Дістемелік кешені


ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР



бет40/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   73
tzha keshen-2022-2023

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
(Жазушы С.Елубайдың “Ақ боз үй” роман-трилогиясы негізінде)
Қазіргі қазақ прозасының роман жанры шығармаларында тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселелері қаламгердің әр түрлі ізденістері арқылы жүзеге асырылып келеді. Прозалық романдардың кең көлемді эпикалық түрі әлем халықтары әдебиетінде орта ғасырдан бастап кең өрістей келе, қалыптасу, даму жолдарында өзіндік поэтикалық сипатпен даралана айқындалды. Әлем өркениетіндегі прозалық романдар жазу шығармашылығы үздіксіз даму, жетілу құбылыстарымен ерекшеленеді. Қазақ әдебиеті дамуының XX ғасыр белестеріндегі қаламгерлердің романдары ұлттық сөз өнері шығармашылығының классикалық үлгілерімен үндестігін айқындады.
XX ғасырдың 80-90 жылдары және XXI ғасырдың басындағы қазақ романтистикасында тарихилық пен психологиялық сарындықты тұтастыра жазу үрдісі өрістеді. Романдардың мазмұны мен пішінінде халық тарихының күрделі қайшылықты оқиғалары, жеке мінез-құлық сипаттарындағы қарама-қайшылықты психологиялық ерекшеліктер, т.б. сан алуан мәселелер қаламгерлердің дүниетанымы деңгейіне қарай көркемдік шешіммен жазылды. Академик З.Қабдоловтың теориялық қисыны аясында қазіргі қазақ романының мазмұны мен пішіні сипатының поэтикалық болмысын елестетеміз:
“...эпостың бұл түрінде жазылған шығармалар шындықты жекелеген эпизодтарын суреттеумен тынбайды, әдеби шығармаға арқау болған адам мен қорғау тіршілігін мейлінше кең қамтып, алуан-алуан даму кезеңдеріментұтас жүйелеп, толассыз қимыл-қозғалыс қалпында жан-жақты жинақтайды. Адам мен қоғам өмірдің қандай ақиқаты болсын мұнда бүкіл тамыр-тереңімен қопарыла көрсетіледі де, оқырманның көз алдында өзгеше бір әлем, бүтін бір тіршілік дүние пайда болады. ...Ал дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-қатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарым-қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастандырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуы тиіс. Романның көлемі үлкен, мазмқны қат-қабат,сюжеті мен композияциясы орасан күрделі болу себебі де осыған байланысты ” (З.Қабдолов,1983). Қазіргі қазақ романдары поэтикасын зерделеуде ұстаз-ғалымның бұл теориялық пікірінің айқын бағдар беретіні анық.
Қазіргі қазақ прозасы романдарындағы тарихи шындық асында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары шығармашылық көркемдік шешіммен бейнеленеді. Халқымыздың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан дара, ұлттық сипатын эпикалық туындының мазмұны мен пішіні арқылы бейнелеу арқылы ата-бабаларымыз салған ұлағат жолының мәңгілік болашаққа ұласатыны ақиқат.
Көркем шағырмалардағы ұлттық сипат арқылы халықтардың әрқайсысыларына тән дербес ерекшеліктер саралана танылады. Қаламгерлер туындылардың мазмұны мен пішінінде белгілі бір халықтың тарихи санасын, дүниетанымын, әдет-ғұрыптарын, тілін, салт-дәстүрлерін және т.б. ұлттық-этнографиялық сипатты құрайтын ерекшеліктерін көркемік шешіммен қамтиды. Әдебиеттану ғылымының бағалау тұжырымы да қазіргі қазақ романдарындағы ұлттық сипат болмысын қарастыруға бағдарлайды:
“Ұлттық характер – әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипаты мен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі. Ұлттық характер - тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән қасиет. Өмірде, әдебиетте адам бейнесінен бұл қасиет толық көрініп отырады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандардан ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды” (З.Ахметов, Т.Шаңбаев, 1996).
Фольклор мен әдебиет мұраларының барлығында да ұлттық сипат басты ерекшелік болып саналады. Бұл – әлем халықтары сөз өнеріндегі басты ерекшеліктердің негізгісі. Қазақ әдебиеті тарихының барлық кезеңдердегі мұралардағы ұлттық сипат арқылы халқымыздың замандар бойы жүріп келе жатқан жолындағы діл тағылымы айқындалады.
Әсіресе, қазақ романтистикасының көркемдік-дәстүрлік негіздері болып саналатын батырлық, ғашықтық эпостық және тарихи дастандардағы ұлттық сипат халық дүниетанымының эстетикалық шынайылығын дәлелдеді.
Қазақтың классикалық жазба әдебиетіндегі Хакім Абайдың “Татьяна-Онегин” (1887-1889), Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” (1910), Спандияр көбеевтің “Қалың мал” (1933), Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”, Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек»”, “Қартқожа”, Сәбит Мұқановтың “Ботакөз” және т.б. қаламгерледің романдарында бұл ерекшелік айрықша байқалады. Жазушылардың өздеріне тән ұлттық діл дүниетанымы әрине, көркем шығармаларындағы мазмұн мен пішін поэтикасы заңдылығымен қамтылғандығын көреміз.
Қазіргі қазақ романдарындағы ұлттық сипаттың бейнелеуі классикалық әдеби үрдіс жалғастығының көрінісі. Әсіресе, XX ғасырдың соңғы ширегінде және XXI ғасырдың бас кезінде жазылған романдарда ұлттық сипаттың бейнеленуі белсенді, көрнекті орын алуымен ерекшеленеді. І.Есенберлиннің “Мұхиттан өткен қайық”, Б. Тілегеновтың “1986 жыл”, “Тұйық өмірдің құпиясы”, Р.Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы”, М.Шахановтың “Желтоқсан эпопеясы”, Т.Ахметжанның “Ақиқат жолы”, С.Елубайдың “Ақ боз үй”, Д.Досжановтың “Ақ орда”, “Алаң”, С.Досановтың “Ұйық”,“ Қылбұрау”, Ғ.Құлахметтің “Үйірі жоқ көкжал” және т.б. романдарда өмірлік жіне тарихи шындық сабақтастығын негізге ала ұлттық сипатты бейнелейтін көркемдік шешім ерекшеліктері әдеби үрдістің халықтық тұғырнамасын нығайта түсті.
Профессор Т.Сыдықов тарихи тақырыптағы қазақ романдарындағы ұлттық сипатқа байланысты ғылыми байыптайды:
“Қазақ тарихи романдарынан ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптың небір тұрлаулыларын кездестіреміз. Қазақтың салт-сана, әдет-ғұрпы – атадан балаға қалған асыл мұрасы, бүгінгі соның жетілген формасы. Олардан бүгінгі ұрпақ өткен дәуірлердің қоғамдық құрылысын, тұрмыстық-моральдық нормаларын, экзотика, этнографиясын танып-білуге, үйренуге мүмкіндік табады ” (Т.Сыдықов, 1996).
С.Елубайдың “Ақ боз үй” роман-трилогиясында қазақтың ұлттық-этнографиялық діл болмысының ата-бабалық дәстүрлі мәдениет ерекшеліктері мол қамтылған. Роман-трилогияның басталуынан аяқталуына дейінгі идеялық-композициялық желіде қазақтың көшпелі тұрмысындағы өмірлік шындық көріністері табиғи шынайылығымен берілген. Алғашқы кітабының “Ақ боз үй ”аталуы да трилогияның ортақ атауы болған. Романның басталуындағы пейзаждық суреттеу мен этнографиялық бейнелеу тұтастығы эпикалық күрделі шығарма композициясының идеялық, поэтикалық мегзеулі мағыналық бағдарын да айқындайтындай әсер береді.
“Елсіз жым-жырт бос жатқан құла түз. Көз байланып, қараңғы үйіріле бастаған. Қадау-қадау қалқиған сирек бұталар. Ымырт көрпесін үстіне тартып, жай созылған кең сахара бейбіт ұйқыға бой ұсынған шақ. Төңіректі қоршап, қоймалжың ұйыған осынау тыныштықты сәл дір еткізе елеңдетіп, әлден уақытта әрегірек қалтарыстан сыңғыр етіп тұншығып қоңырау үні естілді. Түн ішінен құмығып талып жетті. Көп ұзамай қоңырау ашық сыңғырлап, жақындай берді. Түйелері шұбап тізіліп, түн ішінде келе жатқан керуен шалынды. Ауыр жүк тиелген атан, нарлар. Үнсіз жолаушылар. Түйе мойындарындағы жез қоңыраулар жүріске бір ырғақпен тербетіліп сыңғыр қағады. Шертпе күйдей жаяу қоңыр әуен таратады. Тыныш кештің шырқын бұзбай осынау бейуақ сәттің тылсым кейпіне әдемі үйлесіп жарасатындай.
Керуен көп ұзамай жолдан шықты. Құмсақ шағылға іркілді. Түйелерін шағын алаңға айналдыра шөгеріп, ортаға қапшық, қоржын жүктерін түсірді” (С.Елубай, 2005).
Романның “Құдық басында” тақырыбымен басталған осы алғашқы бөліктің жоғарғы жағында орналасқан эпиграфтың “...Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» “Елім-ай”) жолдары да шығарманың қазақ тағдырының тарихи-поэтикалық баламалаумен романға желі болғанын аңғартады. Бұл – мыңжылдықтар бойы кең байтақ Тұран кеңістігін, Алаш жұрты мекендеген атақоныстар бойынша дамылсыз көшкен қазақ ұрпақтарының тарихи тағдырының поэтикалық баламалы көрінісі. XX ғасырдың алғашқы ширегінің аяғына таман қазақ халқын осыгдай үдере көшу, ауу, босу дүрбелеңіне ұшыратқан Ресейдегі Ақпан, Қазан төңкерістерінің, ақ пен қызыл болып майдандасқан азамат соғысының, мал-мүлкін тәркілеудің зобалаңдарынан әбден қажыған, сүргінге ұшыраған қазақ халқының сергелдең жағдайы осындай үздіксіз жосыған көш керуендердің қозғалыстары жағдайында бейнеленген.
Қазақ көші – халқымыздың ұлттық-этнографиялықболмысының ата-бабалардан сақталған ғажайып үлгісі. Бірыңғай көшпелі ауылдар жылдың барлық мезгілдерінде де көшіп жүрген. Ал, жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тұрмыс жағдайында қысқы қоныстармен жазғы жайлаулар арасындағы көшу керуендерінің де тұрмыстық-әлеуметтік мәні маңызды болған. Қазақ көшінің сән-салтанаты фольклор мұараларында (“Қыз Жібектегі ”Сырлыбай хан елінің көш-керуені, т.б.) да, классикалық жазба әдебиет шығармаларында (“Абай жолы” роман эпопеясында), т.б. да ұлттық-этнографиялық сипатымен бейнеленуімен келеді.
Энциклопедиялық анықтама бойынша: “Киіз үй, қазан-ошақ және басқа да қажетті үй мүліктерін артқан шұбатылған көлік тізбегін көш деп атайды. Оны қысқы, жазғы жайылымдарды жүйелі пайдалану үшін көшбасшы ұйымдастырып басқарған. Көш көліктері алдын-ала дайындалған. Науқанды жыл мезгілдеріне орай оны: көктеуге көшу, күзеуге көшу, қыстауға көші деп атайды... Көштен қазақ халқының аспан әлемі туралы түсініктері мен байырғы қазақ күнтізбесі негізінде бағыт-бағдар анықталып отырған.
...Қазақ көштері көптеген рәміздік мәні бар ырым-жоралғыларымен бұлжымай сақталатын тәртібімен, тәрбиелік-ғибраттық маңызды салт-дәстүрлерімен өзара біте қайнасқан” ( Қазақстан Ұлттық энциклопедия, 2003).
“Ақ боз үй” романының композициялық желісінде шығарманың басындағы ауылдың үдере көшуінің одан кейінгі де бірнеше эпизодтары суреттелген. Роман композициясындағы бейнеленген ауыл көшулерінің барлығы да заман зобалаңының салдары тұрғысында көрсетілген. Роман тақырыбы етіп алынған “Ақ боз үй” тіркесінің де поэтикалық астарлы мағынасы – киіз үйлі қазақ ауылдарының көркем шындықпен жинақталған ортақ атауы. Ақ боз үй – қазақ халқы ұғымының көркем жинақталған поэтикалық атауы.
Романның басталуындағы қазақ ауылының үдере көшуі қат-қабат, қарбалас, аласапыран оқиғалар арқылы одан әрі шиеленісе өрби түседі. Ұлттық-этнографиялық сипаттың арқауы болған тарих керуеніндегі қазақ көштері арқылы зар заман қасіреттеріне ұшыраған халық күйзелісін етестетеміз. Мысалы, роман тарауларындағы кеңес заманы ылаңына ұшыраған қазақ тағдыры ауылдардың көшіп-қонған беймаза күй кешкен оқиғаларымен дамытылып баяндалған, реалистік шыншылдықпен бейнеленген. Мысалы:
“Өкімет адамдарының» қарасы үзілісімен ауыл опай-топай үйлерін жығуға кірісті. Бала жылап, ит үріп, түйе бақырып, азан-қазан болып жатыр. ...Шай қайнатым уақыт ішінде дауылмен араласып дүрліккен ауыл жүктерін түйелерге артып та тастады.
Бұлыш қара арғымағын текіректетіп жолға түсті. Соңынан тізіліп салқар көш қозғалды. Көзді буған қым-қиғаш шаңыт әлі ұлып тұр. Көп сексеуілді, аракідік жайдақ құмсақ адырмен күнбатысты оң шекеге ала отырып, кіші бесін шамасында бір ескі молаға тұмсық тіреді...
...Кіндік қаны тамған жеті-ата жұртпен осылай жаназаға жиналғандай жылап-сықтап қоштасты.
Батар күнді бағытқа алып көш тағы салдыртып кетті” (С.Елубай, 2005) идеялық желісіндетұтас ауыл адамдары да, кейде жеке отбасылар да қазақ көші ұғымы аясында бағаланады. Замананың зобалаңдарынан зар илеген тұтас бір халықтың тағдыры, әрине, жеке отбасыларының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы арқылы да поэтикалық балама тұрғысында алынады.
Кеңес үкіметінің құрсауына түскісі келмей үдере көшкен қазақ ауылдарын жазалаушылар қарулы жасақпен бөгейді, қарсыласқаны үшін пулеметпен қырады. Осындай қанды оқиғадан кейінгі ауыл көшінің бейнеленуі де қазақ тағдырының құм арасынан шұбатылып дәл елестетеді.
“Ойпаңның батыс тұсынан құм арасынан шұбатылып көш шықты. Алқа-салқа көш. Жылап-сықтаған қатын-қалаш дауысы. Көшпен қабаттасып жапырлап жаяулар,оған іле-шала топырлаған аттылар. Жүк артқан түйелер, айдаған мал, ойпаңға нөпірлеп шаңытып құлады.
Күн ысуы қайтты-ау деген шамада көш жолға шықты. Кешегі келген іздерімен кейін елге бет түзеді. Көштің дені әйел, бала-шаға, кемпір-сампыр. ...Мана, көш қаша бытырап құмға кіргенде бір жалғыз үйлі көш жылға-жылғаны қуалап бөлек кеткен. Бұл көш Балқияныкі еді” (С.Елубай, 2005).
Қазақ ауылдарының үдере көшіп көрші мемлекеттерге қарай қашқаны – өмірлік шындық. Ал, тарихи шындық поэтикасы бойынша сол оқиғалар арнасындағы халық рухының бостандықты аңсаған ата-бабалық көзқарас сарындары айқындалады. Ал, жалпы адамзаттың гуманизм парасаты тұрғысынан алғанда адамдардың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан ұлттық этнографиялық дәстүрлеріне, дүниетанымына көлденең жат ықпалдардың, зобалаңдарының да жөнсіздігін сезінеміз.Адамдардың туған топырағындағы, ата-жұртындағы өзіндік өмір салтына көлденең киліккен ықпалдарға бағынғысы келмей, сол жамандықтардан көшіп қашып құтылғысы келіп талпынулары да табиғи заңдылық қатарында танылады. Жазалаушылардың қаша көшкен ауылды бөгеген қырғынынан сытылып шыққан жалғыз үйдің де тағдыры қазақ тарихындағы өмір шындығына сай бейнеленген:
“Жалғыз көш құм ішін көп шарлады. Алғаш арттан қуғын-сүргін бола ма деп беталды қашты. Қуғын-сүргін болмады. Содан бағытын шығысқа таман өзгертіп күн-түн демей үдере тартты. Жал-жал құмдар таусылмады. Екі күн жүріп үшінші күн дегенде құм арасында бір жасыл жантақты шырмауықты шұқырға кезікті. Көш кідірді. Жүктерін түсіріп, екі түйе, бір ботаны, тұсап жантаққа жіберді. Екі көлік аттың да ер-тұрмандарын сыпырды. Көштегі адам саны да екеу еді. Бір еркек, бір әйел” (С.Елубай, 2005).
Қазіргі қазақ романдарындағы халық тарихындағы қайғылы, қасіретті кезеңдеріндегі ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді де уақыт шындығы оқиғаларымен сабақтастыра өреді. Қазақтың кең-байтақ даласының, тез жиналып, жылдам көше жөнелетін киіз үйлі тұрмысының бостандығын бала-шаға, төрт-түлігі амандығын ойлап басқа өлкелерге, бейтаныс мекендерге үдере көшіп тартып кететін ата-бабалық көңіл күй психологиясы.т.б. бәрі де ұлтымыздың сақталуына себеп болғандай әсер береді. Қаншама жат ықпалдар, басқыншылықтар, отарлау озбырлықтары дендеп кіріп, жалпақ қазақ даласын албастыдай басса да, ішкі діл рухының сақталуында ұлттық салт-дәстүріміздің үздіксіз жалғаса сақталуынан екендігін романдар поэтикасы жүйесінен аңғарамыз.
“Ақ боз үй” роман-трилогиясынының композициясында қазақ тұрмысындағы салт - дәстүрлер сюжеттік желілердегі оқиғаларда бейнеленген. Қайны мен жеңешесінің ойыны (Ждақай мен Балқия), оқымысты жыраудың толғау-термелері мен дастандары (Лабақ ахун өнері), тұрмыс қыспағы салдарынан өзара тең емес адамдары атастыру (Хансұлу мен Қозыбағар), қыз ұзату тойына әзірлік, той мерекесі кезіндегі “Той тарқар”, “Қыз қашар”, “Жар-жар”, “Қызды жөнелту”, “Сыңсу”, “Жаулық салу”, “Беташар”, “Неке қию” рәсімдері, көшіп жеткендегі жазғы жаулау көріністері, құрбан айты кезеңдеріндегі қазақ дастарханының, киіз үйінің салтанаты, қонаққа төсек салатын қазақ рәсімі және сол сәттегі қонақтың сыртқа шығатыны, қазақ қонағының түнде сол үйдегі қызға, не әйеліне көңіл білдіретіні (Бұқарбайдың Нарқызға көңіл білдіргені), қыз алып қашу (Шегенің Хансұлуды алып қашқаны) және т.б. қазақтың тұрмыс-салтындағы, көшпелі қарым-қатынастар жүйесіндегі ғасырлар юойы жалғасып келе жатқан әдеттер, дағдылар, оқиғалар желісінде үйлестіріле бейнеленген.
4. Қорытынды. Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ прозасы романдарындағы тарихи шындық аясында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары шығармашылық көркемдік шешіммен бейнеленеді. Халқымыздың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан дара, ұлттық сипатын эпикалық туындының мазмұны мен пішіні арқылы бейнелеу арқылы ата-бабаларымыз салған ұлағат жолының мәңгілік болашаққа ұласатыны ақиқат.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет