225
Сүлеймен қарақшы
кiрiспей, алдымен сенiң аңысыңды аңдиды. Екi-үш күн сенiң
үйiңнен шықпай жатқаныңды бiлген соң олар түн
iшiнде осы
үйге түсуге әрекеттенедi. Бiз күндiз көше жақты торуылдайық
та, түнде осында келiп отырайық. Сөйтiп олардың қандай айла
жасайтынын көрелiк.
— Исламқұл мен Шалпардың алқымдарына қолым жеткенше,
бiр ай үйде отырып едiм, омалып. Ендi жөйiттердi күтiп, тағы
iшiм жарылардай болам-ау. Мейлi,
сендер солай шешсеңдер,
көнейiн оған да. Бiр айтарым, мынау Дилданы бiреуiң үйлерiңе
апарыңдар. Маған әр қауiп келген сайын, бұл сорлының жүрегi
ұшып өлетiн болды. Екiқабат адамға қиын ғой.
— Мен үйге апарып тастайын оны, — дедi Пұсырманқұл. —
Шынында, әйел затын мұндай iске араластырмаған жөн.
— Оны кiм араластырайын деп отыр. Егер осында атыс-шабыс
бола қалатындай болса, ол көрмей-ақ қойсын дегенiм де.
Осыдан кейiн олар тағы бiраз нәрсенi пысықтап, тарасты.
Дилда Пұсырманқұлмен бiрге кеттi. Аязбек пен Төрекелдi ертең
келетiн болды. Ажан бүгiн кештен бастап,
басқа жiгiттермен
бiрге үй маңын қарауылдайтын болды.
Сөйтiп Тәшкеннен келетiн баскесерлердi үш күн күттi.
Күндiз де, түнде де үй маңына келiп, кеткен бейсауат кiсi
болмады. Күндiз ұйықтап, түнiмен көз iлмей жау күткеннiң
қандай болатынын Сүлеймен сонда ұқты. Үшiншi түнi күте-
күте зарыққан ол шолпан туа “келетiн дұшпан осы күнге дейiн
келетiн едi ғой” дедi де, жатып ұйқыға кiрiстi. Бiр кезде бiреудiң
жұлқылап тартқылағанынан оянып кеттi. Көзiн ашса:
— Қашан ұйықтап едiң өзiң? Ойпырмай, басыңды емес, басқа
жерiңдi кесiп кетсе де, түк бiлмей ұйықтайсың ғой, түге. Әй,
“мен келгенше қисаюшы болма” деп ескерткен жоқ па едiм, —
деп Ажан басында тұр.
— Өй, осы сендердiң тәшкендiктерiң, сiрә,
келмейтiн де
шығар. Бiрiмiз далада, бiрiмiз үйде түн сүзiп, босқа отырмыз ба
деймiн.
— Келмей қоймайды олар. Тәшкендiктер бiздiң ойымызды
сезiп, қазiрше әдейi тыныш жатқан болуы да мүмкiн.
— Қай уақыт болды?