Шетелдік тарихнама.Осман империясы мен Германияның сыртқы саяси және экономикалық байланыстар тарихын зерттеуде түрік және неміс тарихшыларынан бөлек, ағылшын, австриялық және өзге де мемлекеттердің тарихшылары қызығушылық танытқан. Олардың ішінде ең алдымен осман-герман байланыстарын өздерінің көптомдық зерттеулерінде атап өткен тарихшылардың еңбектерін көрсетсек, осман-герман байланыстарын өздерінің көптомдық зерттеулерінде көрсеткен австриялық Йозеф фон Хаммер-Пургшталь, румын ғалымы Николае Йорга сынды зерттеушілер болды. ХІХ ғасырда Австрияда өмір сүрген атақты дипломат, шығыстанушы, османтанушы, этнограф, белгілі ғалым Йозеф фон Хаммер-Пургштальдің мол ғылыми мұрасы осы саланың мамандары үшін үлкен тарихи дерек қоры ретінде саналды. ХІХ ғасырда Еуропада атақты османтанушы және шығыстанушы ғалым ретінде танылған Й. Хаммер, 1796-1807, 1799-1800 жылдары Стамбулда дипломат болып жүрген кезінде өзінің жазған естеліктері мен түрлі мемлекеттік есептерін өте түсінікті және мазмұнды етіп жазып қалдырған, сондай-ақ Осман империясының жалпы тарихы туралы өте үлкен көлемде қолжазбалар қоры мен дерек қорларын жинаған. Оның Осман империясының тарихына қатысты жазған еңбектері он томнан тұратын кітап болып басылып шықты [19]. Ғалымның мұндай көлемді еңбегінде осман-герман саяси байланыстары назардан тыс қалмады.
ХХ ғасырдың басында Осман империясының тарихын зерттеуде ең көлемді жұмыстар жүргізген ғалымдардың бірі Николае Йорга болды. Николае Йорга өз ұлты румын болғанына қарамастан, ол Батыс Еуропаның көптеген мемлекеттерінде болып Осман империясы мен Балқан тарихы туралы көптеген құнды материалдар жинақтады. Ол сонау XVI-XVII ғғ бері еуропалық тілдерде жазылып келе жатқан Осман империясының тарихына қатысты ғылыми еңбектер мен мәліметтерді өңдеп, толықтырып, Осман империясының мемлекет болып қалыптасуынан бастап, құлдырау дәуіріне дейінгі тарихын «Осман империясының тарихы» деген атпен арнайы бес томнан тұратын кітап етіп жариялады. Кітаптың төртінші және бесінші томдарында [20] Осман империясының Еуропа мемлекеттерімен, оның ішінде Германиямен саяси және экономикалық салалар бойынша ғылыми тұжырымдар мен мәліметтер берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |