Бұл басылым «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады


(№) 1930 ЖЫЛЫ 6-ҚАРАША КҮНІ АЙЫПТАЛУШЫ ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВТЕН АЛЫНҒАН ТЕРГЕУ ЖАУАПТАРЫНЫҢ ХАТТАМАСЫ



бет8/14
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20436
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

(№) 1930 ЖЫЛЫ 6-ҚАРАША КҮНІ АЙЫПТАЛУШЫ ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВТЕН АЛЫНҒАН ТЕРГЕУ ЖАУАПТАРЫНЫҢ ХАТТАМАСЫ

Х.Досмұхамедов: «1). Ташкенттегі қазақ зиялыларының контрреволюциялық ұйымы бізге дейін де болуы мүмкін. Оған біз қатысқан жоқпыз. Ал Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22-жылы құрылды да, 24-жылдың басына дейін жұмыс істеді

2). Ұйымның құрылуына шығыс Бұқарадағы оқиғалар мен Заки Валидовтің, Әнуар пашаның келуі ықпал етті».

Екінші жағдай: Мәскеудегі оқиғалар және Болғанбаев пен Әділевтің келуі итермеледі. Егер де қазақ коммунистері әлсіздік көрсетіп, еуропалықтардың алдында дәрменсіздік танытпаса, қазақтардың мүддесін қорғай білсе, мүмкін онда бұл ұйым құрылмайтын да еді. Сондықтан да мұндай үстемдік пен өктемдікке қарсы біліміміз бен күшімізді пайдаланып, ұйымдасқан түрде күресу үшін ұйым құру қажеттігі туды. Бұл тұрғыдан алғанда коммунистер де бізді қолдады. Ұйымның алғы шарттары осындай».

3). Сұраққа жауап: Ұйымның құрамында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев, Есполов, Әділев Дінмұхамед, Қашқынбаев Иса, Бірімжанов және Жәленов болды».

4). Сұраққа жауап: Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз».

5). Ұйымға мүше ретінде орталыққа жақсы таныс, кепілдік бере алатындай зиялылар тартылды. Төралқасына бес адам сайланды. Әділев: әр адам өзіне жақсы таныс бір адамды тартуға ерікті болсын, – деді. Бұл ұсыныс қазақтардың дәстүріне жат болғандықтан да қабылданбады. Біз коммунистерді іске тартпадық, оларға айтқамыз да жоқ. Негізгі міндетіміз – өзімізге етене таныс зиялыларды ұйымға тарту еді. Түркістандық зиялылардың ішінен Тынышбаевті ғана тарттық, одан басқа ешкімді танымайтынбыз. Біз оның өзімен қоса, онымен рулас туыстары да біздің соңымыздан ереді деп үміттендік. Жалпы ауылдық жерлерде рулық белгі басты қызмет атқарады, бұл арада ол біздің ұйымға да өз септігін тигізеді деп ойладық».

6). Сұраққа жауап: ұйымның саяси және экономикалық бағдарламасына келетін болсақ, бізге – жалпыға ортақ сайлау құқығына негізделген Халықтық Ұлттық Демократиялық Республика керек деп есептедік. Мемлекеттік өкілетті заңды орган – Парламент болуы тиіс. Президенттік басқару мәселесі талқыланған жоқ. Ауыл шаруашылық мәселесіне келетін болсақ, онда міндетті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Біз: жерге міндетті түрде мемлекеттік меншік орнауы тиіс, жерге жеке меншік жойылуы керек. Егер де жер билігі мемлекеттің қолыңда болса, онда байлар мен феодалдарды қысып ұстауға болады. Оның есесіне біз европалықтардың жерге қоныстануына қарсы болдық. Жерді ең алдымен еңбек шартымен жергілікті халыққа бөліп беру керек. Қашан қазақтар шаруашылыққа бейімделіп, жерді өзара толықтай игергеннен соң ғана қоныс аударушыларға телімге рұқсат етуге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығы саласында қалыптасқан шаруашылық үрдісін сақтау, қуаң және жартылай қуаң жерлерді суландыру, су реформасын жүргізу, өнеркәсіпті дамыту мәселелері алға міндет етіп қойылды. Ұйымның бағдарламасын мен, Жаһанша Досмұхамедов және Тынышбаев жасады. Бағдарлама кімде сақталғаны есімде жоқ, Әділевте ме, жоқ, Жәленовте ме, білмеймін.

Д.Әділев (жалғасы): «Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады», – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты».

Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда – кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады, – деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек – деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық».

Марсековтің Шығыс Түркістанға өтіп кеткенін естігенмін, бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. 22-жылдары Шығыс Түркістандағы (жауапта Шығыс Қытайда деп жазылған, ал бұл өңір негізінде Қытайдың батыс өлкесі болып келеді –Т.Ж.) жағдайды талдап, ұсыныс жасау үшін онымен байланыс жасау ісі Тынышбаевқа тапсырылды. Ол Семей арқылы хабар салып, Орынбормен байланысуы тиіс еді. Бұл мәселенің қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ. Алайда бұл біздің басты мақсатымыздың бірі болатын.

7). Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы – ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлыдержавалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ.

8). Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егер де Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті –Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.

9). Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек,– деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ... Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда, шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті.

10) Ұйымның тұрақты қаражат қоры болған емес. Қаражатты кім жинағанын есіме түсіре алмай тұрмын. Бірімжанов Бұқараға жүрер алдында ақша жинадық. Заки Валидовпен жолығуға барарда Әділевке де ұйым мүшелері өзара келісіп 25-30 сомнан қаражат жидық.

11). Басқа республикалардағы контрреволюциялық ұлтшыл ұйымдармен байланыс былай жүргізілді. Мысалы Орынбордағы ұйыммен бастапқыда Байтұрсынов арқылы хабарласып тұрдық. Бұл ұйым өзінің өкілі ретінде Байтасов пен (Далел – Т.Ж.) Сәрсеновті ұсынып, барлық мәселені солармен кеңесіп шешуді тапсырды. Одан басқа нұсқау болған жоқ. Жаз айында мен, Тынышбаев және Жаһанша Досмұхамедов үшеуміз өзара ақылдастық. Менің білуімше, Орынбордағы ұйым өзінің жұмысын ертерек бастаған сияқты. Олар өз істерін бізден дербес жүргізді. Түркістан майданындағы жағдайдың күрт құлдырап кетуіне байланысты біз де (Жаһанша Досмұхамедовті, Тынышбаевті және өзімді айтып отырмын) тыныш жатып, бассауғалауды дұрыс деп шештік. Жастардың арасында «Алаш» бағдарламасына іш тартатын ұйым бар деп естідім. Біз олардан мәселенің анық-қанығын біліп беріңдер деп тапсырма бердік, бірақ та Байтасов пен Әділев жүрексінді ме, ештеңе айтпады. Орынбор мен Ташкент ұйымдарының арасындағы байланысты Байтұрсынов арқылы жүргізеді, оған Әділев байланысшылық етеді – дестік. «Алашорданың» бағыт-бағдарындағы (жетекшілері Байтұрсынов пен Биахмет – Т.Ж.) Сәрсенов) ұйым жұмысын баяндайтын құжаттардың ешқайсысы да сақталмады. Орынбордан Қызылордаға келгенімде алашордашылардың ешқайсысымен сөйлескемін жоқ.

Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметтің жетекшісі Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Олар жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ.

12). Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариатында да қызмет атқардым. Тынышбаев – Жер жөніндегі комиссариатта істеді, Қашқынбаев – денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов – «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев – жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты құрастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты – десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді.

Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...

13). ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақасовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойлаймын.

14). Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ – деп жауап бердім.

Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен – 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты.

15). Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді».

16). Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.

Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты (Әнуар паша бұл кезде қаза тапқан болатын – Т.Ж.). Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім – Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды.

17). 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «Ұйым» және «Өркениетті ұлтшылдар партиясы»,– деп атайтынбыз.

18). Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде (Сарымолдаевтің) тұрақты мекен-жайы болмағандықтан да хат Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен.

19). Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынбордағы – Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады.

20). «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз?»,– деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.

21). Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: «Бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз»,– дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: «Азған адамның тозған ісі»,– деген пікір білдірдім.

22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,– деген ұсыныс жасалды».

23). Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.

Сұрақ-жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым… (Халел Досмұхамедов).

*** *** ***


(№) Ж.АҚБАЕВ: «МЕН – ҚАЗАҚПЫН, 1876 ЖЫЛҒЫ 7 ҚАРАШАДА ... ҚАРҚАРАЛЫ ОКРУГІНІҢ БЕРІКҚАРА АУДАНЫНДАҒЫ 3-ШІ АУЫЛҒА ҚАРАСТЫ ЖЕРДЕ ТУҒАНМЫН44.

Мен – қазақпын, 1876 жылғы 7 қарашада, бұрынғы жыл санау бойынша 25 қазанда Төңіректас маңында, Қарқаралы округінің Берікқара ауданындағы 3-ші ауылға қарасты жерде туғанмын. 1883-84 жылдары мен жазда ата-анамның қозысын, қыста қойын бақтым. 1886 жылы мен Қарқаралы қаласындағы Қазақ интернатына, ал 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, 1898 жылы Томскігимназиясын бітірдім, нақ сол жылы Петербург Университетіне Заң факультеті бойынша оқуға түсіп, оны 1903 жылғы 9 маусымда (ескіше 27 мамырда) бітірдім.

1903 жылдың күзінде мен Омбы сот палатасына қызметке тұрып, 1904 жылдан бастап палата хатшысының көмекшісі болдым. 1905 жылғы тамыздан бастап Омбы қаласындағы 2-ші учаскенің бітістіруші судьясы міндетін атқардым. 1905 жылғы қазан-қараша айларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы саяси сөз сөйлеуіме байланысты мен сот мекемесінен кеттім. Бірақ сезім серпінімен, қызу шабыт пен сол кездегі коғамдық-саяси ағым туғызған ынта-жігер әсерімен мен жаршы-уағызшы қатарына шықтым.

1905 жылғы 7-8 қарашада (ескіше) Павлодар (Кереку) қаласында қаланың ортасындағы көп адам қатысқан митингіні ашып, мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайында аса ұлы тұтқалардың – саяси бостандықтардың, оқу-ағарту мен мәдениеттің самодержавиемен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіттедім. Сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалды. 1905 жылғы 11-12 қарашада Баянауыл казак станицасында түнде таныстарымның арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткіздім.

1905 жылғы 13-14 қарашада-ақ мен Қарқаралы қаласында болдым, онда қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавие бүлігі іс жүзінде жойылды; самодержавиеге қарсы насихат пен үгіттің шебер жүргізілуіне байланысты қазақ халқының жалпыға бірдей ынта-жігерінің рухани өрлеуі керемет болды: жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың ұлы идеясы шын мәнінде жүзеге асырылды. Қарқаралы уезі ұзаққа созылмағанымен де, республикалық режим орнатылған бірден-бір жер болды.

Шет аймақтағы оқиға орталыққа байланысты. Орталықта (Петербург, Мәскеу) қара реакция басымдық алды: қамшы, шыбыртқы, жазалау отрядтары – ауыр да іріп-шіріген психикалық зардаптары тиген көңілсіз көріністер, міне, осындай. Біздің сыбағамыз – тұтқындалу, этап, жалғыз камераға қамалу, Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 109-баптары бойынша мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады деп айыпталу.

1908 жылы мен үкіметке қарсы насихат жүргізгенім үшін Қарқаралыдан қарулы айдауылмен одан әрі бес жылға Якутскі облысына айдауға жіберу үшін Омбы қаласына жөнелтілдім, бірақ орталық мені дала өлкесіне жер аударуға рұқсат берді де, мен полицияның қадағалауымен Жетісу облысындағы Қапал қаласынан бір-ақ шықтым; ол жерден мен үкіметке қарсы қылмыстық насихат жүргізгенім үшін 1910 жылы Тобыл губерниясына жер аударылдым.

1915 жылдың күзінде жандармдар маған Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 129-баптары бойынша (ұлы мәртебеліге тіл тигізу, сатқындық және өмір сүріп отырған құрылысты құлату мақсатымен үгіт, насихат жүргізу) мемлекеттік қылмыс жасады деп айып тақты. Әдеттегісіндей, мен тұтқынға алынып, отбасыммен бірге қарулы айдауылмен Қарқаралы түрмесінен Павлодар (Кереку) қаласы арқылы Семей түрмесінің абақтысына жөнелтілдім, Павлодарда қараңғы, ылғал, сасық орында қос құлыппен құлыпталып жападан-жалғыз отырдым. Павлодарда мені пароходтағы иттің үйшігіне отырғызды, онда Семейге жеткенге дейін мен үнемі жатып баруға мәжбүр болдым, өйткені оның тарлығы сонша, отыру да, тұру да мүмкін емес еді. Бұл үйшікке мен еңбектеп кіруге мәжбүр болдым, бұл үйшік жалпы жұрт баратын әжетхананың қасына орналасқан болатын.

1917 жылғы қаңтар-ақпан айларында мені бес жылға Якутскі облысына жер аудару туралы іс қозғалды. Мен бұл сапарға шындап әзірлене бастадым, мені Якутия түрмелеріне этаппен ұзақ уақыт айдаудан ақпан революциясы құтқарды. Бірақ оның есесіне комиссар (уақытша үкіметтікі) Вейсер 1917 жылғы наурыздың аяғында мені қазақтар арасында бірінші болып саяси ұрандар: халық басқаруы, автономия, республика ұрандарын ұсынғаным үшін қамауға алып, орыс казактарының айдауымен Семейге жөнелтті, ал 1918 жылдың наурызында орыстың сословиелік казактары менің нақ сол мұрат-мақсат, армандарым үшін мені екінші рет қамауға алып, әскери-казак айдауылымен Семейге жөнелтті.

1919 жылғы қаңтарда Колчак пен Анненковтың барлау агенттері мені Қарқаралы қаласында тұтқынға алып, Қарқаралы түрмесіне қамады. Айыптаудың мәні – Колчактың әскери-казак диктатурасының және Атамандықтың жауы, Атамандар диктатурасын құлату және Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты қарулы көтеріліске дайындауға ұмтылған. 1919 жылғы 7 шілдеде (ескі стиль бойынша 2 маусымда) Колчак пен Атамандардың Әскери-дала соты Қарқаралы қаласында мені атуға үкім шығарды. Мен кассациялық шағым беруден бас тартып, өлім жазасына өзім қол қойып бекітуге келісетінімді мәлімдедім және шынында да, үкімге 1919 жылғы 7 шілде күні, кешкі сағат бестің шамасында өзім қол қойып бекіттім.

Осы кезде Қызыл Армия колчакшыларды (Колчак әскерін) Ресейден Азияға қуып шықты, Колчак атамандары қазақ зиялыларынан көмек күтіп, оған жағынып бақты. Сондықтан Сібір үкіметінің төрағасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша корпус командирі Березовский өлім жазасының күшін жойды.
1903 жылдың тамызынан 1905 жылғы 3 қарашаға дейін мен сот ведомствосында қызмет еттім, 1907 жылғы 7 сәуірден 1918 жылға дейін Семей округтік соты жанындағы Сенім білдірілген адвокаттың көмекшісі болдым. 1918 жылдың аяғынан бастап мен Семей губревкомының заң бөлімі жанындағы сот-тергеу учаскелерін басқару жөніндегі комиссияның мүшесі болдым. 1920 жылдың қаңтарынан Семей губревкомы басқару бөлімі заң бөлімшесінің меңгерушісі болып істедім. Менің етене араласуыммен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері енгізілді (құрылды). 1920 жылдың сәуірінен бастап мен Семей кеңестік халық сотының мүшесі болдым. 1921 жылдың қарашасынан бастап 1922 жылдың ақпанына дейін мен Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімі жанында жұмыс істедім. Айтпақшы, Қазақ фольклорын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым.

1922 жылдың наурызында өкпе қабынуымен ауырып, науқастығым себепті үйге қайттым.

1925 жылдың наурызында Губком мен Губатком Губерниялық соттың конструкторлық-тексеру бөлімінің меңгерушісі болу және запастағы судья міндетін атқару үшін Губерниялық ішкі істер органына жіберді. 1926 жылдың шілдесінен 1927 жылғы 13 желтоқсанға дейін Семей губерниялық соты жанындағы қорғаушылар алқасының мүшесі болдым; сол жерден мен 1927 жылғы қазан айында қазақ халқының тарихын зерттеу және ауа райы жұмсақ оңтүстікте тұру үшін Қызылорда қаласына кеттім. 1928 жылғы 4 қазаннан бастап Сырдария округтік қорғаушылар алқасының мүшесімін. Сырдария округі Мойынқұм ауданының Ново-Троицкі селосында тұрамын.

1907 жылдан осы уақытқа дейін Семей географиялық қоғамының мүшесімін, оған мен қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама табыс еттім.

Айтылғандардың дұрыстығы үшін моральдық жағынан жауап беремін. Сырдария қорғаушылар алқасының мүшесі Жақып Ақбаев.

Қорғаушылар алқасынын мүшесі Жақып Ақбаевтың қоятын қолын өзі қойғанын куәландырамын.

*** *** ***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет