Дәріс №11. САН ЕСІМ,ЕСІМДІК ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОҚЫТУ
Сөз табы ұстанымдары тұрғысынан алганда, сан есімнің өзіне тән семантикалық мағынасы бар, яғни олар- сандық ұғымды білдіретін сөздер. Шындық өмірде заттар өте көп, зат болған жерде заттың саны да болады. Ол жанды затқа да, жансыз затқа да қатысты. Сондықтан сан есім сѳздер затты талғамай тіркеседі, сан есім зат атауының алдынан тіркесіп, оның санын білдіреді. Мысалы, екі кітап, бір қалам, он дәптер, т.б. Сан есім зат есіммен ешбір қосымшасыз орын арқылы ғана байланысады. Сан есім заттың нақты санын көрсетумен бірге, заттың санын шамамен, болжап та, бүтін заттың санын да, бөлшек заттың санан да, заттың рет санын да білдіреді. Оның бәрі жалпы сандық ұғымға жатады, яғни сан есімнің семантикалық белгісіне жатады.
Сөздерді таптастырудың екінші ұстанымы - сөз табының морфологиялық белгісі. Бұл көбіне сөз табының сөздерді түрлендіру жүйесіне қатысты екені белгілі. Сан есімнің өзіне тән грамматикалық категориясы яғни түрлену жүйесі жоқ. Сондықтан ол сан есімнің сөз табы ретінде танылуына кедергі бола алмайды. Бірақ сан есім мүлдем түрленбейтін сөз табына жатпайды. Өйткені сан есім- заттардың санын білдіруден басқа да мағынада да қолданылады, атап айтқанда, таза сандық мағынада да қолданылады. Мысалы, бесті беске қосса, он болады, деген сияқты қолданыс математика ғылымынан кең орын алады.Мұндай қолданыста сан есім зат есім парадигмалары бойынша түрленеді. Ол- сан есім сөздердің өзіндік ерекшелігі. Бірақ бұл сан есімде ешқандай қосымша жоқ дегенді білдірмейді. Сан есім морфологиялық көрсеткішке кедей сөз табы болғанымен, оның мағыналық топтарының жекелеген қосымшалары бар. Олар реттік санның -ншы, -нші, -ыншы, -інші жұрнағы мен жинақтау санның -ау, -еу жұрнақтары.
Сөздерді топтастырудың үшінші үстанымы- сөз табының негізгі синтаксистік қызметі болуы. Бұл ұстанымға сан есімнің анықтауыштық қызметі жауап береді. Сан есімнің ішінде анықтауыш болмайтын сөз жоқ, бұл – сан есімнің негізгі синтаксистік қызметі. Бірақ сан есім басқа да синтаксистік қызметте де қолданылады, бірақ олар негізгі синтаксистік қызметке жатпайды. Міне, осы белгілері сан есімді дербес сөз табы деп тануға мүмкіндік береді.
Сан есім түрлі құрамда қолданылады. Құрамына қарай сан есімдер дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Дара сан есімдер бір негізгі морфемадан тұрып, сандық ұғымды атайды.. Дара сан есімдер бірліктердің, ондықтардың аттары және жүз, мың, миллион, миллиард сөздері жатады, бірліктер тоғыз сөз: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз. Ондықтар да тоғыз сөз: он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан және жүз, мың санымен барлығы дара сандар- жиырма. Оған орыс тілінен кірген миллион, миллиард санын қоссақ, барлығы- 22 дара сандар.
Сан есімде күрделі сөздер қатары өте көп, оның санын көрсету де мүмкін емес. Күрделі сандар ешқандай қосымшаның көмегінсіз бір сан мен екінші санның тіркесуі арқылы жасалып, үшінші санның атын жасайды. Мысалы, он бір, жиырма үш, отыз бес, қырықалты, елу жеті, сексен сегіз т.б. Күрделі сандар ең кіші екі негізгі морфемадан немесе бірнеше негізгі морфемадан құралады. Мысалы, он бес, бір мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз.
Күрделі сан есімнің мағынасы оның құрамындағы сандардың мағынасынан екі түрлі жолмен жасалады: 1) күрделі санның құрамындағы сандарды бір-біріне қосу арқылы үшінші санның аты жасалады, 2) күрделі санның құрамындағы сандар бір-бірімен көбейтіледі де, үшінші санның аты жасалады.
Сан есім сөздер - морфологиялық көрсеткіштері өте аз сөз табы. Морфологиялық көрсеткіштер ретінде реттік сан есімнің -ншы, -нші, -ыншы, -інші жұрнағын және жинақтау сан есімнің -ау, -еу жұрнағын, болжалдық сан есімнің -ер, -дай, -дей жұрнағын көрсетуге болады.
Әр сөз табы белгілі бір жалпы мағынаны білдіретін сөз табы болғанымен, іштей мағыналық ерекшеліктері болады. Сан есімнің де сан атауын әр түрлі білдіруіне қарай бірнеше мағыналық топтары бар. Олар: есептік сан есім, реттік сан есім, жинақтау сан есімі, топтау сан есім, болжалдық сан есім, бөлшектік сан есім.
Есімдік – тілдегі атауыш сөздердің есімдік тобына жататын, сол есім сөздердің орнына жүретін орынбасар сөз екендігі. Есімдіктің өзі орнына жүретін сөз табының мағынасын нақты атамай, жалпы мәнді білдіруі. Есімдіктің мағыналық топтары, олардың грамматикалық формаларға түрленуі. Есімдіктердің септелуіндегі өзіндік ерекшеліктер, сөйлемдегі қызметі. Прономилдану процесі арқылы есімдікке айналу. Есімдіктің жалпылық мәні өлшеусіз кең, тиянақсыз жалпылық түрде келетін есімдіктерге ғана тән қасиет есімдіктің негізгі белгісі болып саналады. Бірақ есімдіктің бұл мағыналық жалпылығы сөйлем мазмұнын түсінуге кедергі келтірмейді, өйткені сөйлемде, не бұрынғы сөйлемде орнына есімдік қолданылған сөз айтылып, сол арқылы есімдіктің қандай мағынада қолданылып тұрғаны айқындалып тұрады. Сөйтіп, есімдік – әрқилы заттар мен құбылыстар, белгілердің қайсысын болса да, таңдамай көрсете беру дәрежесіндегі өте кең көлемдегі жалпылық дәрежедегі сөздер. Бұл жалпылық мағына – барлық есімдіктерге тән қасиет.
Есімдіктер өте жалпы мағыналы сөздер болғанымен, сөйлемде, қолданыста ол қай сөздің орнына қолданылса, сөйлемде өзі орнына қолданылған сөздің мағынасына нұсқайды, соның мағынасында түсініледі. Бірақ бұл мағына – барлық есімдіктерге тән қасиет.
Есімдіктің мағынасы сөйлеу әрекетімен, яғни сөйлемде не туралы айтылғанымен, сөйлеуге қатысушылармен тікелей байланысты. Мысалы, мен – сөйлеуші, сен – тыңдаушы, мына – сөйлеушіге жақын зат т.б. Мұны ғылымда есімдіктің дейктикалық қызметі дейді, ол сөйлеу әрекетіне қатысушыларды білдіреді. Сөйлеу әрекетіне қатысушылар сөйлеуші мен тыңдаушы болуына байланысты есімдіктер көбіне субъектімен байланысты болады. Есімдік сөздер әрқашан сөйлеуші не басқа да құбылыстарға, олардың сапалары, қасиеттеріне қатынасын көрсетуші сөздер болып саналады.
Сөйлемде есімдіктің қандай мағынада қолданылғанын білдіретін сөздер болады. Ол ғылымда анафора деп аталады. Есімдіктің анафоралық қызметі есімдіктің қай сөздің орнына қолданылғанын білдерді.
Есімдік сөйлемде әр түрлі заттармен, бейнелермен байланысты қолданылады. Олар сөйлеушілер мен тыңдаушыларға белгісіз де бола береді.
Есімдіктің қолданыста қандай типтегі заттарға, белгілерге қатысына, белгісіне келгенде, кім? қандай? қанша? сұрақтарына жауап береді.
Сөйлеушіге де, тыңдаушыға да белгісіз зат пен белгі болғанда, әркім, әрбір, әлдекім, әлдене, әлдеқашан, әлдеқалай сияқты есімдіктер қолданылады.
Заттарға қатысты белгілер туралы сөз болғанда, барлық, күллі, түгел, бәрі сияқты есімдіктер қолданылады.
Айтылып отырған зат пен белгінің қатысы жоқ зат пен белгі туралы сөз болғанда, ешкім, ештене, ешқандай, ешқашан сияқты есімдіктер қолданылады.
Сөздерді таптастыру ұстанымы тұрғысынан алғанда, сөздерді таптастырудың бірінші ұстанымына яғни семантикалық ұстанымға есімдіктің жалпылық мағынасы жауап береді, өйткені жалпылық мағына – бүкіл есімдік сөздерге ортақ мағына.
Сөздерді таптастырудың екінші ұстанымы морфологиялық көрсеткіштер тұрғысынан алғанда, есімдіктің өзіне ғана тән грамматикалық категориясы, өзіне ғана тән сөз түрлендіру парадигмасы жоқ. Бірақ есімдіктер түрленбейтін сөздердің орнына қолданылатын сөздер болғандықтан, олар қай сөз табының орнына қолданылса сол сөз табының түрлену жүйесімен түрленеді. Әсіресе, есімдіктер зат есімнің орнына көп қолданылатын болғандықтан, зат есім парадигмаларымен жиі қолданылады, ол жіктеу есімдіктері қызметіне қатысты.
Сөздерді таптастырудың үшінші ұстанымы тұрғысынан алғанда, есімдіктің синтаксистік қызметі оның табиғатымен тікелей байланысты. Есімдік белгілі бір синтаксистік қызметке байлаулы емес, ол қай сөз табының орнына қолданылса, сол сөз табының синтаксистік қызметін атқара береді.
Есімдіктер – ерте бір кезеңдерде жасалып, өзінің құрамын толықтыруды тоқтатқан, саны, құрамы жағынан санаулы сөздер. Бірақ тілде қолданысы жағынан белсенді сөздер тобына жатады.
Есімдіктің сөз таптарына тән жалпы грамматикалық ұғымдардың жеке біреуіне де, бәріне де қатысты сөз табы емес. Алайда, сөз таптарының жалпы грамматикалық ұғымдардың үш түріне қатысы бар: заттық ұғым, белгі ұғымы және сандық ұғым.
Осымен байланысты есімдіктер үш топқа бөлінеді: 1) заттық есімдіктер, 2) белгі есімдіктері, 3) сандық есімдіктер.
Заттық есімдіктер қолданыста зат есімнің жалпы грамматикалық мағынасы – заттық ұғым мағынасында зат есім сөздерінің орнына қолданылып, оның мағынасына сілтейді, сөйлемде зат есім атқаратын синтаксистік қызметті атқарады. Яғни көбіне бастауыш, толықтауыш қызметінде қолданылады. Мұндай есімдіктер мыналар: мен, сен, сіз, ол, біз, сендер, сіздер, олар, ешкім, кім, не, өзі, ештеме, кейбір, әрбір, әркім, біреу, әлдене, әлдекім, бірдеме, кейбіреу, қайсыбір. Бұларды субстантивтік есімдіктер деп те атайды Белгі есімдіктері заттың нақты белгісін атамаса да, заттың белгісіне сілтейді де, қай? қайсы? қандай? деген сұрақтарға жауап береді. Белгі есімдіктері мыналар: бұл, сол, мына, ана, осы, мынау, анау, осынау, сонау, тонау, әне, міне, әнекей, мінекей.
Бұларды аттрибутивтік есімдіктер деп те атайды. Мысалы, Темірбек сен менімен сонау үйге дейін бірге жүр(С.М.). Аттрибутивтік есімдіктер түрленбейді. Тек заттанғанда ғана түрленіп қолданылады. Мысалы, мынаны ал, соны түсін т.б.
Сандық есімдіктер сөйлемде сандық ұғыммен байланысты қолданылады, олар: қанша, қаншама, бірнеше, біршама, бірқыдыру. .
Есімдіктердің морфологиялық көрсеткіштер жағынан грамматикалық ерекшелігіне келгенде, есімдік – грамматикалық категориясы жоқ сөз табы, сондықтан есімдікке ғана қатысты сөз түрлендіруші қосымшалар есімдікте жоқ. Бірақ есімдіктер түрленбейтін сөз табы емес. Есімдіктер жоғарыда үш топқа жіктеледі. Ол есімдіктің мағынасымен, ол қай сөз табының орнына қолданылуымен байланысты. Сондықтан есімдіктердің түрлену мүмкіндігі де әр түрлі. Заттық ұғымдағы субстантивтік есімдіктер зат есім сөздердің орнына қолданылатын болғандықтан, олар зат есім сияқты түрленеді, яғни септеледі, тәуелденеді, көптеледі. Мысалы, біздер, сіздер, әлдекімдер, кімге, бәріміз, бәрінде, әркімнің, ештемесі т.б.Аттрибуттық, сандық есімдік өз мағынасында қолданылғанда, түрленбейді, бірақ заттанғанда түрленеді. Мысалы, анау бала, сол адам, қанша кітап, қандай әдемі, бірнеше күн, осы азамат, қаншама уақыт, сонау үй, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |