Дәріс мәтіндері дәріс №1 ХІХ ғасырдағы тарихи әлеуметтік жағдай және қазақ Әдебиеті



бет8/28
Дата01.03.2024
өлшемі0.58 Mb.
#493872
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   28
дарис

Мысалы:
Шөп сұйылды жердегі,
Құс таусылды көлдегі…
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғы заманнан ырымға, -
деген жолдардағы әсірелеу, литоталар фольклормен байланысты жатқандығы өзінен-өзі айқын.
Ескі феодалдық салт-сананың өз кезінде құлдырай бастағаның көрсету үшін әсірелеу, литоталық сөз тіркестерін әдейі қолданған. Өз пікіріне оқырмандарын сендіру үшін асыра суреттейді. Шортанбай Қанайұлы өмір сүрген кезде десек те, оның қалдықтары ой-санадан мүлде арылуы былай тұрсын, әлі күшті болатын. Жыраудың өзі де – сол ескі салт-сананың құрбандықтарының бірі. Кезіндегі көп ақындармен салыстырғанда, Шортанбай ақын нақыл сөздерге шебер. Бұл жағынан оның көп өлеңдері жырау сөздерінің үлгілерінде болып келеді. Халықтың оны Шортанбай жырау деп атаулары да кездейсоқ емес. Мысалы, “Бала зары”толғауының үзіндісін келтірсек:
Ауылдың малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Жан екен деп тыңдамас,
Насихат айтсаң наданға.
Бұл сөздер түгелдей афоризм – нақыл сөздер – тобына жатады. Өйткені әрқайсысында үлкен мағына, өмір шындығы жатыр. Бұл – ақынның өмір құбылыстарын бақылауынан алынған, өмір туралы пікір қорытындылары. Сонымен қатар, адамның мінез-құлқын жөндеуде, неден қашу, неге ұмтылуға бағыт сілтеген мәні зор, жүйелі пікірі бар.
Шортанбай жыраудың тілін сөз еткенде, айтылуға тиісті және бір мәселе – оның шығармаларындағы шетел сөздері. Біз жоғарыда Шортанбай ақын шығармаларының, әсіресе бір әлсіз жағы дін, дінді көбірек жырлау дедік. Ол жағдай оның шығармаларының тіліне де үлкен әсер етті. Дулат не басқа ақындармен салыстырғанда түрік, парсы, әсіресе араб сөздері Шортанбайда жиі кездеседі. Мысалы: ғайбат, бейіш, мүхмин, муфты, тәкбір, ғасима, сұбұхан алла, ғибрат, зекет, харам, гурзі, бәйт, суннет, парыз, хатым, пайғамбар; кісі аттары: Адам, Мұхаммат, Мустафа, Сүлеймен, Ибраһим т.б./2,172-177/
Шортанбай ақын шығармаларында қолданылатын көркемдік тәсілдеріне келер болсақ, онда көне түркі әдебиетінен келе жатқан дыбыс қуалау (аллитерация, ассонанс) көп кездесіп жатады. Мысалы, “Зар заман” толғауы:
Бір пара жанды малды қып,
Бір пара жанды малсыз қып,
Бір пара жанды ғалым қып,
Бір пара жанды залым қып,
Бір пара жанды дінді қып,
Бір пара жанды дінсіз қып…
… Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман…
Ара-тұра сөздің, алғашқы буынның қайталануы, өлең тармағы буынға ғана емес, екпінге де негізделіп құрылатын сәттері де аз кездеспейді.
Шортанбай жыраудың ақындық айналымында троптардың орны айрықша бөлек. “Текеметтің түріндей құбылған заман”, “орыс – бүркіт, біз түлкі”, “ұстараның жүзіндей аударылған дүние”, “сусыз жерге су түсіп, сусылдап келіп қу түсіп”, “ұзын аққан Сарысу”, “Арқаның жазы бейіш-ті”, “құбақан сағым бел, самалды шалқар көл”, “арғымақ ат тасырқап, тағалы болған замана”, “көп – жалғыздың саясы”, “жарысқа кірген жақсылар”, “сауысқан, ала қарға құстың құлы” деген теңеу, кейіптеу, бейнелеулер жыр ажарын кіргізіп, өлеңді тірілте түседі. Жалпы, Шортанбай Қанайұлы поэзиясының екпіндеп, түйреп, ашынып отыру ерекшелігі сөз қолданысындағы аса мол, көбіне тек өзіндік өрнектерге, оралымдарға байланысып жатады.
Шортанбай ақын өлең сөздің бейнелеу құралдарын мейлінше мол пайдаланады. Алайда Шортанбай жырау өлеңінің сезім қуаты, көркемдік күші бейнелі көркем тілі ғана емес; Шортанбай Қанайұлы өлеңінде поэзиялық сәуле түсіріп тұрған – наразылық, жаттың ісінен іш жию, ұрпағын жамандықтан сақтаудағы жанұшыру сезімі. Ақынның тіл кестесінде ежелгі дәстүрлі қолданыстармен бірге өзіндік, өз заманының ерекшелігін жеткізер тіл айшықтары аз емес. Бір ғана заман ұғымы ақын қолданыстарында зар заман, тар заман, асылық азған заман, ақыр заман арғымақ ат тосырқап, тағалы болған заман, т.б түрленіп сипатталады.
Қазақ поэзиясының кейіптеу тілі, теңеу тілі зар заман дәуірінде басқа сипатқа енді. Ашынып, кектеніп, жек көріп, айбаттанып, сес көрсете сөйлеу поэзия тіліне жаңа айшықтар әкелді. Махамбет Жәңгірді қасқырға, жыланға, шаянға, т.б. теңеді. Дулат сол шығармаларындағы ел мінезін, атқамінерлердің болмысын ашу – қазақ поэзиясына жаңа қырлар енгізді. Зар заман ағымы халық поэзиясындағы дәстүрлі кейіптеу, бейлелеу құралдарын молайтты, түрлендірді, өзгертті. Шортанбай жыраудың тілі – сол өзгерген, нақтылана түскен, өткірі, өтімі өскен өлеңінің тілі. Әрбір өзгерген қалыптың, тіршілік дамуының жаңа сөз тудырып отыратыны белгілі. Зар заманның өз сөзі болды.
Ғалым М.Мырзахметов “Отаршылдық дәуір әдебиеті” атты зерттеуінде ел билеудің жаңа жүйесі туғызған сұлтан правительдер мен билердің, старшиндардың бұрын-соңды болмаған образдар жүйесі жасалғанын, олардың халық атынан айыпталып, сыналуы сол тұстағы қазақ әдебиеті тарихына енген соны құбылыс екендігін айтып, Махамбет, Дулат шығармаларындағы ел билеушінің, елін сатқан атқамінерлердің бейнесіне тоқталып өтеді. Орыс отаршылдығын 3 кезеңге бөліп, сол тұста туған, жасаған көркем шығарма атаулының бәріне тән ортақ сарын отаршылдыққа қарсылықтан туған құбылыс екендігін тұжырымдауы зар заман ағымының тарихи негіздерін бекіте түскен айғақтар.
Шортанбай өлеңінде ежелгі түркілік, шығыстық үлгі басым көрінеді. Озбырлыққа, зұлымдыққа, дүниеқорлық пен дүмшілікке Шортанбай ізгілік, имандылықты көлденең қойып отырып сөйлейді. Бұзылған заманды түйреп, сөгіп отырып, түпкі мұраттарды қосақабат өрістетеді. Орта ғасырлардағы түркі әдебиетінде ел билеушінің жағымды сипаты мен жағымсыз тұрпаты, жалпы ел басқарудың өнер, жауапкершілік негіздері де көп айтылған.
Шортанбай көне түркі, араб поэзиясының қыры мен сырын еркін меңгеріп, игерген ақын екендігі даусыз. Жалпы оның шығыс мәдениетімен, мұсылманшылық идеясымен астарласып жатқан қырларын ашу – келешектің шаруасы. Шортанбай баяғыны баяндап беруші емес, өз дәуірінің шындығын нақты көрініспен өлеңге өзіндік өрнекпен көшірген ірі дарын, ілгерідегі өлең дәстүрін дамытып, байытушы, заманға сай жаңа түске көшірген суреткер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет