Кеден I. Зат есім. Шет елге апара жатқан немесе шетелден әкеле жатқан тауарларды тексеретін орын.
Кеден II. Зат есім. Ұрыс-керіс, қақтығыс, қиындық. Кеден-кеден болды, кедергі неден болды (мақал).
Бауыр I. Зат есім. Адамзат, жан-жануардың ас қорыту, қан тарату қызметін атқаратын ішкі мүшесі.
Бауыр II. Зат есім. Бірге туған қандас, ағайындас адамдар.
Сөзді дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синонимдер омонимдерге қарама-қарсы тұрған лексика-семантикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа, дыбысталуы бірдей бірнеше сөз тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ұғымды білдіретіндіктен, олар тек бір ғана сөз табына қатысты болады. Синонимдер мен омонимдердің қатарына енген сөздердің сан мөлшері де ала-құла. Қазақ тілінде омонимдік қатарға енген сөздің саны негізінде 4-5 тен аспайды. Ал синонимдік қатардағы сөздердің саны кейде қырықтан асып жығылады.
Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады:
1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет.
2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет.
3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуы тиіс.
Бұл үш белгі - сөздерді синоним деп танудағы басты шарт. Сонымен қатар бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келіп, контексте бірін-бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгісі болып табылады. Дыбысталуы әр қалай болғанымен, мағынасы жақын сөздер синонимдер делінеді.
Синонимдер сөздердің жалпы мағыналық бірлестігіне қарай топтастырылады. Яғни сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Синонимдік қатардың мағыналық бірлігі сөздерді өзара жақындатып салыстыру үшін ғана емес, сонымен қатар оларды бір-бірінен шектеп ерекшелеуге де негіз болады. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіреді дегеннен олардың мағынасы нақ бірдей, әр уақытта олардың мағынасы тепе-тең болып тұрады деген сыңар жақ ұғым тумаса керек. Сөз бен сөздің мағыналық байланысы алыс та, тікелей де, жанама түрде де бола береді. Алыстың да алысы бар, жақынның да жақыны болады. Сөз мағынасының жақындығы деген тым кең ұғым. Мәселен, той – думан – мереке – мейрам - тамаша дегендер адам баласының қуанышты қызықты күндерін білдіреді. Бұлады іштей «жалпыхалықтық қуанышты күндер» (мейрам -мереке) және «жеке отбасының немесе бір ауылдың қуанышты күндері» (думан - тамаша) деп екі топқа бөлуге болады. Мұның ішіндегі той деген сөз қуанышты күндердің екі тобына да жалпылама айтылады. Өйткені бұл сөз кең мағынада да, тар ұғымда да жұмсала береді. Мысалы: Халық Абай тойын қызу қарсылауға әзір отыр немесе Әшімбек баласының үйлену тойына дайындық жасап жатыр деуімізге болады.
Сонымен синонимдер белгілі бір ұғымды білдіргенімен, олардың арасындағы мағына жағынан толық сәйкестік, тепе-теңдік қасиет болмайды.
Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйыстыруға ұйытқы болатын тірек сөз деп таңдалынып алынады. Бұл тіл білімінде доминант (тірек сөз) деп аталады. Доминант сөз мәндес сөздерді мағыналық жағынан ғана топтастырмайды, сонымен бірге синонимдік қатарларды әліпби жүйесіне келтіру үшін де мәнді қызмет атқарады. Доминант сөзді дұрыстап анықтап, белгілеп алмай синонимдерді тәртіпке келтіру мүмкін емес. Сондықтан синоним сөздігін жасауда доминант сөзді іріктеп, сұрыптап алуға айырықша көңіл бөлінеді. Доминант сөзге синонимдік қатардағы сөздердің ішіндегі мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа соншалықты танымал дегендері ғана таңдалынып алынады. Синонимдік қатарға топтастырылатын сөздердің шегін олардың логикалық бірлігіне қарап қана ажыратуға болады. Әрбір синонимдік қатардағы сөздер негізінен екі кезеңнен өтеді. Алғашқы кезеңде сөздер жалпы мағыналық бірлігіне қарай, ұқсастыру негізінде синонимдік қатарға топтастырылады. Ұқсастыру бір ұядан туатын жалпы ұғымға бағындырылады. Жеке сөздің қара басындағы өзгешелік бұл кезеңде есепке алынбайды. Мәселен, ас-тамақ-дәм-тағам-ауқат дегендер адам баласының жейтін қоректік затын білдіретіндіктен, ең әуелі бір синонимдік қатарға топтастырылады. Бұлардың бір-бірінен ажырататын өзгешеліктерін саралау- екінші кезеңдегі істелетін жұмыс. Синонимдік қатардағы сөздірдің ұқсастығын табудан гөрі олардың бас-басына тән өзгешелігі мен ерекшелігін табу әлдеқайда қиын жұмыс. Синонимдер бір-бірінен мағыналық реңкі жағынан, стильдік мәні және басқадай сөздермен өзара қарым-қатынасқа түсіп қолданылуы жағынан үш түрлі бедгілері арқылы ажыратылады.
Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге көңіл аударылады:
1. Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір-бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Синонимдер градация жолымен (бірден бірге басқыштап) өзгеріп отырады. Мәселен, аяз сөзіне қарағанда оның синонимдік сыңары үскірік сөзінің мағыналық салмағы күштірек екендігін сезуге болады. Сол сияқты атқыш-мерген, апат-қырғын, белсену-құлшыну дегендердің соңғы сыңарлары алдыңғыларынан пәрменді екендігін аңғарамыз.
2. Синонимдердің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең, ұстаз дегеннің мағынасы мұғалімнен кең. Жабу мен кілттеу де сол тәрізді.
3. Синонимдер бір-бірінен мағыналарының аз-көбіне қарай ажыратылуы мүмкін. Мәселен, ат деген көп мағыналы да, ал оның сыңары ныспы деген сөз бір мағыналы.
4. Синонимдер мағыналарының деректі, дерексіз болып келуіне қарай вжыратылады. Мәселен, маңдай-пешене, іш-құрсақ, бала-перзент, тығу-бұқпантайлау дегендердің алдыңғыларының деректілігі нақты.
5. Синонимдер бір-бірінен ауыспалы мағынада қолдану-қолданылмауына қарай ерекшеленеді. Мәселен, көмей мен көмекей дегендердің алғашқысы пештің көмейі, тоғанның көмейі деп ауыстырылып айтуға келгенменен, соңғысы (көмекей) адамға ғана арнайы жұмсалады да, өзге заттарға бұрып айтуға келмейді.
6. Синонимдер сөз туғызуға қабілетті я қабілетсіз болып келуіне қарай өзгешеленеді. Мәселен, сапар мен жол тәрізді синонимнің алғашқысынан бір сапар, ұзақ сапар, сапар шегу деген бірлі-жарым тіркесті сөздер ғана кездеседі. Ал оның жол деген сыңары тіліміздегі сөзжасамның барлық амалдары арқылы жаңа сөз жасауға соншалықты қабілетті екендігін байқатады. Мысалы, жолай, жолаушы, жолдама, жолдас, жолшыбай, жолақ, жолдау, жолбасшы, жолбике, жол-жоба, жол-жөнекей, жолсоқты, сар жолды, теміржол. Жол азық, жолашар, жолаяқ, жол жүру т.б.
Сол сияқты жарым мен жарты дегендердің алғашқысынан жарымжан, жарымес деген бірен-саран сөздер ғана жас алса, соңғысынан жартылай, жартылық, жартыкеш, жартылау, жартымсыз тәрізді бірқатар сөз туындап өрбіген. Бұлардың бір қасиеті бірінен туған сөздерді екінші сыңары жасай алмайтындығына байланысты.
Синонимдердің стильдік мәні неше алуан функционалдық сипатта қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай стильдік реңктері байқалады: 1. Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мәселен, есім деген сөз ат сөзінен қадірлірек, отағасы-үй иесі сөзінен, дәм-ас сөзінен, перзент-бала сөзінен, қара-өлім сөзінен жоғарылау. 2. Салтанат құру мәніндегі көтеріңкі реңктер: Жүлде-бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу-тойлау сөзінен көтеріңкі, азамат-жігіт сөзінен жоғары айтылады. 3. Поэтикалық реңктер. Асқар деген сөз биік деген сөзге қарағанда поэтикалық стильде көбірек ұшырасады. Қол-әскер сөзіне, мәртебе-атақ сөзіне, қаһарман-кейіпкер сөзіне, шапақ-арай сөзіне қарағанда поэзияда жиі кездеседі. 4. Дөрекілік мәніндегі реңктер. Бір қатардағы синонимдердің біреуі бейтарап, екіншісі сыпайы, үшіншілері тұрпайы мәнді білдіріп, ала-құла реңк тудырып отырады. Мәселен, Сықпыт деген сөздің стильдік мәні бет деген доминант сөзбен салыстырғанда дөрекілеу, шолжың-ерке деген сөзден, шойнақ-асқақ деген сөзден, азынау-жылау дегеннен белгілі контексте дөрекілеу болып жұмсалады. 5. Кекесін, мысқыл мәніндегі реңктер. Қожаңдау орынсыз кісілік көрсеткенде, тұштаңдау орынсыз жеңілтектеніп оғаш қимыл көрсеткенде кекесін мәнді білдіреді. 6. Менсінбеушілік, кеміту мәніндегі реңктер. Бұт артар-көлік орнына, еркек-кіндік-ер азамат дегеннің орнына, шүйке бас-әйел орнына, шикі бас- бала орнына қолданылып кеміту мәнінде айтылады. «Басы қараның бары игі» деген сөз «жоқтан бар жақсы» дегенді білдіріп, көңіл жұбату ретінде айтылады.
Синонимдердің сөз қолданысындағы реңктері сөздердің бір-бірімен тіркесу қабілетінен шығады. Мәндес сөздердің бірінің тіркесіп айтылатын сөзімен екінші сыңарлары онша көп тіркесе, бермейтіндігі жиі байқалады. Мәселен, ел мен халық синоним сөз болғанымен, ішіне ел қонды деп айтылады да, ішіне халық қонды деп айтылмайды. Аяқ пен борбай синоним, бірақ жер аяғы кеңіді деп айтылады да, жер борбайы кеңіді деп айтылмайды.
Синонимдер тұрақты тіркестерге ғана емес, еркін сөз тіркесінде де бірдей қарым-қатынаста бола бермейді. Мәселен, биік пен бойшаң синонимдері арқылы биік тау деп айтылады да, бойшаң тау деп айтылмайды. Ер жету мен бой жету дегендер бір ұғымды білдіргенімен, ер жету көбінесе ұлға, бой жету қызға арнайы қолданылады. Мысалы: Қыз бой жеткен соң, жігіттер ер жеткен соң, қыран бүркітше қиядағыны көзі шалыпқырындайды.
Жалпы алғанда, синонимге тән мағыналық, стильдік қолданудағы үш түрлі белгі бір-бірінен онша алшақ жатқан бөлекше дүниелер емес, өзара тығыз бірлікте болатын ерекше белгілер ретінде танылады. Сөз мағынасы белгілі тарихи кезеңде қалыптасқан лексикалық жүйенің мағыналық қызметінің көрінісі.
Тілдегі синонимдік қарым-қатынастар да әрдайым үздіксіз өзгеруде, дамуда болады. Әсіресе, сөздің мағыналық жағынан болған өзгерістер синонимдердің арасына айқын және тез байқалады. Қоғам өміріндегі әрбір тарихи оқиғалардан кейін бір жағынан кейбір синонимдік қатынастар бұзылып өзгеріп жатса, екінші жағынан бұрын-соңды тілде өмірбақи болып көрмеген жаңа синонимдік құбылыстар тасқындап туып жататындығын көреміз. Сондықтан синонимдер тарихи өзгеріп отыратын семантикалық категория деп танылады. Олай болса, синонимдік қарым-қатынастар негізінен тілдің қазіргі даму қалпынан (диахрония) қаралып, шешілу керек деген ұғым туады. Қазақ тілі – синонимге өте-мөте бай тіл. Синоним кездеспейтін бірде-бір сөз табы жоқ. Барлық сөз табынан да синонимдер табылады. Алайда, сан мөлшері жағынан келгенде әрбір сөз табының синонимге молшылығы әрқалай. Әрбір сөз табының синонимдік байлығы олардың жалпы санымен ғана өлшеніп қоймайды, бір қатарға топтасқан жеке сөздердің санымен де белгіленеді. Кейбір сөз табы синонимге өте бай (етістік, зат есім, сын есім), екінші бір сөз табының синонимі соншалықты кедей (сан есім), болмаса бір сөз табынан болған синонимдердің саны бір қатарда көп, екінші бір қатарда аз боп келу себебін әр сөз табындағы сөздердің мағыналық, ұғымдық сыр-сипатынан іздестірген жөн. Демек, тілдегі синонимдер барлық сөз табында да кездескенімен, бұлар көбіне-көп атауыш сөз таптарында жиірек ұшырасатын мағыналық ұқсастықтар деп түсіну керек. Синонимдер әр сөз табының ішінде де ала-құла. Мәселен, нақты зат есімдерге қарағанда, абстракт ұғымдағы зат есімдер синонимдерге әлдеқайда бай. Сапалық сын есімдерге қарағанда, қатыстық сын есімдердің синонимдері соншама көп. Үстеулік синонимдердің ішіндегі сан мөлшері жағынан ең молы- сын(бейне) үстеулері мен мезгілдік үстеулер. Ал етістік синонимдердің түр-түрінің көптігі соншалық- оларды мағыналық ерекшеліктеріне қарай жіктеп бөлу қиын екендігін көреміз.
Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
1. Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз-жанар-сұқ, көз-жасу,көз-бұлақ-бастау-қайнар; тура-тік-түзу; тура-дұрыс-жөн; тура-дәл-шақ т.б
2. Синонимдер сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болады: а) біріктіру арқылы: ақсақал-отағасы, қанішер-қанқұйлы-қаніпезер т.б. б) қосарлау арқылы: ат тұрман- ер тоқым, жоқ-жітік –кедей-кепшік, жарлы-жақыбай, алқын-толқын – аумалы-төкпелі, өліп өшу- сүйіп құшу, айналып-толғану, жығылып-сүріну – сүрініп –қабыну, зым-зия – ұшты-күйлі, іле-шала- әп-сәтте- жалма-жан т.б. В) тіркесу арқылы: иіс су- иіс май, іш мерез-жылым құрт, көк ет-бауыр ет т.б. г) омонимдер арқылы: тартпа-суырма, төс айыл-алдыңғы айыл, табандау-сіресі-қасарысу-қырсығу-қыңыраю т.б.
3. Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болады: а) отан (уәтан)-ел, туған жер; әскер (ғәскер)- жасақ, қол шеру, қосын; уәлаят (уилаят)-өлке, облыс т.б.
ә) парсы сөздері арқылы: батыр (баһадур)-батыл, ер; диқан (дәһқаң)-егінші; шәкірт (шагирд)-оқушы; мейман (меһман)-қонақ; зор(зур)-үлкен, дәу; б) моңғол сөздері арқылы: аймақ(аймаг)-өңір-атрап-төңірек-маңай; жасақ (жасаг)әскер, қол; дарқан (дархин)-жомарт, мырза, кішіпейіл; үдере (өдер)-жедел, тоқтаусыз, жаппай; шешен (сәцен)- ділмәр-сөзшең т.б. в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка)-шыны, шөлмек; шен (чин)-атақ, дәреже, лауазым; бишік(бичик)-өгіз қамшы; кір (гиря)-таразы, сома (сумма)-ақша, баға, құн; рет (ряд)-мәртебе т.б.
4. Синонимдер диалектизм әсерінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағыналас, мәндес келуіне қарай екі топқа бөлінеді: а) сыртқы тұлғасы (дыбысталуы) бөтен (әдеби тілде кездеспейтін), бірақ әдеби сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас- атлас, ағайындас; атайман-өте, тым, аса; атымды-құнарды, шығымды,; башалау- салалау, жіктеу, жекелеу т.б.
ә) сыртқы тұлғасы таныс (әдеби тілде кездесетін), бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер. Мысалы. Астана-табалдырық; жар-қабырға; жедел-ерегес, жанжал; көң-қыстау; сым-шалбар; талар-жұмыс; таға-нағашы; тонау-сонау; ұрпақ-кебек т.б.
5. Синонимдер фразалық тіркестер есебінен көбейген. Мысалы: атұстар-ұл, еркек бала; ауыз бастырық- пара;қара халық-бұқара, еңбекші; қара мал- сиыр; о дүние- мақшар; туған жер- отан; ұзын құлақ-сыбыс, өсек; шикі өкпе-бала, нәресте; қоян жүрек-қорқақ, жүрексіз; алаяқ-қу, зәлім; еті тірі-пысық, ширақ; қырғи қабақ-өш, араз; тас бауыр-мейірімсіз, қатал; бір төбе-ерекше, артықша; не бары-барлығы, күллісі;
6. Синонимдер табу мен эвфемизмдер есебінен молайған. Мысалы. әулие-шешек; ит-құс-қасқыр; жасыл-жай, найзағай, қолды болу-ұрлану; күн байыды-күн батты, кешкірді; көңіл жақын-әуей, тамыр; аяғы ауыр-жүкті, екі қабат; жасы ұлғаю-қартаю; дүние салды-өлді, қайтыс болды т.б.
Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді: а) мағыналық синонимдер, ә) стильдік синонимдер, б) мағыналық-стильдік синонимдер.
Әрқайсысының өзіне тән реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдегі барлық салада талғаусыз, жалпылама қолданыла беретін синонимдер мағыналық синонимдер деп аталады. Мысалы: абырой-бедел-қадір; батыл-өжет-өткір т.б.
Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас (тең) бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленіп, бірыңғай болып келе бермейді. Олар кейде әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Синонимдердің осындай түрлері мағыналық-стильдік түрлері деп аталады. Мысалы: тақия-төбетей-кепеш, т.б.
Синонимдер кез келген тілдің байлығы мен оралымдығын көрсететін сөздік құрамның құнарлы да мәнді бір саласы. Ана тілдің синонимдік молшылығын емін-еркін меңгеру арқылы ғана көңілдегі көрікті ойды нағыз өз мәнінде барлық реңктерімен түгел қамтып жеткізуге мүмкіндік аламыз. Сөз де қиюластырып қалаған кірпіш сияқты қиюын тауып алып, байлауын тауып ұстату керек.
Синонимдер тілдің кемеліне келіп, қаншалықты жетілгендігі, оның образдылығы мен дамығандығын көрсететін көрсеткіш деп есептеледі. Адамның ойлаған ойын, көңіл-күйі мен көзқарасын нақты әрі көркем түрде жеткізу үшін синонимдер айырықша қызмет атқарады. Олар белгілі бір ойды тоғыз саққа жүгіртіп, тілді соншама оралымға келтіреді.
Синонимдерді пленастикалық жолмен жұптап қолдану жекелеп қолданғаннан гөрі әлдеқайда мәнерлі. Мысалы: кең байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, зәулім биік үй, қызыл жоса қан, нән семіз жылқы, жайдары жарқын мінез, құр бекер жүріс, қас дұшпан, жасаған ие, пәни жалған, қыршын жас т.б.
Синонимдер жеке сөздер ғана емес, фразалық тіркестерде де жиі ұшырасады. Көңілдегі көрікті ойды сөзбен кестелеп айтып беруде фразалық тілде орасан зор қызмет атқарады. Мәселен, Кеңес армиясы 1945 жылы неміс басқыншыларын талқандады деген сөйлемдегі талқандады деген сөздің орнына жермен жексен етті, күлін көкке ұшырды десек, сөзіміз тыңдаушыға әлдеқайда күшті әсер етеді, әрі тартымды да мәнерлі болады.
Ойдың да шикісі бар күллі-көмеш,
Сүйкімсіз арам астай адам жемес.
Дүмбілез, дүбарасы бар оның да,
Достарыңызбен бөлісу: |