әріпті қосып көрсетуі мүмкін. Әдетте, әріптік код төрттен алтыға дейінгі әріптермен белгіленеді.

Брокерлік фирма клиенттің тапсырысы бойынша және оның атынан мәмілеге келеді. Ереже бойынша брокерлік фирма екі жақтың есеп айырысу процесіне қатыспайды, оның есеп шотына тек делдалдық ақы ғана түседі. Егер брокерлік фирма бағалы қағаздарды өзі сатып алып, келешекте сататын болса, бұл жағдайда дилерлік операция жүргізіледі. Оның табысы сатып алу мен сату бағаларының айырмасына тең болады.

Биржада қызмет көрсететін брокерлік фирмалар мен бро­керлер биржалық сауда ережелеріне сай өзара мәміле жасасады; биржа сатылуга ұсынылатын барлық өнімдер мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат жинақтайды; белгіленген тәртіп бойын­ша биржа қызметшілерінің жұмысын пайдаланады; арбитраждық комиссияның жұмысына қатысады.

Дилерлік қызмет. Дилер - ол биржалық саудаға мәмілені өз атынан және өз есебінен жасайтын кәсіби қатысушы. Дилер - заңды тұлға. Бағалы қағаздар нарығында дилер болу үшін ли­цензия алу керек.

Бағалы қағаздар нарығындағы дилердің міндеттері:

• сату және сатып any бағасын; сатылатын және сатып алынатын бағалы қағаздардың ең аз және ең көп мөлшерін; сонымен қоса мәлімденген бағаның мерзімін хабарлау;


  • дилердің өз ұсынысы болмаған жағдайда клиенттің ұсынысы бойынша мәміле жасау;

  • эмитенттің бағалы қағаздарымен операция жүргізгенде өзінде бар ақпаратты мәлімдеу немесе ондай ақпараттың өзінде жоқ екенін хабарлау;

  • Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау Агенттігіне өз қызметі туралы есеп беру;

  • бағалы қағаздармен жүргізілген операциялардың ішкі есебін ұйымдастыру.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет