213
Сүлеймен қарақшы
— Иә, жара орны қарақотырланып, өткен жетiде-ақ төгiлген.
“Күшiм орнында ма, орнында емес пе?” деп бiр ауыр зат көтерейiн
десем, мына Бойтанның үйiнде көтеретiн түк жоқ. Түк таппаған
соң қысқа жиып қойған екi-үш қап ұны мен төрт-бес қап бидайын
көтерiп, ермек қылдым. Менi қоя берiңдершi. Келдiм ғой епке.
Өздерiңде, анау сыртқы дүниеде не гәп бар?
— Гәп сол, мiлиса тыншыды. Сонда iстейтiн бiр танысымның
айтуынша, олар сенi Қоқаннан қашып кеттi деп, күдерiн үзiптi.
Өздерi де бiразға дейiн iздедi-ау.
Мiлисадан бұрын бiреулер
бiрнеше түн бойы менiң үйiмдi торуылдап жүрдi. Кейiн
торуылдағандардың кiмдер екенiн бiлдiм. Шалпардың адамдары
екен.
Айтпақшы, анадағы күресте саған пышақ ұрған адам
соныкi, ал пәренжi жамылып атпен шауып келiп, қылыш сiлтеген
сол Шалпардың өзi екен. Ендi “мұның бәрiн қайдан бiлдiң?”
де. Бiр таныс тәжiктер арқылы қашқарлықтарға шығып жүрiп,
ақыры Исламқұл мен Шалпардың жандайшаптарымен танысып
алдым. Сөйтiп осы уақыт iшiнде қарап жатпай, әлгi екеуiнiң қай
жерде тұратындығын да бiлдiм…
— Қай жерде екен? — деп сабырсызданған Сүлеймен оның
сөзiн бөлiп жiбердi. — Тура осы түннен қалдырмай, екеуiнiң де
басын алайын.
— Жә, аздап сабыр ет. Дәу адамға шошаңдаған жараспайды.
Алдымен тыңдасайшы. Сiрә, олардың басын алу оңайға соқпас-
ау. Өйткенi күндiз ол жерге бара алмаймыз. Ал түнде олардың
биiк
қорғандарынан асып, үйлерiне кiру де оңай емес. Оның
үстiне қарауылдары, адам жейтiндей иттерi тағы бар.
— Ай, айтсаңшы, өздерi осы Қоқанның iшiнде ме, жоқ, шеткi
қышлақтарда ма?
— Қоқанда. “Қоқанбазардың”
маңындағы Алтынбесiк ата
сағанасын бiлушi едiң ғой. Базар мен сағана ортасында тәжiк
қышлағы бар емес пе. Мiне, екеуi де сол жерде. Шалпар ауық-
ауық көшеге шығып тұрады. Ал
Исламқұл сондағы ұясында
жатып-ақ, барлық зұлымдығын жасап отырады.
— Үй-жайын, қорған-порғанын,
қора-қопсысын өзiң көрдiң
бе? Ешкiм кiре алмастай тас қамал ма екен?