Зерттеу мақсаты атамекенге оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі үдерісіне әлеуметтанулық талдау жасау.
Зерттеу мақсатының негізгі міндеттері
-
Мемлекет құрушы ұлт пен оралмандардың әлеуметтік сәйкестенуін зерттеудің әдіснамалық негіздерін талдау;
-
Жаһандану жағдайындағы әлеуметтік сәйкестену ілімінің эволюциясы талдау, сараптама жасау;
-
Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауапкершілігін анықтау;
-
Елге оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуінің негізгі бағыттарын талдау;
-
Елге оралушы қазақтардың әлеуметтік бейімделуі мен олардың білім және рухани-мәдени саладағы, әлеуметтік және саяси-экономикалық саладағы мәселелік аспектілеріне шолу , талдау жасау.
Зерттеу жұмысының болжамдары
-
Мемлекет құрушы ұлт пен этностардың әлеуметтік сәйкестенуін зерттеудің әдіснамалық негіздерін, мемлекет құрушы ұлт туралы әлеуметтік теорияларды талдау бүгінгі әлеуметтану ғылымында жеткілікті зерттелмеген;
-
Жаһандану жағдайындағы әлеуметтік сәйкестену ілімінің эволюциясын талдау және Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлт пен этностардың әлеуметтік жауапкершілігі мен сәйкестенуі мәселесі отандық әлеуметтану ғылымы үшін тың мәселе;
-
Елге оралған қазақтардың бейімделу барысындағы заңнамалық кедергілер мен әлеуметтік бейімделуінің мәселелік аспектілеріне әлеуметтанулық терең ғылыми зерттеу талдау жасалмаған.
Аталмыш жұмыстың зерттеу объектісі–тарихи отанына оралған қазақтар.
Зерттеудің пәні оралман-қазақтардың Қазақстан қоғамындағы мемлекет құрушы ұлттың талаптарына әлеуметтік сәйкестену үрдісі.
Диссертациялық зерттеудің әдістемелік және теориялық негізін отандық, шетелдік әлеуметтанушылардың ұлттық үрдістер мен ұлттардың мәртебесіне арналған зерттеулері, тұжырымдар мен ғылыми ойлары қалады. Әлеуметтік институттың теориялық-әдіснамалық негізін жасаған әлеуметтанушы ғалымдар О.Конт, Г.Спенсер, Э.Гидденс, Т.Парсонс, Р.Дарендорф ілімдері зерттеудің негізгі базалық әдіснамасын құрады. Сонымен қатар қазақ даласында өмір сүрген дана ойшылдардың мемлекет, адам және ұлт құндылығы т.б. озық ой-пікірлері басшылыққа алынды.
Диссертациялық зерттеуде ұсынылған мәселелер пәнаралық тәсілді пайдаланудың қажеттілігін тудырды. Әлеуметтануда, философияда, саясаттануда және психологияда тақырып төңірегіндегі ілімдер мен зерттеу тәсілдерін пайдалану арқылы мәслені жан-жақты тани түсуге болады. Жұмыстың мақсаттық ұстанымдары мен міндеттері зерттеудің әдістемелік базисі ретінде осы жұмыста қолданылған салыстырмалы әлеуметтік-тарихи әдісті пайдалануды міндеттеді. Бұл әдіснама трансформация процестерін белгілі-бір уақыт кезеңіндегі траектория мен ұлттың базалық құндылықтарының иерархиясын қатар қоюға мүмкіндік берді.
Зерттеуде жүйелі және салыстырмалы түрдегі талдаулар, отандық ғылыми тұжырымдар мен зерттеулер басшылыққа алынды сонымен бірге, ғылыми бақылау, нақты талдау, бақылау, сапалы әдісте тереңдетілген нарративті сұхбат, сандық әдіс, логикалық, себептік, баламалық, көпқырлылық, жүйелілік, субъективті, объективті жағдайларды даму тұрғысынан қарастыратын әдістер қолданылды.
Сондай ақ құжаттық ақпарат көздерін контенттік талдау және статистикалық талдау, синтез, дедукция әдістері пайдаланылды. Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін талдау кезінде топтастыру, эмпирикалық типтеу, рангілеу, жіктеу және салыстыру әдістері пайдаланылды.
Жұмыс барысында этностардың дамуын зерттейтін әлеуметтану теориялары қарастырылды-толерантты даму теориясы, неореализм, бейбітшілік-жүйелік теориясы, қауіпсіздік даму тұжырымдамалары қарастырылды. Аталған әдістерді пайдалану мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік-саяси дамуын, оралмандардың әлеуметтік бейімделу мәселелерін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Жалпы теориялық әрі көптеген әдістерді пайдалану зерттеушіден тепе-теңдікті сақтап, кейбір әдістерді біздің жағдайымызға, зерттеліп отырған объектіге бейімдеуді талап етеді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы
-
алғаш рет қазақстандық қоғамның мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік-саяси мәртебесі әлеуметтанулық тұрғыда жан-жақты зерттеліп, тақырып проблематикасы этнография, этнология, тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, этнопедагогика, мәдениеттану т.б. пәнаралық тұрғыдан қарастырылды;
-
«мемлекет құрушы ұлт», «мемлекет құрушы ұлттың мәртебесі», «мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауапкершілігі», «оралған қандас», «білім, мәдениет, рухани және саяси өмірдегі әлеуметтік сәйкестену» сияқты ұғымдарға әлеуметтанулық түсініктеме мен талдау, анықтама беріп, олардың ғылыми айналымындағы орны негізделе түсті;
-
әлеуметтанулық зерттеу әдістерімен іріктелген сарапшылармен жүргізілген тереңдетілген сұхбат негізінде мемлекет құрушы ұлттын қазіргі көңіл-күйін, дүниетанымын, мүддесін зерттеу ісі тереңдетіле түсті;
-
қазақстандық қоғамның мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік бейнесі мен болмысын әлеуметтанулық негіздеу, айқындау және түсініктеу тұрғысында елеулі ғылыми талпыныс жасалды;
-
тарихи атамекеніне оралған этникалық қазақтардың елге оралғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, мәдени-білімдік және әлеуметтік саяси сәйкестенуі жағдайы жан-жақты қарастырылып, оның оңды жақтарымен қатар мәселелік қырлары әлеуметтанулық тұрғыда ашып көрсетілді;
-
әлеуметтану ғылымының әлеуметтік сәйкетену туралы теориясы мен оның практикасы нақты қазақстандық қоғамның өмірлік шындығында дамытыла түсті.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар
-
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында ұлттық қатынастар саласындағы үрдістерді зерттеуді қоғамдағы этностық әлеуметтік сананың, соның ішінде мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік бейнесі мен санасының қалыптасып, өсіп дамуымен тығыз байланыста қарастыру қоғам үшін ғылыми-практикалық қажеттілік;
-
Мемлекет құрушы ұлттың білімдік-мәдени, ғылыми-технологиялық әлеуметтенуінің жоғары деңгейде болуы тек экономикалық-әлеуметтік мәселе емес, алдымен саяси мәнді әлеуметтік мәселе;
-
Көп этносты Қазақстан жағдайында қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде өзінің әлеуметтік–тарихи миссиясын атқаруға тиіс және ол мемлекеттің барлық ел өңірлеріндегі бағдарлы, әлеуметтік теңдік пен әділдік саясаты арқылы қамтамасыз етілуі қажет.
-
Жаһандану жағдайында қоғамның ұлттық трансформациялануын тиімді іске асыра отырып, Қазақстан халқының әлемдік сахнада бәсекелестік қабілетін іс жүзінде көрсетуінің, Қазақстан елінің тәуелсіздігін сақтап, нығайтудың аса маңызды заңдылығы - ең алдымен мемлекет құрушы қазақ ұлтының өзінің жан-жақты дамытылуы.
-
Мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік әлеуеттілігі тұрғысында атамекенге оралған қазақтардың мәдени-білімдік, әлеуметтік-экономикалық сәйкестенуі мәселесі өзекті әлеуметтанулық және әлеуметтік-саяси танымдық құбылыс болып табылады.
-
Қазіргі Қазақстанның жағдайында мемлекет құрушы ұлттың қалыптасып іштей бірегейлене түсуі мемлекетте болып жатқан әлеуметтік, саяси үрдістермен үздіксіз байланыста өтуде. Елдегі этностық және этносаралық, конфессияаралық сипаты мен мәні бар мәселелер, қоғамның әлеуметтік құндылықтары мен басты идеялық ұстанымдары осы төл этностың әлеуметтік-саяси болмысымен тығыз байланысты. Демек, төл этностың әлеуметтік, экономикалық және саяси хал-ахуалын дамытудың басты алғышарттарын жан-жақты зерттеу барлық отандық ғылымдар салаларының әлеуметтік жауаптылығында.
-
Отанына оралған қазақтардың әлеуметтік сәйкестенуі мәселесі қазақстан халқының әлеуметтік – экономикалық, мәдени-білімдік әлеуетін дамытудың, қоғамның әлеуметтік санасын дамытып қалыптастырудың құрамды бөлігі және қазақ ұлтының, қазақстандық әлеуметтің іштей бірегейлене түсуінің елеулі алғышарты.
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы төмендегі қажеттіліктермен анықталады:
Жүргізілген зерттеудің нәтижесінде алынған мәліметтер ұлт, мемлекет құрушы ұлт және тарихи атамекеніне оралған этникалық қазақтардың әлеуметтік сәйкестенуін жай талдаудың концептуалдық және теориялық-әдістемелік ережелерін ары қарай әзірлеу үшін пайдалануға болады. Әлеуметтану ғылымының этноәлеуметтану пәні бойынша «көші қон, ұлт, ұлтаралық қатынастар» тақырыбында қосымша құрал ретінде маңызы бар.
- мемлекет құрушы ұлт мәртебесінің сақталуы мен қайта жаңғыруының факторы ретінде қалыптасуы мен дамуы бойынша жасалған тұжырымдардың әлеуметтік-саяси мәні бар;
- білім беру жүйелері үшін қазақстан халқының тұтастығын тәрбиелеу жұмыстарына әдістемелік негіздердің бірі бола алады;
- Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардағы үйлесімдік бойынша ұсынылған шаралар жүйесі ғылыми-практикалық пайдалы.
Зерттеудің негізгі нәтижесі автормен халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, семинарлар мен әртүрлі деңгей мен бағыттағы «дөңгелек үстелдерде» баяндалып, теориялық жинақталған тұжырымдар мен қорытындылар, зерттеу тақырыбы бойынша нұсқаулар ізденушінің Қазақстанда және шетелдерде шыққан басылымдарда жарық көрді.
Зерттеудің эмпириялық базасы және деректемелік көзі. Зерттеу жұмысында тақырыпқа сай әлеуметтанулық зерттеудің, әлеуметтік фактілер жинаудың тәсілдері-ресми статистика, сауалнамалық сұрау, сарапшылармен тереңдетілген сұхбат, ақпарат көздерімен жұмыс, т.б. әдістері қолданылды.
Ғылыми зерттеу тақырыбы аясында 2012 жылдың 3-22 маусым аралығында Павлодар, Ақтөбе, Астана және Шымкент қалалары бойынша сапалы әдіспен сарапшылармен сауалнамалар арқылы тереңдетілген сұхбат сауалнама жүргізілді. Сарапшылар қатарында: көші қон мәселесімен тікелей байланысты мемлекет органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар басшылары, көші-қон тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар, оралған қандастар мен қатар А.Айталы, Ж.Мәлібеков сынды белгілі қоғам қайраткерлері қамтылды.
2012 жылы шілде-желтоқсан аралығында Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің әлеуметтанушыларынан құралған шығармашылық топ күшімен «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында «Социокультурная адаптация молодежи городов Казахстана» зерттеу жобасы бойынша қоғамдағы жастар мәселесі жан-жақты зерттелді [8].
2011жылы қараша мен 2012 жылдары сәуір аралығында алты ай көлемінде massagan.com сайтындағы «оралман атауын қалай өзгерту тиімді?» деген on line жүйесінде сауалнама жүргізіліп, сараптан өтіп, аталған ұғымға байланысты өзіндік тұжырымдар ұсынылды.
Екінші деңгейдегі дереккөзі ретінде Павлодарлық «Логос» қоғамдық бірлестігінің, 2011 жылы 24 наурыз бен 4-ші сәуірі аралығында Қазақстандық қоғамның саяси-әлеуметтік көңіл күйіне қатысты сандық әдіспен 1000 респондент қамтылған сауалнама мен Қазақстандық әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясы (ӘСА) тарапынан 2010 жылы жүргізілген сауалнама нәтижелері біздің тарапымыздан қайта талданып, сұрыпталды.
Зерттеудің деректемелік көзін отандық және шетелдердің әлеуметтанушылары, философтар мен қатар тарихшы, саясаттанушылары мен басқа да гуманитарлық ғалымдардың еңбектері құрайды.
Басқа теориялық және эмпириялық қайнар көздерінің екінші тобына ресми құжаттар жатады: заңдар мен нормативті-құқықтық актілер «Халықтың көшi-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 204 Заңы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы «2» желтоқсан № 1126 қаулысымен бекітілген 2009 – 2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы, Оралмандардың 2009-2011 жылдарға арналған көшіп келу квотасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 17 қарашадағы N 690 Жарлығы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылдың 21 қарашасындағы №1673 жарлығымен бекітілген Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2002-2015 жылдарға арналған Тұжырымдамасы [84-88], дүниежүзі қазақтарының құрылтайының материалдарымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Үкімет басшыларының, қоғам қайраткерлерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздері.
Үшінші деңгейдегі көптеген халықаралық және республикалық конференциялардың, симпозиумдардың, семинарлар мен «дөңгелек үстелдердің», докторлық пен кандидаттық диссертациялық зерттеулері, ғылыми журналдардағы басылымдарының материалдарын кіргізуге болады.
Зерттеудің қайнар көзінің келесі тобына ҚР Статистикалық Агенттігінің статистикалық материалдары, анықтамалық басылымдар, отандық және шетелдік мерзімді басылымдардың материалдары кірді.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен сыннан (апробациясы) өтуі. Зерттеулердің нәтижесі диссертацияның жеке бөлімдері, ғылыми-теориялық және әдістемелік сипаттағы қорытындылары мен тәжірибелік ұсыныстары халықаралық ғылыми-теориялық және практикалық конференцияларда талқыланып сыннан өткен. Тақырыпқа байланысты 15 мақала жарияланып, оның ішінде 5 ғылыми және ақпараттық-аналитикалық журналында, 10 халықаралық және республикалық конференция материалдарының басылымдарында жарық көрді. Атап айтқанда, Процессы адаптации репатриантов в Казахстане//Сборник материалов международной конференции аспирантов и студентов при гумантиарном факультете ОмГАУ( РФ,:Омск), Die Politik der benachbarten Staaten (Russland, China, Iran, Afghanistan und Turkei) bezuglich der Migration der Bevolkerung aus Zentralasien//Материалы международной научной конференции, “Migrations – und Sicherheitsprobleme in Mittelasien” wissenschaftliche Forscung/Eurasische Nationale Universitat names L.N.Gumilijow (Украина,Oдесса), Вопросы социального взаимодействия репатриантов в Казахстане//Социальное взаимодействие в различных сферах жизнедеятельности» материалы международной научно-практической конференции (РФ, Санкт Петербург, РГПУ им А.И.Герцена, 1-3 декабря, 2011 г.), Қазіргі отандық әлеуметтану ғылымындағы әлеуметтік бірегейлену мәселесі//«Қазіргі Қазақстандағы инновациялық даму және ғылымның қажеттілігі» жас ғалымдардың Ү халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағы.(Алматы қ., 24-25 қараша,2011 ж.), Тәуелсіз Қазақстанның негізі - мемлекет құрушы ұлт //Хабаршы-Вестник Евразийского национального университета им. Л.Н.Гумилева (№3 (82), 2011 ж.), Kazakistan cumhuriyetindeki etnikarasi ilişkilerin sosyal antropolojik aspektileri//Akademik bakiş dergisi sayı: 32 Eylül – Ekim 2012 Uluslararası Hakemli Sosyal Bilimler E-Dergisi ISSN:1694-528X İktisat ve Girişimcilik Üniversitesi, Türk Dünyası, т.б.
Зерттеудің негізгі қорытындыларын талқылаудан өткізу. Диссертациялық жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасында талқыланып, мақұлданып қорғауға ұсынылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспе, үш бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі, екі қосымшадан тұрады.
1 МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТТЫҢ ЖӘНЕ ЭТНОСТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК СӘЙКЕСТЕНУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
-
Мемлекет құрушы ұлт туралы әлеуметтік теориялар
Стокгольмдік әлемдегі проблемаларды зерттейтін халықаралық институттың (Stockholm International Peace Research Institute – 1964 жылы Швеция премьер-министрі Таге Эрландер ұсынысымен ашылған бейбітшілік және жанжалдар проблемасын зерттейтің тәуелсіз халықаралық институт) мәліметтері бойынша 1990 жылдардың ортасындағы әскери жанжалдардың 70 % ұлтаралық қатынастардан туындаған. Осындай жағдайда көпұлтты елдің ірге тасы және басты біріктірушісі болып табылатын ұлттың өзінің зерттелуі өзекті мәселе.
Ұлт-ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Сонымен бірге көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады. Жер шарында 2 мыңнан астам ұлттар мен этностар бар. Олар 5 мыңнан астам диалектілерде сөйлейді. 330-ға жуық этностың 1 млн. және одан көп өкілдері бар. Ал қалған 1700-ден астамы 1 млн-ға жетпейтін адамы бар аз санды этностар қатарына жатады. Осыншама көп санды ұлттар мен этностар әлемде 200-ден астам мемлекет біріккен. Сондықтан әлем мемлекеттерінің 90 % көп ұлтты немесе көп этностық мемлекет болып табылады. Көп миллионды халқы бар этностардың жеке, тәуелсіз мемлекеттері жоқ [89]. Ұлттық өмір мен ұлтаралық қатынастардың өте күрделі екендігін осы деректерден-ақ көруге болады.
Осы орайда тақырыптың өзегі болып отырған, «мемлекет құрушы ұлт», «ұлт», «мемлекет» ұғымдарының айырмашылығын ажыратып алу қажет.
Бүгінгі әлеуметтік ғылымда «ұлт» ұғымы әрдайым екіжақты мағынада пайдаланылады:
а) әлеуметтік теория қоғамды әлеуметтік , таптық, демографиялық, кәсіби жіктерге бөлумен бірге, этностық қауымдастық және этнографиялық топтарға да бөледі. Мемлекеттердің ұлттық құрамы жөнінде сөз болса ұлттар немесе этностар, диаспоралар туралы айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде, «ұлт» пен «этнос» термині синонимдер;
б) саяси ұлт мағынасында, мемлекет азаматтарының бірлесуі ретінде де қолданады.
Қазақстан республикасының Конституциясы ұлт категориясын этникалық мәнінде тарқатады. Мысалы, 14 баптың екінші тармағында «Тегіне әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» - делінген. Сонда-ақ, 19-баптың, 1 тармағында «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы» деп түйеді. 20-бапта ұлттық астамшылықты үгіттеуге жол берілмейтіндігі ескертіледі. Ал Қазақстан халқы, қазақстандықтар туралы сөз болса ұлт ұғымына мемлекеттік мән береміз. Осыдан келіп «ұлттық табыс», «ұлттық экономика», «ұлттық компания», «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық университет» дегенде біз ұлттық деп этникалық мағынада емес мемлекеттік мәнін айтамыз [90].
Сондай ақ кең қолданыста жүрген, ұлт пен этнос ұғымдарын бір-біріне жақын, қос ұғымды алмастыра пайдалану обьективті шындықты бұрмалау болмайды, әлеуметтік шындықтан алыстатпайды. Этностан айырмашылығы сол ұлттар этникалық белгілерге қоса саяси, экономикалық және әлеуметтік белгілерге ие болады. Дегенмен, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор С.Борбасов пікірінше әліде философиялық және саяси-әлеуметтік ой пікірде ұлт, этнос категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік қалыптаспаған [89].
Ұлттың қалыптасуы тарихи процес, ол алғашқы қауымдық құрылыстан басталып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардың өзгеруінің әсерінен руға, тайпаға, онан ұлтқа айналып, дамып отырады. Халықтың ұлтқа айналуы адамзат баласының қоғамдық, әлеуметтік, рухани дамуының жоғарғы сатысы деуге болады. Алғаш «ұлт» ұғымы (латын сөз«natio») ежелгі Римде тайпалық одақтарға қолданылды. Ортағасырлық кезеңде «ұлт» ұғымы саяси мәнге ие болып, латын тілінен басқа еуропалық тілдерде қолданыла бастайды. Бұл кезеңде «ұлт» ұғымы бір елдің моноұлтты халқын ғана емес, күрделі, саяси құрамында анықтады. «Ұлт» ұғымы әр елде әр түрлі мағынаға ие болды.
ХХ ғасыр бойы «ұлт» ұғымы этникалық мағынасында пайдаланылды., оған мыңдаған еңбектер арналды, ол ұғым миллиондаған адамдардың санасына сіңді, менталитетіне айналды. Расында, ХҮІІІ ғасырда ұлы француз революциясынан кейін ерікті азаматтардың қауымдастығын «ұлт» (нация) деп атады. Кейін азаматтардың қауымдастығы ретінде бұл ұғым ағылшын тілінде де қолданыла бастады.
Германиядағы жағдай өзгеше болды. Онда бірнеше неміс тілді мемлекеттер өмір сүрді. Неміс қауымдастығы тілдің, мәдени, теориялық негізде үйлесім тапты. Ұлт ұғымын немістер халық (volk) мағынасында күні бүгінге дейін пайдаланып келеді. Ресейде «ұлт (нация), халық (народ), этнос» ұғымдарын пайдалануда нақтылық, айқындылық болмады. Ұлт ұғымын азаматтық мағынасында пайдалануға азаматтық қоғам қалыптаспағандықтан да қолданысқа енгізбеді. Сонымен бірге, бүгін ұлтты мемлекеттік азаматтық қауымдастық ретінде қабылдаушылар көбеюде, бірақ оны этностық жағынан да қолдаушылар аз емес [90].
Жалпы осы тақырып төңірегінде сонау ХІХ ғасырда, Огюст Конт (1789-1857), Герберт Спенсер (1820-1903), Эрнест Ренан (1823-1892), Карл Маркс (1818-1883), Владимир Ленин (1870-1924), Бронислав Малиновский (1884-1942), Альфред Радклиф-Браун (1881-1955) сынды ғалымдар алғашқы әдіснамалық ғылыми қадамдарын жасады. Олардың ғылыми көзқарастары бүгінде ұлттық даму мәселесінде ілімдік құндылығын жоғалтқан жоқ.
Эрнест Ренанның Сорбонна университетіндегі «Ұлт дегеніміз не?» тақырыбындағы дәрісі ұлт теориясын жүйелеуге ұмтылған алғашқы қадамның бірі саналады. Ренанның пікірінше «ұлт тарихтағы жаңа құбылыс», ортағасырларда пайда болды. Ұлт адамдардың ортақ тіршілік етуге, алдағы ұрпақтан қалған мұраны сақтауға, ортақ мақсатқа ұмтылуға деген ниетімен анықталады. Өз еңбегінде Э.Ренан, ұлтқа тән белгілерді анықтайды: нәсіл, дін, тіл, ортақ қызығушылық, география. Ол бұл белгілер, ұлттың бірлігің қамтамасыз етуде жеткіліксіз деп санайды. Қуаныш, шаттықтан гөрі ұлтты ортақ қайғы, қасіреттер қатты біріктіреді дейді [91].
Этногенез теориясының негізін қалаушы Л.Н.Гумилев, өзінің «Еуразия тарихынан», «Этногенез және биосфера», «Ежелгі түріктер» тағы да басқа бірқатар еңбектерінде, тарихи материалдарды талдау негізінде қозғаушы күші әлеуметтік қана емес, табиғи және биосфера факторлары болатын, этногенез үрдісінің біркелкі заңдылығын даусыз дәлелдеді. Оның теориясына сәйкес этнос салдардың емес, адам әрекетінің эволюциялық процесінің алғышарты болады. Оның жасаған тұжырымдамасы этникалық жүйенің «пассионарлығы» деп аталады, яғни биосфераның тірі заттарының біздің ғаламымызға энергетикалық ықпалы [92].
Ол өзінің зерттеулерінде этногенездің Жердің биосфера фрагменті (адам) микроәлем мен макроәлемнің (ғарыш) иерархиялық сәйкестілігі, оның белсенділігі және жоғары энергиясы, пассионарияның белгілі мақсатына ұмтылысы болатын, географиялық ортамен тығыз байланысты екеніне көңіл аударды. Биосфераның бөлігі ретінде жеке этнос, адамның биохимиялық энергиясын сипаттай келе, ол «этногенез-биосферада үнемі болатын табиғи үрдіс, бірақ оның табиғи құбылысы ақырына дейін әлі анықталмаған» деп атап өтті [92].
Сонымен, Л.Н.Гумилевтің пікірі бойынша, ұлттың пайда болуы (этногенез) тарихи және ландшафтылық факторлардың үйлесімді дамуының жемісі. Этнос әлеуметтік кеңістіксіз өмір сүре алмайтыны сияқты, атмосфера, гидросфера, биосферасыз өмір сүре алмайды.
Г.Спенсер мен Ч.Дарвин этностарға терең тарихи тамыры бар, табиғи өзің-өзі сақтау түйсіктеріне бағынатынын, гендік негізде ұрпағын таратуға бейім әлеуметтік-биологиялық құбылыс тұрғыда түсініктемелер берген. Яғни, этностардың терең тарихи тамыры, яғни бастапқы мызғымас негіздері бар және өзін-өзі сақтау, тұқым жалғастыру мен өздерінің гендерін тарату әрекетінің түйсігіне бағынады деп санайды
Ал, К.Гиртц, Э.Шилз әлеуметтік-биологиялық талдаудан гөрі этногенездік тұжырымдарға ерекше назар аудара отырып, этникалық және ұлттық байланыстардың қоғамдық-саяси дамуда басты роль атқаратынын тұжырымдаған. Олардың көзқарастары бойынша, әлеуметтік биологиялық тұрағы бүгінде кең таралмаған, этногенез табиғатына жорамалдап түсінік береді. Олар этникалық және этностық байланыстар негізгісіне айналып, қоғамдық-саяси дамуда әрдайым маңызды рөл атқарады деп есептейді.
Примордиализм ағымының өкілі Э.Смит, этносты қазіргі ұлттардың негізі деп санайды, бір жүйелікте этникалық тарихпен байланыстыра қарастырады (ағылшынша primordial–маңызды, түпкілікті, ХІХ ғ. Германияда пайда болған ағым). Көне заманнан бері ұлт-қасиеті генетикалық негіздегі тұқым қуалайтын қандас бауырластық деген ой тараған. Примордиализм теориясы бойынша этникалық, ұлттық қасиеттер туа біткен, адам табиғатына тән құбылыстар деп уағыздайтын ілім.
Ұлттық мәселелерді ұлттық мемлекеттің өзегі ретінде қарастырған және этникалық статус, этникалық процестер туралы жазған М.Вебер, П.Сорокин, Г.Зиммель еңбектері бүгінде маңыздылығын жоғалтқан емес.
Конструктивистердің теориясы бойынша ұлттардың тамырын этностардың тарихынан емес, саясаттан іздейді. Белгілі бір саяси, мәдени, тілідік, басқа да мақсат көздеген билік ұлттық мүдделердің бағдарламаларының төңірегінде саяси күштерді, топтарды шоғырландырып, ұлттық мемлекет құрады. Шындығында ұлттар, мемлекеттер де кездейсоқтық дүниелер. Ұлттың территориясы, мәдени, тілдік, психологиялық, шаруашылық ерекшеліктері бар болғаны саяси-хұқықтың нышандарының бейнесі ғана. Адамдар бір-бірінің ортақ хұқы мен алдындағы міндетін мойындағанда ұлтқа айналады. Сонымен, ұлт тарихи қауымдастық емес, саяси күштердің саяси ойынынан пайда болған теориялық құрылым, наным-сенімнен, тілдік әуестілік пен бейімділіктен, еркін таңдаудан туады. Әлемдегі мемлекеттер мен ұлттардың саны сәйкес келмейтіндігін ескере отырып, конструктивистер ұлттарды нақты ұлттар мен потенциалды ұлттар деп екіге жіктейді. Нақты ұлттар мемлекетке ие, ал, екіншілердің мәдениеті төмен, әдет-ғұрпы жабайы. Ал, әрбір мәдениеті дамыған ұлт мемлекеттікке ұмтылады, ұлтшылдыққа шалдығады. Әрбір жабайы мәдениет жетіліп, жоғары мәдениетке қол жеткізуі мүмкін. Ал, кемшіл мәдениет иелері мемлекет болуға үміттенбейді, өмірден оңай ығыстырылады, олар ұлтшыл бола алмайды. Конструктивизм теориясы үшін ұлт қиялы, өмірдегі емес, санадағы қауымдастық. Э.Геллнер «Нации и национализм» [93], Б.Андерсон «Воображаемые сообщества» [94], Э.Хосбаум «Нация и национализм после 1970 г.» [95], еңбектерінде ұлт, ұлттық мемлекет мәселелеріне нақты тарихи оқиғалар негізінде талдау жасайды.
Ұлт мәселесінің көкейкестілігі бүгін сан жағынан тек басым этностарды ғана емес, шағын этникалық топтарды зерттеуді, олардың терминологиялық атауларына зор мән беруді талап етіп отыр. 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы шағын этникалық, діни азшылық топтардың мүддесін адам хұқы аясында қорғау, жанжалдардың алдын алу үшін Жоғары Комиссардың институтын құрды. Себебі олар белгілі бір этностардың бөлігі болып, басқа мемлекеттерде өмір сүреді. Бұл топтарды ғылыми талаптарға сай қалай атауға болады? Және оларға берген атау олардың мәртебесін кемітпейтін, сондай-ақ, саяси-құқық жағынан да айқын болғаны жөн. Терминология тұрғысынан Қазақстандағы татарлар мен Татарстандағы татарлардың мәртебесі әртүрлі. Қазақстандағы татарлар шағын этникалық топ, Татарстандағы татарлар республиканың негізгі байырғы халқы. Ал, енді, Қазақстандағы орыстар шағын этникалық топ мәртебесімен келісе бермейді. Қазақстанда 40 жуық саны 100 шамасында этнографиялық топттар өз мәртебесімен сөзсіз келіседі, оларды этникалық тегіне байланысты сана-сезімінен басқа ұлттық этникалық құндылықтардың нышаны көрінбейді. Кейбір ғылыми публицистикалық мақалаларда көп ұлттымыз деу үшін жоқты бар деп ұсақ этникалық топтарды теріп жүрміз деу негізсіз емес. Мысалы, Қытайда 1950 жылғы халық санағы бойынша 700 ұсақ ұлттық топтар тіркелген, кейін саясат өзгеріп «түзетіліп», олардың саны 30-ға дейін түсірген. Шынында да, ұсақ этнос деп айтуға келмейтіндер.Оның барлығын тіркеп ұлттың санын көбейтудің қажеті жоқ. Ал, әлем қауымдастығы үшін бұл ел қытай ұлты өмір сүретін мемлекет болып қабылданады, қытайлықтар да өздерін солай сезінеді.
Азшылық этникалық топтарға байланысты «диаспора» термині пайдаланады. Бұл ұлттық немесе этникалық тегі бір, тарихи отанынан тыс жерде өмір сүретін шағын топтар. Олар тұрақты, топтасқан, қабылдаған елдің заңын, құндылықтарын мойындаған, билік пен негізгі ұлтпен тиімді қарым-қатынасты орнатқан қауымдастықтар. Олар көптеген мемлекеттердің дамуына ықпал етеді, сол арқылы тарихи отаны туралы да оңды пікір қалыптастырады. Диаспорамен тіл табысу ұлт саясатының маңызды бағыты. Диаспора сонымен бірге ұлттық мәдениет ерекшеліктерін, тілін сақтауға және антропологиялық біртектілік, бет пішінін сақтауға тырсады.
Бүгінде Арменияда тұратын армяндар мен шет елдерде тұратын армяндардың саны бірдейге жуық. Олар Еуропа, Азия және Америка елдерінде тұрып жатыр. Арменияда шамамен 2 млн. жарым армяндар тұрады. 1991 мен 1995 жылдар аралығында Армениядан 1 млн. жуық армяндар қоныс аударған. Тек Ресейде 1 млн. 130 мың армян тұрады [96].
Диаспоралардың тарихи отаны болуы да, болмауы да мүмкін. Әр елде шашырап қоныстанған курдтар, сығандар, тағы басқалар да диаспоралар деп аталады. Дегенмен, диаспораларға кімдер жатады деген сұрақ әрі ғалымдарды ойландырады. Диаспораға басқа ұлттық ортада өмір сүре отырып, ұлттық төл-тума қасиеттерін сақтаған және сақтап қалуға мүдделі этникалық топтар жатады деген пікірмен келісуге болады. Егер, белгілі бір этностық қауымдастықтың өз болмысын сақтауға ішкі ынтасы, сұранысы болмаса, оған ұмтылмаса, басқаға сіңіп бара жатса, оны диаспора деуге болмас. Көптеген диаспоралардың этномәдени бірлестіктері, жерлестік қауымдастықтары, тіпті саяси ұйымдары жұмыс істейді, олар қандастарына әлеуметтік, рухани, саяси жағынан үлкен қолдау көрсетеді. Олардың басын біріктіруде діннің де орны бөлек. Мысалы, әлемде тарыдай шашылып өмір сүретін еврейлер мен армяндардың ұлттық тегін сақтаушы ұлттық діндер. Яғни, диаспоралар сан жағынан мемлекеттік құрушы ұлттан аз, бірақ этномәдени ерекшеліктерін сақтап қалғандар.
Ұлт болып қалыптасу үшін оның территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы болуы керек және ол ұлт осы құндылықтардың иегері болып, соған қожалық етуі тиіс. Сонда-ғана ол ұлт өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын жасап, ұлттық мүддесін қорғап, оны әрі қарай дамытуына мүмкіншілігі болады. Осы пікірмен отандық ғалым Р.Әбсаттаровтың тұжырымы ұштасады, ғалымның пікірінше: Ұлт саясаты өте күрделі, көп қырлы мәселе. 1994 жылы «қазақстандық ұлт» саясат сахнасына шықты. Бұл мәселеге байланысты өзімнің 1995 жылы шыққан «Национальные процессы: особенности и проблемы» атты монографиямда егжей-тегжейлі баяндап, «қазақстандық ұлт» деген термин өмірде жоқ деп айтқанмын. 15 жыл өткен соң әріптестерім осы терминді қайта көтеріп отыр. Кеңес одағы кезінде де «кеңестік ұлт» деген терминді Кеңес одағының1977 жылғы жаңа қабылданған Конистуцияға енгізейік деген ұсыныстар болған. Бірақ қолдау таппады. Өйткені, «кеңестік халық» ұғымы болған, бірақ «кеңестік ұлт» болуы мүмкін емес еді. Өйткені, ол кезде қалыптасып жатқан «кеңестік халық» азаматтық әрі интернационалдық қауымдастық ретінде қалыптасып келе жатқан саяси процесс болатын. Осы қате Қазақстанда қайталанып отыр. Егер Қазақстанда «қазақстандық ұлт» деген термин қалыптасса, онда елімізде тұратын 140 ұлыс пен этникалық топтардың өкілдері жойылуы керек. Егер осы этностардың өкілдерінен өз ұлттарыңызды жойып, «қазақстандық ұлт» болуға қалай қарайсыз деп сұрасақ бірде біреуі келіспес еді. Өйткені, ешкімде өз ұлтын, өз халқын жоюға бармайды. Соның ішінде қазақ халқы да. Егер елімізде «қазақстандық ұлт» қалыптасатын болса, онда қазақ ұлты, оның тілі, әдет-ғұрпы мен мәдениеті ешкімге керек болмай қалады.
«Ұлт» деген ұғымның төрт белгісі бар: тіл, территориялық, экономикалық, мәдениет бірлігі бар әлеуметтік-этникалық қауымдастықтың жоғары формасы.Міне, осы айтылғандардан «қазақстандық ұлт» пен «қазақстандық халық» деген ұғымдардың айырмашылығы көрініп тұр [97].
Қазақстандағы қазақ ұлтын, диаспораларды «қазақстандық ұлт» деп атау орынды десек, бұл айналып келгенде нигилизмге, қазақтардың жерін, тілін, мәдениетін, дінін менсінбеуге, диаспоралардың мүддесімен есептеспеуге әкеледі. Жеке азаматтың қай ұлтқа жататыны ол жеке субьективтік, өзіндік сипаттағы мәселесі, ал ұлттық қауымдастық бұл обьективті, шынайы ақиқат, қиялдағы топ емес. Әлемдегі әр мемлекеттің тірегі ұлттар, олардың саяси-территориялық қауымдастығы, ал, бір ұлт, егер, ол ел халқының 60 пайызынан асса, мемлекет құрушы ұлт болып табылады, себебі сол мемлекеттің ұйытқысы. Сондықтан, көпэтностық мемлекет деген, «ұлттардың мемлекеті» деген қисынсыз пікір [98]. Қазақстандық ұлт жобасы 100 ден астам ұлт мекендеген Қазақстанда тұрақтылықты сақтау үшін өмірге келген болатын. Көптеген ұлттар арсында консенсусты ұстап тұру жолы. Қазақстандық ұлт – өтпелі кезеңнің саясаты болатын. Мемлекет құрушы ұлт басым болуымен бұл идеологиядан бас тартатын кез жетті. Қазақстандық ұлт орнына қазақ ұлты деген сөзді көбірек қолданған абзал.
Қазіргі кезде жер бетінде түгелдей бір тектес ұлттан тұратын мемлекет жоқ десек те болады. Көп мемлекеттерде бірнеше ұлт өмір сүреді, немесе бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бірақта көптеген мемлекеттер сол мемлекетте өмір сүретін ұлттардың біреуінің атымен аталады және ол мемлекет құрушы, титулды ұлт болып саналады. Сондықтан ол мемлекеттің халқы бір ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттық тілінде сөйлеп, алдарына бір ортақ мақсат қойып, сол үшін күреседі. Соңғы отыз жылдай мерзімде басталған жаһандану процесі ұлттық мәселелерге түбегейлі өзгерістер енгізді. «Ұлт», «этнос», «жергілікті, автохонды этнос», «титулды этнос», «ұлт мәселесі» т.б. негізгі парадигмаларды өзгерген қоғам талабына сәйкес қайтадан зерттеу міндеті тұр. Мысалы, 1939 жылы өткен халық санағында Кеңес Одағында 193 этнос, ал 1959 жылы 135 ұлт пен ұлыс ресми тіркелген. Немесе 20 жыл ішінде 60-қа жуық саны аз этностық топтар жойылып, ассимиляцияланып кеткен [99]. Жаһандану заманында көп этностық мемлекеттерде ірі титулды этностардың аз санды топтарды ассимиляциялау арқылы жұту саясаты толастар емес. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде аз санды халықтар қоғамның объективті талаптарына сәйкес, көп санды, басым Ұлттың мәдениетін, тілін, дәстүрлерін еріксіз қабылдауға мәжбүр. Демократиялық қоғам талаптарының өзі аз санды топтардың этностық мұқтаждықтарынан гөрі, титулдық этностың мұқтаждықтарын бірінші кезекке қойдырып отыр.
Ғылыми әдебиетте мемелекеттің ежелгі тұрғындары, байырғы, тұрғылықты халқы деген атау кең тараған. Бірақ, Ресейдің отарлаушы саясатының ықпалымен қазақ жеріне, басқа елдерге қоныс аударған орыстарда өздерін байырғымыз, бірнеше ұрпақ осы жерде туып өсті дейді. Тіпті, күні кеше солтүстік өңірлерге қоныс аударғандар өздерін байырғы тың игерушілерміз дейді. Ежелгі тұрғындарды, қазақтарды байырғы халық деп атауды қолдамайтындар «байырғы» сөзінің астарында қазақтарға ерекше артықшылық береді деп меңзейтіндер бар. Сондықтан, ғылымға титулды, титулды емес халықтар деген ұғым енгізілді. Бірақ, титул деген сөз де князь, граф, барон сияқты құрмет атақ иелерін, еңбегін, қызметін мойындап берілетін әскери лауазымды да білдіреді. Байырғы немесе титулды ұлт дегеніміз сол елдің ежелгі халқының атауы, оның байырғы тілі, мәдениеті, салты, дәстүрі, діні, ата мекені, ұлттың бұрынғы өткен дәуірден бастау алатын түп-негізін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында біздің мемлекеттің «байырғы қазақ жерінде» құрылғанына әдейі назар аударған [90].
Ұлттық-этникалық қауымдастықтар саласындағы терминологиялық пікірталас ұлт феноменінің күрделілігінен туындайды.
Қорыта айтқанда, ұлттың табиғатын бір ғана фактормен байланыстыру ғылыми тұрғыда тұйыққа тірейді. Ол тұйықтан шығу жол – ұлттың табиғатының күрделілігін түсінуде. Дін, тіл, табиғат, территория, мәдениет, дәстүр, бет бейне, мінез-құлық мемлекет этнос дамуының әр кезеңінде әр түрлі ықпал, әрекет жасап, түрліше қызмет атқарады. Әлеуметтік-саяси және табиғи-биологиялық факторлар бір-бірін үйлесімді толықтырып, қайталанбас, соны этникалық организмнің негізі болады.
Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс.
Мемлекет құрушы ұлт-белгілі бір мемлекеттің халқының негізгі бөлігін құрайтын, мемлекеттің ресми атауы мен мәнін, бағыт-бағдарын айқындаушы ұлт. Бұл мемлекет құрушы ұлттың табиғи әрі заңды артықшылық жағдайы, мақсат-мұраты, ұлттық өмір салты, талап-тілектері барлық жағынан қорғалуға, кеңінен қолдауға ие болуы тиіс. Мемлекет құрушы ұлт ұғымын «Титулды ұлт» атауымен ең алғаш болып ХІХ ғасырдың соңғы шенінде әйгілі француз ақыны және ұлттық қозғалыстың саяси қайраткері М.Баррес енгізген [100].
М.Баррестің тұжырымы бойынша, доминантты этникалық топтың тілі мен мәдениеті мемлекеттің діңгегін құрайтын болса, бұл титулды ұлт саналады. Бұл ретте Баррес «титулды ұлт» ұғымын ұлттық азшылықты құрайтын этникалық топ өкілдерінен аражігін нақты бөліп қарастырып, әрқайсысына тиесілі міндет-жауапкершіліктерді айқындап береді
КСРО ыдырауымен қолданысқа ене бастаған, мемлекет құрушы ұлт ұғымы төңірегіңде ғылыми ойлар ортаға шығуда. Мемлекет құрушы ұлт ұғымы 1991 жылдары КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде ғылыми қолданысқа енді деп саналады [10].
Қазақстандық ғалым, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Н.Иреновтің пікірінше 1991 жылы Ресей Федерациясы құрамына ұлттық ерекшеліктеріне байланысты 21 республиканың бірігуі тұсынан аталмыш ұғым ғылыми публицистикада қолданысқа ене бастады. Мемлекет құрушы ұлт деп өзінің тарихи өмір сүру кезеңінде нақты бір кеңістікте: территория, ұлттық экономика, тіл, қоғамдық сананың т.б. қалыптасуына қомақты үлес қосқан ұлтты айтамыз.
Қазақстандық ғалым саяси ғылымдарының докторы Р. Арын өз ғылыми зерттеулерінде «титулды ұлт», «мемлекет құрушы ұлт» ұғымына «төл этнос» ұғымын балама ретінде қолданады [102]. Стокгольм халықаралық институтының мәліметтері бойынша әлемдегі 1990 жылдардың ортасындағы барлық әскери қақтығыстардың 70 пайыз астамы этностар арасында болғанын ескерсек [103]. Барлық елдерде төл этностар мәселесін зерттеу өте өзекті. В.Дальдың анықтамасы бойынша этнос бұл индустриалды, капиталистік қоғамдарды құру негізінде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық тұтастық болып келетін экономикалық, тілдер байланысы, мәдениеттің, психикалық қатпардың және этникалық өзіндік сананың кейбір ерекшеліктері, қауымдар аумағы негізінде қалыптасып, қабылданатын этностардың тарихи түрі.
Ал «төл этнос» терминінің өзектілігі КСРО ыдырағаннан кейін Ресей Федерациялық субъектілері мемлекетке атауы берілген этносты немесе этностық бірлестігі полиэтникалық мемлекет құрамында құрылуы: Автономиялық республика, Автономиялық облыс, Автономиялық аймақ және т.б. құрылған кезеңде 1991 жылы айқын байқалды [104].
Екіншіден, «төл» терминін «түпкілікті» терминімен байланыстырады. Алайда, соңғысынан айырмашылығы осы этностық-мемлекеттің құрамында мекендейтін барлық түпкілікті халықтар жиынтығы деп түсінуге болады, «төл» термині тек қана сол этностың этнонимінде берілген этностық –мемлекеттік құрылымында өрнектелген [105] яғни мемлекетке, автономиялы республикаға, облысқа, аймаққа атын берген этносты төл этнос деп атаймыз.
Публицистер өздерінің кейбір түсініктерге, этностық сұрақтарға байланысты келіспеушіліктерін жиі білдіреді, олар: «төл этнос», «жергілікті этнос», «қазақ жері», «мемлекет құрушы ұлт» және т.б. Авторлардың бұл түсініктердің жаңа анықтамасының тұжырымдамасы республикадағы этносаралық қатынастарын шиеленістіреді деп айтқандары да ақталмады деп санаймыз. Барлық диаспоралардың өкілдері қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси әрі мәдениетінің табысты дамуы, этностық сұрақтарды шешудің негізін салушы және басты біріктіруші ядросы ел тұрғындарының үлкен бөлігін қазақ этносы құрайтынына, толық түсіністікпен қарағандары дұрыс болар.
Бұрынғыша кеңестен кейінгі посттоталитарлық кеңістікте мемлекет құрушы ұлттың да нақты анықталған мәртебесі белгіленбеген. Біздің ғылыми әдебиеттер этникалық қауымды территориялық, экономикалық бірлік ретінде, тілдік, мәдениеттік, психологиялық т.с.с. құрылым ретінде түсінік береді, ал бүгінгі күні Батыста оны бәрінен де бұрын азаматтық-саяси қауым деп түсінеді.
Ғылыми зерттеу тақырыбы аясында 2012 жылдың 3-22 маусым аралығында Павлодар, Ақтөбе, Астана және Шымкент қалалары бойынша сапалы әдіспен 40 сарапшымен сауалнама арқылы тереңдетілген сұхбат жүргізілді. Сарапшылар қатарында: көші қон мәселесімен тікелей байланысты мемлекет органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар басшылары, көші қон тақырыбың зерттеп жүрген ғалымдармен және елге оралған қандастар қамтылды [Қосымша А].
Достарыңызбен бөлісу: |