Дәріс атауы және тезистері Сағат көлемі


ЖАПЫРАҚ. ЖАПЫРАҚТЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ



бет11/14
Дата06.11.2023
өлшемі60.23 Kb.
#482436
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Дәріс тезистері (Химия-Биология) 3

ЖАПЫРАҚ. ЖАПЫРАҚТЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ
Жапырақ - жоғары сатыдағы өсімдіктер өркенінің өсуі біршама шектелген бүйірлік мүшесі. Тамыр мен сабақтан жапырақтың айырмасы ол өсуін ұшы арқылы емес, жапырақ тақтасының негізінде орналасқан қыстырма меристемасы арқылы жалғастырады.
Алғашқы нағыз жасыл жапырақ өсімдіктердің сулы ортадан құрлыққа шығуына байланысты құрлық жағдайларына бейімделген. Қос жарнақтыларда негізгі өркеннің апексі және төбе бүршігі жетілгенге дейін,олардың тұқымынан өсіп шыққан жапырақ - тұқым жарнақтарының жапырағы деп аталады. Жапырақтар алғашқы негізгі өркеннің, одан кейін жанама өркендердің әрқайсысының бой конусында экзогенді меристемалық төмпешіктер ретінде қалыптасып жетіледі. Төмпешіктердің жоғарғы бөлігі - апексі, төменгі бөлігі базальды бөлігі деп аталады. Апекстен жапырақ тақтасы, сағағы, ал базальды бөлігінен жапырақ негізі, бөбешік жапырақтар, қынап пайда болады.
Жапырақ өзінің даму барысында екі кезеңді басынан өткізеді, олар бүршік ішіндегі және бүршік сыртындағы кезеңдер. Бірінші кезеңде жапырақ бастамасы негізінен клеткалардың бөлінуі есебінен көлемін ұлғайтып, біртіндеп жапыраққа тән пішінге келе бастайды, бірақ қабатталған немесе бүктелген кішкентай қалпында қалады. Екінші кезеңде жапырақ жазылып, клеткалардың бөлінуі мен созылуы есебінен көлемін тез ұлғайтады.
Тұқымды өсімдіктерге жапырақтың өсуінің шектелуі – ұшынан өсу қабілетінің тез жойылып, өзінің меристемалық апексін сақтамауынан. Сонымен қатар жапырақтың жиегі мен бетіндегі қыстырма меристемасы арқылы жүзеге асатын өсу ұзаққа созылмайды. Сондықтан жапырақ белгілі бір мөлшерге жеткен соң тіршілігінің соңына дейін өспей, өзгеріссіз қалады.
Жапырақ тақтасының пішіні негізінен жазық, яғни бифациальды ( латынша, bis - екі, facies – сыртқы пішіні, қос бетті) сабақ және тамырмен салыстырғанда құрылысы дорсовентральды ( латынша, dorsum – арқа, venter - бауыр).
Жапырақ тақтасының үстіңгі бетін тағы да ішкі жағы, бауыр беті немесе адаксиальды (латынша adaxiolis - өске қарай) деп, ал астыңғы беті сырты, арқасы немесе абаксиальды(латынша abaxialis - өстен әрі беті) деп аталады. Жапырақтың үстіңгі беті(бауыр беті) бүршікке, өркеннің сабақ бөлігіне қарай, ал астыңғы беті немесе арқасы өстен сыртқа қарай орналасады. Сонымен қатар жапырақтың үстінгі және астыңғы беттерінің анатомиялық құрылысы,жүйкеленуі,реңі жағынан айырмашылықтары бар.
Жапырақтың дорсовентральды құрылысы кейбір ксерофиттерде, суккуленттерде, дара жарнақтылардың бірсыпыра өкілдерінде ауытқиды Мысалы, улы бозкілемнің жапырағы радиальды симметриялы цилиндр тәрізді, сол сияқты пияздың жапырағы түтік тәрізді, көлденең кесіндісінің пішіні дөңгелек, осылай көптеп мысалдар келтіруге болады.
Жапырақ - өсімдіктер денесінде фотосинтез жүретін, яғни органикалық емес заттардан органикалық заттар түзілетін, ауа алмасатын (тыныс) - көмірқышқыл газы мен оттегін қабылдайтын және шығаратын, суды буландыратын (транспирация) маңызды вегетативтік мүше. Осы негізгі қызметтерімен қатар көптеген өсімдіктерде жапырақ қор заттарын жинау қорғаныштық,тіректік және вегетативтік көбею қызметін атқарады.
ЖАПЫРАҚТЫҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ
Жапырақтың негізгі бөліктері. Жапырақ,жапырақ тақтасы (алақаны), сағақ, бөбешік жапырақтар, қынап, тілше және т.б. бөліктерден тұрады(65 – сурет). Бұл аталған бөліктер барлық өсімдіктердің жапырағында бірдей кездесе бермейді.
Жапырақтың негізгі бөлігі - оның тақтасы. Бұл бөліктің пішіні атына сәйкес тұқымды өсімдіктердің басым көпшілігінде тақта тәрізді болып келеді және жапыраққа тән қызметтер негізінен осында жүреді. Атқаратын қызметіне сәйкес жапырақ тақтасының пішіні, мөлшері алуан түрлі болады.
Сағақ - жапырақ тақтасы мен оның негізін қосып тұратын бөлігі. Жапырақ негізгі дегеніміз - жапырақ тақтасының сабаққа бекінетін төменгі бөлімі. Сағақ жапырақтың сабақта күннің түсу бағынатына қарай орналасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сағақтың өткізгіш шоқтары арқылы су және онда еріген минералдық заттар сабақтан жапырақ тақтасына өтіп,онда фотосинтез жүреді. Нәтижесінде пайда болған органикалық қосылыстар сабаққа қарай жылжиды. Сағағы жоқ жапырақтар сағақсыз немесе қондырмалы жапырақ деп аталады.
Жапырақ қынабы - жапырақ тақтасының сабақты түтік тәрізді қоршап орналасқан төменгі бөлігі. Қынап жапырақты сабақпен байланыстырып қана қоймай, таяныш қызметін де атқарады және төбе бүршігін, буын аралығының қыстырма меристемасы орналасқан төменгі бөлігін ортаның әр түрлі қолайсыз жағдайларынан қорғайды. Егер қынаптың ерні жасыл түсті болса,онда ол фотосинтезге қатынасады деген сөз. Реңі мөлдір, үлпек немесе қоңыр тері тәрізді (қияқөлендерде ) қынаптар да бар.Қынапты жапырақ негізінен астық тұқымдастарға тән. Жапырақ негізінің пішіні әр түрлі. Кейде ол айтарлықтай байқалмайды немесе шамалы ұлғайып, қалыңдап кетеді, мұны жапырақ жастықшасы деп атайды. Мысалы, саумалдықта осындай. Кейбір өсімдіктерде (шатыршагулділерде) жапырағының негізі немесе сағағы ұзына бойы не көлденең өсіп ұлғаяды да қобыланып бітеді, мұндай жапырақты қобылы жапырақ деп атайды.
Көптеген өсімдіктердің жапырақ негізінен ерекше өскіншелер өсіп шығады,олар бөбешік жапырақтар деп аталады. Олар кішкентай жапырақшалар,тікенектер пішіндес,үлпек қабыршақ тәрізді болады. Бөбешік жапырақтардың көлемі әдетте кішілеу (жоңышқа,беде) келеді. Ал кейбір өсімдіктерде, мысалы, асбұршақта ол кәдімгі жапырақтардан ірі. Чинаның кейбір түрлерінің (жапырақсыз чина) жапырақ тақталары мүлде өзгеріске ұшыраған. Мұндай жағдайда фотосинтездің жүруі, органикалық заттың түзілуі тек қана бөбешік жапырақтардың үлесіне тиесілі. Бөбешік жапырақтар бос немесе сағаққа кірігіп,кейде жапырақтың ішкі жағына қарай ауысып,қолтығында өседі. Осыған сәйкес қолтық бөбешік жапырақтар деп атайды.
Бөбешік жапырақтар негізгі жапырақтар тақтасының гөрі ертерек жетіліп,бүршік жабынының құрамын түзеді. Алайда олар бүршік ашылған кезде түсіп қалатындықтан,оларды ересек өркеннің толық жетілген жапырақтарында кездестіру қиын. Мысалы: жөке ағашы, қайың, емен, мойыл және көптеген ағаштар мен бұталарда солай. Кейбір өсімдіктерде бөбешік жапырақтар кірігіп сабақты қоршап, етіктің қонышы тәрізді қуыс түтік(раструб) түзеді. Бұл тарандар тұқымдасының өкілдеріне жататындардың бәрінде кездеседі (мысалы қымыздық ).
Астық тұқымдасының басым көпшілігінде қынаптың жапырақ тақтасына жалғасқан жерінде т і л ш е деп аталатын кішірек жұқа үлпек қабыршақ көрінеді. Осы буындағы жапырақ тақтасынң екі бүйірінен сабақты тығыз қаусырған жіңішке екі өскінше жетіледі, бұлар құлақшалар деп аталады. Тілшелер мен құлақшалардың пішіні астық дақылдарында алуан түрлі.
(Ағелеуов Е.А. 207-210 б.)
11.2. Жапырақ формациялары және әртүрлі жапырақтылық
Жапырақ формациялары. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік мүшелерінің ішінде әсіресе жапырақ өзінің пішіні, көлемі, реңі, өмір сүруі және т.б ерекшеліктері жағынан өзгергіш. Әлемдегі өсімдіктердің түрлеріне қарай оның жапырақ пішіндері де әр түрлі болады.
Жапырақтардың үш формациясы бар: төменгі жапырақ, ортаңғы жапырақ және жоғарғы жапырақ. Төменгі жапырақтар - қорғаныштық немесе қор жинаушы және т.б арнаулы қызметтер атқаруға бейімделіп, түрін өзгерткен және толық жетілмеген жапырақтар. Сол сияқты тұқым жарнақтарының жапырағы, бүршіктердің жабын қабыршақтары және тамыр сабақтар мен жер бетіндегі өркендердің қабыршақ жапырақтары да төменгі жапырақтар саналады. Ортаңғы жапырақтар – белгілі өсімдік түріне тән нағыз жасыл жапырақтар. Олардың негізгі қызметі – фотосинтез, транспирация (суды буландыру) және ауа алмастыру (тыныстану). Жоғарғы жапырақтарға гүл жапырақтар, гүл жапырақшалар жатады. Бұлар, әдетте толық жетілмеген және жапыраққа тән қызмет атқармайды.






12



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет