208
Сүлеймен қарақшы
болып қалуың мүмкiн. Мiн ендi, тарантасқа! Бiз саған жақсылық
ойлап тұрмыз.
— Иә, иә, осылардың айтқанын орындайық, Сүлеймен. Етiң
сүйекке дейiн кесiлiп кеткен. Доқтырға көрiнген жақсы ғой, —
деп Пұсырманқұл оны тарантасқа итермеледi.
— Е,
ләзiрет-пәзiрет дегенше, “доқтырға апарамыз” демей
ме. Мейлi, барайықшы доқтырына, — деп Сүлеймен тарантасқа
қарай қозғала бергенде, санының тiлiнген жерi зырқ етiп, аяғы
басуға көнбедi. Қан одан бетер сауылдай жөнелдi.
— Ей, Пұсырманқұл? Қан бұлай аға берсе, мiлиса айтпақшы,
расында қансырап қалармын. Байла, мынау санды бiрдеңемен
қысып.
Пұсырманқұл иығындағы қоржынынан екi әйел орамалымен
оның санын қатты қысып байлады. Сүлеймен тiстенген күйi
қыңқ етпедi. Сосын бiр мiлиса
екеуi оны қолтығынан демеп,
тарантасқа мiнгiздi.
Қоқанның Ферғанаға шыға берiс жолының жағасында
айналасы ат шаптырымдай, сырты қышпен қоршалған қорғанның
iшiнде мiлисахана мен әскерхана бар-тын. Әлгi лазарет дегендерi
де соның iшiнде екен. Тарантас қорған iшiне кiрген соң ұзын
етiп салынған тоқал тамның алдына келiп тоқтады. Екi мiлиса
мен Пұсырманқұл жабыла сүйеп, Сүлеймендi тарантастан әзер
түсiрдi. Есiк алдында бұларды әппақ
жамылғысы бар екi кiсi
қарсы алды. Мiлисаның бiрi болған жағдайды айтты. Олар
Сүлеймендi тамға кiргiзiп, ағаш кереует үстiне жатқызды.
— Ендi сiздер шыға берiңiздер, —
дедi ақ киiмдi кiсi
Пұсырманқұлға.
Ақ киiмдi кiсi үлкен қайшымен жарақат үстiне таңылған
шүберектердi қиып-қиып тастады. Қан қайтадан саулап ақты.
Осы кезде бұл жатқан жерге қолдарына темiр қобдиша ұстаған
екi өзбек әйел кiрдi. Ақ киiмдi кiсi қобдишадан түтiкке ұқсас
бiрдеңе шығарды.
— Не iстемексiңдер?
— Сiзге укол салып, мынау тiлiнген еттерiңiздi орнына тiгемiз.
Өзiңiз дәу адам екенсiз, ауырғанға шыдайтын шығарсыз. Сәтiн
салса, бес-алты күнде орныңыздан тұрып кетесiз.