204
Сүлеймен қарақшы
Бiраз уақыт өткенде балуандар да белгiлi болды. Олардың
көбiсi былтырғы күреске қатысқандар. Ортадағы қазы кiмнiң
кiммен күрсетiнiн балуандардың өздерiнен сұрастырып, жұптап
шыққанда, Сүлейменге қарсы түсер ешкiм табылмады. Өйткенi
бұдан жығылып қалатындарын балуандардың бәрi бiледi.
Сондықтан мұнымен күресуден өздерi бас тартты.
Сөйтiп
белдесуге жұп табылмаған Сүлейменге қазы:
— Сен онда бiрден түйе көтеруге қатысасың. Одан соң “қазық
ұру” деген ойын бар. Соған да жазып қояйын сенi, — деп қағазын
ала бергенде, топ iшiнен ұзын бойлы, тарамыс келген бiр таулық:
— Мен күресемiн мұнымен. Сендер, қабандай-қабандай
болып тұрған өңкей сужүрек немелер, осы қазаққа шаппай бәйге
берiп тұрғандарыңа намыстанбайсыңдар ма? — деп қатар тұрған
балуандарға айқайлай, алға суырылып шықты.
— Өй, әлiңе қарасайшы…
— Қоя берсейшi, жамбасы сынып, белi шойырылайын деген
бiреу де…
— Түрiне қарамай, жүректiсiн-ай өзiнiң… — десiп айнала
тұрған балуандар күңк-күңк етiстi. Ал құжынап тұрған халық:
“Әп, бәрекелдi”, “Ойпырмай, ер екен ғой мынау”, “Иә, бәсе,
бiзден батыр шықпайды деп кiм айтты сендерге?”, “Қазы, оған
күреске рұқсат бер”, — деп шуласты.
Қазы
әлгiнi жанына шақырып, әлдене жайында сұрады.
— Болды, шуламаңдар, түге. Келiсiмiн алдым. Бұл Сүлеймен
екеуi ең соңғы жұп болып күреседi.
Балуандар алдымен түйе көтерiстi. Түйе көтерiсу деген
қызық. Бiр жастан бес жасқа дейiнгi шөгерiлiп, аяқтары екi-
екiден қосақталып байланған түйелердi
балуандар иықтарына
салып, жүз қадам жүрулерi керек. Әрине, әркiм шамасына қарай.
Сүлеймен бес жасар түйенi көтерiп, жүз қадамдай жердi айналып
шықты. Басқа балуандар үш жасар түйенi көтеруден аса алмады.
Сүлеймен қазық ұрудан да алдына жан салмады. Сөйтiп, екi бас
бәйгеге тiгiлген сексен сомды иелендi. Кезек күреске келгенде
жиырма шақты балуан күресiп болғанша, күн кешке таяды. Бiрақ
жаяуы бар, аттылы-есектiлiсi бар, қызыққа жиналған қалың
нөпiрдiң қатары селдiремедi. Ақыры Сүлеймен ортаға шығатын