Қазақстандағы волейболдың дамуы
Қазақстанда алғашқы жарыс 1926 жылы Қызылордада ұйымдастырылды. Қазақстан волейболы ХХ ғасырдың 60-жылдарында қарқынды дамыды. Ол, КСРО спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың есімімен тікелей байланысты. Оның құрған «Буревестник» ерлер командасы 1969 жылы КСРО-ның, 1970-1971 жылдары Еуропа чемпиондарының кубогін жеңіп алды. Қазақстанда тәрбиеленген Валерий Кравченко, Олег Антропов, Надежда Смолеева 1968 жылы Мексикада өткен ХІХ-Олимпиядалық ойындардың, 1969 жылы Жәнібек Сауранбаев Еуропаның чемпионы атанды. Мұндай табысқа 1988 жылы Сеулдегі ХХVІ-Олимпиядалық ойындарда Ольга Кривошеева, Елена Чебукина, Татьяна Меньшовалар қол жеткізді. Алматының АДК әйелдер волейбол командасы 1984 жылы КСРО чемпионы атанды. 1947 жылы құрылған халықаралық волейбол федерациясына Қазақстан Республикасының волейбол федерациясы 1992 жылы мүше болып қабылданды.
Қазақстанның әйел волейболшыларының табысы да ауыз толтырып айтарлық. Алматыдағы Үй құрылысы командасы (АДК) 1984-1992 жылдар аралығында КСРО чемпионы атанды. Ал, 1985 жылы қазақстандық волейболшы қыздар Италияда Еуропа кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, Алматының «Азамат» атты ерлер командасы 1993 жылы клубтық командалар арасында Азия чемпионы атанды.
1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің барлық өңірлерінде (ауыл, аудан, қала) волейбол спорты кең көлемде насихатталып, әртүрлі халықаралық деңгейдегі жарыстар, турнирлер, спартакиадалар, универсиадалар, ел біріншіліктері жүйелі түрде өткізіліп келеді. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде спорт мектептерінде волейбол бөлімдері ашылып жұмыс істеуде. Универсиада ойындарының қайта жандануына байланысты студенттік волейбол да жоғары деңгейге көтеріліп келеді.
Қазақстандық Әлем, Еуропа чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында және халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған спортшылардың тізімі:
Жарылғапов Октябрь Қыдырбайұлы – КСРО спорт шебері (1961), КазКСР (1962) және КСРО-ның (1965) еңбек сіңірген жаттықтырушысы. КСРО чемпионы, Еуропа Кубогының иегері.
Жаркешов Заңғар Асанханұлы – КСРО спорт шебері (1961), КазКСР (1967) және КСРО-ның (1970) еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Сұлтанов Амангелді Кылышбайұлы – ХДСШ, КСРО-ның күміс жүлдегері (1968, 1970), КСРО чемпионы (1969).
Сауранбаев Жәнібек Нығыметұлы – КСРО спорт шебері (1961), ХДСШ (1967), КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері (1970), КазКСР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1978), КСРО-ның күміс жүлдегері (1967-68), КСРО халықтар ІV-спартакиадасының қола жүлдегері (1969), КСРО чемпионы (1969), Еуропа чемпионы (1967, Түркия), Әлем Кубогының иегері (1965, Лодзь, Польша), екі дүркін Бүкіләлемдік Универсиаданың жеңімпазы (1961 Хельсинки, 1965 Будапешт).
Байтөреев Бақытжан – ХДСШ (1993), Азия Кубогының иегері (1993, 1997), Азияның күміс жүлдегері. «ТЮ», «Пари Сен Жермен» (1993-97), «Самотор» (Ресей), «Бордо» (Франция, 2000-2002) волейбол клубтарында ойнаған.
Кравченко В.И. – КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері (1968), Мехико олимпиядасының жеңімпазы (1968), Мюнхен олимпиядасының қола жүлдегері (1972), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966), Еуропа чемпионы (1967, 1971), КСРО халықтары спартакиадасының жүлдегері (1967, 1971), КСРО чемпионы (1969), КСРО-ның күміс жүлдегері (1967, 1971), Олимпиада ойындарының (1968), Әлем чемпионатының (1966), Еуропа чемпионатының (1967, 1971), үздік ойыншы атағының иегері.
Кривошеева О.Ю. – КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері (1988), КСРО чемпионы (1984), КСРО-ның күміс жүлдегері (1987, 1989), КСРО-ның қола жүлдегері (1985), Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1988, Сеул), екі дүркін Еуропа чемпионы.
Смолеева Н.Н. – Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1968 Мехико); күміс жүлдегері (1972 Мюнхен, 1976 Монреаль), Әлем чемпионы (1970), қола жүлдегері (1978), Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1975, 1977), КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы (1971), КСРО чемпионы (1970, 1973, 1975, 1977), КСРО-ның қола жүлдегері (1968, 1978, 1979).
Чебукина Е.В. – ХДСШ (1985), КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1988), Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1988 Сеул), күміс жүлдегері (1992 Барселона), Әлем Кубогының иегері (1987, 1989), Ізгі ниет ойындарының екі дүркін чемпионы, алты дүркін Еуропа чемпионы, КСРО чемпионы (1984), күміс жүлдегері (1978, 1991), қола жүлдегері (1985).
Шапран В.Н. – ХДСШ (1969), КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (2004), КСРО-ның күміс жүлдегері (1968), КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері (1971), Қазақстан Респбликасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1998).
Юрова И.В. – ХДСШ, «АДК» командасында ойнаған (1982-86), КСРО чемпионы (1984), КСРО Кубогының күміс жүлдегері (1985), Чемпиондар командалары арасында Еуропа чемпионы (1985), КСРО-ның күміс жүлдегері (1986).
Достарыңызбен бөлісу: |