Дәріс № 5
Шортанбай Қанайұлы (1818 - 1881)-патшалық отарлау саясатын әшкерлеуде реалистікпен жырлаған сыншыл, ойлы суреткер ақын
1. Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері.
2.Шортанбай Қанайулы – реалист, сыншыл ойлы суреткер акын ( «Зар заман», «Бала зары», «Алдаушы жалған» т.б.)
3. Шортанбай жыраудың дін, құдай тақырыбындағы толғаулар.
1. Шортанбай Қанайұлы ( 1818-1881) шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері. Шортанбайдың “Тар заман”, “Бала зары” замана жайын, адамның мінез-құлықтарын, дін жайын сөз ететін, оларға өз көзқарасын аңғартарлық лирикалық толғаулар түріне жатады. Бұл мәселеде оның басқа жыраулардан айырым жағы – діни көзқарасының басымдығы.
Шортанбай ақының тым қысқа өмірбаянына қарағанда, ол – жасынан діншілдікті емес, өлеңді күйттеген кісі. Бірақ дін, “о дүние, бұ дүние” Шортанбайда көбірек сөз болады. Олай болу себебі реакцияшыл поэзияның оңтүстік ақындарына тигізген зиянды діншіл әсерлерімен байланысты еді.
Екінші, ХІХ ғасырдағы Қазан, Уфа қалаларында татар буржуазиясын байыту мақсатымен құрылған баспа орындарында көбірек басылған діни қиссалардың қазақ даласына кең жайылулары да Шортанбайға ықпал тигізуі мүмкін.
Үшінші, Шортанбай – феодалдық көзқарасты аңсаушы ақын. Бұл кездер ол аңсаған ескіліктің іргесі сөгіліп, қазақ даласына әр түрлі жаңалықтар қанат жайып, олар өздерінің келешегінің мығымдығын таныта бастаған кезі еді десек, бұл жағдайлар феодал табының жыршысы Шортанбайды шошытады, келешегі күңгірттікке айналады.
Шортанбайдың дарыны онша үлкен адам емес, құба төбел ғана ақын. Оны ел аузында сақтатып, тарихқа іліктіріп келе жатқан – оның өз кезіндегі актуалды мәселелерді көтеруі, аз да болса сол кездің өмір шындығын көрсете алғандығы. өзіне дейінгі қазақ өлең құрлысына еңгізген Шортанбайдың жаңалығы жоқ. Ол – қазақ өлеңінде бұрынғы бар түрлерді ғана пайдалануымен қанағаттанған ақын. 11 буынды және 7 буынды екі-ақ түр.
Таза 7 буынды өлең:
4 3
Ит жүгіртіп // құс солған
4 3
Жігіттің бір // өнері.
4 3
Өтіп кеткен // жас өмір,
3
Өкінсең жоқ // келері.
7 – 8 буынды аралас келетін жыр ағымы:
5 3
Мәселе кітап // шығардым,
3
Өзімнен қалсын // балаға
3
Кетпесе сөзім // далаға
4 3
Жоғалтпаса // өзімді,
4 3
Жоқ қылмаса // сөзімді
4 3
Мен риза // аллаға.
11 буынды өлең:
Айтсаң // мақтан қылып // батыр, ханды,
Ар көресің // құр келіп // бақырғанды.
Білетін // ел бітімін // би емессің,
Құсбек сені // не қылсын // шақырғанды.
Бұл шумақтың бунақтары біріңғай емес. Бірақ әр жолдарының буын саны 11-ден аспайды. Шумақ бас бунағы әр түрлі болып келетін он бір буынды өлең түрінде жатады. Ал Шортанбай өлеңдерінің ұйқасын алсақ, негізінде, екі-ақ түрі барлығын көреміз. Бірі қара өлең ұйқасы (а-а-в-а), екіншісі жыр ағымы саналатын толғау, желдірмелерде көп кездесетін ерікті ұйқас. Кейде кезекті ұйқас та кездеседі. Бірақ ол бірен-саран ғана.
Тіл жағынан да Шортанбайды қазақ поэзиясына пәлендей үлес қосты, байытты дей алмаймыз. Мысалы, өзінің замандасы дерлік, аз-ақ алдында өткен Дулатпен салыстырсақ, оған тең келмейді. Дулат қазақтың бай тілін толық меңгерген, халықтың сарқылмас, мол қазынасынан ең асылдарын таңдап ала білген және оларды өз өлеңдеріне шебер қолданған ақын дедік. Әсіресе, Дулаттың бір ерекшелігі - өзіне дейінгі әдеби нұсқаларда кездеспейтін, әрі ешкім қолданбаған, әрі көркем, әрі үздік образдарды поэзия тіліне енгізуі. Солар арқылы Дулат халқымыздың тіл байлығының молдығын танытты. Соны іздеп, тере білсе, талай тамаша образ, көркем сөздер табуға болатындығын көрсетіп, өз өлеңдеріне ондай сөздердің үлгілерін қалдырды. Ал Шортанбайда өзіне дейінгі ақындарда қолданылмаған, не аз қолданылған сөз образдары өте сирек кездеседі. Мысалы:
Нар түйенің жақсысы –
Бауыры сүтті маясы.
Достарыңызбен бөлісу: |