Дістемелік кешені


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



бет38/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1) Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырғандар З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
2) Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.
3) Омаров Е.С. Адамзат өркениеті-тарих және қазіргі заман. Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары, 5-9 шілде 2005 ж. – Алматы: Университет «Қайнар», 2005. – 266 б.
4) Сапаралы Б. Құнанбай қажы. – Алматы: Ер Дәулет, 1995. – 288 б.
5) Тоқтаров Р. Абайдың жұмбағы: Роман-хамса. – Алматы: Әл-Фараби, 1999. – 752 б.
6) Серікқалиұлы З. Дүниетану даналығы. – Алматы: Білім, 1994. – 224 б.
7) Қаратаев М. Эпостан эпопеяға: Әдеби-сын зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1969. – 440 б.
8) Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. – 376 б.
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ
ШЫНДЫҚ ПЕН КӨРКЕМ ШЕШІМ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
(Р. Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман - хамсасының негізінде)
Қазіргі қазақ романдары ХХ ғасырдың 90 - жылдарындағы қоғамның еркін ойлау сілкіністерінің әсерінен адам мен әлеуметтік орта шындығын классикалық көркемдік үрдістер аясында жаңаша бағалауымен ерекшеленеді. Себебі, көркем әдебиет шығармаларының бәріне де негіз болатын тарихилық әрбір кезеңнің дәуірнамалық жаңалықтарымен қаруланады. Қаламгерлер туындыларындағы мазмұн мен пішін жаңашылдығына өмір сүріп отырған қоғамдық құрылыс жүйесі ықпал жасайды.
Тарихи деректер романдардағы эпикалық баяндаулардың да, кейіпкерлердің мінезделуі мен даралануын жүзеге асыратын диалогтардың да, ішкі монологтардың шынайылығын қамтамасыз етеді. Басты және жанама кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарындағы үйлесімді және қақтығыс-тарды, олардың әлеуметтік ортадағы қызметтерін саралауда тарихи деректер туындылардың оқырмандарын сендіретін реалистік сипатты күшейтеді. Ал, тарихилық негізіндегі көркем бейнелер шығармалардың халықтық сипатын айқындайды.
“Абайдың жұмбағы” роман - хамсасындағы тарихилық негізінде жазылған көркем бейнелердің бірі - хакімнің баласы Әбдірахман.
Романда Әбдірахманның бейнесі бірнеше сюжеттік бөліктерде көрінеді. Солардың ең көрнектісі - Әбдірахманның Санкт - Петербургтегі оқуынан жазғы демалысқа келген кезеңінің суреттелуі. Әбдірахман бойының сырықтай болып өскені, қол-аяқтарының балғынданып, кеуде сүйектерінің шалқая, көтеріле түскені, дауысының да, маңайына көз тастауы да өзінше бір байсалдылыққа ауысқаны - бекзадалық, тектілік-зиялылық көрсеткіші тұрғысында түсіндіріліпті.
Абайдың Әбдірахманның кескін - келбетіндегі, жүріс-тұрысындағы жоғары деңгейлі биік парасат мәдениетін бұрын көрген Шоқанмен, Халиолламен ұқсастыруы да дәйекті. Әбіштің Лев Толстойды Петербург сарайларынан көргенін, сақалы беліне түсіп, мұжықтарша киініп жүретінін айтатынын, шаруалармен бірге жүріп , шөп шауып, мая салысып, қара, ауыр еңбекпен қарапайым өмір сүруді дағды еткенін айтқанда, Абай да баласымен сыр бөліседі. Өзінің жан әлемін, жүрегін ақыл-ой, шығармашылық қара жұмысына жеккен қызметін есіне салады.
Романның көркемдік шешімі - Әбдірахманның жаңашыл жас буын, жаңа толқын өкілі ретінде қалыптаса бастаған тұлғасын аңғарту. Әбдірахман “әкесінің әр қолда бытырап жүрген өлеңдерін жинақтап, бір кеш отырып оқып шыққан соң” [1,580] шығармалардың әлем әдебиеті классикалық туындыларымен (А. С. Пушкин, Л. Н. Толстой, т.б.) деңгейлестігін айрықша атап көрсетеді. Әсіресе, “Білімдіден шыққан сөз”, “Сегіз аяқ”, “Әзелде бір суық мұз ақыл зерек”, “Қажымас дос халықта жоқ”, “Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да”, “Өзгеге көңілім тоярсың”, “Білектей арқасында өрген бұрым” атты өлеңдерінің әрқайсысына тән мазмұн мен пішін тұтастығын, тіршілік қозғалысындағы қарама - қайшылық мәнісін ашқан шыншылдығын, сыншылдығын саралап бағалайды.
Әкесінің өлеңдеріндегі Л. Н. Толстоймен үндестікке көбірек тоқталады, екі ақынның да жақсылық жолында жүруді ойлайтындардың жалғандығының салдарынан сол жақсылыққа жете алмайтынын дәлелдеген даналықтарына сүйсінеді. Әбдірахман әкесінің жақсылық уағызшысы болып жүрген жолының мәңгілігін, сол жолды ұстанған жастардың ұрпақтар жолын болашаққа жеткізетініне сендіреді, әрі үмітін нығайта түседі.
Романда Әбдірахманның әкесі Абайдың рухани демеушісі, үміті болғаны көркемдік тәсілдермен берілген. Мысалы, Абайдың түсінде Әбіші әкесінің өлеңдері жазылған парақтарды асықпай жинастырып отырған жағдайында көрінеді. Романда тарихи тағылымды дерегі ретінде Әбдірахман Алматыда (Верныйда) ауырып жатқанда, Кенесары ханның баласы Сыздық сұлтанмен дидарласқаны, сұхбаттасқаны туралы бейнеленген.
Тарихи дерек бойынша Сыздық сұлтан - қазақтың ұлттық тәуелсіздігі жолында күрескен санаулы қайраткерлер қатарына лайықты тұлға. Зерттеуші Н.Павловтың “Бодандықтан бой тартқан” атты тарихи зерттеуінде сұлтанның еңбегіне лайықты бағалаулар берілген:
“Түркістан отрядының Қоқанмен, Бұқарамен жүргізген соғысында, Хиуаға жасаған жорығы кезінде де ең қуатты қарсыласымыз Сыздық (Садық) сұлтан болды.
Кенесары Қасымовтың баласы, Абылай ханның шөбересі, Тұрандағы аса ірі тұлғалардың бірі болып табылатын даланың жаужүрек ұлының бойына бізге деген өшпенділік ана сүтімен сіңгендей еді. Тұран өлкесіндегі өз бастастарынан Сыздықтың сирек кездесер оқшау бір өзгешелігі - атақ, мансап, қадір - құрмет іздемегендігі; жақсы жауынгер, талмас қажыр иесі екендігі де оның жақсы қасиеттерінің қатарында аталуға тиіс.
Кенесары марқұмның қыздай алған бәйбішесі Күнімжаннан Жапар, Тайшық, Ахмет туады, екінші әйелі Жағым ханымнан бес ұлы болады: Омар, Оспан, Әбубәкір, Сыздық, Шығай. Кенесары өлгенде Сыздық он жаста” [2,412].
“Абайдың жұмбағы’ роман-хамсасында хакім Абайдың және Кенесары хан балалары Әбдірахман мен Сыздықтың дидарласуы мен сұхбаты да өмір шындығына сәйкес берілген. Роман композициясындағы осы кездесу - сұхбаттың болғандығына, әрине, жазушының қиялы қосыла жазылған.
Сыздық ең алғаш 1864 жылы генерал Колпаковскийдің тұсындағы жаңа ірге көтерген Верный станицасын көп әскермен қоршап, қала гарнизонын төбелерінен жай түсіргендей еткен - еді. Бұл күнде ол ақ патшаның кешірімін алған, қайда болсын еркін жүріп - тұра береді.
Осының алдында Тәшкенде, Бұхарада болып, енді Жетісу өңіріндегі ертеден сіңісті болып кеткен төре ағайындарын бір аралап қайтпақ оймен келіпті” [1,626].
Әбдірахман ұғымында алып денелі баһадүр болып елестейтін Сыздықтың кескін-келбетін атына лайықты сәнді киімімен де, қарапайым тұлғасымен де оқырманға елестете бейнелеген. Бұл - өмір шындығын көркем туындының реалистік сипатына орайластыра бейнелеудің үлгісі. “Басында шошақтау құндыз бөрік, иығына желбегей жамыла салған өрнекті атлас шапаны жалт-жұлт етеді... Бұл кісі Әбдірахманның ұғымында, атқа отырса аяғы салбырап жерге түсетін, мойны-басы бітеу жаралған анық баһадүр бейнесінде еді. Ондай ештеңе байқалмайды. Шапаты ғана денесі бар, бет-пішіні, саусақтары жұқалтаң, сөйлеу мәнерінен де әйел затына тән әсіре ұяңдық сезіліп отырды” [1,627].
Сыздық сұлтанның тұлғасы шағын болғанмен, ширек ғасыр бойы Орта Азия хандықтарын уысынан шығармай, отаршылдыққа қарсы күрес жорықтарын үздіксіз жүргізгені, ақыры халық тыныштығы үшін амалсыз Ресей патшалығының кешірімін алғаны белгілі. Әкесі бастаған ұлттық - азаттық жолындағы күрес жолында еріксіз тоқтағаны Әбдірахманмен әңгімелесуі кезінде анық байқалады. Сыздықпен болған кездесуі, сұхбаты үшін ояз кеңсесіне шақырып, жандарм шенеулігі Әбдірахманның мұндай адамдардан аулақ жүруін ескертеді.
Әбдірахман өмірінің соңғы айлары Алматыдағы казарма лазаретіндегі емделумен өткенін, сал болып орнынан тұра алмаған Әбіштің келіншегі Мағрипаны елге қайтарғаны да дерекке сай берілген.
Әбішіне арнап өлең-жыр жазған әке Абайдың алаңжар көңіл - күйі де перзентіне деген айрықша махаббатын көрсетеді. Алматыдан Мағауиядан Әбіштің төмендеп қалғаны туралы хаты, одан кейін іле - шала телеграммалары келгеннен кейінгі хакім Абайдың психологиялық жай - күйі де реалистік сипатымен бейнеленіпті. Бұл жазушының көркем прозалық шығарма мәтінінде сыршыл лирикалық әуенділікті, психологиялық иірімділікті енгізе толғануды қолдану шеберлігі:
“Абай оны естігенде жылаған да, артық күйінген де жоқ, құлама жар жиегіне келіп қалғанын жаңа байқаған жандай, алдына үңіле қарап тұрып қалыпты.. . Үмітінің ең қараңғы түкпіріне апарып жаққан жалғыз шырағы сөніпті. Арман көкжиегі күйреп, жартылай, мүмкін тіпті бүтіндей өзі өліп тұр. Өзіне жеткендей қаза бұйырығы” [1,651].
Абайдың осы романдағы Әбішіне арнаған әкелік махаббаты, қайғылы халі, көңіл-күйінің сарындары осы баласына арналған өлеңдерінде мол көрініс тапқандығы мәлім.
Хакімнің Әбдірахманына, Әбішіне арнаған өлеңдері өзіндік бір шоғыр құрайды: “Әбдірахман өлгенде” (“Арғы атасы қажы еді”), “Әбдірахман өлгенде” (“Кешегі өткен ер Әбіш”), «Әбдірахман өлгенде» (“Тұла бойың ұят, ар едің”), “Әбдірахман өліміне” (“Жиырма жеті жасында”), “Әбдірахман өліміне” (“Талаптың мініп тұлпарын”), “Әбдірахманға” (“Орынсызды айтпаған”), “Әбдірахман өлген соң өзіне айтқан жұбатуы” (“Бермеген құлға қайтесің”), “Әбдірахманның әйелі Мағышқа айтқан жұбату” (“Жылағанды тоқтатып”), “Әбдірахманның әйелі Мағышқа шығарып берген жоқтау” (“Айналайын, Құдай-ау!”) (Абай (Ибраһим Құнанбаев), 1986), (“Әбдірахман Алматыдағы Әпсәмәт жиенінің үйінде 1895 жылдың қараша айында дүниеден өткен - ді” [3,652] көрсеткен осы желінің көркем шығармадағы кейіпкер тағдырының өмірін, шындық дерегін дәйектегені құнды.
Себебі, хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығын, жанындағы жақын адамдарымен, қоршаған әлеуметтік топтарымен - бәрін де жаңаша жазып шығуды мұрат еткен қаламгер реализмінің әдеби үдерістегі бағалылығы да көркем бейнелерді тарихилық арнасынан бұрмаламай алғандығымен маңызды.
Тарихилық арнасындағы көркем бейнелер көркем шындық поэтикасы аясында жинақталады. Көркем шындық - өмірде болған тарихи тұлғалардың да тұрмыс ағынында жалпыға ортақ қасиеттерін эстетикалық талғам, таным өлшемдеріне сай жинақтап, тұтастырып берілуін жүзеге асыратын поэтикалық тәсіл. Жазушылардың романдарында тарихтағы танымал тұлғалардың жан әлемін романтикалық және реалистік сарындар ұштасуымен бейнелеуі адам жан - дүниесіндегі өмірсүйгіш, арманшыл жүрек соғысын танытқандай әсер береді. Көркем прозадағы лирикалық - психологиялық кешенді бейнелеулер мен баяндаулар арқылы өмірдің аса таусылмайтын қызықтары да, сенім мен үмітке толы болашағы да қамтылады. Бұл - көркем өнері туындыларының бәріне де ортақ адам ойы тереңдігінің, шексіздігінің шынайы көрсеткіші.
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 90 - жылдары мен қазіргі ХХІ ғасыр басына дейінгі кезеңі кезеңнің саяси-идеялық таптық көзқарас шеңберіндегі шығармалар жазу үрдісінің қатаң жүйе болып қалыптасқан жолы еді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің ықпалымен таптық көзқараспен ғана көркем шығарма жазу үрдісі тоқталды. Әдебиетіміз шығармашылық еркіндік алды.
Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпта шығарма жазудың 30-80 - жылдарында қалыптасқан көркемдік үрдістердің жаңаша қарастырылуы кеңінен өрістей бастады. Қазақ тарихының аса көрнекті қайраткерлері Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің және т.б. көрнекті қайраткерлердің көркем бейнелерін уақыт талабына орай бейнелеудің алғашқы қадамдары жасала бастады.
Жазушы Р.Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман - хамсасындағы Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың тарихи тұлғасын әдеби көркем бейне тұрғысында көрсетуге талпыныс жасалғанын көреміз.
Тарихи тұлғалардың көркем шындықпен бейнеленуіне негіз болатын түпкі негіз - олардың жазып кеткен сөздері, тарихи мұралары және олар жайында жазылған тарихи деректі материалдар. Бұл орайда, қазіргі қазақ әдебиеті шығармаларында әлеуметтік ортадағы қызметімен дараланған Алаш көсемдеріннің бірі Әлихан Бөкейхановтың мұрасын қамтып жарияланған еңбектер деректігінің болатыны анық [4,142].
“Абайдың жұмбағы” роман - хамсасында Әлихан Бөкейхановтың да өз кезеңінде атқарған қызметін, саяси - әлеуметтік көзқарастарын аңғартатын сюжеттік бөліктер бар. Әлиханның қазақ халқын әлем өркениеті деңгейінде дамыту, ұлттық өркендеуді еуропалық ғылыми-ағартушылық жетістіктерімен молайтуды көздеген көзқарастары оның дүниежүзілік деңгейдегі қайраткер екендігін айғақтайды.
Тарихшы – ғалым М. Қойгелдиев жинақтаған деректер бойынша: “Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (25.03.1866, бұрынғы Семей болысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-а. – 27-д. 1937, Мәскеу) - қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт - азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, аудармашы. Бөкейханов орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ата-тегі: Бөкей - Батыр Мырзатай - Нұрмұхамед – Әлихан” [5,401].
Жастайынан мектептерден (1879-1886), техникалық училищелерден (1886-1890 жж.), Санкт - Петербургтегі орман институтының экономика факультетінен (1890-1894 жж.) білім алған Ә.Бөкейханов Ресейдегі және әлемдегі саяси - әлеуметтік даму жолын, болуы анық өзгерістерді жан - жақты тани бастаған.Әсіресе, Қазақ елін отарлаған Ресей империясының саясатын терең зерттеп білгеннен кейін, өзінің қайраткерлік күрескер ұстанымын жүзеге асыруға ұмтылды. Өзінің маңына ниеттес қазақ зиялыларын жинаумен, ұйымдастырумен айналысып, ұлттық-азаттық күрес жүргізуге жұмылдырды. Бүкіл байтақ қазақ халқын біртұтас ұлттық мұрат жолына ұйымдастыруды, сол үшін Ресейдегі саяси күштермен де одақтасуды, қорытындысында қазақ халқының тілі, дінін еркін ұстауын және т.б.. сан алуан демократиялық бостандықтарын жүзеге асыру жолында еңбек етті. Ә. Бөкейхановтың осындай ұлттық - демократиялық жұмысында оның Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және т.б. қазақтың ұлттық қайраткерлерімен бірге болған жолы айқын бағдарлы болды.
Қазақстан тарихындағы ұлттық - демократиялық қозғалысты ұйым-дастырған қайраткерлердің қызметтері олардың отарлық езгіге қарсы өркениеттік іс - әрекеттерін айғақтайды. Қазіргі жаңа бағыттағы тарих ғылымының зерттеулері де олардың қызметтерінің маңызына лайықты баға беруде:
“Ұлттық - отарлық езгінің күшеюі, царизмнің аграрлық саясаты, өлкенің әлеуметтік - экономикалық өміріне капиталистік қатынастардың енуі қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне алып келді. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс әр текті болды, әр түрлі идеялық-саяси ағымдар әрекет жасады, солардың негізгі тобы ұлттық интеллигенция - Петербург, Қазан, Мәскеу, Томск, Омск және Орынбор университеттері мен училищелерін бітіргендер құрды. Ұлттық интеллигенцияның әр түрлі идеялық-саяси ағымдарының пікірлерін неғұрлым айқын білдірушілер “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті болды.
“Айқап” журналындағы басты мәселе аграрлық мәселе, яғни жер жөніндегі қарым - қатынастар, көшпелі шаруашылықтың отырықшылыққа айналуы, аграрлық мәдениет, шаруашылық формаларын өзгерту т.б. болды.
1913 жылдан 1918 жылға дейін шығып тұрған “Қазақ” газеті либералдық-демократиялық бағыттағы идеяларды білдіреді.
Онда қазақ конституциялық - демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, ғалым-экономист Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Ең басты мәселе - аграрлық мәселеде олар жерге мемлекеттік меншікті жойып, оны қазақтардың меншігіне өткізуді, жерді сатуға тиым салуды талап етті. Өлкенің қоғамдық - саяси өмірін дамыту саласында либералдық-демократиялық бағыт қоғамның эволюциялық дамуын жақтады» [6,284].
Жазушы тарихтағы болған оқиғаларды, ондағы танымал тұлғаларды осындай уақыт шындығына сәйкес бейнелейтіндігімен өзінің шығармасының реалистік сипатын орнықты ете алады. Тарихта болған оқиғалардың халықтың тағдырындағы талай-талай қақтығыстармен жүзеге асатыны мәлім.
Жазушы Р.Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасындағы өз есімімен аталып бейнеленген Әлихан тұлғасының сөз арқауындағы тарихи деректерімен сәйкестігі толық сақталыпты. Нақтылап айтқанда, роман -хамсаның “Нұрсипат” атты бесінші кітабында тарихи тұлға Әлиханның Долгополов есімді орыс оқымыстысымен бірге Петербургтегі Нева жағалауында әңгімелесіп жүргендерін, олардың кескін - келбеттерін бейнелеуі де қызықты. Автор Әлиханның кескін - келбетін де сол сәттегі жасына лайықты бейнелеген:
“....жазық кең маңдайының астынан сүзіле қараған өткір қой көзді, селдірлеу қияқ мұрты әсем ширатылған монғол тектес бөтен нәсілден” [1,713].
Романның осы бөлімінде тарихи тұлғаның халқының тарихына алаңдаған көңіл-күйін танимыз. Оқымысты Әлиханды сол кездегі Ресейдің халықаралық деңгейде көрнекті, беделде болып тұрғаны, ірі державалар Англияның, Францияның, Германиянының, Ресейге саудаласпай-ақ қарыз беріп, соншалықты ықыласты болып отырғаны, “Бәрінен бұрын шимойын Николайдың мәдениет пен прогреске мән бергіш болып бара жатқаны қауіп ойлата береді” [1,713].
Романда Ресей мемлекетінің ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы дамуы негізге алынып, Әлихан Бөкейханов пен Долгополов екеуінің сұхбаты арқылы мынадай өзекті мәселелердің талқыланғанын оқимыз: біріншісі - ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей мемлекетінің қоғамдық-әлеуметтік, саяси - экономикалық жағдайы; екіншісі Ресей империясы құрамындағы отарланған Қазақ елінің мүшкіл хал-ахуалы.
Әлихан - қазақ мемлекетінің тарихындағы Абайтанудың алғашқы бастамашы зерттеушілерінің бірі. Әдебиеттанушы - ғалым Мекемтас Мырзахметов “Абайтану тарихы” атты еңбегінде бұл туралы мынадай дерек айтады:
“Орыс тілінде Абайдың өмірі мен творчествосын топтастырудың тұңғыш қадамын Әлихан Бөкейханов бастады. Бірақ кеңестік заманда Әлихан Бөкейхановтың жазаға ұшырап, ол жазған аса бағалы еңбектердің бәріне де, тіпті оны атаудың өзіне тыйым салуы - соңғы ұрпақтың сол жөнінде мүлде хабарсыз қалуына алып келді. Яғни, оның қаламынан туған еңбектің бәрі де ақтаңдақ айналып кетті.
Ә.Бөкейхановтың Абай туралы жазылған “Абай Құнанбаев” азанамасы (некролог) Абайтанудағы тұңғыш адым, бастапқы еңбектердің бірегейі десе болғандай. Өйткені, орыс қауымы алғаш рет қазақ әдебиетінің классигі, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағытты бастаушы жаңашыл, ойшыл ақын Абай туралы тұңғыш рет толық мағлұмат, жүйелі ұғым алды.
Абай өмірбаяны мен өскен ортасы көшпелі өмір бесігінде тербеліп өскен қазақ болмыс ерекшелігін білгірлікпен аша отырып, ұлы ақынның сөз өнеріндегі шеберлік пен шешендік билік өнеріне халық арасында жетілу жолы да қапысыз ашылуы орыс оқырмандарына тосын жаңалық ретінде қабылданды.
Абайтану тарихында Абайдың ақындық өнер мен ислам дініне қарым-қатынасы жайлы аса күрделі мәселеге де тұңғыш рет Әлихан Бөкейханов тарапынан білікті пікір айтылуы, сол кезең үшін айтарлықтай жаңалық болумен бірге бүгінгі ұрпақ үшін де мән - мағынасын сақтап отырған танымдық, мәні бар пікір деп білеміз” [7,47].
Романда зерттеуші айтып отырған осы азанамадан да бұрын жарық көрген Ә.Бөкейхановтың тағы бір маңызды еңбегі аталыпты. Жазушының дерегі бойынша: “...Абай есімі Россия географиялық қоғамының Петербургтен шығатын көп томды жылнамасының 18-кітабына қазақ даласы жайлы бірталай бағалы деректер енген екен. Осы тараудың ішінде Әлиханның Абай туралы жазған көлемді мақаласы да жүр. Онда Әлихан қазақтың бай ауыз әдебиетін сөз ете отырып, Абайға келгенде: “Наконец, как представители нового течения в киргизской поэзии, следует назвать Кунанбаева - автора многих стихотворений изящных по форме и поэтических по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежат хорошие переводы “Евгения Онегина” и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских оленши (певцов) можно слышать например, “Письма Татьяны”, распеваемое, конечно, на свой мотив» деп әуелі қысқаша таныстырып кетеді” [1,715].
Бұл - жазушының өзіндік ізденісінің жемісі. Әлиханның қазақ рухани мәдениеті және Абай шығармашылығы туралы еңбегінің “Россия. Полное географическое описание нашего отечества” атты көп томдық жылнамада жарық көргені, Долгополов сынды орыс зиялыларының сол арқылы қазақ халқын, оның фольклоры мен әдебиетін, Абайды білуі - бәрі де уақыт шындығының көркем шындықпен берілуі үндестігімен өрнектелген.
Романда Әлихан бейнесі тарихи болмысына сай бейнеленген. Мәскеу эпархиятының миссионері отец Сергий мен Н.М.Балкашин деген сарай шенеулігі, теріс азу оқымысты - анық шовинист - итаршы екеуінің пікірталас айтысының арқауы “Қырғыз - қайсақ ордасын христиан дініне енгізу керек пе, әлде ертелік ете ме?” деген айтысына да Әлихан қарсы ой айтуға дайындалады. Әлиханды айрықша ширықтырған, ұлттық - азаматтық санасын сілкіндіре түскен шовинист шенеулік Н.М.Балкашиннің “Русский вестникте” жарияланған мақаласы, ондағы ой түйіні екендігі кейіпкер мінезін даралай түсу қызметін атқарып тұр:
“Қазақ қауымына жаппаған жаласы, жақпаған күйесі қалмаған әлгі ит мақаласының соңын шімірікпестен: “Киргиздар қайда кетсе, онда кетсін. Асты - үсті бірдей асыл қазынаға тұнып тұрған ол иен далаға түгелдей орыстарды қоныстандыру керек” деген жантүршігерлік сөздермен бітіріпті” [1,718].
Кейіпкердің жан жүйесіндегі азаматтық - отаншылдық ойларын, перзенттік ашу - ызасын туындатқан күрескерлік-қайраткерлік іс - қимылдарына түрткі болған осындай әлеуметтік ықпалдар деректі қалпымен көрінеді. Әлиханның отаршылдық - шовинистік іс - әрекеттерге жан - жақты дайындықпен, байсалды саяси қайраткерлік дүниетаныммен баруына негіз болған бірнеше мәселені роман сюжетінде аңғарамыз: біріншісі - империялық өктем билікке қарсы тұрарлық бүкіл қазақ жұртының әлеуметтік күреске ынтасын оятуға арналған саяси-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру бағдарын белгілеуі, екінші хакім Абай және Сәдуақас (Сәкен ағай) Мұсаұлы сынды оқымысты зиялылар ақылымен озбыр күштерге байыпты, байсалды бағдарламасы бар күрес жолын ұстануы, оны жүзеге асыруды ойлауы.
Әлихан Абайдың төл туындыларымен де, аудармалық шығармаларымен де жақсы таныстығы бар сауатты, білікті оқырман тұғырында танылған. Әсіресе, Абайдың философиялық және сыншыл ойлы азаматтық лирикасын қазақтың ұлттық - отаншылдық көзқарасын қалыптастыру үшін пайдалану қажеттігін ұғынады.
Романдағы көркем шындықпен бейнеленген сюжет - Әлиханның Абаймен дидарласқан, сұхбат құрған сәттерінің бейнеленуі. Онда Әлиханның осыған дейін ауылдарда Абайдың сөздерін, өлеңдерін, ән - өлеңдерін ауыздарынан тастамай айтып жүрген адамдардың хакімге деген ықыласына қайран қалғаны баяндалған. Ал, үйішілік мәслихаттарда Абайдың дархан даналығын бағалайтын, оны өздеріне өте жақын санайтын адамдардың хакіммен емен-жарқын сұхбаттасатынына риза болады. Абайдың Әлиханмен болған мәжілістің эстетикалық тағылымы да шынайы сипатымен көрінеді:
“Абай Әлиханның келу құрметіне Көкбайға өзі бұйырып жаздырған “Сабалақ” дастанын домбырамен орындатты. Сондағы Көкбайдың ересен шабытпен саңқылдап шыққан сұлу әуені әлі күнге шейін құлағының түбінен кетер емес. Дастан айтылып біткен соң, Абай атағы жер жарған Абылай туралы” [1,721] оны қалмақ ханы Қалдан - Сереннің тұтқынынан Олжабай батырдың босатқаны, қалмақ ханының Абылай мен Олжабай туралы болжамы “Абылайдың бөксесі алтын, кеудесі мырыш, соңынан өзіндей батыр болып ұл туды. Олжабай, қазақ тағдыры сенің кеудең алтын, бөксең мырыш, өзіңдей боп артыңнан ер тумайды. ....Сарыарқаны мен босатармын, бірақ менен айырып әкеткен сол халқың ертең басқа жұртқа бағынады” деген де тарихи тағылымымен өрілген. Романдағы осы сюжеттік бөліктің көркемдік шешімі - Әлихандай Алаш көсемдерінің Абылай хан, Олжабай батыр жолын жалғастырған қайраткерлік, батырлық жолының кейінгі ұрпақтар арқылы жалғасатынын хакім Абай толғаныстарымен түйіндеу:
“Абай жым-жырт тынып, аңтарылып отырып қалған қауымды сабырлы көзқарасымен жағалай бір шолып өтіп:
– Соны айтқан қалмақ ханының арты не болды. Тоз - тозы шықпады ма? Олжабайдың ерлігі өзінің басымен кеткен жоқ, халқына мұра болып қалды -деді.
Әлиханның көзіне Абайдың өзінің кеудесі тұтас сом алтыннан құйылғандай жарқырай елес беріп кетті” [1,721].
Тарихи тұлғалардың өмірде болған оқиғаларын көркем шындықпен бейнелеуде, әрине, қаламгерлер өздерінің қиялынан туындаған ойларды да поэтикалық өріммен қосатыны ақиқат.
Тарихтағы көрнекті тұлғалардың мінезіне, іс - әрекеттеріне байланысты ауыздан-ауызға таралып, сақталған деректі әңгімелер де қаламгерлердің кейіпкер тұлғасын сомдауына қосымша поэтикалық ажар беруіне ықпал етеді. “Абайдың жұмбағы” роман - хамсасындағы көрнекті тарихи тұлғаларға байланысты халық жадында сақталған, ұрпақтардың бір-біріне ауызша айтып жеткізген деректер де құндылығымен ерекшеленеді. Мысалы, әлем әдебиеті алыптарының бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің балалық шағындағы хакім Абайға байланысты көп айтылып келе жатқан деректердің бірі - оның хакімді көргені, оның өзіне арналған пейілін, ықыласты лебізін естігені. Осы оқиғаны дәйектейтін деректер Мұхтар Әуезов туралы естеліктерде де айтылған екен:
“ ....в ауыл Кунанбая, возили в гости маленького Мухтара, а там он единственный раз в жизни видел живого Абая. Запомнилось Мухтару Омархановичу только, что бы там все капризничал и плакал, а Абай его наругал как следует. Вот такой была встреча будущего автора эпопеи со своим будущим героем...”. (Из воспоминаний В. Н. Ауэзовой // РФ НКЦ “Дом Ауэзова”, п. №615, л. 28) [8,13].
Мұхтар Әуезовтің алты жасында Абайды көріп, оның “Атасының қоңыр қозысы екен ғой” деп басынан сипап, батасын бергені туралы жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Бесігіңді түзе” атты шығармасында да жазылған [8,13].
Ал, Р.Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасында осы деректі оқиғаның бейнеленуі қаламгердің көркемдік шешімімен поэтикалық-логикалық қисындылық тұрғысында суреттеліпті. Жазушы кейіпкерлердің тарихта болған деректі оқиғасына олардың кескін-келбеті мен дидарласу сәтіндегі көңіл - күй құбылыстарын, сөздерін ұлттық - этнографиялық үрдіспен сабақтастыра бейнелеген.
“Қасында алты жасар немересі бар, бауырдағы Бөрліден Әуез қарт келіп, қақырынып, түкірініп шанадан түсіп жатыр.
Өздерін Мамай табына жатқызып, Тобықтыға сіңісті боп кеткен қожалар әулетінен, Абайға құдандалығымен мүшел жас айырмасына қарамастан құрбылығы жақын. Мұнда ол көбінесе, Мағауияның хал-жағдайын сұрап білмекке келеді. Абай оның Омархан атты баласынан немересі барын айтыстан білуші еді, алдына әкелгенде көріп тұрғаны осы. Тықыр басы шекелі, төбесіне қойған шөкімдей айдары құмырсқа жонданып, ұйыса бұйраланып алыпты. Көмірдей қап-қара мойыл көздерінің сағасы күміс жалатқандай жылтырайды.

  • Атың кім, қалқам? - деді Абай атасымен әңгімесін бір сәтке бөліп.

  • Мұхтар.

  • Өрісім болдың ғой. Келе ғой маған. Менің мына шапанымның ішіне кіріп отырасың ба?” [1,722].

Жазушы бала Мұхтардың осы сәттегі табиғи отырысын да, оған деген Абайдың ықыласын да реалистікпен сипаттаған. “Атасының мойнына асылып, құлағына бірдеңе деп сыбырлап, қыңқылды көбейтіп” [1,722] жіберген балалық шалдуарлық қылыққа мән берместен жас өскіннің тұрпатынан келешек кемелділігін сезінген хакім даналығын айғақтайтын шешімді сөздердің кейіпкер аузынан айтылуын да көркемдік шешім тапқырлығы тұрғысында қабылдаймыз:
- Балам жақсы екен! Айдарынан ай шалқып тұр ғой... - деді де сыртта жүрген үй иелерінің бірін дауыстап шақырып алып: - Тай-құнан тақымына толатын емес қой мына баланың. Иығына қанат біткелі тұр ғой. Үстіне күміс ер салып, қорада тұрған бурыл бестіні ап келіңдерші! Ырысы боп байлансын! - деп, одан әрі Әуез қартпен алдында үзген әңгімесін қайта жалғастырып әкетті.
Романдағы деректі сюжеттердің авторлық көркемдік шешіммен жазылуында тарихи тұлғалардың жан әлемінен туындауы анық көркемдік ойлау тағылымы негізге алынады.
Көркемдік ойлау кеңістігінде адамның психологиясындағы түйсіну, елестету, болжау, шешім жасау, қорыту, т.б. сан алуан танымдық мәселелер үйлесіммен жүйеленеді, адамдардың ықылым замандардан бергі ақыл-ойынан туындаған адамгершілік дүниетанымы жетістіктері қорытылады. Кейіпкерлердің көркем жинақталған тұлғаларына тарихи санада қалыптасқан ойлау әлемінің болуы мүмкін мәселелері үйлесіммен енгізіледі. Бұл – көркем шығарманың адам жан жүйесін қамтудағы поэтикалық басты ұстанымы.
Өмір шындығын эпикалық шығармалардың мазмұны мен пішінде өнер тілімен бейнелеуде жазушылар шығармашылық қорытудың талай күрделі шешімдерін жасайды. Тарихтағы болған оқиғаларды, тұлғаларды әдеби бейне тұғырында сомдауда тарихи шындық поэтикасының күрделі, кешенді амалдары қолданылады. Бұл – жазушы еңбегінің аса күрделі болмысы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет