Лингвистикалық (функционалды) аспект. Тілдік қарым-қатынас тек дыбыстар арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан тіл дыбыстарын тек акустикалық, физиологиялық құбылыстар ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы, осы тілді адамдардың қатынас құралы дәрежісіне жеткізген оның әлеуметтік мәні. Осыдан барып дыбыстарды қарастырудың лингвистикалық аспектісі келіп шығады. Мұны фонология (гр. fono – дыбыс, logos – ілім) деп те атайды. Лингвистикалық аспект дыбыстарға фонема тұрғысынан қарайды.
Дыбысты айтамыз және естиміз, ал әріпті жазамыз және көреміз. А.Байтұрсынұлы еңбегінде: «Дыбыс таңбасын қаріп деп атаймыз. Дыбыс пен қаріп екеуі екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып, шатыстырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе, қаріп көрінетін, естілмейтін нәрсе» деп дыбыс пен әріптің айырмасын нақтылап түсіндіреді (5). Дыбыс пен әріп бір нысанның екі түрлі қыры болғанмен, бірінен алшақтайтын тұстары да жиі кездеседі. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ұ, ү), кейде бір әріп (ё, ю, я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) таңбалайды. Ал кейбір әріптердің (ь,ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Адамдар арасындағы тілдік қатынас екі түрде болады: ауызша және жазбаша. Мұның алдыңғысы сөйлеу арқылы, кейінгісі жазу арқылы іске асады. Сөйлеу – іштегі ойды дыбыс арқылы сыртқа шығару, айту. Бұл – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ең көне, ең негізгі қару. Жазу – сөйлеудің қағазға түскен бейнесі. Бұл бертінде пайда болды. Мәселен, қазақ халқы ХХ-ғасырдың орта тұсынан бері ғана жаппай сауатты елге айналды. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Жеке тұрғанда мән-мағынасыз көрінетін дыбыстар бірімен-бірі ұстасып, берік қиюласып сөзді жасаса, сөздерден сөз тіркестері, сөйлемдер құралатыны белгілі. Бұдан сөздердің қаңқасы да, қаны да, жаны да дыбыстар екенін, сөйлеу де, жазу да тек осы дыбыстардың арқасында ғана өмір сүретінін аңғару қиын емес. Тілдің дыбыстық жағы – оның өмір сүру амалы. Тілдегі санаулы ғана дыбыс сөздік құрамға енетін әлденеше мың сөздің құрамында белгілі бір тәртіппен қиюласып, тіркесіп қайталану арқылы дыбыс жүйесін, тілдің бет пішінін, болмысын айқындап, өзге тілдерден ерекшелендіреді. Сондықтан да мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап жеке дыбыстарды айтып, олардың таңбалары – әріптерді жазып үйренеміз. Бертін келе дыбыстарды дауыстылар, дауыссыздар деп бөліп, дауыстыларды жуан-жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік деп, дауыссыздарды үнді, ұяң, қатаң деп жіктеп, олардың сөз ішінде біріне-бірі ықпал жасап, үндесіп тұратынын, дыбыстардың айтылу, жазылуындағы кейбір ерекшеліктерді, буын‚ екпін сияқты ұғымдарды пайымдауға тырыстық. Мұны танытатын ғылым фонетика деп аталатынын да білеміз. Фонетика (грекше phonetіkos – дыбыстық) – дыбыс туралы ілім, тілдің дыбыс жүйесін зерттейтін тіл білімінің бір саласы (оны қазақ тілінің дыбыс жүйесіне лайықтап пәнетике деп айту, жазу жөн болар еді). Қазақ тіл білімінің атасы А. Байтұрсынұлы фонетиканы дыбыс жүйесі деп алған. Әзірше бұл екеуі синоним түрінде қолданылатынын ескеру керек. Дыбыс жүйесі қарастыратын мәселелер: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың түрлері, іштей жіктелуі, сөз ішінде біріне-бірі ықпал етіп, үйлесіп, үндесіп тіркесіп тұрудың тетігі, буын, екпін, сөйлеу мен жазудың арақатынасы, орфография, орфоэпия т.б. Тіл мәдениеті сөздерді айтуда да, жазуда да бірізділіктің болуын талап етеді. Кезінде тіліміздің дыбыс жүйесі, дыбыс заңдары жете ескерілмегендіктен, қазіргі айту, жазуымызда ала- құлалық, ақау көп (бұған осы кітапты оқып шыққанда көз жететін болады). Мысалы, алдыңғы сөйлемде кездесетін қазір сөзін емлені құрметтеп, осылай жазып, айтатындармен қатар қазыр көбіне кәзір түрде қолдану да жарысып жүр. Олай болатыны, аралас (жуанды-жіңішкелі) буынды қазір сөзі тіліміздің үндестік заңымен үйлеспейді. Фонетиканы жете меңгергенде ғана тіліміздің дыбыстық жүйесін, дыбыстардың сырын дұрыс түсініп, әлгіндей үйлесімсіздікке жол бермеуге болады. Дыбыстардың пайда болу, өзгеру сырларын білмей тұрып, лексикалық та, грамматикалық та құбылыстарға ғылыми түсінік беру, өзімізге мектептен таныс қатаңдану, ұяңдану сияқты дыбыстық өзгерістерді түсіндіру‚ қазіргі жазудың сырын түсіну қиын. Фонетика тіліміздегі бірсыпыра сөздердің пайда болуын анықтауға, тілдердің арасындағы туыстық байланысты табуға, тілдің айту, жазу нормаларын дұрыс меңгеруге мүмкіндік береді. Мәселен: қазіргі емле бойынша, қос сөз түрінде жазылып жүрген жапа-тармағай сөзі Досмұхаметұлы Халелдің айтуынша, арабтың жамхан, туран, мағхан (бәрі бірге ұмтылу) деген сөздерінен шыққан1 . Жат сөздердің тіліміздің дыбыстық заңына орай өзгеріске ұшырауы – заңды құбылыс. Ана тіліміздегі дыбыстардың артикуляциясын жетік білу шет тілін дұрыс меңгеру, қазіргі ақпарат‚ байланыс құралдарын жетілдіру үшін де қажет. Техниканың түр-түрі дыбыс арқылы басқарылатын дәуір қарсаңында тұрғанымызды да ескермеске болмайды. Зерттеу мақсатына қарай фонетика сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы және салғастырмалы болып келеді. Сипаттамалы (синхрониялық немесе статикалық деп те аталады) фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық жүйесін қарастырады: дыбыстарды сандық, сапалық жақтан айқындау, олардың тіркесу, үндесу заңдылықтары‚ буын‚ екпін, орфоэпия мәселесі осы саланың нысаны болып табылады. 1954 жылы “Қазіргі қазақ тілі” деген атпен шыққан тұңғыш академиялық оқулықтың бір тарауы болып енді. Авторы – Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі С. Кеңесбаев. Содан бері екі рет қайта басылып шықты. Бұл – осы күнге дейін жоғары оқу орындарына арналған бірден-бір фонетика оқулығы болумен бірге, осы саладағы зерттеулердің бәріне бағыт-бағдар сілтеп келе жатқан еңбек. Алайда 50 жыл бұрын жазылған оқулықта бұл күндері сын көзбен қарауды қажет ететін мәселелер де жеткілікті. Қазіргі қазақ тілінде орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген мың-мыңдаған сөздер бар. Біз оларды орыс тіліндегідей етіп айтуға, сондай-ақ жазуға тиіспіз. Мұның өзі орыс тілі фонетикасымен де етене таныс болуды талап етеді. Орыс тілінің дыбыс жүйесін, фонетикалық заңдылықтарын жақсы білгенде ғана әлгіндей сөздердің айтылуы мен жазылуын дұрыс меңгеруге, жетік білуге мүмкіндік туады. Орыс тілі оқулықтар мен оқу құралдарына бай. Тарихи (диахрониялық) фонетика тілдің дыбыс жүйесін тарихи тұрғыдан қарастырады. Дыбыстардың түрлері‚ олардың дамуы‚ тарихи өзгерістер‚ буын‚ екпін мәселелері‚ үндестік заңдары әр дәуірдегі жазба ескерткіштер материалдары бойынша айқындалады. Тілдің дыбыстық жүйесін қазіргі және тарихи тұрғыдан қарастырған кезде туыс тілдердің фонетикасын да ескерген абзал. Мұның өзі дыбыстардың өзгеру‚ даму жүйесін айқындауға мүмкіндік береді. Туыс тілдердің дыбыс жүйесін салыстыра зерттеп‚ олардың ұқсастықтары мен айырым белгілерін айқындау салыстырмалы фонетиканың міндетіне жатады.
Салыстырмалы және тарихи фонетика көбіне бір-біріне тығыз байланысты болады да‚ зерттеулерде қатар қолданылады . Туыстығы жоқ‚ құрылымы әр басқа тілдердің дыбыстық жүйесін салыстырып зерттеу салғастырмалы фонетиканың үлесіне тиеді .
Достарыңызбен бөлісу: |