Ойлан. Жұптас. Пікірлес тәсілі бойынша студенттерге зат есімнің семантикалық ерекшеліктері бар топтары – адамзат есімдері, ғаламзат есімдері, жалпы, жалқы зат есімдер жайында өз ойларын жазуға уақыт берілді. Әр студент өз жұптарымен талқылап, өз пікірлерін дәйектеп, топқа айтып береді.
Терминдер кестесі тәсілі арқылы зат есімдерге жататын терминдер бойынша жұмыс жүргізуге болады.
|
1
|
10
|
Дәріс 10. СЫН ЕСІМ ЖӘНЕ ОНЫ ОҚЫТУ
1.Сын есімнің лексика-грамматикалық сипаты
2.Сын есімнің шырайлары.Сын есімнің сөйлемдегі қызметі
3. Сын есімдерді оқыту
Сын есімнің өзіндік белгілері, жалпы грамматикалық мағынасы заттың түрлі белгілеріне қатысты сөздер. Мағыналық жағынан сын есімдер сапалық сын есім және қатыстық сын есім деп бөлінеді. Сапалық сын есімдер грамматикалық, құрамдық сипаты жағынан көбіне негізгі түбір және шырай категориясын жасауға негіз болады, ал қатыстық сын есімдер басқа сөздерден жұрнақ арқылы жасалады, әрі оларға шырай формаларының жалғана алмайды.
Сындық белгінің бәрі затқа қатысты болғандықтан, сын есім сөздер зат есімнің алдынан ешқандай қосымшасыз тіркесіп, затгың түрлі сапасын, сындық белгісін білдіреді.
Сындық белгінің затқа қатыстылығы, байланыстылығы оның әрқашан зат есіммен тіркесте қолданылуын қалыптастырған. Сын есім мен зат есім тіркескенде, сын есім зат есімнің алдынан келіп, зат есім сын есімнен кейін тұрады. Сын есім зат есіммен тіркескенде, оны зат есіммен байланыстыратын қосымша жоқ, сын есім ешбір қосымшасыз зат есіммен орын арқылы байланысады. Мысалы, әсем ән, қызыл көйлек, маңызды әңгіме, қызық кино, асау am, түзу көше, ескі қала т.б. Бұл мысалдардағы сын есімдердің бәрі зат есімнің алдында олармен қосымшасыз, орын арқылы байланысқан. Ал заттың сындық белгісі тұрақты да, тұрақсыз да болады. Заттың тұрақты белгісі үнемі бір қалыпты қолданылады. Мысалы, ақсақ адам, саңырау кісі, бұл сын есімдер шырай катеториясына түрленбейді.
Заттың тұрақсыз белгісі шындық өмірде әр түрлі затта түрлі дәрежеде кездесе береді. Мысалы, әдемі қыз, әдемілеу қыз, өте әдеміқыз, әп-әдемі қыз. Заттың тұрақсыз белгісін білдіретін сын есімдер шырай катеториясына түрленеді.
Сын есім заттың белгісі болғандықтан, олар - зат есімді анықтайтын сөздер. Сын есімнің табиғатына анықтауыш қызметі сәйкес келеді, өйткені сын есім - заттың белгісін білдіретін сөздер, сондықтан сын есімдер заттың алдынан тіркесіп анықтауыш кызметін атқарады
Сын есімдер баяндауыш қызметінде де жиі қолданылады. Мысалы, Кей жерлері Пушкинше емес, қатаңдау (М.Ә.). Бет бітімі дөңгелек емес, сопақтау және жұқалау (М. Ә.).
Сын есім затты ғана анықтап қоймайды, ол қимылды да анықтайды, яғни қимылдың жайы-күйін сипаттайтын, сөйлемнің пысықтауыш қызметінде де қолданылады. Мысалы, Ойында не барын одан гөрі де анығырақ айтуға тілі жетпеді (Ғ.М.). Жу шыбық жез қалпақты ақтық рет бұрынгылардан гөрі де қаттырақ қағып қалды (Ғ.М.).
Жоғарыдағы мысалдардағы анығырақ, қаттырақ деген сын есімдер айтуға, қағып қалды деген етістіктердің қалай жасалғанын білдіру үшін, етістіктің алдынан тіркескен.
Сын есімнің бір ғана грамматикалық категориясы бар, ол – шырай категориясы, бірақ ол сын есім атаулының бәріне қатысты емес. Шырай категориясы бойынша сапа сындары ғана түрленеді, қатыстық сындар шырай категориясы бойынша түрленбейді. Алайда, қатыстық сындардың ішінде сапа сыны қасиетіне ие болған кейбір қатыстық сындар да шырай көрсеткіштерін қабылдап, сөйлемде шырай тұлғасында қолданылады. Мысалы, өте ақылды, тым қатты, жылауықтау, өкініштірек, көңілділеу, көңілдірек, қаталдау т.б. Шырай көрсеткіштері - сын есімнің морфологиялық белгісі.
Сын есімнің шырай категориясы оны басқа сөз таптарынан ерекшелендіреді. Өйткені шырай көрсеткіштері басқа сөз таптарымен қолданылмайды. Сондықтан шырай категориясының көрсеткіштері сын есім сөз табының морфологиялық көрсеткіштері ретінде сын есімді танытады. Шырай көрсеткіштері сапа сындарына сөйлемде қосылып, оның грамматикалық тұлғасын түрлендіреді.
Сын есімді танытатын екінші морфологиялық белгі-сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары. Сөзжасамдық жұрнақтардың өзіндік бір ерекшелігі – олар сөз табына байлаулы, әр сөз табының өзіне ғана тән сөзжасамдық жұрнақтары бар. Сондықтан сөздің құрамындағы сын есімнің сөзжасамдық жұрнағына қарап, оның сын есім екенін ажыратуға болады. Сондай-ақ, сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары арқылы жасалған туынды сын есімдердің қатыстық сын есімдер екенін ажырату үшін де ол өте қажет.
Шындық өмірдегі заттар түрлі болғандықтан, олардың сындық белгілері де сан алуан. Сын есім сөздер заттың сапасын, түрлі қасиетін, көлемін, аумағын, мезгілге қатысын, заттың белгісінің басқа затгарға қатысын т.б. белгілерін білдіреді. Сын есімнің грамматикалық шырай категориясымен сапа сындары ғана түрленеді. Шырай деп сындық белгінің әр түрлі заттардағы дәрежесін білдіретін грамматикалық категория аталады. Мысалы, қызық, қызығырақ, қызықтау, қып- қызық, өте қызық, ең қызық, тым қызық, аса қызық, тіпті қызық дегендердің бәрі -бір қызық деген лексикалық мағыналы сөздің шырайдың түрлі тұлғасындағы сөздер. Мұндағы қызық деген сапа сыны сыңдық белгінің негізгі дәрежесін білдіреді, қызығырақ, қызықтау деген сөзтұлғалары— салыстырмалы шырайдың тұлғасындағы сапа сындары. Олар сапаның төменгі дәрежесін білдіреді. Ал, қып- қызық, өте қызық, ең қызық, тым қызық, аса қызық, тіпті қызық деген сөзтұлғалар сындық белгінің жоғарғы дәрежесін білдірген. Бұл мысалда осы грамматикалық сөзтұлғалар- бір шырай категориясы арқылы түрленген сөздер. Бұдан сыңдық белгінің үш түрлі дәрежесі бары байқалды, олар-белгінің негізгі дәрежесі, төменгі дәрежесі, жоғарғы дәрежесі. Сапа сындары сөйлемде осы үш дәреженің бірінде қолданылады.
Сын есімдерді оқытқанда заттың өзіндік белгілерін тануға жетелейтін түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Сұрақ-жауап әдісін қолданғанда, әсіресе, риторикалық сұраулар білімалушылар бойында белгілі танымдық көкжиек пайда болып,мұнда концептілік, яғни тұтас ойлау үрдісі жүреді. Сын есімдерді ұлттық танымдық санамен байланыстыра меңгерту арқылы сын есімдерді ажырата отырып, сындық белгілердің қандай зат, құбылыстарға қатысты екендігін де түсінетін болады. Сөйтіп, білімалушылар сындық ұғымды білдіретін сөздерді танымдық тұрғыда меңгереді, тілдік бірліктер арқылы қоршаған ортаның, заттар мен құбылыстардың өздеріне тән сапасын, түрін, түсін, көлемін, дәмін, иісін, т.б. ерекшеліктерін түсінеді. Білімалушыларға заттар мен құбылыстардың сындық белгілерін тілдік бейненің бір бөлшегі ретінде меңгертуге ерекше назар аударылуы қажет. Ол үшін студенттер заттар мен құбылыстардың өздеріне тән белгілерін, қасиеттерін көрсетіп сын есімдерді қарапайымнан күрделі ұғымдарға дейін түсінетіндей етіп меңгерту мақсатында жұмыстар жүргізілуі тиіс. Ұлттық танымды білдіретін сындық ұғымдарды түсіну, олардың когнитивтік белгілерін айыра білуге үйрету білімалушылар ұлттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Сондықтан сын есімді когнитивті бағытта оқыту оларды ұлттық мінез, таным қалыптастыруға ықпал етеді. Мысалы, адам сөзіне қатысты сын есімдер – бауырмал, туысшыл, әңгімешіл т.б. Олардан сөз тіркестерін, сөйлемдер құрастырту, одан соң осы сын есімдерді қатыстырып мәтін құрастырту, яғни тілдік бірліктерді шығармашылықта қолдану олардың ойлауын жетілдіреді. Сын есімді меңгертуде тек қана сөйлемдердегі сын есімдерді табу, сұрақ қою секілді жұмыстармен шектелмей, білімалушылардың ұлттық танымын кеңейтетін, олардың ойлау белсенділіктерін арттыратын тапсырмалар жүйесін пайдаланған тиімді.
|
1
|
11
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |