Әрі-сәрі, не ол емес, не бұл емес.
(Ә.Оңалбаев)
Осындағы ит жығыс, бірде олай бірде бұлай деген фраза «тең түсті, бірдей шықты» деген ұғымды, ал әрі-сәрі, не ол емес, не бұл емес деген фраза «дүмбілез, дүбара, шикі, щала» деген мағынаның орнына жұмсалып, ойды соншалықты көркемдеп, бейнелеп тұр.
Синонимдер жеке сөз бен жеке сөз, қос сөз бен қос сөз, фраза мен фраза күйінде ғана емес, бір-бірімен арласқан күйде де жұмсалады. Мысалы: Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр шашпады (Т.Әлімқұлов). Жолыққан жанның бәрі де оған ат үсті, асығыс жауап берді (Ж.Жұмаханов). Әй, балалық-ай, соған да қайғырады,- деп жұмсақтап, жайып-шуып айлаға көшті («Лен.жас»). Біреуді біреу баса көктеп, кимелеп барады сатушыға (Ғ.Мұстафин).
Синонимдерді қолданудың тағы бір тәсілі- парафраза. Бұл сөздің мәнісі- жеке сөздің орнына оның түсінігін сипаттап беру. Мәселен, Алматы дегеннің орнына, Қазақстанның екінші астанасы, М,Әуезов дегеннің орнына «Абай жолы» романының авторы, Күләш деудің орнына қазақтың бұлбұл әншісі деп қолдануға болады. Парафраза тәсілі бір заттың я құбылыстың белгілі бір қасиетін айрықша атап өткісі келгенде немесе соған ерекше назар аудартып, ден қойдыру мақсатында қолданылады. Кейде бір сөзді қайталамай, ойды түрлендіру мақсатымен де жұмсалады. Мысалы: Күн жиылып ай болды, он екі ай-жыл, жыл жиылып, қартайып қалғаны бұл (Абай). Аппақ көзі тым жіті, алыстан көретін қырағы болатын (Ғ.Сыланов).
Осындағы жыл - он екі ай, алыстан көретін қырағы дегендер парафразалық тәсілмен қолданылып тұрған синонимдер екендігі даусыз. Парафраза кейде анықтауыштың анықтауышы ретінде де кездеседі. Мысалы: Омар ондай емсе, отпен кіріп, күлмен шығатын епті жігіт (Ғ.Мүсірепов). Күздің қоңыр бір күні, май тоңғысыз жып-жылы (І.Жансүгіров). Ермекбай әбден зарықтырып, көзге түртсе көргісіз қараңғы, жаңбырлы түнде суға, балшыққа малшына қайтты (Ғ.Мұстафин). Келтірілген мысалдардағы әрбір фразалық тіркестер өзінен соңғы тұрған жеке сөзден болған баламаларын анықтай түсіп, соның мән-мазмұнын кеңейтіп, эксперссивтік ажар беріп тұрғандығын байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |