2.2 Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауапкершілігі
ХХІ ғасырда Қазақстан республикасының іргесін қалаушы ұлт – қазақ ұлты жаңа белеске көтерілді. Қазақстан халқының берік өзегіне айналуының шынайы әлеуметтік-тарихи шындығы өмірге келді. Тәуелсіз Қазақстан құрылып, шаңырағын көтерді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлыстың ұйытқысы болған қымбатты қандастарым, қадірлі қазақ бауырларым! Бүгінде дүниежүзінде 200-ге таяу мемлекет бар. Ал 3 мыңға жуық этностың өзіндік ұлттық мемлекеті жоқ. Біз ата-бабаларымыздың аңсаған арманына қол жеткізіп, мыңжылдықтың түйіскен тоғысында тәуелсіз мемлекет құрдық. Біз, қазақтар, араға ғасырлар салып өз жерімізде алғаш рет еркін тыныстап, еңсе тіктедік. Қазақ тілі өркен жайып, балаларымыз ана тілінде тәрбие алуда. Тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ортақ Отанымызды көркейту жолында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығымызға риясыз алғыс айтады.
«Дәуір алмасып, заман өзгерді. Қазір байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда. ХХІ ғасырда қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан елінің берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналуда. Қазақ халқы өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып шығады деп сенемін»,- деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы 23 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде [157].
Қазақстандағы негізгі автохтонды, бір ұлт, бір этнос мәртебесіне ие қазақ халқының, өз шаңырағы астына жиналған 130-ға жуық этникалық топтар мен азшыл ұлттық топтар (диаспора) алдында, жоғарыда Ел басы атап кеткендей, мемлекет құрушы ұлт ретінде әлеуметтік жауапкершілігі зор.
Әлеуметтік жауапкершілік - қоғам өміріндегі құбылыс, оның субьектілерінің, яғни кім болсын, қандай қызмет атқармасын олардың іс-әрекеті арасындағы келісімнің обьективті қажеттілігін көрсетеді. [158].
Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығы қандай, мемлекет құрушы ұлт тұрғысынан бұл ұғымды қалай айқындап, ажыратамыз?
Жалпы мемлекет құрушы ұлттардың бір мемлекеттіліктің өзегі ретінде жауапкершілігі зор. Ал ұлттың қалыптасуы бұл тарихи процес, ол алғашқы қауымдық құрылыстан басталып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардың өзгеруінің әсерінен руға, тайпаға, онан ұлтқа айналып, дамып отырады. Былайша айтқанда халықтың ұлтқа айналуы адамзат баласының қоғамдық, әлеуметтік, рухани дамуының ең жоғарғы сатысы.
Ұлт болып қалыптасу үшін оның территориясы, экономикасы, мәдени-тілдік ортасы болуы керек және ол ұлт осы құндылықтардың иегері болып, соған қожалық етіп өз жауаптылығың сезінуі тиіс. Сонда-ғана ол ұлт өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын жасап, ұлттық мүддесін қорғап, оны әрі қарай дамытуына мүмкіншілігі болады.
Қазіргі кезде жер бетінде түгелдей бір тектес ұлттан тұратын мемлекет аз. Көп мемлекеттерде бірнеше ұлт өмір сүреді, немесе бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бірақта көпшілік мемлекеттер сол мемлекетте өмір сүретін ұлттардың негізгісінін атымен аталады және ол мемлекет құрушы, титулды ұлт болып саналады. Сондықтан ол мемлекеттің халқы бір ортақ тілде, яғни мемлекет құрушы ұлттық тілінде сөйлеп, алдарына бір ортақ мақсат қойып, сол үшін күреседі.
Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және ұлттық құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болып келеді.
Осы жерде атап айтар нәрсе – мемлекеттің бірұлтты немесе көпұлтты екенін анықтаудың ресми критериі әлі күнге дейін жоқ дейді саяси ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұсатаев. Дегенмен, «Freedom House» халықаралық ұйымының президенті Эдриан Каратницки ел халқының үштен екі бөлігін бір ұлт өкілдері құраса онда ол моноұлтты мемлекет деп көрсетеді [150, 46 б.]. Бұл пікірге салсақ, Қазақстан моноұлтты, яғни ұлттық мемлекет, оны құрушы негізгі ұлтсыз өмір сүре алмайды, қазақстандықтар ішінде қазақ ұлтының тарихи орны ерекше, себебі, қазақтар мемлекет құрушы ұлт. Мемлекет - Қазақстан деп аталады, яғни, Елбасымыз айтқандай, «Қазақ елі». Мемлекет бірлігі мен болашағына жауапты ұлт, демек, оның тарихи жауапкершілігі де ерекше.
Зерттеу жұмысы барысында тереңдетілген сұхбат нәтижесінде «Қазақстан Республикасындағы «мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығы» дегенді қалай түсінесіз?» деген сауалға сарапшылардың жауабы төмеңдегі бағытта топтастырылды:
«Мемлекеттегі барлық этностардың әлеуметтік әлеуетінің дамуына жауапты, олардың азаматтық қажеттіліктерін қолжетімді ету» деп сауалнамаға тартылған сарапшылардың 30 % пікірің білдірді. Біріншіден, мемлекет құрушы ұлт өз статусына сәйкес өз мемлекеті территориясындағы өзге ұлт өкілдерінің әлеуметтік әлеуетінің дамуына жауапты болуы шарт.
Қазақ халқы қашанда қазақ жерінде өмір сүріп жатқан орыс, украин, өзбек, ұйғыр, неміс, татар, қырғыз, түрікмен, әзірбайжан, тәжік, қарақалпақ, шешен және басқа да этностық топтардың тіліне, дініне, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрметпен және төзімділікпен қараған. Бүгінгі күні де өз елінде басым көпшілікке айналған қазақ ұлты елдегі этносаралық және дінаралық бірлікті сақтауды, олардың тілін, рухани құндылықтарын дамытуды өзінің басты міндеті санайды. Мемлекет пен оның негізі болып табылатын қазақ ұлты барлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерінің қамтамасыз етілуінің кепілі болып табылады. Қазақ жерінде тұрып жатқан этностық топтар мемлекеттің және біртұтас азаматтық қауымдастықтың бөлігі болып саналады.
Мемлекеттегі барлық этнос өкілдерінің азаматтық қажеттіліктерің қолжетімді етуге мемлекет құрушы ұлттың жауапкершілігінде деп санаймыз. Бұл бағытта елдегі әр азшыл ұлт топ өкілдері шектеу көріп отырмағаны да шындық. Барлық этностар өкілдері Қазақстанның дамуына да өзінің әлеуметтік мүмкіндігіне қарай ат салысуда, мүдделілікпен қатынасуда.
Тереңдетілген сұхбаттық зерттеу нәтижесінде топтастырылған жауап мазмұны: «Қазақстанның өркениетті, индустриялы - инновациялық қоғам ретінде дамуына мүдделі, әлеуметтік іс әрекеттері ортақ болуы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығының көрінісі» деген пікірді сарапшылардың 25 % білдірген. Қазақстанның өркениетті, индустриялы - инновациялық қоғам ретінде дамуы мемлекеттік саясаттың өзегі, үкімет алдындағы басты міндет ретінде басты назарға алынып, осы бағытта істер атқарылуда. Қазақстанның 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы Президент Жарлығымен бекітілген [159]. Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі кепілдіктерінің бірі Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету яғни индустриялық-инновациялық даму жолын таңдау деп айта аламыз. Сөз жоқ, оның орындалуы Қазақстандықтардың ортақ ісі. Қазақстанның төл ұлтының тек елдегі этностарды ғана емес, шет елдік қандастарды бір шаңырақ астына топтастырудағы әлеуметтік жауаптылығыда зор.
Респонденттердің 25 % «Қазақстан жағдайында шетелдегі диаспора өкілдерін атамекенге оралуына, олардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуіне мүмкіндік беру мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығынығының айғағы» деген пікірді білдірді. Сыртқы елде шашыраған бес миллион қандастарымыз бүгінде тарихи атамекеніне бет бұрып жатыр. Тәуелсіздік алған кезден бастап, 2011 жылғы 1 қаңтар бойынша:
- тарихи Отанына тұрақты тұру үшін 210 мың отбасы немесе 825 мың адамды құрайтын этностық қазақ қайтып оралды;
- 2011 жылдың үш айында 10 491 адам туған жер топырағын басты;
-Республика аумағында тұратын еңбекке қабілетті жастағы 448 459 адамның 224 000-ы (50,0 %) жұмыс істейді, ал 179 000-ы өзін жұмыспен қамтуда;
-30 мың оралманның шаруашылықтарында 31049 ірі қара, 6848 жылқы, 78 мыңнан астам қой-ешкі бар;
-жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 5508 оралман студент, ал дайындық курстарында 160 қыз-жігіт оқиды;
- 620 адам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет атқаруда;
-оралмандардың ішінде 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты бар;
- 40777 еліне оралғандардың жоғары білімді, 2509-ының аяқталмаған жоғары және 93600-інің орта арнаулы білімі бар;
- оралмандардың 4 %-ы ғана зейнеткерлер [160].
Әрине, оралған қандастар арасында жаңа ортаға бірден сіңісіп кете алмай, әлеуметтік және рухани күйзелісті бастан кешіріп жатқандар да бар. Бұл бір ғана олардың басындағы жағдай емес, тұтас қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық проблемалармен байланысты ортақ құбылыс.
Елге оралған қандастар өсімін қоса есептегенде Республика халқы 1, 5 миллион адаммен толықты атап өтті. Осы 1,5 милион қандастың басым көпшілігі ауылдық жерлерге ірге теуіп, байырғы тұрғылықты халықтың қалаларға үдере көшуінің салдарынан, қаңырап қалған ауылдарға қан жүгіртіп отыр. Шетелдегі диаспора өкілдерін атамекенге оралуына, олардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуіне мүмкіндік беріп, атажұртында жақсы бейімделуінде негізінен қазақ ұлты басты роль атқарып отыр деп айталамыз.
Негізінен осы үш бағытта топтастырылған сарапшылар пікірлері жауаптар, мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығын өзіндік деңгейде аша түсті. Қазақстан жағдайында мемлекеттегі барлық азшыл ұлт өкілдерінің құқықтары мен қатар елге оралып жатқан қандастар мәселесі мен қатар индустриялы-инновациялық қоғам мәселесіде назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, сауалнамаға тартылған респонденттердің 20 % пікірі «мемлекет құрушы ұлт ретінде қоғамдағы әлеуметтілік жауапкершілік» дегенде «Ұлттық мүддені» де естен шығармау қажет деп атап көрсетті. Бізде өз тарапымыздан «ұлттық мүддені қорғау» әлеуметтік жауапкершіліктің басты бағыты деп санаймыз.
Жалпы, «ұлттық мүдде» - мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Әсіресе жаһандану жағдайында ұлттық мүдде міндетті түрде берік қорғалуы керек. Алаш зиялыларыда саяси мәселелер бойынша тәуелсіздік, тең сайлау, адамдардың бостандығы мен теңдігі, әлеуметтік мәселелер бойынша жер тағдыры, адамдарды мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау сынды ұлттық мүддені алдыңғы орынға шығарғаны тарихтан белгілі.
Ұлттық мүдде ұлттың рухани, әлеуметтік, қоғамдық дамуында шешуші роль атқарады. Сарапшылардың пайымдауынша бүгінгі күні қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі басты мүдделері – ел тәуелсіздігінің нығаюы, Қазақстан территориясының тұтастығы, қазақ тілінің дамуы, халықтың әлеуметтік мәнді, салт-дәстүрінің өркендеуі.
Ел тәуелсіздігің сақтау, оны экономикалық, білімдік, саяси бекіту мемлекет құрушы ұлттың басты жауапкершілігі саналады.
Тәуелсіздік - мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі. Қазақстанның тәуелсіздігі елдің қажырлы ырқының арқасында орнады. Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: Тәуелсіздікті сақтау және мемлекет құру - бүкіл ұлт үшін негізгі меже және міндет деп атап көрсеткен болатын.
Қазақ үшін ең маңызды құндылық, ол жер мәселесі. Осы орайда тереңдетілген сұхбатқа тартылған оңтүстіктегі, солтүстіктегі сарапшылар пікірінше: «Қазақстанда жерді жеке меншікке сату жөнінде заң қабылданғаннан бері бұл да үлкен проблемаға айналып отыр. Республикамызда ауыл шаруашылығына қолайлы, құнарлы жерлерді қалтасы қалың латифундистер меншіктеніп алған. Ауылдық жерде тұратын жәй халық аздаған малдарына жайылым, жем-шөп әзірлейтін жер таппай қиыншылық көруде. Оның үстіне үлкен қалалардың маңындағы бос жерлерді шенеуніктер өзінің жақын-жуық, туған-туысқандарына үлестіріп беріп, баспанасы жоқ адамдар үй салуға заң бойынша тиісті 10 сотық жерлерін де ала алмай жүр. Осы мысалдардың өзінен республикамызда жер мәселесіне байланысты проблемалардың қаншалықты күрделі жағдайда екенін білуге болады».
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласындағы «Оралман» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зулойхо Султонова айтуынша оралмандардың баспана салу үшін жер телімдерін сұрап, осы мәселелерді көтеріп бірнеше жиындар ұйымдастырған. Тіпті шеруге шығуға дайындалғаны да ақпарат құралдары арқылы жұртқа жария болған. Шымкенттік оралмандардың облыс әкімдігі алдында аштық жарияламақ болғанын да халық біледі.
Қазақ ұлты үшін өте маңызды әрі күрделі сұрақ және рухани тәуелсіздіктің негізінің бірі болып табылатын, ол – тіл мәселесі. Қазақстан Ресейге бодан болғаннан кейін қазақ тілі қоғамдық қатынас тілі болудан шеттетіле бастады, себебі іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді. Соның салдарынан қазақ ұлтының бір бөлігі ассимиляцияға ұшырап, ұлттың қасиетінен айырыла бастады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елдің саяси тәуелсіздігін алғанмен ассимиляциалану процесі жалғасын табуда. Себебі үкімет басына билікке келген шенеуніктер сол бұрынғы комунистік идеологияда тәрбиеленіп, орысша оқыған адамдар болатын және іс қағаздары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де сол бұрынғы орыс тілінде қалып қойды. Оның үстіне билік Қазақстан көп ұлтты мемлекет, сондықтан интернационалдық идеологияны ұстануымыз керек деп, мемлекет құрушы қазақ ұлтының құқығын көп диаспоралардың қатарына қосып, солармен теңестіріп қойды. Соған қарамастан бүгінгі күнге дейін тіл проблемасы шешімін табудың орнына, уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Сарапшылардың басымы көпшілігі «үш тіл» мәселесінеде қарсы. Біріншіден әр жасөспірім өз ана тілің меңгеріп алуы қажет, содан кейін орыс, ағылшын тілдеріне ден қойуы қажет. Ұлттық мүдде тіл саясатында қатаң ескерілуі қажет деп санайды олар.
Қазақ бола тұра қазақ тілін білгісі де келмеу, қазақ тілінің ертеңіне сенбеу және одан үміт етпеу, қазақ тілін тірек-таяныш етпеу, біздіңше антипатриоттықты көрсетеді. Оны еркіндік деп түсінген адам қателеседі, бұл ұлтсыздану көрінісі. Ресей ғалымы В.А.Тишков: «Қазақстан сияқты елдерде таңданарлық жағдай қалыптасқан дейді: ұлттық тілді мемлекеттік деп жариялап, басқа тілде сөйлеу [161]. Ресейлік ғалымның пікірі талай жағдайды аңғартқандай. Осы бағытта арнайы мемелекеттік бағдарлама «Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты «Мемлекеттік тіл-ұлт бірлігінің басты факторы» деген ұстаным. Бұл мақсатты іске асыру арқылы Қазақстанның барша азматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жұмыстарын ұйымдастыру тағы басқа ауқымды шараларды іске асыру көзделеді [162].
Мемлекеттік тілді білу – ұлтына қарамастан әрбір қазақстандық азаматтың міндеті. Мемлекет тарапынан азаматтарға мемлекеттік тілдің маңызын ел тағдыры үшін жан-жақты түсіндіре отырып, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуына қажеттілік, сұраныс тудыру қоғамдық қажеттілік.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағанына он ғасырдан асты. Сонан бері оның ұлттық мәдениеті құран қағидаларымен сәйкестендіріліп, тілі араб сөздерімен байып, салт-дәстүрі мұсылман өркениетімен үндесіп, соның салдарынан қазақ халқының ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық құндылықтары пайда болып, ұлттың мүддесін қорғай алатын іргелі ел болып тарихқа енген болатын. Соңынан бірнеше ғасырлар бойы тілі басқа, діні басқа, салт-дәстүрі басқа патшалық Ресейге, соңынан атеистік кызыл империяға бодан болып, өзінің ата діні исламнан, мұсылман өркениетінен, шығыс мәдениетінен қол үзіп, өзінің ұлттық рухани құндылықтарының көбінен айырылып қалды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін парламент дін жөнінде либералдық әлсіз заң қабылдауына байланысты түрлі діни секталар көбейіп, халқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып, адамдарға жалған діни қағидаларын уағыздап, көп адамдарды теріс жолға түсірді. Әрине адамдардың дүние танымы қалыптасып, адамгершілік қасиеті жетіліп, имандылық жолға түсуде діннің атқаратын ролі өте зор. Сондықтан тәуелсіздігі нығайып, қоғамымыз салауатты өмір сүруі үшін мұсылмандығын сақтап, оны әрі қарай дамыту мақсатында діні берік болуы керек.
«Қазақстанда 46 конфессия өкілдері бар» деп айтады. Бұл жетістікпе? Жоқ, бұл - қоғам үшін қауіпті деп санаймыз! Дін рухани өмір өзегі, 1989 жылы қазақстанда 40 конфессияға тиесілі бар-жоғы 700-ге жуық діни бірлестіктер тіркелген десе, 2011 жылдың 1 қаңтарында елде 4551 діни бірлестік қызмет жасады. 2011 жылдың 25 қазанындағы ресми тіркеу нәтижесінде 3088 діни бірлестікке кеміді [163].
Әрбір тәуелсіз ұлттың өзіне тән ұлттық мәдени бейнесі болуға тиіс. Ол ұлттық бейнені сол ұлттың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрі арқылы танып білуге болады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық дәстүрі бар. Ол қазақ халқының көшпенді өмір салтына беймделіп, қалыптасқан ұлттық салт-сана, әдет ғұрып дәстүрі. Қазақ халқы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге өте бай халықтардың бірі. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке, әлеуметтік арабайланыста, отбасын құруға, бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрып ырым-жоралар қазақ халқының өмір салтында берік орын алатын. Өкінішке орай өткен ғасырларда қазақтар зорлықпен отырықшылдыққа көшуіне байланысты тарихи қалыптасқан салт-дәстүрінен, рухани мәдениетінен айырылып, кейін келе «Советтік өмір салтымен» өмір сүруге мәжбүр болды. Енді қазір тәуелсіздік алғанына жиырма жыл болса да қазіргі жастар ұлттық салт-дәстүрінен, ұлттық мәдениетінен, ұлттық болмысынан ажырап, дәстүрсіз ұлтқа айналып барады. Бұл үрдісті жаһандану тездете түсуде.
Ұлттық құндылық туралы да осын айтуға болады. Бұрынғы қазақтын өмір салтына байланысты қалыптасқан рухани және материалдық құндылықтар күнделікті өмірде қазіргі жас ұрпақтың санасынан алыстап барады. Бұл болашақ қазақ халқының болмысын ұлтсыздандыру, асимиляциалану қаупін арттыра түсуде.
Демократиялық елдерде мемлекет құрушы ұлттың ұлттық мүддесі туралы даурығып ештеңе айтпайды, қайта сөз жүзінде барлық ұлт тең құқылы, жеке адам құқығы бәрінен жоғары болуы керек деген қағида ұсынады. Бірақта күнделікті өмірде мемлекет басқарып отырған саяси биліктің қазақ ұлтының өзінің әлеуметтік жауапткершілігіне сай болуы, биліктің мақсаты мен іс-әрекетініңде осы бағыттағы мақсаты іс әрекетімен байланысты.
2009 жылы 27 қазанда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиясында президент Н.Назарбаев бастауын американдық ұлттан алатын «қазақстандық ұлт» саясаты негізінде жасалған «Ел бірлігі» доктринасын қоғам талқысына ұсынғанда ресми БАҚ бұл құжатты жан - жақты жарнамалап, насихаттады. Оның олқы жақтары байқалды. Алайда, жоғары биліктің ұлт саясатына қатысты қадамына бір топ ұлт тұлғалары, саяси партия жетекшілері, мерзімді басылым басшылары мен қоғамдық қозғалыс белсенділері өз қарсылығын білдіруі негізсіз емес еді.
Әлеуметтану ғылымдары докторы, профессор, ҚПҒА академигі Т.Ж. Қалдыбаева «Ел бірлігі Доктринасы жобасының кейбір қырлары туралы тезистер» тақырыбындағы мақаласы біздің ойды бекітеді «..Ел әлеуметінің біртұтастығына негіз боларлық идеялық, адамгершілік негіздер мен әлеуметтік құндылықтардың мәні ерекше екені белгілі. Бірақ Доктрина жобасында бұлар нақтыланып көрсетілмеген. Авторлар ойы түсінікті болғанымен көпшілік халық үшін оның негізгілері ашылып көрсетілгені абзал. Айталық, «Қазақстанның тәуелсіздігі», оның тек заң, саясат негізінде ғана қорғалып қоймай, әрбір қазақстандық азаматтың ойы мен нақты ісінде көрініс табуы; «әлеуметтік көпқабаттылық жағдайындағы саяси-әлеуметтік ынтымақ», «мемлекеттілікті жасаушы қазақ ұлтының интеллектуалдық-мәдени әлеуеттілігінің бүкілхалықтық әлеуеттілік пен мен ынтымақтың маңызды алғышарты», «Қазақстан азаматтарының құқықтық теңдігі, еркіндігі және оның қорғалуы», «Қазақстан мемлекетінің зайырлылығы мен біртұтастығы», «ұлттық, халықтық бірлік пен өзара түсінік, толеранттық», «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыған қоғамға айналуы», «мемлекеттік тілдің орнығуы – мемлекеттіліктің нығаюы», «мемлекеттің тілдің басымдығы жағдайындағы үштілділік», «Қазақстан- адамгершілікті дәстүрлер өңірі» сияқты құндылықтар барлық қазақстандықтар мүддесімен үйлесе және оның әрқайсысының жан дүниесінде өркениетті сана-сезім тудыра алады.
Доктринаның халық арасында талқылануы барынша қажетті құбылыс. Талқылану әлі де айтылып, жазылып болмаған ойларды бетке шығарып, кейбір күмәнды тұстарды тағы бір санадан өткізіп нақтылай түсуге мүмкіндік береді. Меніңше, сондай мәселені бірі – орыс тілінің ресмилік мәртебесінің сақталып, оның қызметін қамтамасыз етудің барлық билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүктелініп қойылғаны. Мемлекеттік тілді дамытып орнықтыру мәселесі мен аталған қойылым арасында елеулі қайшылықтың қалып отырғаны даусыз»
Нәтижесінде бір топ саясаттанушылар, тәуелсіз басылым басшылары мен ұлт жанашырларының жетекшілігімен «Ұлттық саясат тұжырымдамасы» жобасын жасап ұсынды. Ол «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының 2010 жылы 18 қаңтар күні өткен кеңесінде қаралып, қабылданды және баспасөзде жариялауға, халықтық талқылауға ұсынылды. Онда 2015 жылға дейін іске асырылуы тиіс міндеттер атап көрсетілген. «Ұлттық саясат тұжырымдамасы» «Негізгі ережелер», «Тарихи кезең сабақтары», «Ұлттық саясаттың ұстанымдары», «Ұлттық саясаттың мақсаты мен міндеттері», «Ұлттық саясаттың негізгі бағыттары» және «Ұлттық саясатты іске асыру тетіктері» деп аталатын алты тараудан тұрады. «Тұжырымдама ұлттық мемлекетті қалыптастыру әрі нығайту, содан соң азаматтық қоғамды құру бағытындағы негізгі ұстанымдар, өзекті мақсаттар мен міндеттердің жиынтығы болып табылады.
Бұл құжат Қазақстан Республикасының байырғы қазақ жерінде құрылғандығын, мемлекеттің байырғы тұрғындары және республиканың абсолютті басым бөлігін қазақтар құрайтындығын ескеріп, елде өмір сүретін өзге этникалық топтардың мемлекетқұрушы ұлттың төңірегіне топтасуының саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. негіздерін анықтауға бағытталған» делінеді. Сөйтіп, қазақ ұлты басқа қазақстан халқынан жоғары қойылған жоқ керісінше, оның негізгі ұйытқы, басты жауапкершілікті субьект екендігі негізделе түсті.
Аталмыш құжатты жасаушылар Қазақстанды мекен еткен мемлекет құрушы қазақ ұлтынан өзге ұлттар мен ұлыстардың тіліне, діліне, діні мен мәдениетіне төзімділікпен қарайтынын, олардың ұлттық ерекшеліктерін сақтап, дамытуға еш кедергі жоқ екенін мәлімдеді. Мемлекеттік тілді меңгерген, мемлекет құрушы ұлттың тілі мен дінін, дәстүрі мен мәдениетін сыйлайтын, қазақ елін «Отаным» деп санайтын азаматтардың баршасын бірлікте, татулықта өмір сүріп, тәуелсіздікті сақтауға және нығайтуға, қоғамды демократияландыруға, әділеттілік орнатуға үлес қосуға шақырды.
Осы орайда Қытайдан кезінде атмекеніне оралған, қоғам қайраткері, танымал жазушы Қабдеш Жұмәділовтың пікірің келтірген орынды деп санаймыз: «Қазақта «Ат иесi алдына мiнедi» деген сөз бар. Ал қалғандары иесiнiң артына мiнгеседi. Демек, қазақтың ұлттық идеологиясын да, ұлттық саясат тұжырымдамасын да, ұлттық саясатын да қазақ ұлты жасауы керек. Ол өзiнiң мақсат-мұратын, мiндетi мен жоспарын да өзi белгiлеуi қажет. Бiзге доктринаны, тұжырымдаманы немесе басқа да ұлтқа қажеттi құжатты ассамблея емес, қазақ зиялылары, саясаттанушылары, журналистерi жасауы керек. Мемлекет құрушы ұлттың мәселесi туралы аз ұлттардың жазуы – әдептен аттағандық. .... «Жас Алаш» газетiнде Қазақстанды мекендейтiн диаспоралардың саны жарияланды. Сонда байқағаным, 50 мыңға жететiн 10 ғана этнос, ал 10 мыңға жететiн 20 ғана ұлыс бар. Сонда оларды да қазақпен қатар қоямыз ба? Бұдан кейiн «бiз көпұлтты мемлекетпiз» деп қалай айтамыз? Олардың бәрi – жолаушы. Бiрақ, елдiң нағыз иесi де, киесi де - қазақ» [164].
Осы орайда ұлттық қоғамдық-саяси журнал «Ақиқат» бетінде жарияланған Болатхан Тайжанның пікірі де орынды деп санаймыз: «Қазақстанда көп этностар тұрады» деген сөз қазақ тілді баспасөзде де, орыс тілді баспасөзде де жиі айтылып жүр. «Этнос» сөзі грек тілінен аударғанда «халық» деген мағына береді. Яғни, біз Қазақстанда 130 этнос, 130 халық тұрады дегенді уағыздап жүрміз. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстанда бір ғана халық тұрады. Ол – қазақ халқы. Қалғандары – басқа ұлттың азаматтары. Өйткені, олардың өзінің этнотерриториясында, Қазақстаннан тыс жерлерде мемлекеттері бар. Егер, Қазақстанда тұратын орыстарды «халық» десек , онда жер бетінде бірнеше «орыс халқы» пайда болады. Қазақстандағы «орыс халқы», Ресейдегі «орыс халқы», Австралиядағы «орыс халқы», бұрынғы кеңестік республикалардағы «орыс халықтары» деген сияқты. Шындығында, орыс халқы біреу-ақ қой. Ресейде тұратын орыстар ғана «орыс халқы» болып саналады. Ресейден өзге мемлекеттегілер – орыстардың диаспорасы. Бүкіл дүниежүзіндегі тәжірибе осындай. Ал біз Қазақстандағы басқа ұлтты азаматтар топтарына «халық» деген ат қойып жібердік. Бізд саны бір мыңнан астпайтын ұлттар бар, сонда олар да «халық» болып санала ма? Кезінде Грекиядан Қазақстанға өтуге мәжбүр болған гректер бар. Сонда да «Қазақстанда грек халқы тұрып жатыр» деп қалай айтамыз. Бұл – ақылға қонбайтын нәрсе. Сондықтан, «Қазақстанда бір ғана халық тұрады, ол – қазақ халқы» деген ұғымды жасқанбай айтуымыз қажет.
Қазақстандағы диаспора өкілдері мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, тарихына құрметтілікпен, үйренуге ұмтылуы жөн. Мұнымен қатар, қазақ емес азаматтарымыздың өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын білуіне де біз жағдай жасауымыз қажет» [165]. Диаспора өкілдерінің қазақ ұлтының тіл, діні, тарихына мән беруі мемлекеттің ішкі тұтастығын нығайтады, өз кезегінде қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде әлеуметтік жауапкершілігін атқаруға қолайлылық жасайды деген ой келтірілген.
Жазушы, қоғам қайраткері мемлекет құрушы ұлтқа байланысты айтылған ойлары республикалық деңгейдегі БАҚ беттерінде басқада қоғам қайраткерлері (С.Сартаев, А.Айталы, С.Мұсатаев, А.Осман, Г.Бельгер) тарапынан көтеріліп мемлекет құрушы ұлт тақырыбы өзектілігімен көзге түсті. Олардың басты ойы – қазақ ұлтының қоғамдағы әлеуметтік мәртебесі көлеңкеленбеуі тиіс, ол оның өзінің тарихи-әлеуметтік миссиясын атқаруына зиянын тигізеді.
Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауаптылығы деген ойымызды тұжырымдай келе әлеуметтік жауаптылықтың және осы негіздегі ұлттық саясаттың басты мақсаты – байырғы қазақ жерінде құрылған ұлттық мемлекетті сақтау және нығайту екенін атап айтамыз.
-
Осы мақсаттағы міндеттер:
-
барша қазақстандық азаматтарды қазақ ұлтының маңында топтастыру, сөйте отырып мемелекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін баянды болуын қамтамасыз ету;
-
қазақ ұлтының тарихи жадын, тілін, рухын сақтау, жан-жақты дамыту, оның жаһандану заманындағы өзіндік ұлттық-мәдени ерекшелігін қалыптастыру және оны әлемге паш ету;
-
елімізде тұрып жатқан барлық этностық топтардың өз тілі мен мәдениетінің дамуына толық мүмкіндік жасай отырып, олардың барлығының ортақ Отаны – Қазақстан Республикасына адал қызмет етіп, оған деген сенімін арттыру.
Бұл үшін мемлекет пен қоғамдық орта өздерінің ерік-жігерін төмендегі мәселелерді шешу үшін жұмылдырғаны абзал:
-
Қазақстан Республикасы қоғамының негізгі ұлттық құндылықтарын қалыптастыру және дамыту;
-
қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізіп, оны барша Қазақстан азаматтарын біріктіретін факторға айналдыру;
-
этносаралық және дінаралық саладағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді және пәрменді қарым-қатынастарын қамтамасыз ете алатын институционалды жүйені қалыптастыру;
-
Қазақстан Республикасы азаматтығын берген кезде үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін, білімін, жасын, кәсібилігін, қаржылық мүмкіндіктерін, туыстық қарым-қатынастардың бар-жоқтығын негізге алу;
-
шетелде тұрып жатқан қандастарымызды Отанына қайтару саясатын белсенді түрде жүргізіп, еліне қайтып жатқан қазақтарға тез арада жеңілдетілген азаматтық беру мен қоныстануын толық қанағаттандырарлықтай көмек көрсету;
-
қазақ диаспорасы тұрып жатқан мемлекеттермен тиімді қарым-қатынастар орнатып, қандастарымызға құқықтық, қаржылық, ақпараттық, мәдени көмек көрсету мәселесін мемлекетаралық деңгейде көтеріп, белсенді түрде іске асыру қажеттілік.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтан алған дерек бойынша: Бүгінде Ресейде Калининградтан Якутияға дейін 33 ұлттық орталықтарымыз жұмыс істейді, алыс және жақын шетелдерде қазақ ұлттық орталықтары жұмыс жасап Қазақстанда ұйымдастырылған дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайынада өз өкілдерін қатыстырды. Бірінші құрылтай Алматыда 1992 жылы, екінші құрылтай Түркістан қаласында 2002 жылы өтті, экономикалық қиындықтарға байланысты екіншісін 10 жылдан кейін өткізілді. Үшінші құрылтай 2005 жылы, төртінші құрылтай 2011 жылы Астанада болды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен байланыстырылған құрылтайға әлемнің 35 таяу және алыс шетелінен 380 делегат, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан, еліміздің өңірлерінен 300-ден астам өкілдер шақырылды. 680 делегаттың қатарында шығармашылықтың, ғылым, педагогика, зияткерлік, бизнес, спорт салаларының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Делегаттар арасында Чехияның экс-министрі Жәмила Стехликова, Чувашияның экс-министрі Гүлмира Әкімова, Моңғолияның Оқу-ғылым және мәдениет министрінің орынбасары Чоной Күләнда, Ресейдің Түмен мемлекеттік Думасы іс басқармасы бастығының орынбасары Кенесары Қойше, Мирный қаласы әкімінің муниципалдық саясат, әлеуметтік мәселе және кадр жөніндегі 1-ші орынбасары Гүлсім Бейсенбаева бар. Ал шетелден келетін 50 ғалым және 12 академиктің ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы, мәскеулік профессор Нәйла Ермұханқызы Бекмаханова, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Алашорда көсемдерінің бірі Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы мен немересі академик және техника ғылымдарының докторлары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы бар. Бұл келтірілген дерек өз тарихи мекеніне шетжерлік қандастарын тартып, елде жүріп жатқан оң өзгерістермен таныстыруыда қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде қандастарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі деп санаймыз.
Мемлекет құрушы ұлттың ұлттық санасының дамуы мен деңгейіне, ұлттық құндылықтардың сақталуына, ұлттық мүдденің қорғалуына ой жүгіртіп, талдап саралап отыратын сараптамалық зерттеу институты болса игі.
Мемлекет құрушы ұлттың ұлттық саясатындағы басты ұстанымы – мемлекеттік құндылықтар негiзiнде Қазақ елiнiң экономикалық, саяси, рухани тәуелсiздiгiн, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және жерінің бiртұтастығын мәңгi сақтауға, жер мен жер қойнауы байлығын (ұлттық байлығын) тек халық игiлiгiне жұмсап, жұртының әлеуметтiк жағдайын үнемi жақсартып отыруды мемлекет және қоғамдық орта тұрғысында жүзеге асыру. Ондай міндеттің шешілуі барша Қазақстан халқының мүддесіне сай келеді.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ ұлтының моноұлттық деңгейге қайта көтерілуі, оның мемлекет,ел халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыра түседі. Жағдай бұл ұлттың мемлекет ішкі тұтастығы мен ынтымағына әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңа талаптар қояды.
Бүгінде қазақтың үлес салмағы 70 %-ды иектеп қалған кезде, ұлттық мемлекетті құру мәселесі ертеңгі күні толықтай шешілетіні ақиқат. Мемлекет құрушы ұлттың ішкі тұтастығы елдің әлеуметтік-саяси дамуында басымдылыққа ие болуға тиісті құндылық деп санаймыз, біздің тарапымыздан ұсынылатын тұжырымдар:
Сонымен:
- Мемлекет құрушы ұлт, әлеуметтік құндылықтары, өмірлік мән-мағынасы үндескен қандастар әлеуметі, Қазақстанның өркениетті, инновациялық-индустриялық дамыған азаматтық және әлеуметтік қоғам ретінде дамуына мүдделі, әлеуметтік іс әрекеттері ортақ бауырластар және келешек ұрпақтың қазақы ұлттық болмысты бойына сіңіріп әлеуметтенуіне мүдделі азаматтар тобы деп атап көрсетеміз, Қазақстан жағдайында шетелдегі диаспора өкілдерін атамекенге оралуына, олардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына сәйкестенуіне мүмкіндік беретін қандастардың әлеуметтік ортасы.
- Қазақстанның мемлекет құрушы ұлты, қоғамдағы барлық этностардың әлеуметтік әлеуетінің дамуына жол ашады, елдің барлық азаматтарының өмірлік қажеттіліктерін қорғайды, барлық қазақстандық этностар тағдыры үшін әлеуметтік-саяси жауапты ұлт.
- Мемлекет құрушы ұлт - қазақ халқының мүддесі - елдің территориялық тұтастығын сақтау, төл мәдениеті мен төлтума дәстүрін қайта түлетіп, кең қолданысқа жеткізу, жоғары технологиялық салаларды игеріп, кәсіби біліктілігін шыңдау, мемлекеттік тіл - қазақ тілін көркейту, сырттағы қандастарын қайтару, яғни халықаралық деңгейде білімді және парасатты ұлт дәрежесіне көтеру жәнеде Қазақ ұлтының бойындағы ең бірінші миссия – өткен ұрпақтар ғасырлар бойы аңсап келген Тәуелсіздікті жаһандану заманында қорғап, сақтап, ары қарай дамыту, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру деп санаймыз.
Қазақ ұлты Қазақстанның көп этносты әлеуметі арасындағы ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаушы, оны дамытушы әрі ұйыстырушысы болып табылады. Сонымен қатар қазақ ұлтының бүгінгі тыныс-тіршілігі әртүрлі қатерлермен шекараласып жатыр. Діни бөлшектену, рулық тайпалық жіктелу, шетелдік мәдениеттер диффузиясына шалдығу, әлемді жайлаған психологиялық-әлеуметтік дерттерге ұрыну, жаһандық ақпараттық шабуылға түсу. Ұлтқа төніп тұрған қауіп ұлтсыздық. Бұл мәселеге немқұрайлылық таныту ұлттың түгелдей ассимиляцияға ұшырауына әкеледі. Осы бағыттар тосқауыл таппаса болашақта дамыған, өркениетті Қазақстан атты мемлекет болуы мүмкін, бірақ қазақ дейтін ұлттың болу-болмауы екіталай. Өйткені, бүгінгі ұрпақ атадан балаға көшіп мұрадан ажырап барады. Бұл орыстануға батыстану қосылды. Осы кері құбылыстар дамуын ұлттық сандық қана емес сапалық басымдылық беруді, сана мәселесін басымдық етуді талап етеді.
2011 жылы 2 маусымда зиялы қауым мен ғалымдардың басын қосқан ф.ғ.д., профессор Б.Бектұрғанова басқаратын Саяси шешiмдер институты «Оралмандар: әлеуметтiк аутсайдерден сапалы адам капиталына» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткiздi. Жиынға жиналған зиялы қауым өкiлдерi дөңгелек үстелдiң тақырыбы үшiн Саяси шешiмдер институтының мамандарына қарсы пікір білдірді. Жергiлiктi қазақтар мен этникалық қазақтар проблемаларын бiр-бiрiнен бөлiп қарау, оларды бiр-бiрiмен шекiстiру - онсыз да қоғамдық интеграция басты проблема боп тұрған Қазақстан үшiн тиiмсiз екендігі айтылды. Жалпы «әлеуметтiк аутсайдер» дегенiмiз кiм? Ол қоғамнан тыс, өмiрдiң көшiне iлесе алмаған адамдар деген ұғымды бiлдiредi. Аталған институт таратқан баспасөз-мәлiметiнде «Қазақтарды Отанына қайтару саясаты мемлекет құрушы этностың сандық өсiмiне оң әсерiн тигiздi. Бiрақ бұл өсiм репатрианттардың қазақстандық қоғамға толыққанды құрмаласуын қамтамасыз ете алған жоқ. Жекелеген сәттi мысалдарға қарамастан, репатрияциялау үдерiсi оралмандардың әлеуметтiк-экономикалық, әлеуметтiк-мәдени бейiмделу қиындықтарымен өтiп жатыр. Бұл - маргиналдану, әлеуметтiк теңсiздену үдерiсiн күшейтiп, жалпы қоғамдағы шиеленiстiк жағдайды ушықтыруы мүмкiн. Мәселе осы әлеуметтiк топтың кейбiр бөлiктерi iшiнде қол қусырушылықтың, мемлекет тарапына масылдық көңiл күйлердiң болуымен де күрделенiп, осының салдарынан жергiлiктi халық арасында оралмандарға деген терiс көзқарастар орын алуына әкеп соқтырған» делiнген.
«Жебеу» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры Рахым Айыпұлы оралмандар урбанизация тудырған басты проблемалардың бiрi - босап қалған ауылдардың гүлденуiне өз үлесiн қосуда» деген тұжырымын айтып, ойын нақты дәлелдермен дәйектедi. Айталық, соңғы жиырма жылда Қазақстанға 210 мың отбасы, 845 мың қазақ көшiп келген. Жиырма жыл бойына олардың саны 1,5 миллионға жеткен. Қазақстанға көшiп келгеннен кейiн туған бала бүгiнде ат жалын тартып азамат болды, 20 жасқа келдi. Қазiр қаңырап бос қалған көптеген ауылдарда ауылшаруашылығын дөңгелетiп отырған да осы этникалық қазақтар. Елiмiз экономикасының 4 % ғана құрайтын ауылшаруашылығының тұралап тұрғандығы қазiр кiм кiмге де мәлiм. Сондықтан да ендiгi саясат осы ауылдардың гүлденуi үшiн оралманның әлеуетiн пайдалану. «Нұрлы көш» бағдарламасының қолға алыну мақсаты да сол болатын» деген пікір білдірді, саясаттанушы Ә.Ғали ғалым тұжырымынша оралмандардың келгені Қазақстандық қоғам үшін оңтайлы. Диспоралогия тарихын зерттеуші Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкерi Г.Меңдiқұлова: «Қазақтарды - ауылдық, қалалық, келген қазақ, жергiлiктi қазақ деп бөлетiн болсақ - тығырыққа тiрелгенiмiз. Бiр-бiрiмiзге қандас ретiнде көңiл бөлейiк. Бiз бөлiнiп жарылмайтын бүтiнбiз, мен осы көзқарасты қолдаймын», - деп [166] оралып жатқан этникалық қазақтар демографиялық ахуалды оңалтумен қатар сапалы жағыда басым деп ой қорытты.
Қазақ Қазақстандағы көп этностың бірі емес. Оның аты мемлекетке берілген мемлекет құрушы ұлт, елдегі тұрақтылықты сақтаушы, оны дамытушы әрі ұйыстырушы. Оның әлеуметтік жауапкершілік қызметін отанына оралған қандастардан бөлектеп қарауға болмайды. Ол – біртұтас ұғым және әлеуметтік құбылыс. Қазақ этносының ішкі тұтастығы мен жоғары әлеуметтік, мәдени, экономикалық әлеуеті ғана оған тарих мүмкіндік ашып отырған әлеуметтілік жауаптылығын тыңғылықты іске асыруға мүмкіндік береді. Олай болса қазақ ұлтының өзінің жан-жақты дамуы, қалың қазақ мекендеген ауылды жан-жақты дамып ел тағдыры үшін шешуші стратегиялық маңызды мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |