ДӘРІЛЕРДІ ИНГАЛЯЦИЯЛЫҚ ЕНГІЗУ
Дәрілік заттарды тыныс жолдары арқылы енгізу. Мұндай жолмен газдар (азоттың шала тотығы), ұшқыш заттар, аэрозолдар және ұнтақтар енгізіледі. Аэрозолды енгізу тереңдігі дәрі бөлшектерінің өлшемдеріне байланысты болады. Диаметрі 60мкм-ден үлкен болған бөлшектер жұтқыншақта шөгеді және асқазанға жұтылады. Диаметрі 40-20мкм болған бөлшектер бронхиолаларға дейін өтеді, ал диаметрі 1 мкм болған бөлшектер альвеолаларға дейін барады. Дәрілік зат альвеола және бронхтар қабырғасынан өтіп капиллярларға түседі, қанмен жүректің сол бөлімдеріне және артериалды тамырлар бойымен «нысана-мүшелерге» жетеді.
Әдістің артықшылықтары:
қан айналымының жақсы болуы және абсорбция аймағының үлкен болуынан (150-200м²) дәрілік зат тез әсер етеді;
тыныс алу жолдары ауруларында дәрілік зат тікелей қабыну ошағына түседі және дәрінің енгізу дозасын азайтуға болады, бұл өз кезегінде жағымсыз әсерлер дамуын азайтуға болады.
Дәрілік заттарды тыныс алу жолдары арқылы енгізуді ингаляция деп атайды. Дәрілік заттарды тыныс жолдарының шырышты қабықтарына аэрозоль түрінде енгізу пациентке жедел көмек көрсеткенде өте тиімді. Ингаляторлар стационарлы, портативті, қалталы болып келеді. Ингалятор көмегімен дәрілік зат ауыз немесе мұрын арқылы енгізіледі. Ингаляция алдында ұнтақ түріндегі заттар, және сұйық дәрілер (тұнба, қайнатпа) дистилденген сумен немесе физиологиялық ерітіндімен дәрігер тағайындалған дозаға дейін араластырылады. Қалталы ингаляторлар кеңінен қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |