Байғабылов нұрлан оралбайұлы атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі



бет9/11
Дата23.02.2016
өлшемі11.38 Mb.
#7137
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Аталған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді ұрпақ тәрбиеленіп елдің егемендігінің, саяси және экономикалық дамуының негізіне айналар.
3.3 Елге оралған қазақтардың әлеуметтік және саяси-экономикалық саладағы сәйкестенуі

Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап ХХ ғасырдағы Қазан революциясына дейiнгi кезеңде көшпелi мал шаруашылығына негiзделді. Кеңестік кезеңде жоспарлы экономика болса, бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы нарықтық экономикаға құрылған.

Экономикамен қатар аталатын әлеуметтік сала - таптар мен әлеуметтік топтардың, ұлттар мен халықтардың мүдделерін, қоғам мен тұлғаның ара қатынысын, тұрмыс пен еңбек, денсаулық пен босуақытты қамтитын қоғамның негізгі салаларының бірі. Қазақстан Республикасы Президенті 2012 жылғы 27 қаңтарда «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту–Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандық жолдың жаңа кезеңі - ол экономиканы нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа міндеттер екенін атап өтті. Қазіргі әлемде бұл әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі мәселесі. Қазақстан үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген 2012-2016 жылдар аралығын қамтитын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жоспарында барлық сала бойынша жыл сайын тұрақты өсімге қол жеткізу мақсаты көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның таяу онжылдықтағы дамуының басты бағыты [193].

Бүгінде әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-иновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады.

Атамекенге оралған қандастардың әлеуметтік ахуалын оңтайландыруда 2009-2011 жылдары жүзеге асқан «Нұрлы көш» бағдарламасы жағымды әсер етті деп санайды құзырлы орган өкілдері. Өз тарапымыздан аталмыш бағдарламаға сараптама жасасақ, «Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты – адам аз қоныстанған солтүстік, шығыс және батыс облыстар мен шекара аймақтарды қамту болатын. 2009-2011 жылдар аралығында «Нұрлы көш» бағдарламасы Шымкенттен бастау алып, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақтау және Алматы облыстарында жүзеге асырылды. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласындағы «Асар» шағын ауданында сәтті жалғасын тапты. Үкімет бұл жобаны қолға алғанда, осы «Асар» шағын ауданының тәжірибесін ескерген болатын. Бұдан кейін жобаға үш жыл ішінде – 200 миллиардтай теңге бөлінді. Шығыс Қазақстан облысында бұл бағдарлама бойынша, 403 пәтер салынған. Олар Курчатов қаласы, Новоявленко селосы. Өскемен қаласының маңында Ертістің сол жағалауында 110 га аумақта 7000 үй салу көзделген. Шымкентте 2011 жылдың 13 қазанында бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 650 адамның өтініші түскен, олардың 465-імен келіссім шартқа қол қойылып, 239 үй тұрғызылып, 138 үйдің құрылысы пайдаға берілген. Ақтөбе облысында бұл жоба бойынша Хромтау ауданының Көктау-2 ауылында 75 коттедж бой көтерген. Бұл облысқа 3 мың отбасын қабылдау үшін үш жылға 1-1,2 миллиард теңге бөлінген. Батыс Қазақстан облысының Зеленовск ауданы Балаган ауылында 100 үйдің құрылысы басталған. Сондай-ақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылған аумақтарда оралмандарды жұмыспен қамту көзделген. Әрі әрбір ауылдың жанынан мектеп, бала бақша және акушерлік пункт салына бастаған. Мәселен Шығыс Қазақстан облысының Новоявленко ауылында 600 орындық мектеп, Батыс Қазақстан облысының Балаған ауылында 192 орындық мектеп пен 75 орындық бала бақшаның, 35 орындық акушерлік пункттің жобасы қолға алынған. Шымкентте тұрғызылған үйлермен қатар жылыжайлар салынған. Ол жылыжайлардан жылына 12000 доллардың табысын табу көзделген [Қосымша Б фотосуреттер]. Бір ескерте кететіні - бұл үйлер тегін берілмейді. Оралмандарға 15 жылға, «Тұрғын үй жинақ» банкіден 5,5 % үстемақымен несиеге беріледі. Бірақ олардың көңілін су сепкендей басқаны – біріншіден, жұмыспен қамту мәселесінің ойдағыдай болмағаны, екіншіден салынған үйлердің сапасыздығы. Мәселен Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылының жанынан тұрғызылған 272 үйге «Нұрлы көш» ауылы деген ат беріліпті. Өйткені бұл үйлер Красный Яр ауылына ресми түрде өткізілмеген. Сол себепті де оларды қанатының астына алған ешкім жоқ. Ал үйлердің қақыраған аязға төтеп бермей, жарылып кеткендігі, 30-40 градус аязға сай салынбағандығы бұған дейін баспасөз беттерінде көп айтылды. Сол кездегі Ақмола облысының әкімі өзі бас болып барып, үйлерді жөндеуден өткізіп, оны салған «Сарыарқа» коммуналдық мекемесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді мәжбүрлегені мәлім. Дәл осындай проблема Шығыс Қазақстан облысындағы Новоявленко ауылы және Курчатов қалаларында да бой көтерді.

«Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты – адам аз қоныстанған солтүстік, шығыс және батыс облыстар мен шекара аймақтарды қамту болатын. Сол мақсатпен бұл жоба Павлодар және Қостанай облыстарында да қолға алынуы тиіс еді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облысындағы филиалының жетекшісі Болат Заут Павлодарда бұл бағдарламаның қолға алынбағанын айтса, Қостанай облысының басшылары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынуға тиісті үйлерден бас тартып, 551 миллион теңгені үкімет қоржынына қайтарған екен. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінде егжей тегжейлі жазылған. Қостанай облысының Тұрғын үй қатынастары жөніндегі агенттігі Қостанайда салынатын үйдің бір шаршы метрі 90 мың теңге, яғни 600 АҚШ долларына тең екендігін жаза отырып, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, салынуға тиісті үйлердің бір шаршы метрі 56515 теңгеге бағаланған, оны ешкім салуға дауаламай отыр: «Шаршы метрі 56 мың тұратын жөні түзу баспана салып көріңдерші. Бізде қазір 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгені құрайды, орта есеппен 90 мың дейік. Ал басқа бағаға біз үй тұрғыза алмаймыз», – дейді облыс әкімі С.Кулагин. Осыны негізге алған жергілікті билік «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Қостанайға бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруды жөн көріпті. Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары В.Мейстер: «Нұрлы көштің» 551 миллион теңге қаржысын біз өз еркімізбен қайтардық. Инженерлік желілерді қалдырдық, себебі басқа жүйеге қайта қарастырып берді. Бірде-бір мердігер 90 мыңнан төмен бағаға үй салуға келіскен жоқ», – дейді. Осылайша, «ұлттық шоғырлану процесінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен өзара келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етуге» бағытталған «Нұрлы көштің» Қостанайдағы жыры жергілікті билік үшін оңай, ал атамекенге оралуды аңсаған отандастар үшін өкінішпен аяқталды.

Біз зерттеу барысында сарапшыларға «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асуына сіздің көзқарасыңыз қандай, бағдарламаның жүзеге асуына көңіліңіз толама?» деген сауал қойылды.

Басым бөлігін мемлекеттік және қоғамдық қызметпен айналысатын сарапшылар құраған топ пікірі негізінен төмендегідей:



  • «Нұрлы көш» бағдарламасы жақсы нәтиже беруде»;

  • «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында ішкі және сыртқы этникалық миграция үрдісі реттелді;

  • Бағдарлама арқылы елге жоғары сапалы мамандар тартылды;

  • демографиялық ахуал реттелді.

Ал атамекеніне оралған сарапшылар қатарындағы қандастардың пікірі бойынша:

  • «Нұрлы көш» бағдарламасы оңды;

  • оның басты бір көмегі тұрғын үй береді;

  • бірақ бұрын тегін болса қазір несиеге, осы несие үшін оралмандардың көбі қарызға кіргісі келмей тартыншақтап отыр;

«Нұрлы көш» бағдарламасы жайлы, оралмандардың тарихи отанында бейімделуі барысындағы тұрғын үй мәселесің шешу мақсатында оралмандар арасында экономикалық, заңды - саяси сауатты танымдық шараларың жүргізу қажет.

Көші-қон мәселелерімен нақты айналысатын мекеменің жоқтығынан «Нұрлы көш» бағдарламасы жайында нақты мәлімет алу қиын. 2011 жылы 25 мамырда Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін бастау қажеттігін айтқан болатын. Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашев кейін бір сұхбатында:

–Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы «Мен Үкіметке тапсырма беріп, «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін жасауды тапсырамын» дегенді айтқан еді. Сол бағдарлама қазір жасалып жатыр. Аманшылық болса, 2012 жылдың бірінші тоқсанында Көші-қон комитеті сол бағдарламаның жобасын Үкіметке тапсыруы керек, – деген болатын. 2012 жылы Астана қаласында өткен алқа отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова «Нұрлы көш» бағдарламасының әрі қарай жалғаспайтынын мәлімдей отырып, оралманды жұмыспен қамту «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асатынын мәлімдеген. Бұл тек жекелеген бағдарламаның аяқталғанын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге осыдан 20 жыл бұрын атажұртқа риясыз ағылған қазақ көшінің тежелгенінің бір дәлелі.

Атамекенге орлаған қандастар тарапынан Қазақстан қоғамының саяси өмірінде өзіндік белсенділіктерің байқатып жүргендер аз емес. Танымал ғалым, мәдениет қайраткерлері, жазушылармен қатар Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Бодаухан, Р.Айыпұлы, Б.Зауытұлы, А.Амантай, Е.Кәпқызы және Республикалық «Нұр-қоныс» әйелдер қоғамының жетекшісі З. Аллабергенова Шымкенттік «оралман» қоғамының жетекшісі З.Солтановалар оралман мәселесін, қазақ көші жағдайы жайлы үнемі қандастарымыздың мәселесін жоғарғы үкімет деңгейінде көтеріп қоғам назарын аталған проблемаға аударуда үлес қосып жүр.

Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі құқықтық кеңес беру, әлеуметтік, ақпараттық танымдық тұрғыда құрылған болатын. Осы жылдар аралығында бірлестік мемлекеттік көші-қон саясаты мен оның құқықтық базасының жетілдірілуі, көші-қон саясатының ақпараттық дамуы, оралмандардың жаңа ортаға бейімделіп кетуі тұрғысындағы біршама істерді өз деңгейінде атқарып шықты. Қазір республиканың он бір аумағында бөлімшелері бар. Астана, Алматы қалаларында, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы ақпараттық орталықтары ашылды. Сонымен қатар, еларалық «Көш» газеті жарық көреді, www.atameken-asar.com веб-порталымыз жұмыс істеп тұр. Жақында «Еңселі ел» атты жаңа журнал шығарып, болашақта да елдің саяси өмірінде жоспарлаған жұмыстарымыз өте көп. Бұл нақты әрекеттің өзі тарихи атамекеніне оралған қандастардың қазақ қоғамында сәйкестену үрдісі оңтайлы жүріп жатқанының бір айғағы.

Қазақстандық қоғамның экономикалық-әлеуметтік әлеуеті әлемдік деңгейде алдыңғы орында саналады. Қазақстан өнеркәсібі шикізат әлеуетінің сапасы мен қорымен әлемдік сұранысқа ие. Қазақстан ірі отын-энергетикалық өңір болып табылады.

Елдің 2012-2016 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында айқындалған әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы индикаторларына қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Мемлекет жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2012-2014 жылдары бюджет шығыстары саясатының негізгі басымдықтары:

1) Индустрияландыру бағдарламасы мен қатар алдыңғы орында 2) Әлеуметтік саланы жаңғырту. Бірінші кезекте денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» және Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламалары, «Балапан» бағдарламасы және жұмыспен қамту 2020 бағдарламаласының іс-шараларын қаржыландыру жүзеге асырылатын болады.

Әлеуметтік инфрақұрылымдарды (балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды, поликлиникаларды), Назарбаев интелектуалды мектептері желілерін, әлемдік деңгейдегі «Кәсіпқор» холдингі колледждерін, кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша аймақаралық орталықтарды одан әрі дамыту, сондай-ақ Назарбаев Университетінің құрылысы жалғасатын болады.

3) Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту. Аталған бағыттың шеңберінде 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың, 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму», 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ-Бұлақ» бағдарламаларын іске асыру басым бағыттар болады [194].

Елдің 2012-2016 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында айқындалған әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы индикаторларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары 2010 жылдан бастап 2019 жылды қоса алғандағы аралықты қамтитын «Қазақстан-2030» стратегиясын іске асырудың келесі кезеңі болмақ.

«Стратегиялық жоспар 2010-ды іске асырылудың аяқталу мерзіміне қарай және Стратегиялық жоспар-2020-ны әзірлеу кезеңінде дамудың сыртқы жағдайлары елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазақстан соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаһандық дағдарысқа қарсы тұруға беттеді. Экономикалық айналымның әсер етуі, бірінші кезекте, ағымдағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалы ұлттық экономиканың әлемдік немесе өңірлік дағдарыстардың келеңсіз салдарларына төтеп беруін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру қажеттілігін анықтайды. Елдің дағдарыстан кейінгі дамуы үшін жағдайлар жасайтын бірінші кезектегі шаралар іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, елдің қаржы жүйесін нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға шоғырландырылады. Экономиканың сапалы өсуі елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін физикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, адами ресурстарды дамытуға және институционалдық базаны нығайтуға негізделеді. Әлеуметтік қорғалу, ішкі тұрақтылық және үйлестірілген сыртқы саясат мәселелері таяудағы онжылдықта елдің даму басымдықтарының қатарында сақталатын болады. Әртараптандырылған экономиканың негізінде ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру Стратегиялық жоспар - 2020-ны іске асырудың басты жетістігі болады» делінген [195] Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында.



Қазақстан қоғамында жан-жақты айтылып, қолданыста жүрген инновациялық экономика – ол жоғары сапалы өмір, интеллект, білім, ғылым және жоғары сапалы адам капиталы. Адам капиталы – ол дамудың келесі жоғарғы сатысы, инновациялық экономика мен білім экономикасын қалыптастыратын және дамытатын негізгі фактор.

Экономикалық стратегияның бағытын, басымдылығын таңдауда жеткізуші мақсатты қойылымды анықтап, әлемдік тенденцияларды ескеру арқылы қоғамдық өмір мен экономикада не болып жатқанын түсінген дұрыс. Қазіргі таңда қоғамдық дамудың басты факторы ғылыми-техникалық прогресс емес, адам сапасы болып отыр. Қазіргі экономикалық жағдайда шешуші рөл адамдікі, сол себепті адам капиталын жан-жақты қолдану қажеттігі туындайды.

2011 жылы 24 наурыз бен 4-ші сәуірі аралығында Павлодарлық «Логос» қоғамдық бірлестігнің Қазақстанның барлық облыс орталықтарында мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік- экономикалық жағдайын, тұрғындардың әл-ауқаттылығын және көңіл-күйін жақсартумен байланысты мәселелерді анықтау мақсатындағы сандық әдіспен жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, тіршілік әрекетінің әртүрлі аспектілеріне қатысты, оның ішінде соңғы жылдардағы әлеуметтік және материалдық жағдайының өзгеру үрдісі, төл этнос өкілдерінің саяси әлеуметтенуі мен саяси мәдениеті, басқа мәдениеттер мен этнос өкілдерімен қатынасы, қазақ этносының өзін-өзі билеуі және мәдени ұқсастығына қатысты белгілі мөлшерде ақпараттар анықталып өңделген.

Сауалнама барысында [138], Қазақстан Республикасының төл этносы өкілдерін бәрінен де бұрын келесі мәселелер мазалайтыны анықталған: сұралғандардың 40%, еңбекақы мен зейнетақының төмен деңгейін, маскүнемдік және нашақорлықты – 33,3%, тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінің жоқтығын – 30%, медициналық қызмет көрсету деңгейін – 23,3%, тауар мен қызмет көрсету бағасының жоғарылығын – 16,7%, құндылық, моралдық деңгейдің төмендеуі – 16,7%, қылмыстылық – 13,3%, мектепке дейінгі мекемелердің қиыншылықтарын (бала бақшалары) – 13,3%, білім беру жүйесінің жағдайын – 10%, қоршаған ортаның ластануын – 10%, жұмыссыздықты – 6,7%, бюрократиялық озбырлықты – 6,7%, өмір сүруге қалыпты жағдайдың жоқтығын – 6,7%, болашаққа деген сенімсіздікті – 6,7%, әскердің хал-ахуалын – 6,7%, тұтынушылар құқығын қорғауды – 3,3%, этносаралық қатынасты – 3,3%, балалардың бақылаусыздығын – 3,3%, өңір мәселесіне жергілікті биліктің көңіл бөлмеуін – 3,3% белгілеген.

Зерттеу нәтижесі талдауынан тұрғындардың көбін бәрінен да бұрын материалдық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер мазалайтынын және сол мәселелердің өзекті екендігін көреміз, ал саясат және басқа да ғаламдық мәселелермен байланысты жайттар, мысалы, экологиялық мәселелер респонденттердің бағалауы бойынша екінші орында болып отыр.

Респонденттердің көбінің пікірі бойынша, тұрғындарды мазалайтын мәселелерді төмендегілер шеше алады: Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі - 76,7%, адам өзінің күшімен - 15%, кәсіпорын жетекшілері - 6,7%, тұрғындарды мазалайтын мәселелердің Қазақстан Республикасының Мәжілісі, облыстық, қалалық маслихаттары және басқа да қоғамдық ұйымдары тең мөлшерде яғни 3,3% - дан шешуі мүмкін.

Яғни, тұрғындар әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді шешуде негізінен Үкіметке сүйенетінін, төл этностың кейбір өкілдері өздерінің күштеріне сенетінін, респоденттердің бір бөлігі мәселені шешуде кәсіпорындар мен ұйымдардың жетекшілеріне сүйенетінін көреміз. Тұрғындардың маңызды мәселелерін шешуде сұралғандар партияға, бұқаралық ақпарат құралдарына, кәсіподаққа, кәсіпкерлерге сүйене алмайды.

Зерттеу нәтижесі бойынша, тұрғындардың ішінде мемлекет құрушы ұлтқа әлеуметтік-экономикалық салада болып жатқан өзгерістерге оң қарау, болашаққа деген сенім, республиканың саяси бағытын қолдау тән, сондай-ақ олардың әлеуметтік жағдайлары мен өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылыстары байқалады.

Зерттеу нәтижесі бойынша сұралғандардың көбі барлық қазақстандық қоғамының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін жеке тұлғаның дамуы қажеттігін атаған.

Әлеуметтік зерттеу нәтижесі Республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдай дамуды қажет ететіндігін көрсетеді. Респонденттердің негізгі бөлігі әлеуметтік жағдайында өзгерістер болмағанын атап өткен. Әлеуметтік сала қашан да қаражат жұмсауды талап етеді. Этностардың тілдік, мәдени, демографиялық, экономикалық, саяси сұраныстар билікпен қорғалып және қанағаттандырылып отырылуы керек. Дер кезінде қажетті шешім қабылданған жағдайда олар келеңсіз жәйттерге апаруы мүмкін. Сол кезде мемлекет одан бірнеше есе қаржы шығаруға мәжбүр болып, талай беделінен айырылуы мүмкін. Оған жол бермеуге тырысу керек. Адамның қалыптасуына мықты әсер ететін сала, ол әлеуметтік сала болып саналады.

Зерттеу барысында алынған мәліметтер төл этнос респонденттерінің болашаққа деген жоғары рухани сенімі, үміті бар екендігін, респоденттердің болашақта мемлекеттік институттардың үйлесімді өзара әрекетіне, әлеуметтік саладағы дұрыс қызмет механизміне, азаматтық қоғамның құрылымына және дамуына, сондай-ақ халықтың өзінің еңбексүйгіштігі мен ынтасына байланысты екендігіне сенетіндіктерін көреміз.



Тәуелсіз елдің адамдары ой-санасы азат, намысы шыңдалған күрескер болуы қажет. Осы тұста зерделі ұлт мәселесі шығады, ол санасы бодандық құрсауынан арылған, әлемдік өркениеттің көш басында жүретін, көне түріктерден келе жатқан «Мәңгі ел» идеясын іскеасыратын күрескер ұлт. Ондай ұлт болу үшін мемлекет құрушы қазақтар басқаларға мемлекеттік институттар мен мәдениетті (білім, ғылым, өнер...) дамыту, ел мүддесі үшін және сыбайлас жемқорлықпен күрес, жалпы өркениеттілік мәселесі, Ел мен Жерді қорғауда үлгі болулары керек. Бүгінде мемлекетқұрушы ұлттың негізін қалап, нығайтып отырған қомақты күш ол тарихи атамекеніне оралған этникалық қазақтар. Қазақстанда адами каптиалды күшейтуде, сапалық тұрғыда оралмандардың үлес қосып жатқаны әлеуметтік шындық.

Ел экономикасында жетекші сала ретінде кәсіпкерлік бағыты бүгінде қарқынды дамуда, осы тұста оралман кәсіпкерлердің ахуалын білу мақсатында зерттеу жұмысы барысында: «Шетелдерден тарихи Отанына келген оралмандардың кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі бар ма? Олар елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде оралман ағайындар сырт қалмады ма?» деген сауалдарға жауап іздедік.



Шығыс Қазақстан облысында БҰҰ ның «Оралмандардың әлеуметтік және экономикалық ынтымақтасуын ілгерілету» жобасының менеджері Думан Жампейсовтің айтуынша, оралман ағайындардың мемлекеттік қызметке орналасуына көбінесе олардың орыс тілін білмеуі, дипломдық жағдайы кедергі келтіреді. Сондықтан да оралмандар үшін ауыл шаруашылығымен және кәсіпкерлікпен айналысу тиімді. Шағын және орта кәсіпкерлік халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға айтарлықтай әсер етеді деп күтілуде. Осыған байланысты кредиттерге кепілдік беру және кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау сияқты құралдар айтарлықтай танымал және экономиканың қандай да бір секторын дамыту мен қолдау мақсатында қолданылады. Бірақ, жаңадан бизнес ашуға талпынған оралмандар екінші деңгейлі банктерден несие сұраса, банк жұмыс істеп тұрған бизнесің бар екендігін дәлелдеуді талап етеді. 7 % дан аспайтын өсіммен 5 жылға дейінгі мерзімге 3 миллион теңгеге дейін несие алудың да өзіндік тәртібі бар. Ол үшін алдымен бизнес-жоспарыңызды құрып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіңіз керек. Сонда ғана екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» қорынан қаржы ала аласыз. Ауылда тұратындардың үйін, кеңестік кезеңнен қалған техниканы банктің кепілге алмайтыны тағы бір кедергі ретінде проблема шетін шығарады.

ШҚО Семей қаласы жұмыспен қамту орталығының бас маманы Мәулет Рақымбекұлы: - Оралмандардың кәсіпкерлікпен айналыссам деген идеяларына қолұшын берсек деген ниеттеміз. Ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға байланысты 81 жоба дайын тұр. Оның 46-сы таяуда рұқсат алуға тиіс. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы пилоттық жобасы қолға алынды,- дей келіп, осы пилоттық жобаның бір тармағы - 3 кезеңнен (оқыту, қайта даярлау, мамандықты жоғарылату) тұратын “Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының алдағы мақсат-міндетіне тоқталды.

Семей қаласы әкімінің оралмандар мәселелері жөніндегі өкілі Қ.Құндақов оралмандарға мемлекет тарапынан жеңілдікпен несие де берілмейтінін, тек «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған үйден басқа еш көмек жоқ екенін алға тартты.

Оралмандар үшін Қазақстан атамекені болғанымен, жаңа келген адам үшін ол әлі бейтаныс орта. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғалы 20 жыл болса да, бізде орыс тілінің күні бүгінге дейін әр салада қолданыста басымдырақ. Сондықтан қай мекемеге барса да, мемлекеттік тілді білмейтін шенеуікпен түсінісу мүмкін емес.

Қарызданып жүріп квотаға қол жеткізіп, тиесілі қаражатын алған оралманның қолында қалған тиын-тебен үй алуды былай қойғанда, киер киім, ішер тамақтан аспай қалады (Мысалы, оралман отбасының жаңа ортадағы өмір тіршілігінің негізі болып табылатын тұрғын үй, жұмыс мәселесі түбегейлі шешілмеген. Бүгінгі күні оралман отбасының 1 мүшесіне берілетін орта есеппен 160 мың теңге мөлшеріндегі қаражат жетімсіз, оған қала не ауылдық жерден баспана сатып алу мүмкін емес).

Шешімін таппаған өзекті мәселелер баршылық. Дегенмен оралман қауым дерлік нарықтық өзгерту барысында туындаған қиындықтарды, тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін жергілікті халықпен бірге көріп, жаңа ортаға бейімделіп, қалыптасып жатыр. Кеше, алғашқы көш басталғанда туған бала бүгін кәмелет жасына толып, егеменді елмен бірге есейіп ер жетуде. Оралмандар өздерінің еңбекқорлығы және ізденгіштігімен ерекшеленіп, соның нәтижесінде әлеуметтік бейімделу жағынан нақты жетістіктерге қол жеткізуде.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында [193] Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықты жұмыспен қамту бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыруға көшу керек деген міндет қойды. «Үкімет пен әкімдерге ағымдағы жылы осы бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл жерде ауылдарда жұмыс істейтін халықты шағын несиелермен қамтамасыз ету туралы сөз қозғалып отыр. Қалада жұмыс істегісі келетін адамдарды мемлекет есебінен оқытып, жұмысқа орналастыру керек. Бағдарлама аяқталатын 2020 жылға қарай біз 1,5 млн. адамда сапалы жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Аталған шаралардың іске асуы оралған ағайындар мәселесінің шешілуіне зор ықпал етпек.

Зерттеу жұмысы барысында Оңтүстік Қазақстаннан алынған мәліметке сүйенсек: «Оралмандарды жұмыспен қамту, оларды заманауи қажетті мамандықтар бойынша қайта оқыту, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік туғызу тұрғысында нақты шаралар нәтижесі аз» деген пікір білдіреді оңтүстік оралман ағайындар. Мысалы «оңтүстік Қазақстан облысы бойынша шетелдерден көшіп келген 14 мыңға жуық еңбек жасындағы қандастарымыздың 67 %-ы жұмыссыз, биылғы жылы көшіп келген 230-дан астам еңбек жасындағы оралмандардың жұмысқа орналасқаны 10 адам».

Зерттеу жұмысы барысындағы түйін:


  • Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру, шетелдік жұмысшыларды шақырудың ұлттық мүддеге қайшы келмеуін және еліміздегі жұмыссыздықтың көбеюіне әсер етпеуін қамтамасыз ету;

  • ішкі көші-қонның мәселелеріне арналған арнайы заң қабылдау және ішкі көші-қон толқынын реттеу мақсатында ауылдық жерлердің экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешу;

  • жоғары білімді инженерлер мен менеджерлерді, кәсіби жұмысшыларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесін құру арқылы Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік мамандарды ұлттық мамандармен ауыстыру;

  • елімізде орын алып жатқан урбанизациялық процестерге мемлекеттік қолдау көрсету, қалаға келіп жатқан азаматтарды қоныстандыру және әлеуметтендіру үшін арнайы мемлекеттік бағдарламаны қабылдау қажет.

Батыс Қазақстан бойынша Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бас маманы С.Сабрасова «Бизнес жол картасы – 2020» атты арнайы бағдарламаға сәйкес студенттердің оқу ақысы мен жұмысқа орналасуы қамтылатындығын хабардар етті. Аз қамтылған оралман жанұя балалары үшін де жағдай жасалған. Атыраудағы «Көкарна ықшам ауданында тұрақты көшіп келген оралман қандастар балаларының саны 700-ден астам. Сондықтан бұл жерде арнайы мектеп, балабақша салу қарастырылса» деген ағайындар тарапынан тілектері, этникалық қазақтар тарапынан демографияны яғни адами капиталды ұлғайтуға қосқан үлестерің байқаймыз, бұл сынды мысал зерттеу жұымысы барысында орталық Қазақстандада тағы бір көз жеткіздік. Тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолиядағы ағайындарымыз тарихи атамекенге қарай Ұлы көшті бұрғанда Қарағанды облысының Осакаров ауданына ондаған отбасы қоныс тепкен болатын. Ал астанамыз Алматыдан Ақмолаға ойысатыны жөнінде нақты дерек тарағанда бұл ауданға қандастарымыз көптеп келе бастаған. 1980-жылдардың ортасында Осакаровта небәрі 5-6 % қазақ жайлағанын ескерсек, бүгінгі күні тек оралмандар 500-ден астам отбасына жетті. Атап айтар болсақ, Моңғол Халық Республикасынан 512, Өзбекстаннан 19, Қытай Халық Республикасынан 10, Ресейден 5, Қырғызстан Республикасынан 15 отбасы көшіп келген. Олардың 1357-сі ер, 1453-і әйел, 1140-ы кәмелетке толмағандар. Ауданда оралмандардың 19 фермерлігі мен шаруақожалығы жұмыс істейді. «Елім-ай» (төрағасы Тохталхан Абай), «Ерболат» (Хамеш Жұмахан), «Айбек» (Мира Хумыкей) шаруақожалықтары егін егумен, жемшөп әзірлеумен шұғылданса, әскери комиссариат қызметкері Жантүгел Адалбек қолөнермен, оның ішінде домбыра жасаумен айналысады. Божай Қабдыраш, Асай Бағдагүл мен Жахай Хадал дүкен ұстаса, Төлетай Күлбадан «Шапағат» орталығын ашып, халықтық медицинадан түскен табысымен жағдайы нашар отбасыларына қайырымдылық көмек жасап тұрады.

«Аудан халқы демографиясының өсуіне, экономикалық-әлеуметтік өркендеуіне, тарихи жер-су аттарының қайтарылуына сүбелі үлес қосқандығын атап көрсетті. Бұрындары бірлі-жарым қазақ өкілі тұратын 14 елді мекен оралмандардың арқасында ұлттық мақтанышқа айналды. Сарыөзек, Қаратомар, Ақбұлақ сынды атаулар оралмандардың арқасында қайта оралды. Бұрын Вольск деп аталған қазағы жоқтың қасы болған ауылда, қазіргі Сарыөзекте 150 оралман отбасы тұрады. Аудан еңбеккерлері өткен жылды табысты аяқтап, жақсы көрсеткіштері үшін облыс бойынша екінші орынды иеленді, -деді аудан әкімі Р.Әбдікеров мырза, – ауылшаруашылығында 10 млрд. 860 млн. теңгенің өнімдері өндірілді. Онда оралмандардың да сүбелі үлесі бар. Соңғы онжылдықта тұңғыш рет 220 мың тонна астық жинап алынды. Бұл да жоғары меже. Орта және шағын бизнес нысанының саны 1371-ге жетіп, 6 млрд. теңгеден астам өнім өндірді».

Аталған ауданда оралмандарға аз көмек көрсетіліп отырған жоқ. Мәселен, 4 оралманға мал шаруашылығын дамытуы үшін 1,2 млн. теңге, 6 кісіге 2,4 млн. теңге бөлінген. 2010-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы әзірленді. Азаматтық алу ісі жандандырылған. «Ашық есік күні» оралмандармен тиісті мамандардың кездесулері дер кезінде өткізілетін болған.

Оралмандар өздерінің еңбекқорлығы және ізденгіштігімен ерекшеленіп, соның нәтижесінде нақты жетістіктерге қол жеткізуде. Олар қарапайым саудагерден кешенді өндіруші кәсіпкерлерге айналған. Бүгінде өз жұмыстарын дөңгелетіп, қазынаға салық тапсырып, сан мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр.

Кәсіпкер-ғалым Т. Мамырұлы қоғамдық сұранысқа орай, 2007 жылы өз қаражатымен «Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы» колледжін ашып, «Аударма ісі», «Туризм», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Екі шет тілі»(қытай және ағылшын), «Іс қағаздарды жүргізу және мұрағаттану», «Киім дизайны» сияқты мамандықтар бойынша кәсіби техникалық мамандарды дайындап келеді. Бұл гуманитарлық білім беру мен кәсіптік-техникалық білім беруді ұштастырған алғашқы оқу орны болып табылады.

Медициналық емдеу саласында, бірнеше жүздеген білікті дәрігер мамандар Отанға оралды. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Игісінов қатарлы белгілі мамандар бар. Олар өз қаражаттарымен емдеу орталықтарын ашып, шығыстық инемен емдеу және батыстық жаңа технологияны қолдану арқылы халыққа қызмет көрсетуде.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында бірнеше жүздеген қандастарымыздың ашқан жеке кәсіпорындар табысты жұмыс жасауда. Қазіргі таңда оралман кәсіпкерлерден мемлекет қазынасына тұрақты түрде салық тапсырушылар шоғыры қалыптасты. Солардың ішінен мына кәсіпкерлер атап айтуға тұрады: Қ.Бодауханұлы («Асар» ЖШС директоры), Шағанбек Қанжарбайұлы («Шымкент-КАШМИР» ЖШС директоры), Фарида Мерхамитқызы («Ерке-Нұр»ЖШС директоры), Төлеубай Нығарбайұлы («НАХ» ЖШС директоры), Асқар Жакулин («Асай» ЖШС директоры), Сабыржан Мұқаметханұлы («Алатау-Автоспец-техника» ЖШС директоры), Қамбар Әжіқадырұлы («Өз-Жер» ЖШС директоры), Рақаш Аманжолов («RBC GROUP BUILDING» ЖШС директоры), Баһаргүл Төлегенқызы («Әдем-ай PLUS» директоры), Думан Халмет («Марқатай» ЖШС директоры), Азат Кәрімұлы («KАHAN» ЖШС директоры).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет