Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады


(№) 1931 ЖЫЛ, 17 ҚЫРКҮЙЕК. ҚОШМҰҚАМЕД КЕМЕҢГЕРОВТІҢ ЖАУАБЫ



бет11/14
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20436
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

(№) 1931 ЖЫЛ, 17 ҚЫРКҮЙЕК. ҚОШМҰҚАМЕД КЕМЕҢГЕРОВТІҢ ЖАУАБЫ

23-жылы мен Қызылорда қаласында болып, ғылыми ағарту жұмысына қатысты мәселелермен айналыстым. Ол кезде мен Ташкентте тұратынмын. Ысқақовтан сұрасаңыздар да айтар, ол уақытта Ермеков те, Байтасов та Ташкентте тұрған емес, сондықтан бірге жүрген емеспіз.

Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен. Оған партияда жоқтар да, коммунистер де қатыса алатын көрінеді. Үйірме ассоциация ретінде ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан сияқты – деді. Платформаның жарғысымен танысып шықтым. Мен ол кезде материалистік іліммен таныс емес едім, сондықтан да бағдарлама жалпы алғанда орынды сияқтанды. Мен оны қазір оқысам, оның марксизммен арадағы қайшылығын аңғарған болар едім. Бұл 25-жыл болатын. Сәрсен мен Жәкен: ассоциацияға коммунистер де, партияда жоқтар да қатысады. Пікір білдіріңіз – дегенді айтты. Бірақ та бұл мәселе жөнінде ешкіммен хат алмасудың реті келмеді. Онымен танысқаным туралы тізімге қол қойдым ба, жоқ па, білмеймін, нақты есімде қалмапты. Байтасовтың Смағұл Сәдуақасовқа бағдарламаны көрсеткенін білемін. Мен онымен бұл мәселе төңірегінде әңгімелескен емеспін. Мұның барлығы жай ғана сөз күйінде қалды, ешқандай отырыс болған жоқ.

(...) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқашан мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін54.


*** *** ***

(№) 1931 ЖЫЛДЫҢ 17 ҚЫРКҮЙЕГІ КҮНГІ ДАНИЯЛ ЫСҚАҚОВТАН АЛЫНҒАН ЖАУАПТЫҢ ХАТТАМАСЫ

Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретін шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.

Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.

«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.

Әділевпен мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен онымен Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді

(Қолы қойылған).

*** *** ***

(№) 1931 ЖЫЛДЫҢ 20 ҚЫРКҮЙЕК КҮНГІ АЙЫПТАЛУШЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВТЕН АЛЫНҒАН ҚОСЫМША ТЕРГЕУ СҰРАҒЫНЫҢ ХАТТАМАСЫ
Ташкентке мен 1922 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдан бастап «Шолпан» журналының редакциясында қызмет істей бастадым. Мен Ташкентте өз таныстарымның ішінен «Шолпан» журналында істейтін тек Мағжан Жұмабаевті ғана кездестірдім. Бұрынғы алашордашылар туралы көпшілігі, оның ішінде Жұмабаев та теріс пікірде болды. Ал менің өз жеке басым бұрынғы алашордашылармен ешқандайда ортақ мүддем болған жоқ. Бұрынғы алашордашылар Жұмабаев екеумізді жақтырмайтын, «жазғыштар» деп кекететін.

Ташкентте ұйымдастырылды-мыс делінетін астыртын ұйымға мүше болуды былай қойғанда ол жөнінен мүлдем хабарсызбын, естігемін де жоқ. Мені астыртын ұйымның мүшесі болды деп көрсеткен Әділевтің көрсетіндісі мүлдем жалған. Өйткені мен ешқандай ұйымға кірген емеспін».

Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету туралы хат жазғаным рас55. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 жылы болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Менің ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет істей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым. Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым.

«Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет еттім.

Партияның Х сьезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ.

Ұлттық белгісіне орай Шығыс Өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен Өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс Коммунистік Партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ.

Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің – Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ.

Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ коммунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды. Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ. Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына сыйлықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды, – деп те жазды. Ал нағында сыйлық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі де жақсы біледі».

Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім.

Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен (танылмады – Т.Ж.) ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».

Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді.

Хаттама маған оқылып берілді – Әуезов. Жауап алған – Попов.

*** *** ***

(№) 28-ҚЫРКҮЙЕК КҮНІ Ә.БАЙДІЛДИННІҢ КӨРСЕТІНДІСІНЕ ОРАЙ М.ӘУЕЗОВТІҢ ҚОСЫМША ЖАУАБЫ

<...> Партияның Шығыс бөлiмшесiн құруды көздеген мәселеден хабарсызбын, Орынбор қаласындағы Өлкелiк комитеттiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Рысқұловтың сөйлегенiн бiлемiн, бiрақ партияның шығыстық комитетiн құру туралы мәселе көтерiлген жоқ. Жеке басыма келсем, Рысқұловтың нұсқауы бойынша сөйлеген емеспiн. Қалғандарын өзiмнiң жауабымда айтқанмын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн.

Протоколдi оқып шықтым. Мұхтар Әуезов.

1931 жылдың 28 қыркүйегi күнi тергеудiң аяқталғаны туралы маған хабарлады. Мұхтар Әуезов.

*** *** ***




(№) № 2370 ТЕРГЕУ ІСІ БОЙЫНША ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВТАН 31-ЖЫЛДЫҢ 3-ҚАЗАН КҮНІ ҚОСЫМША АЛЫНҒАН ТЕРГЕУДІҢ ХАТТАМАСЫ

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім. Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын.

21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Валидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.

Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да, бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Досмұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі, – деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек»,– деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады.

Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз56.

*** *** ***


(№) 1931 ЖЫЛДЫҢ 10 ҚАЗАНЫ КҮНІ ОГПУ-ДІҢ КОЛЛЕГИЯСЫНА ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік Комитет пен Халық комиссариаты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік Комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді.

Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс,– деп қарсы пікір білдірдім.

Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады,– деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін.

Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын.


*** *** ***
(№) ДЕЛО № 2370. ПОСТАНОВЛЕНИЕ 25/Х – 1931г 57

Оперуполномоченный ОО ПП ОГПУ в КССР – Попов, ввиду наличия в следствии дела № 2370 достаточных данных, изобличающих проходящего по этому делу гр. Досмухамедова Даганшу в принадлежности к подпольной организации казнационалистов и связанной с этим антисоветской деятельностью, руководствуясь ст. 128 УПК



ПОСТАНОВИЛ:

Привлечь гр. Д.Досмухамедова к следствию в качестве обвиняемого по делу, предъявив ему обвинение в том, что он:

1. В 1921 году совместно с обвиняемыми по делу Тынышпаевым М., Досмухамедовым Х., создал в Ташкенте подпольную организацию казахских националистов, принимал участие в составлении программы этой организации и производил вербовку новых членов в организацию с целью насаждения ее ячеек, снабжая их отдельными экземплярами программы, в частности был завербован им в 1922 году обвиняемый Сулеев Белял гор. Алма-Ата.

2. Будучи членом-руководителем организации установил связь с главарем басмаческих шаек в Бухаре Заки Валидовым и поддерживал в 1927 году связь с главарем банд Адилевых в Сары-Суйском районе, приняв участие в освобождении из под стражи в Кызыл-Орде главаря банд Адилева Байсеита, арестованного за расстрел начальника Акмолинской милиции и милиционера в 1923 году и содействовал его побегу.

3. Как член-руководитель подпольной организации проявил активную деятельность, направленную в сторону искажения земельной политики партии и советской власти и оказывал влияние на решение вопроса землеустройства на 5 партконференции и 5 съезда Советов Казахстана, в соответствии с требованиями программы подпольной организации и принимал участие в выработке литературной платформы для нелегальных кружков «Алка», т.е. в действиях предусмотреных 58-7, 58-10, 58-11, 57-3; ст.ст.УК.

Оперуполномоченный – В.Попов

Согласен зам. нач. О.О. – Волохов

<Ж.Досмұхамедов Қаулының үстін бастыра былай деп жазған>:

Настоящее Постановление мне прочитано, но материалы, на которых основано поставновление, полностью не прочитано.

25/Х – 1931г. (Қолы) Досмухамедов.

(І том, 435а стр.).



*** *** ***
(№) СССР ОГПУ-І КОЛЛЕГИЯСЫНЫҢ ТЕРГЕУ ЖӨНІНДЕГІ ЕРЕКШЕ ӨКІЛІ ПОПОВҚА ТҰТҚЫН ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВТЕН ӨТІНІШ

Осы жылдың 25-қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін – деген желеумен 58-баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59-баптың 3-тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылған осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22-жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиялық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенім мен өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14-қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәркілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәркілеу туралы пікірімді 14-қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. «Тынышбаевтің ісіне» қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі58. Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек, Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының (тергеушінің – Т.Ж.) деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті – деген, өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет – бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар күшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

(І том. 97-101 беттер).

*** *** ***



(№) ОГПУ-ДІҢ ЕРЕКШЕ ӨКІЛІ ПОПОВҚА ТҰТҚЫН ДОСМҰХАМЕДОВ ХАЛЕЛДЕН МӘЛІМДЕМЕ59

Осы жылдың 25-қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3-тармақтары бойынша: кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен төмендігі айтылғандарды:

1. 1922 жылы өзімнің кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды;

2. Сол, 1922 жылы Ташкентке келген Заки Валидовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді;

3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді – ғана мойындаймын.

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14- қыркүйегі күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетемін:

1. 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық алашордашылармен байланысымды үзгенмін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.

2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын».

3. Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.

Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей әрекет жасаған емеспін.

4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.

5. Байларды тәркілеуге қарсы ешқандай әрекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31-жылғы 14-қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін. Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айтқанда:

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан бастап 31-жылдың 25-қазанына дейін, Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын.

Бұл өкіметті: бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкімет – деп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәркілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып кетсе де оны осылай „бұрынғы «ашаршылық», «жартылай ашаршылық» деп мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.). Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытылып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды

(Х.Досмұхамедов).

26 қазан, 31 жыл.

*** *** ***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет