Бейне арыстан түлегі.»
Дастанда метонимиялық мағынада жасалған сөздер бар:
«Қарт бура қарсы шабынса, Қас батыр қару тағынса.» Еспембет дастанында эпитеттің тұрақты түрі өте көп. Мысалы:алмас қылыш ақ найза, сар садақ, қораш құл, алтын бел, ақ отау, ақ маңдай, аппақ жол,қарт батыр, асқар бел, толқыған көл, қас батыр, қара жер және т.б. Қазақ халқының өлеңдерінде болсын, көркем қара сөздерінде болсын ерекше орын алатын фигураның түрі-арнау. Олай болса, шығармада арнаудың қандай түрі берілген және қалай берілген, міне, осыған тоқталайық:
«Сырыңды айт маған, шөберем,
Сұлу сүйгің келе ме?
Сұңқар шүйгің келе ме?
Айдынды ала ту алып,
Жауға тигің келе ме?»/12,128/
Яғни, ақын жырға қосып отырған , адам өз ойын өзгеге арнап, сауал арқылы жеткізеді.
Дулат шығармаларында қайталау түрлері де кездеседі:
«Күндестік те еліңнен,
Міндестік те еліңнен,
Қамалау да еліңнен,
Табалау да еліңнен,
Өсіру де еліңнен.»
Алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсетін фигураның бір түрі – дамыту. Фигураның бұл түрін екі батырдың майданда белдескен жерінен және Ақбөртенің шабысын суреттеуде байқаймыз. Жалпы Еспембет дастанының қазақ әдебиеті тарихында маңызы өте зор.
Дәріс № 3
МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ (1803 - 1846) ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СЫНШЫЛ РЕАЛИСТІК, РОМАНТИКАЛЫҚ ТОЛҒАУДЫҢ АҚЫНЫ
1. Махамбет қазақ халқының сыншыл реалистік, романтикалық толғау ақыны.
2. Махамбет жырларындағы күрескерлік, жауынгерлік ,азаматтық әуендер.
(«Ереуіл атқа ер салмай», «Атадан туған аруақты ер», «Ұл туса», «Күн қайда?»)
3. Махамбет өлеңдеріндегі жыраулық дәстүр
4. М.Өтемісұлы өлеңдерінің құрылысы мен стилі, ақынның тіл шеберлігі.
1. Махамбет қазақ халқының сыншыл реалистік, романтикалық толғау ақыны. Махамбет заман шындығынан бірден бір дұрыс қорытынды жасай білген реалист ақын. Оның реалистігін әрбір өлеңінен көреміз. Халық бақыты, ел мүддесі үшін күрескен Махамбеттей жалынды ақын өлеңі өмір шындығынан аулық болуы мүмкін емес еді. Махамбеттің «Соғыс» өлеңі де сол замандағы ұрыс құралы мен қаруланған патша үкіметінің Гекке патша әскерімен қанды шайқасқа түскен шешуші айқасты бейнелейді. Исатайдың қалың қолы осы жерде топтасқан. Айбарлы жасақ жауына оқ болып атылуға әзір. Сол сәтті ақын:
Әскер жиып аттандық
Бекетай еді тұғырым
Айғайлап жауға тигенде
Ағатай Беріш ұраным
Бекетай құмға ел қонып
Байбақты Жүніс аттанды,-
деп бейнелейді. Бекетай құмындағы ұрыста ол барынша реалистілікпен көрсеткен. Көз алдында қанды майдан, қырғын өлім. Өрттей лаулаған жау. Ол мейірімсіз. «мылтығын қардай боратып», қамалды бұзып жауар бұлттай түйіле, найзағайдай атыла сөйлейді, ерлік мінезінен қайтпайды. Ақынның «Баймағанбет сұлтанға» деген толғауы ешбір бүкпесіз өзінің нағыз шын сыры ретінде реалистік тебіреніспен суреттеледі. Хан-сұлтанның торына түсіп алданып, қапы қалғанын, сөйтсе де өзінің бас имейтінін, алған бетінен қайтпайтынын именбей айтқан.
Махамбет өлеңдері жігерлі де асқақ романтикаға толы. Ақын өзінің «Жалған дүние», «Шашылу», «Қайда бар», «Тар қамау», «Қаршыға деген бір құс бар», «Жалғыздық», «Адыра қалған Нарында», «Шегініс» деген өлеңдерінде романтизм элементі жиі кездеседі. Бірақ бұл- көпшілікті күреске шақырғанн оптимистік, прогресшіл романтизм. Прогресшіл романтикалық сарындағы Махамбет өлеңдерінің інішде әсіресе ерекше орын алатыны- «Бағаналы терек жарылса» атты өлеңінде:
Бағаналы терек жарылса
Бақыраш жамап болар ма?
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше
Еменге иір бұтақ бітсейші,
Қыранға тұғыр қыларға.
Демек Махамбет, өлеңдеріндегі романтизм, болашақтан жақсылық күткен және елді күреске шақырған прогресшіл романтизм. Махамбет сөздері- «Жалаулы найза қолға алып» жау тоқтататын сөздер. (7,49-53)
2. Махамбет жырларындағы күрескерлік, жауынгерлік, азаматтық әуендер.
( «Ереуіл атқа ер салмай», «Атадан туған аруақты ер», «Ұл туса», «Күн қайда»).
Күрескер жауынгер ақын Махамбеттің өлеңдерінің өн бойында оның өмірлік мақсаты, жоғары күрескерлік рухы, ел мен жердің қамын, өшпес ерліктің мәні тізбектелген. Бұған дәлелдің бірі «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі.
Ереуіл атқа ер салмай
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку – еңку жер шалмай
Қоңыр салқын төске алмай, ...
Ерлердің ісі бітер ме? - деп жауға аттану үшін батырға не қажет екенін айтады.Яғни ерлерге ең алдымен ереуіл ат, егеулі найза және жер шалу, қоңыр салқын төске алу қажет болса керек. Сондай-ақ,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей, /1,53/
Өзегі талып ет жемей ...-деген жолдардан батырларға керек қажеттіліктен басқа жауынгерлік өмірдің тауқыметін көруге болады. Бұл өлеңде ер адамға сұрақ қойып, сол арқылы талап та қояды. Осы талаптардың барлығына сай адам ғана ер болмақ деген идея айтады. Көп жылдар күресті басынан өткізген ақын, өмір құбылысын, тартыстар тәжірибесін бақылай келіп, «Атадан туған аруақты ер» -деген өлеңінде қорытынды шығарады.
Атадан туған аруақты ер
Жауды көрсе жапырар,
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң
Малын көрер жанындай ...
Айтып-айтпай немене,
Егер халық қозғалса, /1,36/
Тұра алмайды хан тағында-ай – деп өзінің халық күшіне бері сенетінін көрсетеді.Хан,сұлтан, би-феодалдар қаншама мықтысынып, қара халықты қанаса да, күш халықта деген идеяны кейінгілерге өсиет есебінде қалдырады. Өздері жете алмай кеткен ұлы армандарын, келешек ұрпақтың орындайтынына сенеді және халық үшін күрескерлердің қандай сипаты болуы керек деген сұраққа да өз жауабын беріп кетті.
«Ұл туса» деген өлеңінде, қолына найза алып, ата жолын қуарлық ұлдың қандай болатынын көрсетеді.
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып келгенде,
Егескен жерде шарт кетер.
Жауырынан өтіп алса да, /1,76/
Жамандарға жалынбас, - дейді.
Қандай қиын, қандай трагедиялық жағдайды басынан кешірсе де, ол пессимизмге салынған жоқ, өле - өлгенше келешекке сенумен болды да, ұрпақтарын халық кегі үшін күреске шақырады. Көп уақыт күрес тауқыметін тартқан ақын өзінің жабыңқы көңіл- күйін «Күн қайда» деген өлеңінен анық көрсетеді.
.... Шалғынға бие біз байлап,
Орнықты қара сабадан.
Бозбаламен күліп ойнап,
Қымыз ішер күн қайда? -деп өмірдегі қарапайым болса да жанға жылулық тыныштық беретін өмір қажеттіліктерін аңсау сарыны бар. Ақын өмірден түңілмейді, риторикалық сұрақ түрінде кешегі күрес күндерін аңсайды. Әлде болса ақын «Алты құлаш ақ найза қолға алып, ұсынып шаншуға» әзір тұрғанын көрсетеді. Өмірдегі әр құбылысты, әр істі аңсаған нағыз ер, батырға тән аңсау басым. Сол аңсауларға деген талпыныс сезім жатқан сияқты.
3. Махамбет өлеңдеріндегі жыраулық дәстүр жалғастығының белгілері:
Махамбеттің кейбір өлеңдері мысалы; «Жалған дүние», «Арғымаққа оқ тиді», сияқты толғауларынан жыраулық дәстүр жалғастығын айқын аңғаруға болады.
Оның «Жалған дүние» толғауында:
Қоғалы көлдер, құм сулар.
Кімдерге қоныс болмаған
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған,-
бұл үзіндіден Махамбеттің риторикалық сұрау арнау түрінде айта келе, өмірге өзінше қорытынды жасайды. Шалкиіз жырауда да осы идея сөз болады. Тағы бір мысал «Арғымаққа оқ тиді» өлеңінде:
Арғымаққа оқ тиді,
Қыл мықынның түбінен
Ер жігітке оқ тиді
Ауыз омыртқаның түбінен
Қайтейін енді дүние -ай!
Жалғыз да кетіп барамын,
Қасымда көмектің кемінен,-
деген бұл үзінді Доспанбет жырау толғауында да бар.
Махамбет жыраулардың толғауларың өз шығармаларына негіз етіп алып, оған қосымша өзіндік қолтума ерекшеліктерін енгізген.
4. Өлеңдерінің құрылысы мен стилі, ақынның тіл шеберлігі.Құрылысы жағынан Махамбет өлеңдері, негізінде жыр ағымы, яғни 7-8 буынды өлеңдер болып келеді.Қара өлең ұйқысымен келетін 11 буынды өлеңдер бірен-саран. Бұл өлеңдерінің тақырыбы, суреттемелік оқиғасы идеялық мазмұнымен байланысты. Махамбет поэзиясының алдына қойған мақсаты-халықты күреске шақыру, ерлік қимылдарды жыр ету. Өлең құрылысы жыр ағымымен келуі осы жайларымен де байланысты. 11 буынды өлеңнен гөрі 7-8 буынды өлең түрі Махамбет тақырыбына қолайлы.Махамбет өлеңдері туралы соңғы жылдары жазылған кейбір мақала еңбектерінде Махамбеттің өлеңінің құрылысын «байыту», «түр санын көбейту», мақсатымен шумақ, буын туралы «жаңа пікірлер» кездесіп жүр. Бұл ізденулер- жаңа бір материалдар тауып, соның негізінде жаңалық ашу емес, жұқалап айтқанда, жалған қиялдың көрінісі. Жалпы өлең құрылысы, оның шумағы, бунақ-буыны, ұйқасы бәрі де белгілі бір заңдылыққа негізделеді. Өлеңге тән ол заңдылық бұзылса өлең-өлең болмайды. Сондықтан шумақты, не буынды, ұйқасты әркім өзінше бұрмалап, өзінше құрастырып, оның негізінде «жаңалық ашуға» болмайды. Бірнеше жолдар ішкі логикалық мағына жағынан байланысып, дыбыс үйлестігі, (ұйқасы) жағынан қиюласа, біткен бір синтаксистік ойды білдіреді.
Қазақ өлең құрылысында шумақ екі жолдан бастап, төрт, алты,сегіз, он одан да көп жолдардан құралуы мүмкін. Мысалы, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» деп басталатын өлеңі 19 жол, соның бәрі бірақ құрмалас сөйлем.
«Ереуіл атқа ер салмай» ,- өлеңінде:
Ереуіл атқа ер салмай
Ерлердің ісі бітер ме?
Егеулі найза қолға алмай
Ерлердің ісі бітер ме?-
деп, ең аяғы «ерлердің ісі бітер ме? » деген жолына шейін ой бітпейді. Осы өлеңінің әр жолы құрмалас сөйлемнің компаненті ретінде айтылады. Ой толқынының қарқын күшін әлсіретпей, бір тыныспен бітіру, сол арқылы тындаушыға өлеңнің әсерін күшейту мақсатынан туған.
Өлеңнің буынын талдау да ерекше мұқияттылықты керек етеді. Бұл әсіресе жыр ағымымен жазылған 7-8 буындар аралас келетін өлеңдерін талдасақ. Мысалы: Махамбеттің:
Еменнің5 түбі // сары3 бал,
Еріскен5 көңіл // бәрі3 бал.
Жоғарыдан6 төмен // төгейін3
Керегіңді4 // теріп3 ал,
Қасыма4 ерген // жолдастар3,
Антың4 бұзып // айрылма4,
Зейініңді4 // бермен сал3,-
деген өлеңін алсақ, 7-8 буын араласып, жыр ағымына жататын өлең екендігін көрсетеді. Бірақ жыр ағымы дегенде тек 7-8 буынның араласып келу ғана деп, осымен шектелсек дұрыс болмас еді. Бұл- Махамбет өлеңінің негізгі түрі. Оның кейбір өлеңдері 7-8 буынды тармақтар болып келеді де, кейбір тармақтардың буын сандары 8-ден де асып кетеді.
Толарсақтан4 // саз кешіп3
Тоқтамай5 тартып // шығарға3
Қас үлектен6 туған // кәтепті3
Қара нар5 керек // біздің бұл5 іске,- деген шумақтың соңғы екі жолдарының 9-10болып келетін буын сандары,7-8 буынды жолдарының ішінен кездеседі. Махамбет өлеңдерінде не бары төрт түрлі ұйқас бар. Қара өлең ұйқасы (а-а-в-а) шұбартпалы ұйқас (а- ааааа), кезекті ұйқас (а-в-б-в), ерікті ұйқас.
Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем, әрі өткір, әрі күшті болумен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты да сәйкес, соған тән болып келеді. Махамбет өлеңдерінде көркем тілге тән өрнек – айшықтың қай түрін болсын кездестіреміз. Өз мағынасында қолданылатын сөздер, троптың түрлері, фигура, оның алуан түрлері т.б. Оның поэтик тіліне тән және бір ерекшелік – нұсқалылығы. Не қазақ поэзиясында бұрын қолданылмаған, не өте сирек кездесетін образдар. Сөздерінің саралылығы, образдарының үздіктігі жағынан өзінен бұрында, өз кезінде де Махамбетпен тең келетін ақын болған емес.
Махамбет халық көңілінің тұнығындағы су асылы еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманшыл ата жауына деген қаны қатқан өшімен кегін, азаматтық антқа берік адалдығы мен арыстандай ерлігін көкке көтере мадақтады. Ақының қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыда алдан жарық күнді қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне толқу салды, ер көңіліне жел берді.Махамбет жырларын оқыған адам тез тұтанып, Исатай сарбаздарының сарынды айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақының құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ.
Махамбет жырлары халқымыздың мәдени мұраларының рухани
ең асылынан саналады. «... Шындықты тура айтатын абайламай
Дариға-ай Махамбеттер, Абылайлар-ай»-деп ақын Мұқағали
жырлағандай Махамбет құдай берген таланттың арқасында аз ғұмырында өзі басынан кешкен өмірді өлеңге айналдырып, ащы шындықты ашық айтып, сол рухты жырларын, ерлік ұрандарын ұрпақтан-ұрпаққа тірілердің бәріне-бәрімізге жаттатып кеткен. Махамбеттің жалынды жырлары ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, намыс қылышын берік ұстауға тәрбиелеуші мұра.
Достарыңызбен бөлісу: |