Дәріс мәтіндері дәріс №1 ХІХ ғасырдағы тарихи әлеуметтік жағдай және қазақ Әдебиеті


Дәріс №6 Сүйінбай Аронұлының (1822 - 1895) толғауларының тақырыптық – идеялық мазмұны



бет10/28
Дата01.03.2024
өлшемі0.58 Mb.
#493872
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   28
дарис

Дәріс №6


Сүйінбай Аронұлының (1822 - 1895) толғауларының тақырыптық – идеялық мазмұны
1. Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы.
2.Сүйінбай Аронұлы толғауларының тақырыптық идеялық мазмұны.

  1. Сүйінбай Аронұлының шығармашылығы.

Сүйінбай Аронұлы поэзиясы XIX ғасырда жырланса да, оның толғаулары, өлеңдері біздің заманымызға дейін жетеді. Сол заманда бұқарашыл әдебиеттің пайда болуына, халық арасынан ақындар шығуына әрине, сол кездегі тарихи әлеуметтік жағдай әсер етпей қойған жоқ. Ханғали Сүйіншәлиев пікірі бойынша: «XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті өзінің мазмұны мен идеясы жағынан біраз ілгерленген, қоғамдық мәні зорайып, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет»,-деген. Осыдан барып XIX ғасыр әдебиетімізде дәуір көрінісі айқын бейнеленіп, заман сыры жан-жақты ашылып, қоғамдық ұлттың сананың ояна бастағаны, әлеуметтік теңсіздіктер қоғамдық қайшылықтар жырланып, қазақ ақындарының ел ісіне белсене араласып жатқан кезеңі танылады.Жыр дүлдүлі Сүйінбай ақын өзінің шығармаларында үнемі қалың еңбекші көптің атынан сөйлеп, қарапайым халықтың үміті мен мұрат-мақсатын бейнелейді. Сүйінбай Аронұлының «Ақиық» жинағына толғаулары, сын-сықақ өлеңдері мен арнаулары және айтыстары енген.
Сүйінбай ақын көбінесе елінің байлығын, барлығын мақтан етпейді. Өнерді,өлеңді мұрат тұтады. Бұл турасында Ілияс Жансүгіровте, ол: «Сүйінбай өлеңді кәсіп еткен, ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желше соқтыра беретін жез таңдай ақын. Ел әуезінше айтсақ, «дарыған» ақын. Мұның өлеңдерінің өзгешелігі – көбінесе жырмен соққаны. Сүйінбай шұбыртып жырласа, төгіп жібереді, сипалап кетеді»,-дейді ірі таланттың өзіндік мәнерін, стилін дәл тауып айтып Сүйінбай ақын шығармалары- образды сұлу суретті жырлар. Онда терең мазмұнға сай көркем бейне, сом тұлғалар дараланып, көркемдік шыңға көтеріледі. Әсіресе үстемдер бейнесін жасауда олардың типтік мінездерін танытарлық суреттер қонымды бояулар арқылы реалистік өнер дәрежесінде тұлғаланды. Ал датқа, ұлық, болыс, би, ояз сияқтыларды суреттеуде Сүйінбай Аронұлы Абай Құнанбаевтың «Болыс болдым мінекей!» сияқты классикалық шығармасы дәстүріне лайық, соған пікірлес стильде тамаша сатиралық туынды жасайды.
Адам мінезін жасауда Сүйінбай ақын өзі тұстас көркем сөз шеберлерімен бәсекеге түскендей. Махамбет Өтемісұлының Жәңгір ханға, Шернияз Жарылғасұлының Баймағанбет сұлтанға, Жанақ ақынның Рүстем төреге, Шөже Қаржаубайұлының Бәйтікке айтқандары сияқты Сүйінбай ақынның төре-сұлтандар алдында айтқан тебіреністері-үндес те, мұңдас; түрі-тілі, стилі де бір қалыптас шығармалар. Сүйінбай Аронұлы-ел қанаған ақсүйек сұлтан, төрелерді әшкерелеп, оларға ерік беріп отырған феодалдық құрылысты сынаған. Ақынның ондай өлеңдерін «Төресің қанды қанға құйып жүрген», «Зар жылатып момынды», «Болмайсың жайлап айтсам», «Өзге төре өлсе де Сөк өлмейді», «Арамнан төре мал жинар» т.б. өлеңдері жатады. Ақынның төре сұлтандарды шенеген өлеңдерінде, көп аталып, жиі көрінетіндердің бірі-Ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек Нұралыұлы Абылайханов. Төренің феодалдық заман билеушісіне лайық кескін-кейпін нақты өмір шындығы аясында сипаттап береді. Мәселен, «Төресің қанды қанға құйып жүрген» деген өлеңінде Тезектің айлакер қу мінезін, ел мазасын алған жайсыздығын көрсетеді. Ақынның «Зар жылатып момынды» атты толғауы бастан-аяқ Тезек төренің зұлымдығын, тойымы жоқ дүниеқоңыздылығын көрсетуге арналған.
Сүйінбай ақын заманынан озып шыққан халық қайраткері, сыншыл ақын. Ол әлдекімдер құсап, өлеңді өлең үшін айтпайды, өлеңді туған елнің тағдырына, болашағына байланыстырып айтады. Әлсіз, қорғансыз адамдарды жақтайды, солардың мұң-шерін жырлайды Еңбекші көптің үстем тап өкілдеріне қарсы күрескен қолдап, әділеттіліктің жебеуші жақтасы болған Сүйінбай Аронұлы-жер дауы, жесір дауы, ер құны тәрізді маңызды, мәнді, жауапты жиындарда халық атынан сөйлеп, өз шешімін өткізе алған ділмар-дипломат шешен. Өзі қатысқан мәміле-мәжілістерде ел билеген сұлтан, төрелерді, атқа мінер болыстарды шенеген. Әрқашан да елдің намысын жақтаушы уәкілімін деп санаған.
Сүйінбай ақын Бұқар жырау, Шернияз Жарылғасұлы, Дулат Бабатайұлы, Шал ақындар сияқты өзінің жас кезең, қартая бастаған шағын суреттейді.Сүйінбай Аронұлы өз өлеңдерінде көбінесе сын-сықақ, ащы сарказмді қолданған. Сүйінбай ақын көбінесе бай, төрелерге арнап мысқыл өлеңдер шығарған. Соның бірі «Өзге төре өлсе де Сөк төре өлмейді» өлеңі. Осы арнауында Сүйінбай ақын Сөк төренің елге жайсыз қанаушы екенін жиналған көп алдында көзіне айтып, жерге қаратады.
Бұл өлеңде Сөк төре секілді қара күшке ерік берген қанаушылардың күнкөріс тәсілі алынған. Сөк төредегі шектен шыққан асқақтық, айлалы айбар, өзімен-өзі болып дандайдасу сияқты қисық-қытымырық сыналған. Сыйымсыздығымен халық алдында қадірі кеткен төренің шын кейпі суреттелген.
Сүйінбай ақын бұдан басқа да шығармаларында ел билеп, сұлтандық, төремен құрған хан тұқымдарын ғана әшкерелеп қоймайды, сонымен бірге халыққа тізесі батқан бай, болыстарды, билерді, атқа мінер пысықтарды да аяусыз сынайды. Оның «Тілеубердіге», «Сүліктен жаман», «Бойың биік болғанмен», «Төрт биге», «Сарыбайға» атты арнаулары мен толғаулары әлеуметтік мәні терең шығармалар.
2. Сүйінбай Аронұлы толғауларының тақырыптық идеялық мазмұны.
Ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы-әлеуметтік мәні зор өлеңдерімен қатар ірі сюжетті толғау, жырлар тудырған поэзия алыбы. «Ақиық» жинағының бірінші бөлімінде Сүйінбай Аронұлының жиырма шақты толғау-жырлары жарияланған. Оның көпшілігі бұрын баспа бетін көрмеген, оқушы қауымға жете таныс емес шығармалар. Ақынның толғау, жырларында XIX ғасырда қазақ халқы басынан кешкен үлкен тарихи оқиғалар сипатталған. Өйткені, ол кезеңде қазақ жеріне солтүстіктен патша үкіметінің отарлау саясаты дендеп ене бастаса, оңтүстіктен Орта азиялық Қоқан, Хиуа, Бұқар хандықтары өз биліктерін әскери күшпен орнатуға кіріскен еді. Осындай күрделі қиын-қыстау заманда Сүйінбай ақын орыс халқымен арадағы достықты жақтайды, бірақ патшалық империяның қазақ халқына жасалған, саяси ауыртпалығын және оның әскери әкімшілік өктемдігінің теріс сипаттарын мақұлдамады. Ақын, әсіресе, қазақ жеріне көп тауқымет, феодалдық мешеулік пен қараңғы наным-сенімдер әкелген Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы шықты.
Сүйінбай Аронұлы толғауларында көп аталатын Қоқан хандығы XIX ғасырда Орта Азия хандықтарының ішіндегі ірі феодалдық шапқыншы мемлекет болып саналған. XIX ғасырдың 40-60 жылдарында Қоқан қолымен қазақ еңбекшілерінің бірнеше ұрыстары болып өтеді. Ол ұрыстарда енді феодал билеушілерге сенбеген халық өз ортасынан шыққан Сұраншы, Саурық сияқты қаһарман ел батырларының соңынан ереді.
Сүйінбай Аронұлы толғауларының тақырыптық идеясын ашпас бұрын біріншіден толғау және идея сөздерінің мәнін ашып алу керек. Толғау-XY-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясында толғау ерекше өркендеп, өзінің ең жоғарғы даму сатысына жетті. Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Шығармада айтылатын идеяны бүкіл өн бойынан, бүкіл мазмұн-мағынасынан, ондағы уақиғалардың немесе кейіпкер тағдырынан, барлық бейнелілік, суреттілік қасиетінен танимыз. Шығарманың идеясы тек дәлдеп сөзбен айтып берерлік түйін-пікір ғана емес, әдеби туындының барлық мазмұн-байлығы, көркемдік қасиеті арқылы күшті әсер ететін идеялық қуаттылығы.
Сүйінбай Аронұлының толғау, жырларында елді бірлікке, ерлікке шақыратыны суреттеледі. Мысалы: «Бөрілі менің байрағым» атты толғауы осындай азаматтық үні басым, патриоттық толғау болып саналады.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз!
Сүйінбай ақын жау әскеріне қарсы күресте жауынгерлерге Қарасай, Қазыбек, Қастек сынды XYI-XYIII ғасырларда жасаған халық батырларының қаһармандық жолдарын үлгі етеді. Жау әскерімен соғысып жатқан жауынгерлердің жан дүниесіне елеулі ықпал етіп, олардың жігерін жандырып, еңсесін, рухын көтеретін өте әсерлі леппен жеткізеді.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы-ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
-деген жолдарда асқақ қайратқа көтеретін пәрменді психологиялық ағыс, екпін бар. Осы толғауда ақын өз атынан сөйлеп, жеке адамның табанды жауыегкрлік ерлік жолын көптің мұрат-мақсатымен үндестіреді. Бөрілі байрақ дегеніміз- қасқырдың бас суреті салынған Шапырашты батырдың жебелі туы мен найзасы. Бұл толғаудың идеясы қасқыр аңы секілді жауға қарсы шығып, оны жеңу және өз елін, жерін жауға бермей қорғау.
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында (3, 18)
Бұл үзіндіде батырларға рух, күш беріп тұрған сөздерді көреміз. Бұл толғауда бұрында ата-бабамыз құрмет еткен бөрінің (қасқыр) батырларға күш бергенін және де сол арқылы рухтанғанын көрсетеді. Бұл толғау ұран түрінде айтылған. Мұның идеялық мазмұны жер-дүниені сілкіндіріп жауға қарсы аттанып бара жатқан қазақ халқының қаһармандық бейнесі көрсетіліп, суреттелген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет