2 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ ПЕН ЭТНОСТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН СӘЙКЕСТЕНУІ
2.1 Мемлекет құрушы ұлттың қалыптасуы және дамуының әлеуметтік тарихи аспектісі
Халықтың қалыптасуы өте күрделі, сан қырлы мәселе. Әрбір халықтың жеке халық болып қалыптасуы үшін көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуіне тура келеді. Бұл күрделі процесс бір немесе екі ғасырдың ішінде болмайды, халық болу үшін бірнеше ғасырларды керек етеді. Мысалы, Қазақстан жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі мен (б.д.д. II-I м.ж. кезеңі) темір дәуірі (б.д.д. VII-IV) кезеңдермен, немесе бұл кезде өмір сүрген ру-тайпалардың өсіп-өркендеуінен басталады. Олар Қазақстанның ұлан-ғайыр территориясын ежелден мекендеген байырғы (автохонды) тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінен құралған. ҮІ ғасырда Қазақстан жері Түркі қағанаты құрамына енді. Осы қағанаттар құрамында 30-дан астам түркі тілдес ру-тайпалар болды. Үйсіндер мен қаңлылар оларға сіңісіп кеткен. 702 жылы Батыс түркі қағанаты тарағаннан кейін оның орнына Түргеш қағанаты (704-756), Қарлұқ қағанаты (756-940), Оғыздар (9 ғ. соңы 11 ғ. басы), Қимақ қағанаты (9-11 ғ. б.), Қыпшақтар (11-13 ғ), Қарахандар (942-1212 ж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе екі мемлекеттің тарихи ролі күшті болды. Оның біріншісі Қыпшақ хандығы. Ертіс пен Еділ арасын мекендеді. Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен тағы бір мемлекет - ол оңтүстік, оңтүстік шығыс Қазақстанда өмір сүрген Қарахан феодалдық мемлекеті. Бұл мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күшті болды. Шығыстан монғол тектес көшпелі халықтар жасаған шапқыншылық оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына соншалықты өзгеріс жасаған жоқ. Алтай жақтан ығыса келіп, өздерінің мемлекеттік бірлестігін құрған наймандар мен керейттер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі әсерін тигізді. Бірақ осы бір сапырылыс кезінде шығыстан қидандардың (қарақытайлықтардың) шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы нашарлайды. ХІІІ ғ. басында Қарахан мемлекеті қайта көтеріліп келе жатқанда моңғол шапқыншылығы басталды. Сондай-ақ орталық, солтүстік, шығыс, батыс Қазақстан жеріндегі Қыпшақ мемлекеті де сондай жағдайға душар болды. Монғолдар екі мемлекеті де қиратты. Сөйтіп, халық болып қалыптасуы процесі ХҮ-ші ғасырға дейін кешікті. Монғол шапқыншылығы салдарынан тұтас ұлыстар орнағанмен, Қазақстан жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы байланыстар бұзылғанын, Алаш халқының әртүрлі аймақтарға (Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы, Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Көк Орда, Ақ Орда) қарағанын да мойындау керек. Ірі ру-тайпалардың бірсыпырасы қоныс аударды. Мәселен, қыпшақтардың бір бөлігі солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірге көшті. Дегенмен тіл бірлігі жойылмады. Себебі бұл халық монғол шапқыншылығынан бұрын-ақ мәдени қалыптасып қалған еді. Қайта монғолдар түркіленіп кетті. Бірақ бұл кезде бұрынғы екі үлкен нәсілдің байырғы европеидтік және кейін қосылған монғолоидтік нәсілдердің күрделі араласуы нәтижесінде қазіргі қазақ халқы құрамының (антропологиялық, этникалық, лингвистикалық негізде) бірыңғай тұтас қосындысы келіп шығады.
ХІҮ- ХҮ ғғ. феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында болып жатқан түрлі соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері барған сайын белең алды. Қазақстанның ежелгі тайпалары өз мекендерінің тарихи-географиялық, экономикалық және саяси оқшаулануының тарихи қалыптасқан жағдайларына байланысты этникалық жағынан біртұтастық пен бүтіндікке ұмтылды. Нәтижесінде үш этникалық-шаруашылық топ Ұлы, Орта және Кіші жүз пайда болды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік қазақстанды, Орта жүз Орталық, солтүстік Қазақстан, Кіші жүз Батыс Қазақстан да болды. Ұлан ғайыр территорияда осылайша топтасу арқылы іріленіп, бірігу тарихи-әлеуметтік қажеттіліктен туған. Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыстарына айналды. Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған «қазақлық» «қашақ» деген атаудан шықты дейді. Немесе «қазақ» атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кеткендерді «өзбек-қазақ» , кейін «қазақ» түрінде пайдаланылған деп санайды. «Қазақ» термині 1245 жылы Мамлюк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде (түрік-араб) сөздігінде кездеседі. Мұнда «қазақ» деген сөз басы бос кезбе деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша «қазақ» терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери жорықтарға қатысуын санаған. Кейде бұл термин ертедегі екі тайпалық (каспий және сақ) одақтардың атынан шыққан деп жорамалдайды. Ал кейбір тарихшылар «хас» нағыз және «сақ» деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қазақстан тарихының 2 томында «...қазақ атауы ІХ - Х ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ қыпшақтарының қоғамында әлеуметтік, ал ХІ-ХІІ ғғ. этникалық-әлеуметтік топтарға қолданылған. Және осы ғасырларда қыпшақ тайпаларының топтасуы қазақ қауымдастығы қалыптасуының да маңызды кезеңі болды» деп жазылған. Яғни бұл процесс түрлі кезеңде де тоқтамай, әмбебап мағынада қолданылып келген. Нәтижесінде қыпшақ тайпасы өзегі болған ХІҮ ғ. басында құрылған Ақ Орда халқының құрамы қазақтар болған. ХҮ ғ. 2 ж. қазақ халқы құрылып болғаннан кейін, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы, этникалық маңызға ие болды. Қазақ халқының қалыптасу тарихи кезеңдеріне әлеуметтік тарихи шолу, сипаттама жасау арқылы қазақ халқының қалыптасуы сандаған ғасырларға созылған ұзақ этникалық үдерістерден тұратындығын байқаймыз [145].
Бүгінде әлемдік саясатта өзіндік орны бар Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттiгiнiң бiрден бiр құқықтық-тарихи мұрагерi және саяси-мемлекеттiк құрылымының жалғасы болып табылады.
Қазақ ұлты-кең байтақ Қазақ елiн ғасырлар бойы мекен еткен, оны түрлi тарихи зорлық-зобалаңнан, басқыншылықтар мен шапқыншылықтардан қорғап, аман сақтап қалған мемлекет құрушы байырғы ұлт екені тарихи, әлеуметтік, саяси шындық.
Алайда қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы бір әлсіз жері, ол тарихи даму барысында қоғамдық-экономикалық формациялардың капиталистік сатысынан өтпеуі деген пікір бар. Соның салдарынан оның ұлттық санасы берік қалыптаспай, ұлттық құндылықтарын онша бағаламай, ұлттық мүддесін қорғауға келгенде онша белсенділік танытпай отыр. Мұның басты себебі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы патшалық Ресейдің, онан кейін қызыл империяның отары болып, өзінің басында билігінің болмауы. Жетпіс жылдың үстінде қызыл империяның құрамында болған кезде республикамызда индустрия дамып, өндіріс орындары, қалалар салынғаны рас. Бірақ қалаларда тұратың халықтың, өндіріс орындарында істейтін жұмысшылардың басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болып, қазақтар ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болды. Осындай себептердің салдарынан қазақ халқының әлеуметтік құрылымы негізінен шаруалар табы болып, олардың қоғамдық дүниетанымы қажетінше дамымай, ұлттық санасының уақыт талабынан кенже қалуының себебі сондықтан.
Соның салдарынан Қазақстан егеменді ел болғаннан бері Қазақстанда тұратын басқа азшыл ұлт, соның ішінде орыс ұлтының өкілдері қазақтардың мемлекет құрушы титулды ұлт екенін онша мойындамай, «біз де мемлекет құрушы ұлтпыз, сондықтан орыс тіліде мемлекеттік тіл болуы керек» деп, Қазақстанда ұлттардың бірігіп, алдарына ортақ мақсат қойып, берік қоғам құруына қарсылық білдіреді. Бұл тұрғыда біз өз тарапымыздан ұсынарымыз «мемлекет құрушы ұлт» бар және «мемлекет құраушы ұлт» ұғымы бар. Осы тұрғыдан алғанда қазақ мемлекет құрушы ұлт, моноұлт ретінде мойындалуы әлеуметтік-саяси шарт, ол үшін әлеуметтік, саяси негіздер жетерлік.
Халықаралық тәжірибеде мемлекет құрушы ұлттың саны жалпы халық санының үштен екi бөлiгiнен асса, ол моноұлтты мемлекет деп қабылданады. Қазақ ұлтының саны осы межеден асып, өзінің ХХ ғасырдың басындағы көрсеткішке жетті, соңғы халық санағы бұл ойды нақтылады. Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 16009,6 мың адамды, ал қазақтардың үлесі 63,9 %-ды, құрады [146]. Демек, Қазақ елi моноұлтты мемлекет деп қабылдануы тиiс. Ұлттық, демократиялық, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет орнықтыруды көздеген қазiргi Қазақстан республикасы – мемлекет құрушы қазақ ұлтының және әртүрлi тарихи кезеңдерде келiп қоныстанған барша азшыл ұлт өкілдері мен этникалық топтардың тату, бейбiт өмiр сүрiп жатқан Отаны. Сонымен қатар «Қазақ елiнде бiр ғана ұлт, яғни мемлекет құрушы қазақ ұлты және басқа да азшыл ұлт топтары тiршiлiк ететін шындықты ашық айтатын мезгiл келгендей. Осыт ұрғыда отандық БАҚ құралдарының атқаратын ролі зор.
Үш ғасырға жуық тоқтаусыз жүргiзiлген ұлтсыздандыру, орыстандыру саясаты қазақ ұлтының тiлiне, ұлттық санасына, мәдениетi мен салт-дәстүрiне, бiтiм-болмысына қатер төндiрiп, ұлтты тығырыққа тiредi. Ресей империясы мен кеңестік кезеңнің ұлттық саясаты халықтар құқығының бұзылуы, тікелей геноцид, экологиялық апаттармен қатар жүргізілді. Билік ұлттық құндылықтарды жоя отырып, қолдан утопиялық Кеңес ұлтын құруға тырысты. «Бейбітшілік» пен «келісім», негізінен, зорлықпен және жасанды идеологиялық қысыммен орнатылды. Осының негізінде ұлттық проблемалар шиеленісе түсіп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне алып келді. Айналып келгенде Кеңес Одағының құрдымға кетуі–дәл осы ұлттық мәселелердің түбегейлі шешілмеуінің нәтижесі болды деп санаймыз.
Қазақстанда қазақ халқының барлық ұлттық құндылықтарына басымдық берілуі және жеделдете шешілуі әлеуметтік саяси қажеттілік. Мұндай саралап жіктеу түрлі этникалық топтарға жататын адамдарды алалау, олардың жеке азаматтық құқығын шектеу емес, бұл–әлемдік ұстаным.
Әлемдік тәжірибеде халықтың ұлт болып қалыптасуы үшін қажетті бірнеше шарт бар. Олар:
-
халықтың өзіне тән мәдениетінің қалыптасуы;
-
халық мекендеген аумағының қалыптасуы;
-
өзін бір халықтың өкілі санайтын елдік, халықтық сананың орнығуы;
-
халықтың тілінің қалыптасуы;
-
халықтың ортақ атауының қалыптасуы;
-
халықтың өзіне тән антропологиялық бет пішінінің қалыптасуы.
Осы аталған халықтық белгілер, әсіресе этностық, нәсілдік-генетикалық, мәдени, тілдік қасиеттер ұзақ әлеуметтік-тарихи, әлеуметтік-мәдени дамудың нәтижесі.
Жаһандану жағдайында жалпы адамзаттық құндылықтарды өз дәрежесінде қабылдай отырып, өзіндікті сақтау барысында ғана қайсыбір мемлекет үшін лайықты орын иелену мүмкіндігі болатындығы белгілі. Соңғы уақыт бедерінде ұлттық құндылықтарды құптау және игеру өзекті әрі болашақ бағытты айқындап, өркениетке өрлеу жолын нұсқайтын нақтылық екендігі айқындала түсті. Еліміздің мақсаты өркениетті мемлекеттер межесінен орын алу екендігі баршаға белгілі, ұлттық өркениет өресіне жету үшін алдымен ұлттық өзіндік сананы қалыптастыру қажет. Сол арқылы саналы түрде сапалы нәтижеге қол жеткізу. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» [139, 3 б.],- деп атап өтуі қазақстандықтар үшін әлеуметтік-саяси бағдар болып табылады.
Өзіндік мәселесіне қазақ философы М.С.Орынбеков те тоқтала кетіп, қазақстандық өркениеттіліктің ерекшелігіне баса назар аударады. «Қазақстандық өркениет батыстық өлшемдерге бағынбайды, барлық Шығыстағы өркениеттер сияқты қауымдасудың өзге түрлеріне негізделеді. Біздің өркениетке қатысты дүниелер ең алдымен а) тұлғааралық қатыснастардың іргелілігі, ә) қолда бар құндылықтардың тұрақтылығы, б) рухани реттеушінің басымдылығы. Біздің қоғамымызда барлық мүшелеріне маңызы бар, жалпы мәнді құндылықтар бар» [147].
Әрбір халықтың өзінің ұлттық тарихы бар. Ұлттың тарихы–ұлттық сана тарихы. Сана белгілі бір ұлт өнімінің дамуы, сол ұлттың мәдениетінің өмірі мен мақсаты мен біртұтас. Сондықтан да, ұлттық сана-сезімнің қалыптасу жолдары әр түрлі, ерекше әрі қайталанбас құбылыс. Бұл ерекше құбылысты түсінудегі басты мәселе, яғни, бір халықтың ұлттық өзіндік санасының басқа халықтың ұлттық өзіндік санасынан ерекшелік белгілерінің қалыптасуы мен көрініс беруін зерделеу. Мұны тек ұлттық өзіндік сананы тарихи-мәдени және әлеуметтік-мәдени астарларда талқылау арқылы ғана жүзеге асыруға болады.
Ұлттық өзіндік сананы рухани құрылым ретінде көрсететін анағұрлым мазмұнды концепция: рухани автостереотиптер, аймақ, мәдениет, тіл тарихи өткен туралы ойлар да және де өз халықының мәдени және тарихи құндылықтарына қатынас сияқты сезімдік бөлшек те және де ең бастысы адамдардың іс-әрекетінің қозғаушы күші–ұлттық мүдделер. Ұлттық мүдде мәдениетпен, ұлттық өзіндік санамен тығыз байланысты. Ұлттық мүдде, ұлттық мәдениет ұлттық өзіндік сананың қалыптасуының қайнар көзі болып табылады. Яғни, адамның ұлттық өзіндік санасы адамның өзін-өзі ұлтық сәйкестенуін бейнелеуінің орталық формасы ретінде де анықталады деген тұжырым туындайды.
Ұлттық өзіндік сананы қарастырудың соңғы концептуалды нәтижелеріне сүйене отырып, оны рухани қасиеттің мынадай құбылысы ретінде тұжырымдауға болады. Ұлттық өзіндік сана ұлттық қоғамдастықтар арасындағы өз орнын анықтай білуі, аймақ, тіл, мәдениет, тарихи өткен жол, әрекет етуші қоғамдық-саяси және мәдени бағдарлар мен құндылықтардың жүйесі туралы ойлардың сипаттамасы. Ұлттық өзіндік сана адамдардың өмірлік әрекеттерінің әлеуметтік астарларын анықтайтын ұлттық мүдделермен тығыз байланысты [148].
Мемелекет құрушы ұлтқа Қазақстан қоғамының тарихи-әлеуметтік шындығы тұрғысынан қарай отырып, өз тарапымыздан төменде баяндалған айқындаушы тұжырымдарды ұсынамыз. Мемлекет құрушы ұлт, біздің түсінігімізде тарихи ата жұртындағы ұлттық мемлекеттің шаңырағын көтеріп, қорғап, оның қоғамдық тіршілігін негізінен қамтамасыз етіп отырған қандастар әлеуметі. Еуразияның сайын даласына кімдер келіп, кімдер кетпеді. Сонау сақ, үйсін, қаңлы дәуірлерінен Ұлы далаға қытай, парсы, араб өкілдері тастай батып, судай сіңгені көне деректерде дәйектелген. Қазақ хандығы құрылған ХV ғасырдан беріде келгендердің бәрі де бірде табысып, бірде таласып, ортақ тағдыр кешті. Қазақ халқы өз атамекенін қорғап, сақтап қалу барысында «ақтабан шұбырынды», «алқакөл сұлама» сияқты қуғын заманынды бастан кешті. Кеңестік жылдарды айтпағанда, Патшалық отарлау ғасырының өзінде сырттан келгендер Ұлы даланың иесі, байырғы тұрғыны қазақтар екенін мойындағаны тарихи ақиқат.
Бүгінде қазақтың үлес салмағы 70 %-ды иектеп қалған кезде, ұлттық мемлекетті құру мәселесі ертеңгі күні толықтай шешілу мүмкіндігі артты. Мемлекет құрушы ұлттың ішкі тұтастығы елдің әлеуметтік-саяси дамуында басымдылыққа ие болуға тиісті құндылық.
Мемлекет құрушы ұлт ұғымы заңнамалық тұрғыда да бүгінде айшықталып отыр. Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30-шы тамызында қабылданған Ата заңында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып....» деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы [107] «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік суверенитеті» декларациясында «Біз ежелгі қазақ жерінде мемлекеттік құрған, жалпы тарихи тағдырмен біріккен Қазақстан халқымыз…» деп, Қазақстан мемлекеті қазіргі қазақтардың ата-бабаларының жерінде құрылғанын және барлық қазақстандық халықтың ішкі біртұтастығының заңдылыққа айналғанын нақтылай келе, осы ұлттық идеологияның өзегі – мемлекетқұрушы ұлтпен байланысты екенін заңамалық негізде бекітті.
«Қазақстан-2030» Ел Президентінің Қазақстан Халқына жолдауында «Еліміздің қолында сегіз артықшылық бар деп, жетіншісі бекем тұсы қоғамымыздың саяси тұрақтылығы мен бірлігінде жатыр деп, ұзақ мерзімді басымдылықтарды жіктей келе, жетінші басымдылық кәсіби мемлекет мәселесінде, ұлттық мүдделердің сақшысы болатын мемлекетті қалыптастыруды» атап көрсетеді [109, 75 б.]. Ұлттық мүдделердің сақшысы болу дегеніміз-мемлекет негізі болып отырған қазақ ұлтының өзін дамыта отырып оның Қазақстанның көп этносты әлеуметі арасындағы ынтымақ пен тұрақтылықты сақтаушы, оны дамытушы әрі ұйыстырушысы ету деген сөз.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік белестері» еңбегінде: «Біз жаңа жүзжылдықтың табалдырығын қилы-қилы мұраны арқалап жеттік, сонымен бірге ұлттық тарихта бізге дейін ешқандай ұрпақтың қолына тимеген мүмкіндікті ала білдік. Қияметті де қияпатты соңғы онжылдықта бұған дейінгі жүздеген ұрпақтардың қолы жетпегенге қол жеткіздік, Тәуелсіз мемлекетті құра алдық. Бізді енді ешқандай тарих желі жер бетінен жойып жібермейтіндігінің басты кепілі, міне осы» [109, 81 б.]. Осы тағлымды тұжырым әрбір қазақстандықтың санасы мен жүрегінен орын тебетініне сенім бар.
Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекетінің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекетінің сақталуы тұрғанына куә. Жаһанданушы әлем және жаһанданудың басты алыпбарушы күштері әлемдік алпауыттар болып отырған тарихи жағдайда мемлекеттілікті, оның егемендігін, стратегиялық негіздерін, жерін, ресурстарын қорғау - қазіргі және келер ұрпақтың әлеуметтік және саяси парызы.
Мемлекет құрушы ұлт мәселесіне тікелей қатысты тағы бір заңамалық құжат Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», «Қазақ КСР-нің мемлекеттік суверенитеті» декларациясы негізінде, Елбасының тапсырмасына орай даярланған “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” – тарих тағылымын бойына сіңіріп, бүгініміз бен ертеңіміздің стратегиялық жүгін арқалаған салиқалы құжат.
Доктринаның Қазақстанды «қазақтардың тарихи мекені» деп анық та қанық атауы өте орынды әрі бұлтартпас шындық. Алғашқы нұсқасы қоғамда пікірталас тудырған аталмыш құжат, қайтара талдау барысында өзгерістерге ұшырап қазақ ұлтының мемлекетқұрушы ұлт ретіндегі мәребесін нақтылай түсті. «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» құжатындағы Жалпы ережеде мемлекет құрушы ұлттың, яғни қазақтардың түрлі этностар мен конфессиялардың Қазақстанда бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудегі шешуші рөлі ескеріліп, аталып кетеді. «Бір ел, бір тағдыр» атты бірінші бөлімінде «қазақ халқынының маңайына республиканың барлық азаматтарының топтасуы мемлекеттің тәуелсіздігің бекітуге бағытталған» [110] деп тәуелсіз Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтастырудың маңыздылығы аталған.
«Ұлттық рухты дамыту» атты үшінші тарауда рух, патриотизммен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесі ерекше екендігің, оны әрбір Қазақстандық азаматтың меңгеруі қажеттілігі және осы мемлекеттік тіл ел және рух бірлігінің басты факторы, негізгі басымдылық екендігі айтылады.
Доктринадағы: «ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген этностардың тағдыры тоғысты» деген жолдарын мәселенің мәнісін дөп басқан, дұрыс пайым.
Түркістан қаласында өткен дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз қазақ халқы – мемлекеттің негізін құрушы, оның тағдырына жауап беруші, ішіміздегі өзге ұлт өкілдеріне өнеге көрсетіп, барлық істе бастамашы болуға тиісті ұйтқы халықпыз. Сондықтан үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсете білген жөн» деді.
Ғылыми зерттеу жұмысы барысында осы тарауға байланысты сарапшыларға мынадай сауал қойылған: «Қазақ ұлты мемелекет құрушы ұлт деп айшықтағанымыз дұрыспа, елдегі басқа этностарды өкпелетіп алмаймыз ба?»
Сарапшылар бірауыздан төменде көрсетілген ой-пікірлерін ашып көрсетіп, біз үш топқа біріктірдік:
- «қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт, оған басқа ұлттардың еш реніші болмауы қажет»;
- «қазақстандық өзге ұлттар бұған өкпелемеу керек, осылай деп басын ашып алмасақ ертең «мемлекет құрушы ұлт» ұғымын қолдануда үлкен проблемалар болуы мүмкін...»;
- «Ұлт» болып саналуы үшін нақты территориялық жері, тілі, экономикасы болуы керек. Басқа ұлттар ҚР территориясында, қазақтың заңды тарихи атамекенінде тұрып жатыр, олар сондықтан «көпұлтты Қазақстан» емес «бірұлтты Қазақстан» территориясындағы этникалық азшыл ұлт өкілдері саналады».
Тұжырымды нақтылау үшін тереңдетілген сұхбат барысындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, қоғам қайраткері А. Айталының пікірі: «Менің ойымша, біздің елде әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары таңертеңнен кешке дейін «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деп халықты әбден жалықтырып болды. Шын мәнісінде, Қазақстан моноұлтты мемлекет». Өз кезегінде ұлт зиялысы бос ұрандарды қойып, ел ішінде қордаланған мәселелерді нақты шешу қажеттігін баса айтады. Қоғам қайраткерінің айтуынша, бүгінгі таңда қазақ халқының басым бөлігі әлеуметтік жағдайдың қиындығына, жұмыссыздық пен экологиялық мәселелер, шөл-шөлейт жерлерде тұратындығына қатты қынжылса, елдің 63,8 %-ы табиғи байлықтың шетелдіктердің қолына басқаруға берілгеніне риза емес екен. Сондай-ақ ол америкалық зерттеушілердің еңбегіне сәйкес, қазақтың 70 %-ы мемлекеттік тілді қолдайтынын, десе де қазіргі күні іс қағаздарының небәрі 6 %-ы ғана толыққанды қазақшаланғанын ашына жеткізді. Яғни қазақ мәселесі өзінің түбегейлі шешімін талап етеді. Бұл орайда Амангелді Айталы: «Егер мемлекет құрушы ұлт әлжуаз болса, мемлекет те әлжуаз болады. Бұл жазылмаған заң әрі қағида. Сондықтан қазақ халқының жағдайы – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» – дейді. «Мемлекет құрушы ұлт мәселесі – тәуелсіздік жариялап, мемлекеттік символдар: Елтаңба, Ту, Әнұранды қабылдап, БҰҰ-ына мүше болу арқылы шешілмейді. Ұлт өзіне-өзі ие болып, бар байлығын өзі билеп, мәдени-саяси һәм экономикалық тұрғыдан қайта түлеуінің арқасында ғана шешімін табады. Қазақ халқы ұлт ретінде ассимиляцияға ұшырап, құрып кету қаупі бар, деген пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Ондай қауіптің бары рас. Ел аузында: «сөзіне қарасаң орыс секілді, түріне қарасаң кәріс секілді, сұрастыра келсең қазақ боп шығады» дейтін тәмсіл қазіргі өмірден алынып отыр.
Ал ұлтсыздану дертінен қазақ ұлты қалай арылуы қажет деген сауалға, ғалым, қоғам қайраткерінің пікірің төмеңдегідей мазмұнда топтастыруға болады:
– Ұлтсыздану дертінен арылудың жолын тек ана тілмен байланыстыру біржақтылық болар еді. Ең басты міндет – қазақы рухани орта қалыптастыру. Оның негізгі бағыттарын атайтын болсақ:
1) Тарихи сананы тереңдету. Қазақ ұлты – көне түркі елінің жалғасы, өзінің төлтума тарихының иесі;
2) Ұлттық өркениетті, мұсылманшылықты, салт-дәстүрді жалғастыру. Шын мұсылман ешқашан ұлтсыздық дертіне ұшырамайды;
3) Түркі, қазақ мәдениеттерінің басқа өркениеттерге ықпалын, алыс-берісін айқын көрсету. Орыс халқының тарихи шындыққа көзін жеткізу, оларды жалған мақтаныштың жетегіне жібермей, орыс мәдениетінсіз қазаққа күн жоқ деген менмендіктен арылту;
4) Әлсіреп қалған рухани дәстүрді жандандырып, дамыту үшін ұлтсыздануға ұшыраған қазақтардың әртүрлі тобына арналған ұлттық мәдени бағдарлама жасап, ұлттық тәрбие жұмысын ұйымдастыру, ақпарат құралдарының жұмысын ұлттық рухани мақсатқа бейімдеу;
5) Мәдениетсіз, білімсіз, ғылымсыз қоғам болмайтыны сияқты, дінсіз де өркениетті қоғам болмайды. Ұлттық тәрбиенің негізін ислам қағидаттарына сүйене отырып жүргізу» деп тұжырымдайды.
Ұлтсыздану зардабының басты көрінісі қазақ тілінің қазіргі таңдағы басымдылығының әлсіз болуы. Қазақстанмен бірге КСРО құрамында болған елдер бүгінде отарсыздану процесін жетілдіріп, ұлттық даму жолына түскен. ТМД ауқымында төл этнос пен орыс ұлты мүддесі шиленісті жағдайын байқауға болады. Балтық елдеріұлттық мүдде үшін Ресеймен ашық арпалысып жатса, Өзбекстан мен Әзірбайжан еш тайсалмастан латын әліпбиіне өтіп, төл этнос пен ұлттық тіл мәртебесін мықтап бекітіп алды, олардан Түркіменстан мен Тәжікстан да қалыспайды. Әзірбайжан өз елінде ресейлік телеарналарды көрсетілуін тоқтатты. Уақытша келісім-шартпен бір телеарна (РТР планета) қалды. Өзбекстанда Ресейдің бірде бір телеарнасы көрсетілмейді, бірде бір газет, журналы жарық көрмейді. Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Балтық елдерінде, Грузия мен Арменияда «Ресейдің ақпарат құралдарын өз елдерінде таратуды саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да аса зиянды құбылыс» деп тауып, бұған біржолата тыйым салды. Жоғарыда аты аталған елдерде мемлекеттің бүкіл тірлік-тынысы бір ғана тілге, яғни мемлекеттік тілге көшірілді (бала бақшадан бастап жоғары оқу орынға, ауыл кеңесінен президенттік әкімшілікке дейін). Өзбекстанда 17 ғылыми зерттеу институттары ашылып, 31 телеарна, Украинада 39 теларна 24 сағат мемлекеттік тілде жұмыс жасайды [149].
Өзіндік ұлттық даму жолына түскен аталған елдер әрекеті радикалды көріністе, бірақ мемлекет құрушы ұлтты нығайтуда үлесі жоқ емес. Мемлекеттегі өзге ұлт диаспоралары негізгі ұлттың күшейуімен оның маңайына топтасатыны әлемдік тәжірибе.
Қазақ – мемлекет құрушы ұлт, оның мәдениеті мен өнері, тілі, діні, тағы басқа құндылықтары Қазақстаннан өзге қай елде дәріптеледі? Мемлекеттегі әр мәселе ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі қажет. Бұл арада ұлтшылдық идеясын ұстанып отырғанымыз жоқ. Достық, демократиялық құндылықтар қазақ қанында мықты қалыптасқан. Ел аумағында азшыл ұлт өкілдеріның ұлттық мүдделері шектеледі деу бекер. Сөзсіз, мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың өзіне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, рухани-мәдени дамуы жоғары деңгейге көтерілуі қажеттілік. Сонда ғана оның топтастыру әлеуеті жоғары болмақ. Бұл мәселе проблемасыз емес. Осы тұрғыда өңірлердіің, ауылдық әлеуметтік-экономикалық, білімдік-мәдени дамуы ерекше өткір мемлекеттік мәселе.
Академик Сұлтан Сартаевтың көрсетуінше «Қазақстандағы ұлттық процестердегі шындыққа келсек, елдің тарихи Отанында бір ұлт, бір халық бар. Ол-қазақ этносы. Ал, республикадағы басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдері басқа жерде тарихи Отандары бар Қазақстандағы диаспоралар, ирриденталар. Қазақстан орыстарын, өзбектерін тағы басқаларын «Қазақстандағы орыс диаспорасы», «Қазақстандағы неміс диаспорасы» т.с.с.ұғымдармен атау дұрыс. Қазақстандағы орыс халқы, өзбек халқы, неміс халқы т.с.с. деген ұғымдар негізсіз. Себебі, елдегі диаспоралардың төл тарихы Отандары бар. Ресей-Қазақстан орыстарының тарихи Отаны, Өзбекстан-Қазақстан өзбектерінің Отаны т.с.с. Отанынан шашырап кеткен халықтың бөліктері диаспораға айналады. Осы секілді қазақ халқының да диаспоралары жер шарының тан астам мемлекетінде мекен етуде. Бұл дегеніміз-миллиондаған қазақ ағайындарымыз тарихи Отанынан тысқары жерлерде өмір сүріп жатыр деген сөз. Бірақ та, олар өз этногенетикалық тегін,тілін, ділін, дінін сақтай отырып, бір жағынан, қазақ ұлтының өкілі; екінші жағынан, өзі тұратын белгілі бір шет мемлекетінің тең құқықты азаматтары [150].
Зерттеу барысында нақтыланған ой-пікірлер мен тұжырым бойынша «қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт» ұғымын орнықтыру бүгінде өзің әлеуметтік, саяси, тарихи тұрғыда өміршеңдігің сақтап отыр. Сондықтан, қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі статусы барлық жерде басымдылықпен аталып, қоғамдық сана қалыптасуы қажет.
Қазіргі әлем елдерінде ұлттық мәселерге өте зор көңіл бөледі. Мысалы, Францияда «әрбір француз жоғары дәрежелі француз болғанда ғана Франция дамиды» деген түсінік болса, Германиядағы принцип–«бір мемлекет – бір ұлт»; Жапонияның принципі де «Бір мемлекет – бір рух». Жаһандану заманданында көп этносты мемлекеттерде ірі титулды этностардың аз санды топтарды ассимиляциялау арқылы жұту саясаты толастар емес. Өркениетті дамыған мемлекеттерде аз санды халықтар қоғамның обьективті талаптарына cәйкес, көп санды, басым ұлттың мәдениетін, тілін, дәстүрлерін еріксіз қабылдауға мәжбүр. «Қайнаушы қазан» тұжырымдамасына сәйкес, мысалы Америка Құрама Штаттарында этникалық шығу тегі маңызды емес, оның Америка азаматы болуы маңызды. «Қайнаушы қазан» доктринасына мүдделілер қатарында жаһандану заманында көшбасшы елдер АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия аталады. Аталмыш тұжырымдаманың негізінде «адам және оның қажетттіліктері жатыр», бірінші кезекте жеке тұлғаның қызығушылығы қанағаттандырылады. Ұлт мәселесін шешудің келесі бір жолы «мәдени ұлттық автономия» тұжырымдамасы, 19 ғасырдағы австриялық-венгриялық социалистік идеялардан шықты. «Мәдени ұлттық автономия» доктринасы бойынша әрбір этностың жеке мемлекет құруға ұмтылуы мүмкін емес. Сондықтан олардың тілдік, мәдени талаптарының орындалуына жағдай жасау қажет. Қазақстан Республикасы жүргізіп отырған этносаясатының идеялық тамырлары осы «мәдени ұлттық автономия» тұжырымдамасына сүйенген деп айтуға болады. Осы бағытта елдегі Қазақстан Халықтары Ассамблеясының қызметі нақты дәлел бола алады.
Қазақстан бүгінгі таңда қазақ халқының үлес салмағының артуы мен ғана емес, 20 жылдың ішінде осы мемлекетті өркениетті ел ретінде қалыптастыра алатын халық ретіндеде ерекшеленді. Қазақтың дәстүрлі музыкасы, төл мәдениетіне байланысты ұлттық құндылықтар жаңғырды, жаңарды. Жас қазақ эстрадасының ұлттық құндылықтармен үйлесімі, «Мәдени мұралар» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мәдени жағыртулар туындылары, Атажұртына оралған қандас бауырлар көзінің қарашығындай сақтап. Еліне қайта жеткізілген мәдени-рухани құндылықтар, өркениетті ұлттық дәстүрдің қайта оралып, халықтық педагогика тағлымдарының өскелең ұрпақ тәрбиесіне енуі, қазақ философиясының сараланып жүйеге келтірілуі сияқты ізгілікті істер Тәуелсіз Қазақстанның, қазақ ұлтының тек экономикалық және саяси ғана емес әрі рухани нығаюының дәлелі. Бір ғана мысал - «Қаражорға» әнінің айтылып, биінің биленуі, оған өзге ұлт өкілдерінің ұмтылыс, қызығушылығы, «Қаражорға» тек қана қазақтарға ғана емес, Қазақстанның халықтарынада ортақ негізгі бір құндылық бола алды. 2010 жылы 23-25 қарашада Алматыда ұйымдастырылған «Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың Ортаазиялық І конвенті» жұмысында «Ұлттық бренд» мәселесі көтеріліп, брендті ұлттық негізде мемлекеттік құндылыққа айналдыру жүйесі қызу талқыланды. 2009 жылғы Қазақстан Республикасының Жастар Конгресінің бастамасымен Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Қарағанды қалаларында студент жастар тарапынан ұйымдастырылған бүкілқазақстандық «Бауырсақ күні», Германиялық әлемге әйгілі «Октоберфест сыра мейрамы» іспеттес ұлттық брендті жарнамалауға талпыныс болды. Осыған ұқсас шоқтығы биік шаралардың біртіндеп барлық ел азаматтарын қазақтың айналасына топтастыруға ынталандырып ұлттық идеядан нәр алатын, патриотизмді күшейтетін инфрақұрылымдық жобалар жасалуы қажеттілік.
Бұл қоғамда кейде қылаң беретін «ұлтсыздану» дертінен арылуға ұмтылыс тудырар еді.
Қазақстандағы төл этностың идеясы өзін сақтап қалып, өз атамекенінде басым этносқа айналып, дамып, еліміздегі тұрақтылықты нығайтып, толерантты қоғамда жақсы өмір сүріп, еңбек етіп, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен ғылымын, әдебиеті мен өнерін, рухани мұрасын дамытуға мүмкіндіктер алу болып отыр. Бұл идеялар төл этностың идеясына айналу үшін төл этностың әр өкілі осыны қолдау тапқаны, оның өз тіршілігінің негізіне айналуы қажет. Керек болған жағдайда ол өз идеяларын қорғай алуы да керек. Ол идея негізінде ұлттық құндылықтар жатыр.
Адамгершілікті - ұлтшылдық идеясы елді жаңалыққа, өркениетке жұмылдыратын идея. Оның негізінде ұлттық мемлекет құру үшін белгілі бір деңгейде елдің бірыңғайлығы, ортақ мәдениеті, тілі, әскері, хұқықтық тәртібі, азаматтығы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық идея ізгілікті ұлтшылдыққа бастайды. Философ Эрнет Гельнер айтқандай, ұлт ұлтшылдықты тудырмайды, ұлтшылдық ұлтты өмірге әкеледі, шыңдайды. Бұл пікірмен келіспеуге болмайды. Әсіресе отарланған ұлттар тарихи көштен қалып қойған кемсітушыліктің орнын толтыру, ұлттың жанына салған жарақатын емдеу үшін ұлт идеясын жүйелі ұлтшылдық идеологиясына айналдырады [98].
Ұлттық-мемлекеттік идея мемлекетке қажет. Біздің ойымызша, алуан түрлі этникалық топтарды біріктіріп, азаматтық қоғамды бағыттап, басқара алатын жүйеленген ілімді ұлттық-мемлекеттік идея деп атауға болады.
Қазақстандық ұлттық идеяның өзіне тән тағы бір қыры бар. Оның мазмұны мен мәні барлық Қазақстан халқының ортақ мүддесіне сәйкес келетіндігі.
Ұлттық идея, академик Д. Кішібековтың пікірінше, тамырын тереңнен алады және этностың болмыстық табиғатын түзеді, оның тарихымен және мәдениетімен байланысты болады. Ұлттық идея этникалық сезімдердің негізінде пайда болады. Ал идеология қоғамдық сананың жоғары даму сатысы болып табылады. Егер ол ұлттық идеяға негіз¬делсе, оны құндылықтармен толықтырса, күшке ие болады. Идеялардың маңызды топтастырушысы болып табылатын идеология стихиялы түрде пайда болмайды, оны адамдар қалыптастырады және оның өзіндік мақсаты мен қызметі болады. Ұлттық идеяның одан айырмашылығы–оны адамдар жасамайды, ол табиғи түрде пайда болады [151].
Ал, тарих ғылымдарының докторы Х.Әбжанов ұлттық идеяны былайша сипаттайды: «ұлтты сақтайтын ұлттық идея болуы керек. Ол ұлттың өмір сүруі, тілегі, ниеті, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенің тоқ етерін тапқанымыз» [152].
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің өзінің құндылықтар мен идеалдар жүйесі, өзінің дүниетанымы болады. Әр халық өзінің тарихи даму барысында қандай да бір ұлы идеяны «алып жүруші» немесе оны іске асырушы болады. Осылайша, ұлттық идея тұтас бір халықтың ұлы идеясы ретінде мақсат, бағыт-бағдар, өмірлік мән береді.
Сонымен қатар, ұлттық идея қауымдастықпен біріккен адамдар тобының ұжымдық жады, мақсат-мұраттары мен армандарының, дүниетанымының, көзқарастары мен құндылықтарының кешенді жиынтығы. Ұлттық идеяны жай ғана ойлап табу мүмкін емес және белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан әрі өрбіген ұлттық идея кездейсоқ құбылыс емес.
Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық посткеңестік мемлекеттер үшін маңызды болып отыр. Бүгінде қазақстандық қоғамда да мемлекетіміздің болашақ даму бағытына қатысты ұлттық идея мен мемлекеттік идеология қандай болуы тиіс деген қызу пікірталас қалыптасып отырғандығын аңғаруға болады. Бұл мәселеде Қазақстанның зиялы қауым өкілдерінің пікірлері келесідей бағыттарға бөлінеді:
– кеңестік заманда ұмыт болған дәстүрлі мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту және нығайту;
– батыс құндылықтарын енгізу;
– батыс құндылықтар жүйесі мен дәстүрлі сананың араласуы.
Сонымен қатар, елімізде анағұрлым кең интеграцияны білдіретін «еуразияшылдық» идеясы да кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қоғамның идеялық шоғырлануына септігін тигізетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы «Қазақстан – 2030» стратегиясы, «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру» идеялары да соңғы кездері ресми билік тарапынан да, бейресми ұйымдар тарапынан да қызу пікірталастар тудырып отыр. Ұлттық идея, ел Президенті Назарбаевтың пікірінше, қоғамның дамуына қарай туындайды. Осыған орай «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің осы заманғы ұлттық идеямыздың негізі бола алады дей келе, ұлттық идеяның мынадай басты тұғырларын анықтайды: ел бірлігі; экономика; өркениетті мемлекет [108].
Ұлттық-мемлекеттік идея саясат пен мәдениеттің дәнекері. Әр идеяның артында мәдени қырлары мен астары бар.
Ұлттық-мемлекеттік идея демократия дәстүрлеріне негізделген жағдайда ол толерантты қоғамның әлеуметтік-саяси қарқынды дамуына жол ашады.
Пікірімізді нақтылай түсу үшін отандық ғалым-саясаттанушы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Р. Әбсаттаровтың пікірің келтіре кеткен орынды: «Біздің елде ұлттық идея екі мағына береді. Бірі – қазақ ұлтының, екіншісі – жалпы қазақстандық. Біз кейде осы екі ұғымды шатастырып аламыз. Бізге керегі қазақ ұлтының идеясы. Одан кейін барып қазақстандық идея. Егер қазақ ұлтының идеясы болмаса, онда қазақ халқы өркендей алмайды. Бұл – басы ашық, ақиқат дүние. Мәселен, қазақ ұлты еліміздегі өзге ұлт өкілдерін маңайына топтастырып, ұйыта білсе, бірлікке жетелей білсе, сол тұста ғана қазақстандық идея пайда болады... Мен отаншылдық елімізде жоқ деп айта алмаймын. Бар. Бірақ сол патриотизмнің қалыптасуын жетілдіру керек. Қазақстандық патриотизм түптеп келгенде қазақ ұлтының отаншылдық рухынан нәр алып, соның негізінде көктеуі тиіс. Егер қазақ халқының мүддесін өзіміз ойламасақ, өзге жұрт ойлайды деп айту қиын, ойламайды да. Сонда ғана патриотизм қоғамның дамуына прогрессивтік рөл атқарады» [153, 3 б.].
Ұлттық идея дегеніміз – ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамуы. Қазіргі тарихи кезеңде қазақ халқының еңсесін көтеру, өзіне деген құрметін, «мен – қазақпын» деген мақтаныш сезімін қалыптастыру – өте қажет нәрсе.
Қазіргі жолдаулар, үндеулер, заңдар, бағдарламалардың барлығы әуелі орыс тілінде жазылады, сосын қазақшаға аударылатыны анық байқалады. Біз ол құжаттарды ең алдымен қазақша жазуды әдетке айналдыруымыз керек. Бұлар – ұлттық идеяның бөліктері болады. Біз жаһандану заманында, ақпараттық қоғамның әр ел мәдениеті трансформациялануы кезеңінде өз ұлтын, мәдениетін, тілін сүйетін адамдарды тәрбиелеуіміз қажет.
Яғни, жаһандану заманында ұлттық идея сусындаған, ұлты үшін жаны ауыратын ұлтшыл, бәсекеге қабілетті ұлт бола білу қажет. Бәсекеге қабілетті ел болу қажет деп Елбасының қазақстандықтардың алдында биік міндет қоюддың мәні терең. Әлемде бәсекеге қабілетті ұлт ретінде еврей халқы алдыңғы орынға шығады. Еврей ойшылы Хаим Житловский: «Сен социалистсің бе, коммунистсің бе, анархистсің бе, кім болсаң ол бол, бірақ, бірінші кезекте сен еврей ол, еврейлердің ішінде жұмыс істе, еврей интеллигенциясы еврей халқына тәнті болуы тиіс» деп тұжырымдайды. Бұл әрбәр азаматқа тән жақсы мағынадағы ұлтшылдық. Еврейлердің бойындағы асыл қасиет – олардың өз ана тілдері мен ұлттық құндылықтарын сақтап, одан әрі байытуға деген ұмтылысы.Он сегіз ғасыр бойы «тіл ретінде өліп қалған» деп саналған иврит тілі бүгінде Израильдің мемлекеттік тілі. Әлемдегі ұлттық сапасымен ерекше ұлт - жапондарда дәстүршілдік пен еңбекқорлықпен ерекшеленеді.140 миллион адам еркін сөйлеп, 128 миллион адам ана тілім деп есептейтін, 2136 иероглифтен тұратын жапон тілі мен жазуын білмейтін жапон жоқ. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін «жапондық рух, еуропалық білім мен технология» ұстанымы елді керемет жетістіктерге жеткізді. С.Хантингтон «Өркениетті қақтығысы» атты еңбегінде: «кез келген өркениет пен мәдениеттің өзегі тіл мен діні...» деп есептейді. Отаршы ел ретінде танымал ағылшындар саны 62,2 млн болсада әлемде ағылшын тілін 410 млн ана тілім деп,1 млрд астамы ана тілімен қатар жүретін екінші тіл ретінде мойындайды. Ағылшындарды ерекшелейтін жақсы сапалар – пунктуалдылық, салт-дәстүрді сақтау, ұлттық мақтанышпен астасыа жатқан өркөкіректік,жомарттыққа ұласып жатқан пайдакүнемдік, салқындылық, еңбек ету мен демалысты ұштастыра білу тән. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның экономикасын қалпына келтіруге ықпал еткен неміс патриотизмінің он өсиеті болды. Мысалы:
-тіпті, ұсақ-түйек шығындар шығарғанда да, отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес;
-шет елдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғанда, өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа;
-еш уақытта шет елдің тауарына қызықпа және есіңде берік сақта: Германия азаматтарына керегін тек Германия ғана шығара алады [154]. Өз заманында Кемал Ататүрік: «Керемет тек шетелде ғана емес. Сырттағыға табынғанша, батыс жұмысшысы, инженері және банкирінен кем түспейтіндігімізді дәлелдейік» деген ұран көтерген. Еврей, жапон, ағылшын, неміс не түрік ұлты болсын бүгінде өз елінде мемлекет құрушы ұлт ретінде жан-жақты басымдылығын танытып отыр. Ұлттық идея елдегі негізгі ұлттың ұлтшылдығын көтеріп әлемдік тәжіриебеде оң нәтижесін берді.
Мемлекет құрушы ұлт мәселесі, қазақ ұлты өзге ұлттардан кем емес, терезесі тең болуы мәселесі өткен ғасырдың бас кезеңінде Алаш арыстарын да толғандырған. Қазақ қайтсе іргелі ел болады деген мәселеге келгенде А.Байтұрсынұлы: «Қазақтың іргелі елдермен терезе теңестіруі үшін үш нәрсе керек. Қазақ мықты, бай һәм білімді болу керек. Мықты болу үшін бірлік керек, бай болу үшін кәсіп керек, білімді болу үшін оқу керек. Осы үш керектің жолында жұмыс істеу керек» [155] деп нақты әрі айқын тұжырымдаған. Қазіргі Қазақстан қоғамында мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлты үшін аталған керектер қазіргі кезде де күн тәртібінен түсе қойған жоқ.
Идеалды қазақты айқындайтын мемлекет құрушы ұлтқа тән қасиеттер біздіңше:
-
ең алдымен өз ана тілін жетік меңгеруі тиіс;
-
екіншіден төл тарихы мен салт-дәстүріне қанық болуы;
-
үшіншіден, дәстүрлі діни нанымына берік;
-
төртіншіден, кең ойлап, кесек пішетін ірі болуы (кінәмшілдік пен міншілдік әлсіз, аз ұлттарға тән қылық);
-
бесіншіден, білімді әрі өз ісінің кәсіпқой шебері болуы,
-
алтыншыдан, рухы асқақ намысқой болуы тиіс. Өзінің төл ұлттық құндылықтарын қадірлей алған адам ғана өзгенің мұң-мұқтажын терең сезініп, қадіріне жете алмақ. Өйткені, өзін жарылқай алмаған адамның өзгені жарылқай қоюы қиын.
Сондықтан да өзін сыйлайтын әрбір қазақ яғни мемлекет құрушы ұлт өкілі біз келтірген қасиеттерді жоғары бағалап қана қоймай, өзінің күнделікті ұстанымына айналдырса болашақта ұтылмас. Осы қасиеттер негізінде біз нағыз яғни идеалды қазақ бейнесін сомдалады деп санаймыз.
Егер, ұлттық идея ретінде ел тұтастығын ойлайтын болсақ әлемдегі 190 астам мемлекет халықтары сол мемлекеттің төл этносының мәдениетін, тілін игеруге тырысатынын мойындауымыз қажет. Яғни, тек мемлекетті құрған ұлттың мәдениетін, тілін, біліп қана бірігуге болады. Қазақ мәдениетіне, қазақ тарихыне, қазақ тіліне құрметтілік сезімдерін оятып, біліп өссе, сонда Қазақстанда мызғымайтын бірлік болады. Бізге шетелдегі бес миллиондай қазақты елімізге тезірек қайтаруымыз қажет. Бұл да ұлттық идея болуы тиіс. Олар біздің тілімізге, мәдениетімізге үлкен тірек болады. Осы тұста әлеуметатнушы Е.Есенғараевтың пікірі орынды айтылған: « Оралман деп көп адам менсінбей қарайтын қандастарымыздың (мәдениетінде біраз айырмашылықтар болса да) ұлтты сақтап қалуға үлкен себепкер болып отырғаны жасырын емес. Біздің бір кемшілігіміз, сырттан келген қазақтарға бауырмалдық танытпаймыз, не өзгенің тіл үйренуге деген құлшынысын қолпаштамаймыз. Егер ұлы ұлтқа айналамыз десек, ең алдымен, руға бөлінуі, өзгелерді менсінбеу сияқты балаң ұлтқа тән мінезден арылу қажет. Қазіргі заманға сәйкес жаңа образдарды ойлап табуымыз қажет.Оның қоғамға ықпалы жоғары» [156].
Ұлттық идеядан нәр алып, отаншылдық рухпен нық тұрған мемлекет құрушы ұлтпен ұйыса отырып, барлық Қазақстан халқы мемлекетті бірлесіп құраушы факторға айналады. Ұлттар үшін басты қауіп, ұлтсыздану дертінен де алшақ болары да әлеуметтік шындыққа айналар деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |