Бақылау сұрақтары
Қоймаларды жаңа өнімді қабылдауға дайындауға қойылатын талаптар қандай?
Қоймаларды жаңа өнімді қабылдауға дайындау ерекшеліктері қандай?
Өнімді тұрақты қамбаларда сақтау ережелері мен талаптары.
Сақтауға қойған өнімге есеп жүргізу тәсілдері.
Дәріс № 20
Тақырыбы: Астық массасы мен астық өнімдерінің физикалық қасиеттері.
Дәрістің жоспары:
Астық қорының толық сақталуы.
Астық массасының сусымалылығы мен өздігінен сұрыпталынуы.
Астық массасының қуыстылығы.
Астық қорының толық сақталуы. Астық қорының толық сақталуы дәннің күйіне көп тәуелді. Астық дайындаушы мекемелерге алуан түрлі дақылдардың астық топтары әр түрлі сапа көрсеткіштерімен келіп түседі: мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес, немесе шектеу кондициясының деңгейінде, немесе одан жоғары мөлшерде ауытқулармен болуы мүмкін. Қоймада орналастыру, егін жинағаннан кейінгі өңдеу әдістері, сақтау ережелері мен тәсілдері, мақсатты пайдалану т.б. түскен астық топтарының сапасына байланысты өзгереді.
Негізгі құрауыш – астық тобы деп аталған дақылдардың (бидай, арпа және т.б.) дәндері немесе тұқымы. Астық массасының әрбір дәнінің өзіне тән морфологиялық және физиологиялық айырмашылықтары болады. Олар аналық өсімдіктер мен масақта әркелкі орналасады, толысу кезеңі де әр мезгілде жүреді.
Астық массасының сусымалылығы мен өздігінен сұрыпталынуы. Астық және астық массасының горизонталь жазықтыққа бұрыш жасай орналасқан бетте жылжуын олардың сусымалдығы деп атайды. Астық массасы жақсы сусымалылығымен ерекшеленеді, ал мұны конвейер, нория т.б. құралдармен орын ауыстырғанда, шанақтар мен силостарға астықты тиегенде және түсіргенде пайдаланады. Астық массасының сусымалылығы элеваторда, ұн, жарма, құрама жем зауыттарында шанақтармен силостардың ең төменгі иілу бұрышын (еңкіштігін) анықтайды, оны астық қоймаларының беріктігін т.б. есептегенде ескереді.
Әдетте астық массасының сусымалығын үйкеліс және табиғи көлбеу бұрышын өлшеу жолымен анықталатын, сыртқы және ішкі үйкеліс коэффициенттерімен сипаттайды.
Үйкеліс бұрышы деп астық массасының белгілі бір жазықтық бетінен жылжи бастайтын ең төменгі бұрышты айтады.
Табиғи көлбеу бұрышы деп астық массасының горизонталь жазықтыққа, мәселен, қойма еденіне еркін түсу нәтижесінде пайда болатын конус диаметрі мен табанының арасындағы бұрышты айтады. Астық массасының сусымалылығына көп факторлар әсер етеді: түйіршікті құрамы мен түйіршіліктілік сипаттамасы, дән бетінің күйі мен сипаттамасы, ( пішіні, көлемі, ылғалдылығы, қоспалардың мөлшері және олардың құрамы, дән ағатын құбырдың материалы, пішіні мен оның бетінің күйі).
Пішіні шар тәрізді жылтыр бетті дәндерден тұратын астық топтары ( тары, май, бұршақ, ас бұршақ) барынша сусымалы. Бұл пішіннен ауытқығанда астықтың сусымалылығы баяулайды. Ұзынша келген, жұқа, әжімді қабықшалары немесе гүл қауыздары бар дәндердің (астық массасының) сусымалылығы шамалы. Жеңіл және ұсақ, немесе беттері кедір-бұдырлы қоспалар астық массасының сусымалылығын төмендетеді. Астық массасы ылғалдылығының жоғарылауы оның сусымалылығын азайтады және табиғи көлбеу бұрышын арттырады. Сақтаудағы астық массасының артық тығыздалуы да сусымалылықты төмендетеді және астық күйінің жанама көрсеткіші қызметін атқарады.
Қозғалысқа ұшырағанда (желпігенде) астық массасының жеңіл қарауыштары (жеңіл қоспалар, ұсақ және семген дәндер т.б.) жоғарғы, ал ауырлары төменгі қабаттарға жылжиды, басқаша айтқанда астық топтарының біркелкі құрамы бұзылады.
Достарыңызбен бөлісу: |